Әсел Баяндарова тоқалдық және әділетсіздік туралы пікірімен бөлісті
Желіде жартылай жалаңаш суретін салып, елді шулатқан дәрігер-косметолог әрі блогер Әсел Баяндарова тоқалдық және әділетсіздік туралы пікірімен бөлісті. Бұл туралы ratel.kz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.
- Әсел, сізге көпшілік сын-пікірлер айтқаннан кейін қазақ қыздарына не істеуге болмайтынын жақсы түсінген шығарсыз?
- Мен өзімнің ақылымды ғана тыңдаймын. Ал маған не істеу керектігімді және әсіресе не істемеу керектігімді Facebook желісінде мен танымайтын адамдар жаза бастағанда таң болдым.
Бұған дейін бүкіл әлем мен секілді ойлайтынына сенімді едім. Алайда мүлдем бөтен адамдар саған сен туралы түрлі жаман сөздер жаудыра алады екен. "Сен қазақ емессің бе", "еркектер нені қалайтынын қайдан білесің" дейтіндерге айтарым, мен - дәрігермін. Адамның құрылысын, дене мүшелерін білгеннің еш ұяты жоқ. Бірақ бәрібір мен "халықты мақсара етуші" болып шықтым.
- Сіз атышулы жазбаны жағдайдан әбден мезі болғасын қалдырдыңыз ба?
- Солай шығар? Біздің әдептің "жоғарылығы" соншалық, адамның дене-мүшелерін танып-білудің өзі ұят екен. Алайда елімізде жемқорлық жайлап, жантүршігерлік қылмыстар болып жатқаны назардан тыс қалуда. Көршіміз қазынаны тонаушы парақор болса да, оны қымбат көлігі мен үйіне бола сыйлаймыз. Алайда талай адамды сұлу етіп, алты жыл жансақтау бөлімінде аянбай еңбектенген Әсел Баяндароваға ондай сыйластық жоқ. Сыйлауға лайық емес, себебі ол...
- Себебі ол - кім? Осы жағын түсіндіре кетсеңіз
- Түсіндіріп көрейін. Мен - ережелерді бұзған адаммын. Тұрақтап қалған ережелерді мойындамадым. Мыңдаған арулар Facebook желісіне менен өткен ұят фотоларын шомылу киімінің астарына жасырып жариялайды. Алайда олар фотоға мен секілді шындықты жазбай, Омар Хаямның демалып, тынығу туралы қанатты сөздерін салып қояды.
- Сонымен сіз қазақ қызына не істеуге тыйым салынған деп ойлайсыз? Қазақ қызы қандай болуы тиіс?
- Ұялшақ, білімсіз, тартымсыз... Ол күйеуіне қарсы сөз айтпай, тек рұқсат етілген сарында ойлауы тиіс. Баласы, ата-анасы, күйеуі және асүй туралы ғана ойлауы керек. Ал жұмыс істеп, жетістікке жету - қазақ қызына артық әрекет. Оны тек бай күйеуің, ағаң, көңілдесің болса ғана жүзеге асыра аласың-мыс. Тоқал деген желеуді алға тартып, көңілдес табу - классикаға айналған. Тоқалдық бізде өркендеп тұр.
Отбасылы ер адамның көңілдесі болу - үйреншікті жағдай. Бұл туралы айту ұят болғанымен, әйел өзіне қалталы еркекті табу керек дегенді санасына құйып алған. Егер күйеуі оның мәселелерін шешіп бере алмайтын болса, өзгесін, лайықтырағын тауып алады.
Біздің қоғамда ер адам әйелінен өзінің керемет екенін мойындауын күтеді. Ал әйел ерінен қаржылық мәселелерін шешіп беруін күтеді. Екеуінің күткендері бола қоймайтын жайттар да баршылық. Бұл орайда әйел ешкімге өзінің мәселелерін арта салмай, өзі шеше алатынын түсінуі тиіс.
- Сонымен, барлық жайттардан кейін сіз қазақ қызы қандай болуы керек деп ой түйдіңіз?
- Мені тағы да сынның астына алса да, өз ойымнан айныған емеспін. Меніңше, заманауи өмірде ұлттың әсері мүлдем төмендеп кеткен. Әлем тым тез өзгеруде, интернеттің арқасында ақпарат секундтар ішінде таралып жатыр. Бүкіл әлем бірдей ақпаратқа сусындап, бірдей фильм көреді, бір әуенді тыңдайды, бірдей киінеді. Бұл адам психологиясына да әсер етеді. Сол себепті, бұл заманда "қазақ қызы қандай болуы тиіс" деген мүлдем мәнсіз сұрақ болмақ.
Еске салсақ, Әселдің даңқы оның желіге қазақ қыздарының тартымдылығы жөнінде жазып, өзінің жартылай жалаңаш суретін салғаннан кейін бір-ақ шыққан. Ол туралы ақпараттар тіпті шетел басылымдарында жария болған еді.