Маңғыстаудағы «Қазақстан Ақтау» телеарнасы жақында жаңа, тың жобаны қолға алды. Мамыр айының басынан бері мұнда күнбе-күн «Асар» атты реалити көрсетілуде. Ата дәстүрді телевидениенің жаңа талаптарымен ұштастыра алған бағдарлама көрермендер арасында үлкен табысқа ие болып отыр. Бүгінде маңғыстаулықтар кешкі ас үстінде түрік не кәріс телесериалдарын емес, «Асардың» барысын талқылайтын болған. Осыған орай телеарна директоры Жанахмет Ағыбаев мырзадан сұхбат алған едік.
– Жанахмет Жәнібекұлы, басынан бастап айтыңызшы, бұл идея қалай туындады? Бағдарламаның бас кейіпкерін қайдан, қалай таптыңыздар?
– Идеяның пісіп-жетілгеніне бірнеше жыл болған. Бала күнімізде ауылда бүкіл ел болып асарлатып ағайындарға баспана салып бергенін көрдік. Өз үйінің терезесі сынып жатса да, асарға терезе көтеріп келген кісілер әлі күнге дейін жадымда. Бұл әр адам риясыз көңілмен, шын жүректен жасайтын көмек еді. Біздің жобаның мақсаты да сол, байырғы дәстүрді жаңғырту арқылы адамдар арасындағы өзара қолдау, ізгілік сезімін ояту. Ал хабарға кейіпкер болатын отбасын ұзақ таңдадық. Телеарнаның жер телімін алып беретін күші жоқ, сондықтан жері бар, бірақ үй салуға шамасы жоқ отбасыны іздеуге тура келді. Мұнайлы ауданы әкімдігінің көмегімен Серғазы Қарақұловтың кандидатурасына тоқтадық. Өйткені Серғазының өзі 2- топтағы мүгедек, денсаулығы жұмыс істеуге жарамсыз. Жұбайы ертеректе қайтыс болған, ал үш баласының екеуі әлі кәмелетке толмаған екен. Мүгедектік жәрдемақы және кәмелетке толмаған балаларға берілетін төлемдерді қосқанда, отбасының айлық табысы – 25 мың теңге. Біреудің ауласындағы бір бөлмелі сарайды 20 мың теңгеге жалдап отыр. Тамақтарын табу үшін жас балалар темір-терсек жинап, өткізіп жүр. Аудандық әкімдіктің қолдауымен мұқтаж отбасы ретінде өткен жылы жер телімі берілген, бірақ мұндай табыс әрине, үй салуға жетпейді. Сондықтан біз телеарна арқылы бүкіл Маңғыстау жұртына асарлатайық деген ұран тастадық.
– Асар ұмытыла бастаған дәстүр ғой. Ел бірден қолдау көрсетті ме?
– Бұл о баста реалити түрінде жоспарланған жоба еді. Ең бірінші Қарақұловтар отбасының қиын халы туралы жаңалықтарда көрсетіп, асарлатып үй салып беру туралы бастама көтеретінімізді айттық. Қайырымдылық қолын созған адамдар бірінші күннен-ақ табылды. Міне, содан бері осы құрылыс басындағы жұмыстар туралы күнбе-күн жаңалықтарда репортаж беріліп, одан кейін арнайы хабарда сол күні не істеліп, не қойғаны кеңінен көрсетілуде. Елдің мұндай форматтағы хабарды жылы қабылдағаны соншалық, қазір телесериал көргендей «Асар» бағдарламасын асыға күтіп отыратын болған. Маған келген көптеген адам кешкі ас ішіп отырып, бүгін құрылыс алаңында не істелгенін, кімнің келіп көмектескенін талқылайтындықтарын айтады.
– Көмектесіп жатқандар кімдер? Кенет көмек тоқтап қалса, құрылыс та баяулап, осы жоба аяқсыз қалмай ма?
– Көмек алғашқы күннен бастап-ақ ағылды. Асаршылардың ішінде жас та, кәрі де, ауқатты азаматтар да, қарапайым жұмысшылар да бар. Мен бір нәрсені айтайын, қазіргі қоғамда байлар мен әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар арасында бірін-бірі түсініспеушілік бар деп жатады ғой. Болса, бұрын болған шығар, бірақ біздің асар бәрін біріктірді. Мысалға, маған бір кәсіпкер келді, өзінің айтуынша Серғазының отбасы туралы сюжетті көргенде ішіп отырған асы тамағынан өтпей қалыпты. Сөзбе-сөз айтсам: «осы отбасының жағдайына қаныққанда Құдайымды есіме түсіріп, тәубеме келдім. Енді асып-тасуды қойып, айма-ай мұқтаж адамдарға көмектесуге қаржы бөліп отыруға шешім қабылдадым», – деді ол. Осының өзі неге тұрады. Ол кісі Серғазыға да үлкен қолдау көрсетті. Сол сияқты асаршылар арасында мейрамхана иелері де, қарапайым аспаздар да, студенттер мен демалыс күндері келіп көмектесіп жүрген құрылысшылар да бар. Студенттер мен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері аса белсенді болса, құрылыс басына келген шетелдік компания өкілдері де бар. Асаршылардың арасында орыс, әзірбайжан ұлтының өкілдерін де кездестіруге болады. Олар да «қазақтың мына дәстүрі не деген керемет» деп таңдай қағып кетті. Бірде құрылыс басына бір оқушы бала бір қой әкеліпті, біз келіспей, ата-анаңсыз келме деп қайтарғанбыз. Жыларман болып кеткен, артынша әкесін ертіп келді. Әкесі: «бұл өзінің қозы кезінен өсірген қойы, осы асарға беремін деп қоймады, алмасаңдар бұл жерден кетпейміз», – дейді. Міне, бір сөзбен айтсақ, біз бүкіл Маңғыстау халқын осы асар ұраны астында біріктіре алдық. Бүгін асардың 18-інші күні, осы кезге дейін іргетас қаланды, қабырғасының жартысы тұрғызылды. Ал құрылыс материалдары толықтай дерлік дайын. Тұрғындар қолда барын әкеліп жатыр, шеге дейсіз бе, тақтай, шифер т.б. Енді бірі су тасыса, екіншісі асаршыларға түскі ас әкеліп береді. Тіпті күні кеше бір перде сататын дүкен иесі келіп, басқа ешкімнен алмаңдар, перделерін өзім әкеп ілемін деп қатаң «тапсырма» беріп кетті. Құдай қаласа, құрылыс осы қарқынмен жүре берсе, үйді ай жарым уақыттан асырмай пайдалануға беріп қаламыз ба деген жоспар бар.
– Асарға тек маңғыстаулықтар емес, Алматы мен Астанадан келіп көмектесіп жатыр екен?
– Бұл енді әсірелеу болып кетер. Рас, «Отау ТВ» арқылы арнамызды көріп отырған бірнеше көрермен Ақтөбеден, Атыраудан телефон соқты. Көмек көрсетейік деп Серғазының есеп-шотын сұрады. Бірақ жобада біз ешкімнен ақшалай көмек алмаймыз. Ата дәстүрге сай, тек құрылыс материалдарын және қол көмекті ғана қабылдап жатырмыз. Ал Алматы мен Астанадан келген «асаршылар» негізінен Маңғыстауға қонаққа келгендер. Ақтауға келген кезде осындай жоба барын естіген Бауыржан Ибрагимов арнайы келіп, үйдің қабырғасын қалауға көмектесіп кеткен болатын. Міне, содан бері Қарақұловтар отбасының құрылысы «жұлдыздар» жиі келетін орынға айналды. Бейбіт Қорған да, КВН-шілер де, сықақшылар да шама- шарықтарынша үйдің қабырғасын қалауға көмектесіп кетті.
– Сіздердің телекөрермендер құрылыс басында болған түрлі қызықтарды жыр қып айтып жүр?
– Ия, күн сайын әртүрлі кісілер жиналатындықтан, қызықтар көп болады екен. Мысалға, бір кісілер қалап кеткен кірпіштерді келесі күні келген топ дұрыс емес деп бұзып, қайта қалаған ғой. Үшінші күні келген асаршылар олардың да қалағаны дұрыс емес дегенде, не істерімізді білмей қалдық. Сөйтіп, құрылысқа бас-көз болатын прораб іздеуге тура келді. Ал ең қызығы, бір күні құрылыс басында қалған үш қап цементіміз қолды боп кетіпті. Сол күнгі хабарда бұл туралы хабарлап, ұрыны ұялтатындай сөздерді айтқанбыз, ертесіне таңсәріде сол үш қапты біреулер алған жеріне қойып кетіпті. Ол ол ма, дәл сол күні ұрлық туралы естіген жұрттың бәрі цемент әкеліп, бүкіл үй құрылысына жететін цемент бір күнде жиналып қалды.
– Асарды дәл реалити түрінде көрсетудің қиыншылықтары жоқ па?
– Әрине, техникалық тұрғыдан алғанда, бүгін күні бойы болған қызу жұмысты сол күні эфирден кеңейтілген түрде берудің қиыншылығы көп. Дегенмен біз бұл үдеден шығып жатырмыз.
Қазір телеарналар үшін реалити жанры «сәнге» айналғаны жасырын емес. Бірақ біздің бағдарлама сән қуған жоба емес. Оның мақсаты – біріншіден, халқымыздың ерекше дәстүрін қайта жаңғырту, сол арқылы елдің арасында қайырымдылықты, өзара көмекті насихаттау. Екіншіден, осы хабар арқылы нақты бір адамға, отбасына қол ұшын беру. Біздің мысалымызда бұл – Қарақұловтар отбасы.
– Соңғы сұрақ, бұл жоба әрі қарай жалғаса ма?
– Бұл – маған ең көп қойылатын сұрақ. Асарлатып маған да үй салып беріңдер деп күніне екі-үш адам хабарласады. Бұл сұраққа жауап беру қиын, бірақ сұраныс болып тұрса, неге жалғастырмасқа деп ойлаймыз. Ел сұрап отырса, Асар -2, Асар -3 болып жалғасса, несі айып? Тек, сол Асар-2-ге кейіпкер болатын адамды таңдау қиын болайын деп тұр. Біз мұқтаж отбасылардың бәрін қатыстырып, екінші кейіпкерді сол отбасына ел болып дауыс беру арқылы таңдасақ деп ойлап отырмыз.