Астанада ұстаздардың өз газеті бар
Мұғалімдер мерекесі қарсаңында Астанада ұстаздар қауымына арналған жаңа бысылымның тұсауы кесілді. Бала жанының бағбаны саналатын ұстаздардың жұмысын насихаттауға арналған «Столичное образование» газетінің атауы орысша болғанымен, айына екі мәрте жарық көретін басылым қазақ және орыс тілдерінде таралады.
Астана қалалық білім басқармасының 12 жылдық білім беру жүйесін қолдау және ағылшын тілі орталығына тиесілі жаңа басылым елордалық білім мекемелерінің жұмысына ақпараттық демеуші құрал ретінде қызмет етпек. Бір ғана елорда аумағына 1000 данамен таралатын «Столичное образование» сегіз беттен тұрады. Газеттің танымдық бұрыштарынан бөлек, «Жетістік бастауы», «Шеберліктің құпиясы», «Отбасының тәрбие беру әліппесі», «Жаңалықтар бағанында», «Мамандар кеңесі» секілді айдарлары да бар. Ал «Шабыт сәті» айдары талантты һәм өлеңге таласы бар ұстаздардың сиясы кеппеген жырларын тұрақты жариялап тұруға арналыпты.
Жаңадан ұстаздар қауымына қарай жол тартқан басылым оқытушылардың ғана емес, оқушылардың да шығармашылық қабілетінің қалыптасуына, интеллектуалды жеке қажеттіліктерінің дамуына, балалардың өнегелі болып өсуіне қызмет етеді. Білімге бағытталған баспа өнімінің бас редакторы Бақыт Түлкібаеваның айтуынша, онда елорда деңгейіндегі түрлі конкурстар ұйымдастырылып, танымдық мақалаларды көптеп жариялауға басымдық берілетін болады.
Әсима БИМЕНДИНА, Астана қалалық білім басқармасының бастығы:
– Газет ашудағы басты мақсат – қалың көпшілікке елорда мектептерінде қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген мұғалімдердің еңбегінің шынайы болмысы, олардың жеке тұлға қалыптастырудағы рөлі мен орны туралы кең көлемде ақпарат беру. ХХІ ғасырда ғаламтордың мүмкіндігі мол болып отыр. Әрине, мұндай кезеңде газет шығару қиынның қиыны. Соған қарамастан мұғалімдер еңбегінің жаршысы болсын деген ниетпен «Столичное образование» газеті өз оқырмандарына жол тартты. Ұстаздар мерекесі күнімен тұспа-тұс жарық көріп отырған жаңа басылым жетістіктердің хабаршысы болады деген сенімдемін.