Ата Заңымыз – қоғамдық келісім кепілі
Тәуелсіз Қазақ елінің мызғымас тұғырына айналған Ата Заңға биыл 18 жыл толып отыр. Ел дамуының даңғылын айқындаған Конституция күні мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде тойланып та келеді. Осынау Алаштың айтулы күніне орай конституциялық құқық мәселесі туралы аз-кем әңгіме еткенді жөн санап, Бас прокуратураның ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазасын өтеушілердің құқықтарының қорғалуын қадағалау департаментінің басқарма бастығы Болат Сыздықовты сөзге тартқан едік.
– Конституция – елдік пен тұрақтылықтың кепілі. Жалпы, Қазақстанда Конституцияның қоғамдағы орны қаншалықты айқындалған?
– Қандай да бір мемлекетте адамдар арасындағы қарым-қатынас заңмен реттеледі. Мемлекеттің даму деңгейі елдегі заңдардың құрылуына, азаматтарының қорғалуы мен оны құрметтеуіне сайып келеді. Халық пен халық қалаулылары арқылы қабылданған Заң үстемдік жасап, бұлжытпай орындалған елде тәртіп те, әділдік те бар. Осы заңдардың негізі, мемлекеттің тұғырлы заңы ол – Конституция. Конституция біздің құқықтарымыз бен бостандығымыз, оған берілетін кепілдіктер мен қорғау жолдарының айқын көрсетілуі елдегі демократияның қаншалықты орнықты екенін айғақтайды. Бұл халқымыздың о бастан заңға құрметпен қарап, әділдік пен тәртіпке бас игендігінің айғағы іспеттес.
– Мемлекеттің қалыптасу жолындағы Ата Заңның ықпалы қалай болды?
– 1995 жылғы 30 тамызда жалпы халықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз өміршеңдігін жоғалтқан емес. Әлемдік өркениетке барар жолда Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ құқықтық мемлекет құруды таңдады. Бұл тұрғыда күллі халықтың қолдауымен қабылданған Конституцияның алар орны ерекше. Бүгінде Ата Заңымыз елімізді өтпелі кезеңнің дағдарыстарынан сақтап, елдің тұтастығы мен ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Қоғамның басты құндылығы – адамның бостандығы мен мәртебесін бекітіп, билік тармақтарының арасындағы қатынас тетіктерін үйлестірді. Сөйтіп, Отанымыздың дәйекті алға басуының іргетасы қаланды. Конституцияда айқындалғандай бірегей мемлекеттік құрылысты сақтай отырып, президенттік басқару нысанын жария еткен мемлекетпіз. Қоғамда кездесетін барлық салалардағы ауқымы кең мәселелерді шешу барысында біздің Ата Заңымызды басшылыққа алатынымыз баршаға аян. Өйткені Конституция талап-тілектері соны көздейді.
– Конституция Қазақстандағы қоғамдық келісім мен елдегі ұлтаралық татулыққа кепіл болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында еліміз құқықтық және әлеуметтік, зайырлы мемлекет ретінде қалыптаса алды ма?
– Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастыра алды деуге толық негіз бар. Бұл жолда әлі де болса қиындықтың кездеспей қалмайтыны анық. Соған қарамастан, біздің ең басты мақсатымыз – мемлекетіміздің асыл да қымбат құндылығы адам және оның өмірі, содан соң оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып отыр. Конституциямызда билікті заң шығару, атқару және сот билігі тармақтарына бөліп, тәуелділік пен тепе-теңдік жүйесін қолдана отырып, олардың өзара әрекет ету принципі белгіленген. Қоғамдық-саяси, құқықтық және экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы барынша оң өзгерістерге бой алдырумен қатар, демократиялық және ұлттық дамудың ерекшеліктері толық ескерілген.
Мемлекетіміздің азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып қана қоймай, міндеттер де атқарады. Яғни заңды құрметтеу, оны сақтау, бұлжытпай орындау – әрбір азаматтың борышы. Заң нормаларын бұзған азамат істеген іс-әрекетінің мәніне қарай құқықтық жауаптылықтың жекелеген түрлері бойынша жауапты. Кез келген азаматтың нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, дінге деген көзқарасына, намысына, тұрғылықты жеріне, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық жағдайына байланысты немесе өзге де жағдайлар бойынша ешкімді ешқандай да кемсітуге жол берілмейді.