Жиырмасыншы ғасырдың соңынан бастап қыз-келіншектеріміз семіздікпен күресе бастады.
Қазақтар сұлулықты қыздың ажарына қарап бағаласа, Батыста келiстi тұлға мен түзу балтыр деп есептейді. Бүгiнде әлемдегі әйел заты, соның iшiнде қазақ қыз-келiншектерi де Голливуд жұлдыздарына қарап бой түзей бастады. Танымал киножұлдыз Кэмерон Диас «өз фигурамды сақтау үшiн маған қаншама азап шегуге тура келгенiн бiлсеңiздер ғой» деп мойындайды. Атақты футбол королiнiң жұбайы Виктория Бэкхемге Американы мойындату үшiн үнемi ашқұрсақ жүрiп, қантсыз шайды қанағат тұтуға тура келiптi. Өкiнiшке қарай, мамандар «шай диетасы» арықтаудың ең төте жолы болғанымен, оның тәбеттi төмендетiп, қатерлi iсiк ауруына шалдықтыратын әсерi барын жасырмайды.
Алматы қаласындағы би ансамблінің біріндегі биші артық салмақтан арылу мақсатында дәріханадан қытайдың дәрісін сатып алады. Нұсқау бойынша дәріні суға араластырып, дереу ішу қажет. Бірақ бір күні жасаған дәріні суға салып, басқа бір іспен айналысып кетеді, есіне түскен уақытта дайындап қойған дәрісін ішпек болғанда, дайындалған дәрінің ішінде жыбырлап жүрген майда құрттарды көріп, зәресі қалмайды. Мұндай құбылысты көрген қыз шошып, дереу дәрігердің көмегіне жүгінеді. Тексеру барысында дәрігерлер қыздың ішінде осындай майда құрттардың бірнешеуін анықтаған. Сұлулықтың жолында өздерін құрбан етуге дайын тұратын қаншама қыздар дүниеден өтті десеңізші!
Оңтүстiктiң бір бойжеткенi құрбыларының кеңесiмен арықтау мақсатында қытай таблеткасын қолдан сатып алып, оны жазылған нұсқау бойынша қабылдайды. Көп ұзамай пайда болған жөтел арада төрт-бес ай өткенде тiптi күшейе түседi. Бойжеткеннiң халi ауырлап, иығы мен қолдары сырқырап, бүйрегi мен асқазаны ауырады. Диагностикалық орталықта емделген қызға дәрiгерлердiң емi шипа болмай, онкологиялық диспансерде жатып, жан тапсырады. Марқұмды тексерген дәрiгерлер өкпесiнiң жартысын құрт жеп, тiптi сүйегiне өтiп кеткенiн анықтапты. Онколог дәрiгерлер мұндай жағдай біріншi рет кездесiп отырмағанын жасырмайды. 40-50 жыл бойы темекi тартқандардың басында мұндай жағдай болмайды екен. Бұл дәрілердің күші никотиннен де күштi болғаны анық.
Сонымен, қытай елінің жасанды таблеткаларынан келетiн қауiп күшейген сайын интернет беттерiнде «Фуянькан», «Миаози» (бір айда – 5-10 келi), «Мяо Тяо» (бір айда – 7-8 келi), «Килокиллер Апполон» (ерлер үшiн) капсулалары мен «Чжели бұрыш майы» кремi, «Цзю Минцзы» кофе шайы, «Ли да» тазарту шайы туралы жарнамалардан көзіңді алып жүре алмайсың. Жеке поштаңды ашып қалсаң да, арықтаудың жолы деген жарнамаларды көріп қаласың. Олардың бағасы да әртүрлі болып келеді. Қолжетімділері 4 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында тұрады. Олар әр адамның мүмкiндiгiне байланысты белгiленедi. Әйтсе де «iшiнде әбжыланы бар» дәрiлердiң қай дәрiханада сатылатынын бiлу әсте мүмкiн емес. Олар желілі маркетинг бойынша сатылады.
Айгүл Әуелбекова, дәрігер-диетолог:
– 1998 жылы әлемде 250 млн адам семiздiктен зардап шексе, 2025 жылы бұл көрсеткiш 300 миллионға жетедi деп күтiлуде. Семiздiктiң тұқым қуалайтын (конституциялық), эндокринологиялық аурулардың себебiнен және тамақты көп iшкеннен (алиментарлық) болатын түрлерi бар. Оның iшке май жинайтын түрi (висцералды семiздiк) денсаулыққа аса зиян. Семiздiк артериялық гипертензия, жүрек-ишемия ауруы, қант диабетi, онкологиялық аурулардың жоғарылауына әкеледi. Сол себептi кез келген адам ем қабылдамас бұрын дәрiгерге қаралып, мiндеттi түрде семiздiктiң себебiн анықтап алуы тиiс.
Дәрігерлер семiздiктiң барлық түрiнде диетамен тамақтануға кеңес бередi. Тәулiгiне (барлығы – 1200 ккал) 300 гр ет, көкөнiс тұтынып, нан мен тәттiнi доғаруға тура келедi. Сондай-ақ аптасына екi күн тек айран немесе көкөнiс салаты мен жемiс-жидек қана тұтынып, ашығуға болады. Дене салмағын түсiру үшiн реттi жаттығулар, жүгiру, жүзу, велосипед тебу, секiру маңызды. Әрине, бұл айтылған кеңестер артық салмақтан арыламын деген жастарға арналғанын ұмытпау керек.
Адам кез келген нәрсеге саналы көзқараспен қарап, соңынан өкiнiште қалатындай iс-әрекет жасаудан сақтанғаны жөн. Осы себептi қыз-келiншектердiң голливудтық жұлдыздарға көп елiктей бермей, әркімнің берген кеңесіне жүгінбей, дәрiгердiң кеңесімен диетаға отырғаны абзал. Олай жасамаған жағдайда жасанды қытай дәрілеріне жасырынған құрт дені сау адамға ажал төндiрмесiне ешкiм кепiлдік бере алмайды...