Қарттар үйі. Үлкен көшенің бойында тұрған бұл мекеннің ресми атауы басқа болғанымен, халық осылай дейді. Қартайған шағында тасмаңдай тағдырдан теперіш көрген жандардың маңдай тірейтін соңғы аялдамасы. Сан түрлі ойлар санаңды шырмайды. Қарайласатын қарасы жоқтың да, төрт құбыласы түгел қарттардың туған үйінен, немере-шөбере шаттығынан жырақта тұрып жатқанына кім жауапты?
Даланың дархандығын бойына сіңірген, ата-анасының алдын кеспеген қазақ қарттар үйінің көбейгеніне таңғалмайтын болды. Мұның түп-төркіні өткен ғасырдың 50-60-жылдарына қарай жетелейді. Әуеліде қарттар үйлері еңбекке жарамсыз, қамқорсыз қалған жандарға арналып салынды. Уақыт өте келе, бала-шағасына керексіз болып қалған қариялардың мекеніне айнала бастады. Жан-жағымызды бажайласақ, кәрі құрлықтың бірқатар елдерінде некеге тұрмаған немесе балалары жоқ әйелдер осындай мекемеге қоныстанады. Испания мен Грецияда қайырымдылық қорлары мен жеке адамдар құрған интернаттар бар. Данияда егде адамдар өмір сүруге ыңғайлы жеке тұрғын үйлер салынған.
Мұнда сан түрлі тағдыр бар. Әрқайсысының қарттар үйіне келуінің өзіндік тарихы тағы бар. Жиырма төрт сағат бойы дәрігерлер бақылауында, тамағы тоқ болғанымен, көңіл құрғыр аш бөрідей ұлиды. Көздеріндегі мұң пердесі ешқашан түрілмейтіндей. Былдыраған немересінің тілін қызықтап, төрде төредей боп отыратын шағында үкімет бөлген төрт қабырғада күтушінің қолына қараған. Олардан ананы-мынаны сұрап, жан жарасын тырнағың келмейді екен. Сондықтан қызметкерлерді әңгімеге тарттық.
Жасы 70-ке жақындаған ақсақалдың 5 баласы бар. Бірақ жасында жаза басып, кейін қайтып келгенде балалары қабылдамаған. Содан осы жерден пана тауыпты. Ерлі-зайыпты қарттардың баласы шетелге кетіп бара жатып, ата-анасын осында өткізіпті. Мұнда баласы о дүниелік болған соң, келінімен бір шаңырақ астына сыймағандар да тұрады. Тұрмыс құрмай, өмір бойы әпкесімен бірге тұрған апайға да тағдыр талқаны осы жерден бұйырыпты. Бір туған жанашыры қайтыс болған соң, қарттар үйін паналағаннан басқа амалы қалмаған. Бойында күш-қуаты барда ағайынның ауыр жұмысын істеп күнелткен қарияны жұмысқа жарамай қалған соң туыстары осында әкелген. "Ай сайын зейнетақысын салып тұрамыз, хабарсыз қалмаймыз” деген сөздерінде де пәтуа болмапты.
Ата-анадан бас тартуды ешқандай себептермен ақтап алуға болмайды. Дегенмен, осындай шешім қабылдауға қандай жағдайлар түрткі болатынын зерттеп көрдік. Адамның алдағы күнін ешкім болжап білмейді. Аяқ-қолы сап-сау жанның бір сәтте кісі қолына қарап қалуы ғажап емес. Көбінесе мүгедек адамдарды бағып-қағудан қашатындар науқастарды осында әкеледі. Мүгедек жақынының күтімінен бас тартқандар күндердің күнінде кәріліктің өздеріне де келетінін ұмытып кеткен сияқты.
Қарттар үйі – жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттарды әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылатын мемлекеттік мекеме. Бұрынғы КСРО тұсында қарттар үйі 20 ғ-дың 50 – 60-жылдарында құрылып, ауқаты төмен, еңбекке жарамсыз азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен жұмыс істей бастады.
Қазіргі кезде қарттар үйі мемлекеттік бюджет, мемлекеттік қамсыздандыруға алынған адамдардың зейнетақысы, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналары, Қызыл Крест пен Жарты Ай желісі бойынша көрсетілген ізгілік көмек, трансферт, жекеше құрылымдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады
Қарт адамның үлкейгендегі бала мінезіне төзбейтіндер де мәселені осы жолмен шешетін болыпты. Бірақ "әкең жынды болса, байлап бақ” деген қазақ жасы келіп, беймаза болған үлкендерін үкімет қарауына өткізіпті дегенді естідіңіз бе? Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бір хадисінде«Ата-ананың қартайған шағында олардың екеуін яки бар біреуін разы етіп, күтпеген перзент қор болсын, қор болсын, тағы да қор болсын!»деген екен.
Осы тұрғыда жаһандық желі беттерінде жазылған пікірлердің бірінде "Қазіргі заман мектебі ата-аналарды да, балаларды да тәрбиелейтін, оларды өз тәрбие ықпалының объектісіне айналдыратын жетекшінің қызметінен бас тартуда. Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы және мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі. Ата-ана балаға сөзден гөрі іс, күнделікті жақсы әдет-ғұрып өнегесі күшті әсер ететінін ескеру керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәрсе шықпайды" делінген екен. Иә, ойланарлық нәрселеп көп-ақ..
Қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме, жасы келген жақынын қарттар үйіне тапсыруды ұят көрмейтіндер көбейіп барады. Мұны қасірет демеске лаж жоқ. Қарттық – ешкімді де айналып өтпейтін құбылыс. Сондықтан "атаңа не істесең алдыңа сол келеді” деген қазақтың қарапайым ғана ғибратына құлақ асқанның артықтығы болмас.
М.МЕРЕЙ.