Арқар неге азайып кетті?
Тұмса табиғатты тілмен жеткізу мүмкін емес. Рас, біз өзімізді табиғатқа жақынбыз дейміз. Десе де, мүлдем олай емес секілді көрінеді. Жүгірген аң, ұшқан құс қамқорлық күтеді бізден. Тіпті, өсіп тұрған өсімдік те аялы алақанды қажет етеді. Оны жалған деп айта алмассыз. Осындай қамқорлық күтіп жүрген жануардың бірі – арқар. Тау мен тасты мекен еткен арқар жайында біздің халқымыз талай аңыз бен әпсана айтқан. Қазақ халқында жиі айтылатын «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген де тәмсілдің айтылуы тегіннен тегін емес. Қысқасы, бүгінгі күнге дейін аталмыш аңды қаншалықты қорғап жүрміз деген сауалға нақты жауап қайырған ешкім жоқ.
Еліміз бойынша арқардың негізгі бөлігі Қаратау баурайында мекен ететіні белгілі. Қазақстанның оңтүстік бөлігін бойлай жатқан тауда жүретін олар кезінде қамқорлықтың жоқтығынан біршама азайып қалғанын бәріміз де білеміз. Рас, бүгінгі таңда бұл аймақтар мемлекет қамқорлығына алынып, ондағы барлық табиғат құндылықтары бақыланып отыр. Десе де оған тоқмейілсіп алаңсыз отырған да жөн болмас.
Қоршаған ортаның құнды қазынасын қастер тұтқан қауым әрбір жүгірген аң мен ұшқан құсты, өсімдіктер әлемін көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөледі. Ашығын айтайық, осы тұрғыда ауыз толтырып айта алмаймыз. Кезінде ен даланың еркесіне айналған аң мен құстың көбісі қазір селдіреп қалғандай. Оған базбір жылдары селсоқ қарадық. Талай мәрте мылтықтың нысанасына жазықсыз жануарды байладық та жібердік. Адамдар тарапынан осындай аяусыздық көрген тіршілік иелері көп уақыт өтпестен азайып шыға келді. Қаншама ғасырдан бері қазақ даласын мекен еткен аң мен құстар саусақпен санарлық деңгейге түсті. Осындай аңдардың қатарына арқарды жатқызуға болады. Тау мен тасты мекен еткен аң қазір көзге көп ұшыраса қоймайды. Бәлкім, адамнан аяушылық көрмегеннен кейін олар да өз әрекетін жасауға көшкен шығар.
Арқар – Азия құрлығында мекен ететін жануардың бірі. Әсіресе, Тянь-Шань, Памир, Алтай тауларында кездеседі. Негізгі қонысы біздің қазақ даласы екен. Кең байтақ даламыздың көптеген бөліктерінде бар. Елімізде оның үш түрі кездеседі. Алғашқысы – Қаратау арқары. Олардың саны өте аз. Жойылуға жақын десек те болады. Тек Қаратауда ғана таралған. Таудың жазықтау жоталарында көзге ұшырасады. Жалпы саны - 100 басқа жуық. Арнайы қорғайтын орындар жоқ. Одан кейінгісі Тянь-Шань тауының қазақстандық бөлігінде жүреді. Үшіншісі Солтүстік Қазақстан өңірін мекен еткен. Арқарлар өздері тіршілік ететін аймақтарға байланысты бөлінеді. Алтай тауының біздің еліміздегі бөліктерінде де арқарлар көзге ұшырасады. Ал елімізде қанша арқар бар дегенге дөп басып айта алмаймыз. Алайда әрі кеткенде 10 мыңнан аса қоймайды.
Таудың ұшар басында жүретін арқарлар ада көрсе, үрке қарайтын жағдайға жетті. Олардың азаюына байланысты басты фактордың бірі сол екені де белгілі. Біз неге табиғатқа жанашыр пейілімізді жоғалтып алдық? Осы жағына маңыз беріп қарап көрдік пе? Әлде, бейғам қалпымызда жүре береміз бе? Бұлай кете берсе, күні ертең олардан көз жазып қалуымыз ғажап емес.
Арқарлар неге азайып кетті? Ғалымдар бұл тұрғыда зерттеу жүргізіп жүрген шығар. Дегенмен осы мақсатта елімізде нақты жоспарлар жоққа тән. Ол тек аталмыш аңға байланысты ғана емес. Әрбір аң мен құсты қорғауға алғанымыз артық емес қой. Осындай олқылық салдарынан табиғаттың тартуы болған көптеген аң мен құс, өсімдіктер «Қазақстанның қызыл кітабынан» орын алар ма еді? Адамдар тек бір сәттік қызық қуған мәз болады. Ал оның соңында қаншама зардап бар ма емес пе? Шындығын айтайық, ондай олқылықтың алдын алуға шамамыз келе ме? Өйткені, ұлан-байтақ даламыздың әрбір қиырында жүрген аң мен құсты сала мамандары қорғай ала ма? Бұл – заңды сауал. Қазір сондай аңшы қауым көп кездеседі. Олардың біршамасын қолға түсіріп жатырмыз. Ал ондай назарға ілікпегені қаншама? Біздің даламызда аң мен құстың нақты санын тап басып есептеп бере аламыз ба?
Биолог Оразбай Қосанов бұл тұрғыда өз көқарасын білдіреді. Ұзақ жылдан бері Сыр бойы табиғатын зерттеп жүрген жан оның басқа да себептері бар екенін айтады. Қазір бұрынғы бұлақтар көзі азайып кеткен. Сондай-ақ, жайылымдық жерлер де тарылып барады. Осының өзі арқарлардың сиреп кетуіне алып келді. Одан қалды адамдар да жазықсыз жануарды мылтықтың оғына байлап жатыр. Яғни, броконьерлік жағдай олардың ажал табуына итермеледі.Өте сақ жануар көбінесе күндіз жайылады. Қасқыр, сілеусін, аю секілді жыртқыш аңдар олардың негізгі жауының бірі.
Арқарлар еліміздің бірқатар қорықтарында қорғауға алынған. Дегенмен Қаратау бөктерінде жүрген түрлеріне ондай қамқорлық жасалып отырған жоқ. Сол себепті Қаратау жоталарында оларға арнайы қорғалым аймақтарын ұйымдастырған артық емес. Жалпы, бұл таудың сәніне айналған аңға деген ерекше қамқорлық болар еді. Әзірге оған назар аудармай отыр деуге болады.
Жалпы, Қаратаудың арқары өзге түрлерімен салыстырғанда ірілеу келеді. Еркегі болып табылатын құлжасының салмағы 110 келіге дейін жетеді. Негізінен биік жерлерге қоныс тебетін аталмыш аңды көргенде ерекше сезімге бөленесің. Ай мүйізінің өзін табиғаттың оларға берген сұлулығы деп таңдай қағасың. Әлемнің әр қиырындағы аң мен құстың ешбірінен бір мысқал да кем түспейтін сұлулығы талайдың көзінің құртына айналғандығы анық. Қазір туризм саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Ендеше, таудың баурайында демалыс аймақтарын ұйымдастырсақ, біздің табиға байлығымыз есебінде көрсете алатын аңды қашан аялаймыз деген сауал бар көкейде.
Біз зерттеу жұмыстарына байланысты Қаратау бөктеріне талай мәрте бардық. Кезінде үлкендерден еститін едік, онда арқардың көбірек кездесетінін. Дегенмен қазір олар көзге ұшыраса бермейді. Әрине, олардың саны азайып кеткені өкінішті. Шетелдерде әрбір аң мен құсты қорғауға ерекше мән беріледі. Олардың азайып кету сырына үңіледі. Бізде әзірге осындай көзқарас жетіспей жүр. Саны азайған аң мен құсты «Қызыл кітапқа» тіркей бергенмен іс бітпейді.
Қазақта «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген нақыл бар. Шындығында да солай. Оларға қамқорлық танытып жатсақ, арқарлар азайып кетер ме еді? Арқарлар Қазақстанның сәнінің бірі еді...