«Құлақтан кіріп, бойды алар» әнді тек көңілдің ажары деп қана қарасақ, мықтап қателескеніміз.
Әңгімені патриоттық әндер жөнінде өрбітпекпіз. Егер қазақта патриоттық ән жоқ десек, онда Шәмші ағамыздан бастап, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Байтереков сынды сазгерлеріміз бен Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындарымызды бір-ақ мезетте жоқ қылғанымыз. «Атамекен», «Әлия», «Өз елім», «Туған ел», «Менің елім» сынды көптеген туған ел, жерге деген сүйіспеншілікті оятатын әндер қазақта баршылық. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз – еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы саптағы сарбаздардың айтуына арналған, марш екпініндегі әндер неге жоқ деген мәселе. Кез келген әскер қатарында болған азаматтан сұрасаң да, әскери бөлімшеге барсаң да не жоғары оқу орындарындағы әскери дайындық бөлімінің дәрісіне қатысып байқасаң да, сарбаздардың сап түзеп кетіп бара жатқанда айтар әні – маршқа мүлдем келмейтін, лирикалық әндер не көше әндері. «Жаулап алды махаббат» не «Жанарыңа жас толып», болмаса, «Қара шашың иығыңа төгілген» деп әндетіп бара жатқан әскерлерді елестетіңізші. Күлерсіз, бірақ бұл – жылайтын нәрсе. Сонда бізде жауынгерлік рухты көтеретін ән жоқ па?
Бағлан ОМАРОВ, сазгер, аранжировщик:
– Бірде мен әскердегі туысымды іздеп, осы Алматы маңындағы әскери бөлімшелердің біріне бардым. Солдаттар түскі асқа кетіп бара жатыр екен. Әндетіп барады. Өзім сазгер болған соң, олардың айтып бара жатқан әндеріне құлақ түрдім – «Жаулап алды махаббат» пен менің тағы бір махаббат жайлы әнім. Біртүрлі құлаққа ерсі естіледі екен, себебі екпінге бағынбайтын әндер ғой. Бірақ олардың күнделікті еститіні – сол, сондықтан басқа не айтсын? Ал негізі, патриоттық әндер де, марш та қазақта жоқ емес, көп. Мысалы, соңғы кездегі сазгерлер арасында Қайрат Жүнісовтің қаншама жақсы патриоттық әндері бар, жарық көргенінен көрмегені көп. Маған да біраз әндерін алып келді. Дегенмен шыны керек, ол әндер өз орындаушыларын таба алмай тұр. Сұраныс жоқ. Оның үстіне ешбір әншіге «патриоттық ән орындамадың» деп кінә таға да алмайсың, себебі олар да мемлекеттен не өз өнімдерінен бір тиын пайда көріп отырған жоқ. Табыс көзі – тек қана той, ал тойдың өз әні бар.
Қайрат ЖҮНІСОВ, сазгер:
– Менің «Қазақстан – елім менің» және «Ақ шағала» атты екі әнім өз орындаушыларын тауып, тіпті Қазақстан Қарулы Күштері сарбаздарының әнұранына айналды десем, артық айтпаған болар едім. Иә, ол әндердің бағы ашылды. Бірақ одан да басқа қаншама әндерім бар, олар қазір орындаушысын күтіп жатыр. Меніңше, қазір жалпы азаматтардың рухы түсіп кеткен-ау, ондай биік рухтағы, марш екпінді әндерді тыңдауға көп жұрттың қызығушылығы жоқ секілді. Ал әншілер халық не қалайды, соған сай жұмыс істеуге мәжбүр, себебі оларды асырап отырған – халық, солардың тойы. Егер елде шоу-бизнестің барлық тежегіштері жұмыс істеп тұрғанда, жағдай басқа болар ма еді?! Бірақ бұл – уақытша, кезеңдік құбылыс, яғни түбі патриоттық әндер қоғамнан қолдау табатыны сөзсіз.
Осы тұста Ерболат Құдайбергеновтің «Мен қазақпын» әні еріксіз еске түседі. Жиырмадан жаңа асқан жігіт жастық жалынмен, қазақы рухпен әрі заманауи сипатта сол бір әнді орындағанда, оның әсер еткені сонша – еңбектеген бала бесігінен босана жаздап, еңкейген қарт таяғын лақтырып тастап, «Мен қазақпын» деп кеудесін керіп, еңсесін тіктеді емес пе? Ақылбек Жеменейдің орындауындағы «Алға, қазақ жігіттері!» мен Мәдина Сәдуақасова салған «Ән салшы, сарбаз» да тыңдағанды жай қалдырмағаны сөзсіз. Ал Қайрат Жүнісовтің «Қазақстан – елім менің», «Ақ шағаласы», расында, Қазақстан Қарулы Күштерінің ұялмай орындайтын әніне айналды. Дегенмен бұл аз, яғни патриоттық әндерге кәдімгідей мемлекеттік тұрғыдан жанашырлық, арнайы бағдарлама қажет. Әйтпесе бірді-екілі Ерболат секілді әншілер мен Қайрат Жүнісов сынды сазгерлердің қимылдағанынан түк өнбейді...