Аралық сот бизнеске қол ұшын беруге әзір
Кәсіпкерлер арасында түрлі дау-дамайлар көбеймесе, азаймай келеді. Алайда елімізде мұндай түйткілдердің шешімін айтар аралық соттың ісі бір ізге түспей келеді. Мұның бір себебі – бізде нарықтық сананың қалыптаспауы. Кеше Алматыда «Дағдарыс кезінде кәсіпкерлік дауларды шешу» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Орталық Азиядағы корпоративті басқару институтының директоры Нұрлан Сәрсенов осылай деді.
Қазақстанда аралық сот 1993 жылы құрылған. Нұрлан Сәрсеновтың айтуынша, қазіргі күні елде мұндай соттардың нақты саны белгісіз. Бір анығы, мұндай соттардың жұмысы бізде өзге елдермен салыстырғанда әлі қарқын ала қоймаған. Шабан соттың көмегіне жүгінушілердің саны өте аз. Негізінен аралық соттан сауға сұрайтындар – активтері мен акцияларын тек Қазақстанда емес, басқа мемлекеттерде де сақтайтын ірі-ірі коммерциялық ұйымдар. Дегенмен, оған шағын және орта бизнестің өкілдері де шағым жасауына құқы бар. Жиынға қатысқан «IUS» Халықаралық аралық сотының Ресейлік төрелік институты төрағасының орынбасары Игорь Грешниковтің пікірінше, аралық соттың көмегіне жүгіну үлкен қаржыны талап етеді. «Бірақ біз шағын және орта бизнес өкілдерінің де ісін қарағанбыз және өте әділетті шешім шығара білдік», – дейді ол.
ҚР «Аралық соты туралы» заңы негізінде жұмыс істейтін бұл сот Қазақстан және Ресейдің арбитражды соттарынан құралған. Соттың құрамына әдетте әлемнің 15 елінің 90 арбитрі кіреді. Даулар тараптардың ұсынысы бойынша аталған екі елдің бірінде қарастырылады. Сот шешімі 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына қатысушы 140 мемлекеттің аумағында міндетті орындалады. «Бұл соттың мемлекеттік соттан басты артықшылығы, біріншіден, ол – 1-2-ші сатыны қажет етпейді. Яғни соттың шешімі қайта-қайта қаралмайды және дереу арада шешіледі. Ал дереу шешілетін соттың шығыны да аз болады», – деді ол.