Әрі қолбасшы, әрі ғалым – Сақтаған Бәйішев
Биыл комиссар, ғалым Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл
Қазақтың 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының комиссары, құраманың саяси бөлімінің бастығы, Қызыл Армияның Бас саяси басқармасының жауапты қызметкері болған ол соғысты Берлинде аяқтады.
Өз халқының тағдырынан ажырамас жарқын да күрделі өмір кешкен азамат еді. Жаңа, таптаурын болмаған соқпақпен биікке өрлеген ұрпақтың өкілі десек те артық емес. Сол жылдарда бәрі де: үлкен жеңістердің қуанышы, қателіктер мен сәтсіздіктердің өкініші де болды. Соған қарамастан, Сақтаған Бәйішев секілді қайраткер үшін айнымас мақсат халқына, еліне қызмет ету болып қала берді.
«Халық Батырын» іздейміз
Енді бір жылдан соң Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесін тойларымыз анық. Осыған орай, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры, «Атақазақ» қоғамдық бірлестігі, «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттері мен Қазақ радиосы бірлесе отырып, тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атаумен қалған Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, алайда әділетсіздіктің кесірінен «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтауды қолға алады.
Осы күнге дейін «Алаш айнасы» газетінің бетінде ерліктері ескерілмей келген батыр аталарымыз жайында «Атақсыз қалған Батырлар» айдарымен тұрақты түрде жазылып келді. Өз уақытында «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмаған батыр аталарымыз еліміздің әр өңірінде әлі де баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар, саяси қиянат көрген сол жандардың бүгінгі үрім-бұтағы, мұрагерлері, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәліметті «Алаш айнасы» газетіне хабарлауы керек.
Маңызды делінген мәлімет-деректер Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтеді. Алдағы жылы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Халық Батыры» жобасымен анықталған батыр аталарымыз «Халық Қаһарманы» атағына ұсынылатын болады.
Осыдан 100 жыл бұрын Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Ақжар елді мекенінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген оның еңбек жолын комсомол айқындап берді. Жастар ұйымының жолдамасымен жас жігіт Қазақстан металлургиясының тұңғышы – Қарсақпай мыс қорыту зауытының құрылысын салуға аттанды. Жігерлі жастың бойында кейін ірі ғалым болуына ықпал еткен сапалар осынау қызықты да күрделі жылдары қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстанның аудандық комсомол комитеттерінің жауапты хатшысы бола жүріп идеялық тұрғыдан шынықса, «Лениншіл жас» газетіндегі бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған журналистік қызметі оны өмір ағымындағы күрделі құбылыстардың түпкі себебіне үңілуге, оларды ой-санадан өткізіп, қалам қуатымен қалың көпшілікке ұғынықты етуге үйретті. Алматыдағы Марксизм-ленинизм институтынан теориялық терең білім алуы оны қайраткер ретінде сомдай түсті.
Шапшаң қалыптасқан жаңа қазақ совет интеллигенциясының өкілі ретінде ол институтты тамамдаған бойда-ақ Марксизм-ленинизм институтының директоры, іле-шала республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы қызметтерін атқарды. С.Бәйішевтің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, алғашқы сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған тұсы да осы кез.
Бірақ көп кешікпей соғыс басталды. 1941 жылғы 13 қарашада Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қызыл армияның ұлттық бөлімдері мен құрамаларын құру жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде Орта Азия соғыс округінің әскери кеңесі 27 қарашада өзбек, қазақ, тәжік, түрікмен және қырғыз республикаларында ұлттық құрамаларды жасақтау жөнінде арнаулы бұйрық шығарды. Сол бұйрық бойынша Қазақстанда 96-атты әскер дивизиясы, 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары, 105-ші және 106-шы атты әскер дивизиялары құрылды. 100-ші бригаданың негізгі құрамына 1922 жылы туған қазақ жастары шақырылды. Желтоқсан айында Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жиналған боздақтар сапқа тізілді.
Бригаданың алғашқы командирі, подполковник В.Е.Шевцов, штаб бастығы майор В.М.Заборин, комиссары Сақтаған Бәйішев, саяси бөлім меңгерушісі Әбдірахман Досанов болды, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып саяси жетекші Егемқұл Тасанбаев белгіленді.
Сақтаған Бәйішев отырғандар арасында солдан оңға қарай үшінші
100-ші бригада Алматыда жасақталған кезде сан алуан қазақ жастары өз қалауларымен армия қатарына алынып, бригада құрамына келіп қосылды. Солардың бірі Алматыдағы медициналық институттың студенті, қарапайым қазақ қызы Мәншүк Мәметова еді. Буыны әлі қатып болмаған тал шыбықтай жас қызға алдыңғы сапта жүруші жауынгерлер қатарында болу қиын болар деп, оны бригада штабына хатшы етіп тағайындады. Бірақ ол оған қанағаттанбай, өз еркімен сұранып, пулемет расчетына барып орналасты. Осыған байланысты комиссар Сақтаған Бәйішевтің Мәншүкпен сөйлесуіне тура келді.
– Қарағым, алдыңғы саптағы жауынгер боламын деген тілегіңнің орынды екенінде ешбір күмән жоқ, мұның өзі әрбір адал кеңес адамына тән патриоттық сезім. Бірақ алдыңғы саптағы ұрыстың ой-шұңқыры, кездейсоқ құбылыстары, тура белден қан кешетін кездері болады. Мұны ақылға салып ойладыңыз ба? Бұл ауыр жүкті атқара аласыз ба? – деді.
– Жолдас комиссар, – деді ол сонда, – мен өз еркіммен армия қатарына алынғанымда бейбіт өмірімізге бүлік салған, халық еңбегімен көгерген жерімізді қанға бояған, ананы да, баланы да аямастан зар жылатқан жауымыздан кек алуды көздегенмін. Міне, енді осындай орайы келген жағдайда неміс-фашист жауыздарының біреуінің болса да үнін өз қолыммен, өз оғыммен өшіргім келеді. Сондықтан менің пулеметші болуыма қарсы болмағайсыз...
100-ші бригаданың штабында байланысшы болған, Мәншүкпен бірге соғысқан Александра Халимулдинаның естелігінен:
... Шырша астынан шыға бергенімізде, комиссар Сақтаған Бәйішев те келіп жетті. Біз сол сәтте тіп-тік тұра қалып сәлемдестік.
Ол атынан қарғып түсті де, жанымызға келіп, қол беріп амандасып тұрып күлімсірей сауал қойды:
– Иә, бұл жерде тоңып неге тұрсыңдар?
– Баяндауға рұқсат етіңіз, – дедім мен.
– Баяндаңыз сержант Халимулдина...
– Жолдас комиссар! Штабқа радиограмма апардым, ал қазір Мәншүкті құттықтап тұрмын. Бүгін ол 20-ға толды!
Мәншүк жаратпай, наразылық білдіре қарады маған, ол туралы неге айттың дегендей.
– Ой, айналайын, Мәншүк, құттықтаймын! – деді комиссар оның қолын қатты қысып. – Жүріңдер, жүріңдер, менің жертөлеме, сыйлық жасауымыз керек, солай емес пе?
Ол тез басып жертөлесіне бет алды. Біз артынан ілесіп келеміз. Жертөле іші қараңғы екен, комиссар қалта фонарын жағып үстел үстіне қойды да, жайдақ ағаш кереует астынан кішігірім шабадан алып, қақпағын ашып, ішінен қара мұқабалы кітапша алды. Содан соң үстелге отырды да, ішкі бетіне тез-тез бірдеңе жаза бастады. Біз үндемей оған қарап қаппыз.
– Міне, қабыл ал, өзім сүйіп оқитын Абай кітабын сыйға тартам, – бұл сөзім Мәншүкке қалай әсер етер екен дегендей біраз үнсіз тұрды да: – Ұлы Абай туған Қазақстаныңды еске салсын, батылдыққа жетелесін.
Мәншүк комиссардың қолынан кітапты алды да, жүрегіне басып, толқи сөйлеп кетті:
– Көп, көп, рақмет, ағай! Мен батыл болуға тырысам, ондай болу үшін менің орным алғы шепте... Ағай, алғы шепке жіберіңіздерші мені... кез келген батальонға... қазір өте ауыр кезең, – деп өтінді Мәншүк.
– Жақсы. Осыдан бір сағат бұрын екінші батальонның бір ротасының санинструкторы қаза болды... Тез екінші батальонға жет... Штабта байланысшы отыр, сонымен бірге капитан Ушаковқа барасың.
Бәйішев кілт бұрылды да, тез басып штабқа тартты. Екеуміз қатар тұрып кітапты тамашалаудамыз. Бұл қара, қатты мұқабалы кітап еді, мұқабасына ақ әріппен: «Абай. Лирика» деп жазылған. Біз мұқабасын аударғанда, оның екінші бетінде майда жазылған жазуға көзіміз түсті: «Даңқты жауынгер Мәншүк Мәметованың 20-ға толу күніне. Ұлы Абай туған Қазақстаныңды есіңе салсын және де ұрыстарда батылдық, күш-жігер берсін. Сақтаған Бәйішев. 23 желтоқсан. 1942 жыл. Калинин майданы».
... 1943 жылғы мамыр айының 23-інде біздің көптеген солдаттарымыз бен офицерлеріміздің өмірінде ерекше маңызды оқиға болды. Бізге партия билетін тапсырды.
Мәншүк комиссар Сақтаған Бәйішев, майор Досанов және аға лейтенант Иван Черноколпаков отырған үстелге жақындап барды. Билетті Сақтаған Бәйішев тапсырды. Мәншүкке ол былай деді: «Мәметова жолдас, сені осынау маңызды оқиғамен құттықтаймын. Сен біздегі жалғыз пулеметші қызсың. Біздің бабаларымыз сияқты ержүрек, өжет бол. Өзіңді батырларша ұста! Сенің жүрегіңде жексұрын жауға деген аяушылық болмасын...»
«... 1943 жылғы маусым айының 22-сі – Ұлы Отан соғысының басталғанына екі жыл. Осы күні біздің бригада жауынгерлерінің митингісі болды. Бригада комиссары Сақтаған Бәйішев сөз сөйледі. Қызыл Армияның табыстарын және гитлершіл армияның барлық майдандардағы шығынын айқын көрсететін мысалдар келтіріп, цифрларды айтты.
– Жолдастар! Жау әлі жеңілген жоқ. Ол есеңгіреді, мықтап есеңгіреді, бірақ әлі толық күйреген жоқ. Птахин биіктігі үшін жақында болған ұрыстар осыны көрсетті. Біз бұл биіктік үшін өте шебер әрі қайсарлықпен соғыстық. Біздің солдаттарымыз бен офицерлеріміздің де көпшілігі қаза болды. Ұрыста қаза болған жолдастарымызды мәңгі есте сақтайық. Бір минут үнсіз тұрып, олардың жарқын бейнесін есімізге түсірейік, жолдастар...
– Жолдастар! Бізге көп ұзамай тағы да шайқасуға тура келеді. Бұл ауыр шайқас болмақ... Сондықтан қару-жарақты игеру үшін әрбір күнді, әрбір сағатты пайдалануымыз керек...»
...Мәншүкті бригада комиссары Сақтаған Бәйішевке шақырыпты. «Тез келсін» депті.
Комиссар Бәйішев, Жекен Жұмақанов және Әбдірахман Досанов бөлімшелерге жіберуге арналған газеттер, документтер, қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар бумалары үйіліп жатқан столды айнала отыр екен.
Мәншүкті көрісімен Бәйішев орнынан тұрып қарсы жүрді, оның соңынан басқа офицерлер де ілесті.
– Ой, Мәншүк, айналайын... – деді комиссар. – Өсіп қалыпсың ғой, бір жыл бұрын қандай болғаның ойыма түсіп тұр... Есіңде ме, Алматыдан аттанғанда қандай едің?
– Сен біздің батальондағы жақсы комсоргсың, үгіт жұмысын қызықты етіп өткізесің, сондықтан біз сені саяси жетекші орынбасарының қысқа мерзімді курсына жібергелі отырмыз. – Ол аз-кем үнсіз қалды да: – Москваға, – дегенді қосып қойды.
– Сақтаған аға, сеніміңізге рақмет, бірақ сізден мені жібермеуіңізді қатты өтінемін... Мен пулеметшімін, фашистерді өлтіруге тиіспін, мен мұны әлі істегенім жоқ, өз батальонымды, пулеметімді қалай қалдырып кетпекпін?
Саяси қызметкерлер мұндайды күтпеген еді. Ал қыз өкси бастады. Екі иығы селк-селк етеді. Бәйішев мынау оқыс жағдайдан тіпті абдырап қалды. Ол Мәншүкті тыныштандыруға асықты:
– Жарайды, қымбатты пулеметші, жасыңды тый... Сені жібермейміз... Басқаны жібереміз...
Сақтаған Бәйішев жақындап келіп, Мәншүкті иығынан қақты. Оның: «... сені жібермейміз...» деген сөзі қызды тез тыныштандырды. Ол көзін сүртті де, қуана жымиды.
– Рақмет, Сақтаған аға. Рақмет.
100-ші бригаданың ардагері, артиллерист, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік Абай атындағы, халықаралық А.Фадеев атындағы сыйлықтардың иегері Әзілхан Нұршайықовтың естелігінен:
... Қалың әскердің ортасында аралары алшақтау екі жас мәйіт жатыр екен. Оның біреуінің басына «Пулеметші Мәншүк Мәметова. 1922-1943», екіншісіне «Снайпер Ыбырайым Сүлейменов. 1911-1943» деген сөздер жазылған.
Екі бейіттің бас жағында бригада командирінің екі орынбасары, подполковник Баймолдин мен подполковник Бәйішев тұр. Әбілқайыр Баймолдин – аяғына атты әскердің ақ шпорлы етігін киіп, иығына Чапаевша бурка жамылып жүретін дембелше келген қою қара қасты, алақандай қара көздерінен жалт-жұлт еткен ұшқын шашып тұратын өте сұсты адам. Сақтаған Бәйішев – белін қынаған жасыл шинелі шәпеті денесіне жарасқан, аяғына шпоры жоқ жеңіл хром етік киген жылы жүзді, бірақ сексеуілдің жігеріндей қабағат қайратты кісі. Баймолдинге қарағанда Бәйішевтің бұрын әскерде болмаған сұр шинельді иығына тек соғыс кезінде ғана ілген адам екені бірден білініп тұратын. Екеуінің арасындағы осындай сырт айырмашылығына қарамастан, жауынгерлер оларды жанындай жақсы көріп, екеуін де туған ағаларындай жақын тұтатын.
– Қымбатты достар! Даңқты Невель қаласының тұрғындары! Неміс фашистерінің тепкісінде азап шеккен азаматтар мен азаматшалар! Аға-іні, апа-қарындас, бауырларымыз біздің!
Подполковник Бәйішев осылай деп сөзін орыс тілінде бастады. Оның үні жұмсақ, биязы, іші-бауырыңды елжіретердей жылы болып шықты. Сол жұмсақ үнімен подполковник сөзін әрі қарай жалғады.
– Совет қаласы Невельді фашистер 1941 жылы 6 шілде күні басып алды. Содан сіздер, қадірлі отандастар, тура екі жыл үш ай жау тепкісінде болдыңыздар. Совет Армиясы сіздерді осы жылы 6 қазанда фашистердің құлдығынан азат етті. Оған, міне, бір ай енді ғана толды. Невельді басқыншылардан азат ету ісіне көптеген құрамалар қатысты. Солардың ішінде 28-ші, 21-ші атқыштар дивизиялары мен біздің 100-ші атқыштар бригадасы ең алғы шепте болды. Әрине, Невель үшін ұрыстарда бригаданың көптеген жауынгерлері мен командирлері ерлікпен қаза тапты. Солардың екеуі мынау орталарымызда томпайып тұрған қос қабірдің ішінде жатыр. Бұлардың есімдері пулеметші – Мәншүк Мәметова, мерген – Ыбырайым Сүлейменов. Екеуі де Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. Екеуінің сүйегі Невель қалалық советінің ұйғаруы бойынша осы жерге жерленді.
Біз, осы сапта тұрғандардың барлығы да, Совет Армиясының жауынгерлеріміз, қазақпыз. Біздің туып-өскен жеріміз – Қазақстан.
...Бригаданың құрамы 1922 жылы туған жастардан жасақталды. Мәншүк Мәметова жиырма бір жасқа толар-толмасында фашистердің оғынан опат болды. Ол өзінің өзге де құрбылары сияқты Отанын жанындай жақсы көретін еді. Сондықтан да ол өзін майданға жіберуді өтініп, бірнеше рет арыз берді. Алматы соғыс комиссариатының табалдырығын тоздырды. Соғысқа жіберуді сұрап, бірнеше дүркін Москваға телеграмма жолдады. Ақыры тілегі қабыл болып, майданға аттанып бара жатқан біздің бригадаға қосылды.
Мәншүк алғашында штабқа писарь болып тағайындалды. Бірақ бұл қызмет оны қанағаттандырмады. Елде өзін-өзі майданға жіберуді өтінген ол майданға келген соң пулемет батальонына баруды мақсат тұтты. Ойлағанын орындамай қоймайтын өжет қыз ақыры үздік пулеметші болып шықты. «Максим» пулеметінен Мәншүк талай жауды шайпады. Сөйтіп, ол 15 қазанда ерлікпен қаза тапты. Бригадамыздың бұған дейін бір өзі 239 немісті жойған атақты мергені Ыбырайым Сүлейменов те осы күні оққа ұшты.
Даңқты Невель қаласының тұрғындары! Ұландарымыздың моласын сіздерге тапсырдық. Жүдетпей күтіп ұстап, туысқандық көз қырын сала жүріңіздер. Әскери комендатураның ұсынысы бойынша Невель қалалық советі бұрынғы Новоквартальная көшесін Ыбырайым Сүлейменов көшесі деп атап, тағы бір көшеге Мәншүк Мәметованың атағын беріпті. Бұған біз шын жүректен алғыс айтамыз.
Қымбатты жауынгерлер мен командирлер! Мәншүк пен Ыбырайымды ұмытпаңдар! Бұл екеуіне және басқа да жауынгер жолдастарына мекен болған Великие Луки, Невель қалаларын мәңгі естеріңде сақтаңдар. Бұл екі қаланы қазақтың өз ауылдарындай жүректеріңе жақын ұстаңдар. Әрқашанда Мәншүк пен Ыбырайым сияқты ер болыңдар.
Комиссар Сақтаған Бәйішев осылай деп орысша сөзін бітірді. Содан кейін ілгері аттап, қос қабірдің ортасына кірді де:
– Қош, қарындасым! Қош, бауырым! – деп қазақша сөйлеп, екі қабірдің үстін кезек-кезек алақанымен сипады.
– Топырақтарың торқа болсын, қарақтарым, – Сақтаған Бәйішев шегініп орнына барып тұрды. Тағы да қаралы музыка күңіреніп, көзге жас итермеледі...
1943-1944 жылдардың түйіскен межесінде, Ұлы Отан соғысының барысында үлкен өзгеріс туып, неміс-фашист әскерлерін барлық бағыттарда да кері қарай жаппай қуу басталған кезде Кеңес Армиясының алдында өз құрамаларының құрылымын жетілдіру мен ірілендіру міндеті тұрды. Осыларға байланысты 1943 жылдың аяғында бұрынғы дербес бригадалар мен дербес полктарды біріктіру арқылы толық құрамды дивизиялар құру процесі басталды. Солардың бірі ретінде 1943 жылы желтоқсанда Невель қаласының қасында біздің 100-ші дербес атқыштар бригадасы мен 31-ші дербес атқыштар бригадасы құрамының негізінде жаңадан №1 атқыштар дивизиясы құрылды. Осы дивизияның құрамында даңқты 100-шінің солдаттары мен офицерлерін басқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Невель түбінен бастап Польшаның Цоппот қаласына дейін барды. Белоруссияда Брест қамал-қаласын азат еткені үшін бұл дивизияға «Брест» атағы беріліп, бұдан кейін ол Брест атындағы №1 атқыштар дивизиясы аталынды. 100-шінің жауынгер ұрпақтары Польшаның Торн, Тухель қалаларын жаудан азат ету соғыстарына қатынасты. Полковник Сақтаған Бәйішев өзінің жауынгерлік жолын Берлинде жеңіспен аяқтады.
Біраз уақыт республика Министрлер Кеңесі жанындағы Мәдениет істері жөніндегі басқарманың бастығы болғаннан кейін ол тоғыз жыл бойы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесіне жетекшілік етті. Осында ғалымдық таланты айқын танылып, алғашқы еңбектері жарыққа шықты.
Қазақстанда экономикалық ғылымның қалыптасуы мен дамуы С.Бәйішевтің есімімен тікелей байланысты. Республика Ғылым академиясының вице-президенті бола жүріп ол Экономика институтын басқарды. Осы жылдары Экономика институты өзінің ғылыми бағытын айқындады, осы жылдары оның қабырғасында ғылыми кадрлар қаулап өсті. С.Бәйішевтің жетекшілігімен күрделі қаржының тиімділігі және оны арттырудың факторлары, еңбек ресурстарын қоғамдық өндірісте тиімді пайдалану, жаңа қоғамның материалдық-техникалық базасын құруда Қазақстанның рөлі мен орнын белгілеу, Қазақ ССР-інің экономикалық тарихы секілді маңызды ғылыми бағыттар айқындалды.
Ғалымның қаламынан 300-ден астам ғылыми жұмыс, оның ішінде жеті монография туды.
Ол кабинеттік ғалым емес-тін. Республиканың түрлі аудандарына сапары нәтижесінде жоғары органдарға байсалды ұсыныстар түсірді. Ол республиканың, еліміздің зәру проблемаларына белсенді, дер кезінде үн қосып, ғылыми қызметті публицистикамен жемісті ұштастыра білетін. Ол «Социалистік Қазақстан», «Казахстансая правда», «Қазақстан коммунисі», «Партийная жизнь Казахстана» газет-журналдарының авторы болатын. Оның бүгінгі күн тақырыбына арналған көптеген мақалалары Қазақ телеграф агенттігі арқылы облыстық газеттер беттерінде жарияланды.
Ғалымның түрлі аудиторияларда дәріс оқып тұратын сәттері де есімізде.
С.Бәйішев Қазақ ССР «Білім» қоғамын ұйымдастырушылардың бірі болды, төралқасының ғылыми-методикалық кеңесі құрамында да, оның төраға ретінде де қалың бұқара арасында ғылыми және саяси білімдерді таратуға көп күш жұмсады. Бұл саладағы еңбегі академик С.И.Вавилов атындағы медальмен аталып өтті.
Отыз жылдан астам Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, республика коммунистерінің ІІ-ХІІ съездерінің делегаты, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, ал оның бір шақыруында республика Жоғарғы Советінің төрағасы болуы одан көп күш-жігерді, жауапкершілікті талап еткені белгілі.
Тарих, экономика ғылымдары саласында талмай тер төккен азамат, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Сақтаған Бәйішұлы Бәйішевтің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның есімі ел жадында жүруі үшін Алматыда бір көше Бәйішев атымен аталған. Жібек жолы көшесіндегі ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Туған жері Темір қаласындағы орта мектеп, Ақтөбе қаласындағы облыстық кітапхана академик атында. Ол кейінгілерге мұра етіп заман шежіресін талмай жазған кітаптарын ғана емес, жоғары идея, азаматтық борышы, халқы алдында жанқиярлық еңбектің үлгісін қалдырды.