Атыраулық тұрғын осыдан бір апта бұрын сатып алған көлігін жаңасына ауыстырып беруді талап етіп отыр. Өйткені «салоннан су жаңа деп алған көліктің бұрын мінілген көлік екенін білмедім» дейді. Ал автокөлікті саудалағандар тұтынушыға «сіз «тест-драйв» көлігін алып отырсыз» деп ескерткендерін, сол үшін жеңілдік те жасағандарын айтып, ақталды. Тараптарды әріптесім Базаргүл Нәдірқызы тыңдап қайтты.
Рахима Зиеденова көлігінің сызылған, жамалған жерін көрсетіп жүр. 16 ақпанда көптен армандаған темір тұлпарды салоннан алған. 1 млн 200 мың теңге алғашқы жарнасын төлеп, 7 жыл бойы банкке, айына 135 мың теңгеден төлеуге келісім берген. Бірақ қуанышы ұзаққа бармапты.
Рахима Зиеденова, Атырау қаласының тұрғыны:
Жаңа көлік мінген соң, әйел адаммын ғой, жер-жерден барып көрімдік сұрап, СТО-да таныс балалар бар еді, соларға қалжыңдап «көрімдік беріңдерші» деп айтсам, «сіз машинаңыздан түсіңізші» деді. Мынау үлкен жол апатына ұшыраған машина екені көрініп тұр, біз сараптап береміз сізге деп. Мен келесі 18-і күні сұрағанымда, бұл машина 2014 жылғы екен. Тест-драйвта тұрған машина екен. Мен мұны білмедім.
Рахима Зиеденова көлігінің су жаңа емес екенін білгесін, салонға барған. Ондағылар көліктің 2014 жылы шыққанын ескеріп, 1 млн теңгеге жеңілдік жасағандарын айтады. "Сатып алушыға көліктің жай-жапсарын ескерткенбіз", - деп отыр.
Павел Михайленко, ЖШС атқарушы директоры:
Сатып алушыға: алған көлігінің тест-драйвта тұрғаны, 12 мың шақырым жүргендігі ескертілген. Менеджерім дәлелдеп бере алады. Автокөлік азаматшаға жеңілдікпен сатылды. Нақты бағасынан 1 миллиондай жеңілдік жасалды. Ол бұрын пайдаланылған көлікті сатып алғаны туралы жақсы білді. Басқа көлікке алмастырғысы келді, бірақ Қазақстанда мұндай көлік мүлде жоқ, алмастыра алмаймыз. Заң бойынша ақшасын қайтара аламыз.
Автосалон қожайыны «менеджерлер сату-сатып алу келісімшартында көліктің сапасын жазуды ұмыт қалдырыпты» деп ақталып отыр. Бұл орайда Заң тұтынушы жағында. «Азаматтық кодекстің» 428 бабына сәйкес, сатушы көлік сапасын келісімшартта нақты көрсетуі керек. Олай болмаған жағдайда, өз міндеттемесін орындауы тиіс,- дейді заңгер.
Айдос Ибраймов, заңгер:
Егер сатушы сатылып жатқан заттың сапасын толықтай, егер кемшіліктер болса, көрсетіп, сатып алушы білу керек оны. Білмей, жасырын сатып жіберсе, міндетті түрде қандай да бір міндеттемелер туындайды. Бұл жерде ақшасын кейін қайтару, кемшіліктерін жою немесе басқа тауарға ауыстырып беру.
Рахима Зиеденова адвокат жалдап, сотқа талап-арыз дайындап жатыр. Мақсаты - көлікті тек жаңасына алмастырып алу. Банктің пайыздық мөлшерін қосқанда, 12 млн теңгеге бағаланған қымбат көлік әзірге автосалонның алдында қаңтарылып тұр.
astanatv.kz