Сырдағы ау сүзген ағайын қаяз балығы жайлы жиі айтады. Аталмыш «су маржаны» айдынды Аралдың айбынын асырды. Тіпті оны теңіздің төлқұжаты болған балықтың түрі ретінде бағалайды. Солай боларлық жөні бар секілді. Өйткені қаяз тек Аралға тән балық түрі саналады. Әрине, төрткүл дүниеде оған ұқсас түрлері жетерлік. Дегенмен қаяздың олардан ерекшелігі көп. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың ортасына дейін теңізде аталған балық молынан кездесіп қалатын. Сол кезеңде 300-1000 тонна шамасында қаяз ауланған. Бұл теңізден сүзілген балықтың біршама бөлігін құраған екен. Одан бергі уақытта қаяздың азаюы байқалды. Тұқымы тұздай құрып кетуге де шақ қалған.
Балық шаруашылығының қыр-сырына қанық мамандар олардың кеміп кету салдарын былайша болжайды. Қаяз уылдырықты өрістеп барып шашатын көрінеді. Яғни оған біраз аумақ қажет етіледі. Табиғаттың құндылығына қол сұғудан тартына қоймаған кезең болды. Дария бойынан қаншама тоспа мен бөгет салынды. Айналып келгенде, бұл жағдай қоршаған ортаға орасан зор апат алып келді емес пе? Айнадай жалтыраған Аралдың аңқасы кепті. Оның су астындағы тіршілік иелеріне де зияны аз болған жоқ. Осының салдарынан қаяз балығы мүлдем азайды. Оған теңіз суының тұзды болғаны да залал келтірді. Аталмыш «су маржанының» кеміп кетуі ғалымдарды да алаңдатқан. Қазір еліміздің «Қызыл кітабында» қаяз қорғауға алынған балықтың бірі болып отыр.
Дария жағасындағы ел қаяздың дәмділігін әлі күнге дейін жыр етеді. Аузыңнан ақ май ағызған балық дастарқанның төрінен орын алатын. Оған қоса, ол өте ірі балық есебінде де бағаланады. Ұзындығы 1 метрге жуық. Салмағы 22-25 келіні шамалайды. Ең майдасы 4-5 келіден кем емес. Әрине, бұл балықшы қауымға мол табыс алып келері даусыз. Саны азайған қаяздың орнына камбала деген балық түрін өсіруге де көңіл бөлінген. Камбала Даниядан жеткізілген еді. Сол елдің балықшылары да аралдық ағайынға оны өсірудің қыр-сырын үйретуге тырысқан. Негізінен, ащы суды мекен ететін камбала қаяздың орнын баса алған жоқ. Таңдайыңа татырлық дәмі бар қаязға қайдан жете қойсын?
Айдыны тарыла бастаған жаралы Аралдың тамырына қайта қан жүгірте бастаған алып жобаның алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін қаязды көбейту жолдары қарастырыла бастады. Дегенмен бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде оның санын бұрынғы деңгейіне жеткізуге мүмкіндік кем. Ауқымды істі атқаруға жергілікті басшылықтың шамасы қаншалықты жетеді? Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Аталмыш балық тек бір өңірдің ғана байлығы емес қой. Өз деңгейінде жұмыс жасалса, еліміздің де беделін биіктете түседі. Өкінішке қарай, Қазақстандағы құзырлы орындар тарапынан мұндай жылы ықылас білінер түрі жоқ.
Кезінде балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов ағамыз кезекті жиынның бірінде осы тұрғыда өз қынжылысын білдірген еді. Құзырлы орындар тарапынан қаяз балығына әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей отырғанын тілге тиек етті. Бір қызығы, еліміздің балық шаруашылығы бойынша қолданылатын түрлі заңдылықтарында оны қорғауға байланысты ешқандай ескертпе жоқ екен.
Қазіргі күні Қазақстанда бекіре балығын қорғауға баса назар аударылып отыр. Кәрі Каспийдің басты байлығы көздің қарашығындай қорғалады. Өте дұрыс іс. Дегенмен осындай ерекше мәнге ие өзге де балық түрлеріне неге немкетті көзқараста боламыз? Осы жағы түсініксіз. Қазақ жеріндегі өзен-көлдің бар байлығы барша жұртқа ортақ емес пе? Ендеше, осыған орай тағы да бір мәрте ой талқыға салу қажет екені айдан анық.
Оразбай ҚОСАНОВ, биолог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:
– Қаяз – Аралдағы бұрыннан келе жатқан балық түрі. Ол маңызы жөнінен теңізде пілмай (шип) деген балық түрінен кейінгі екінші орынды алады. Жалпы, қаяздың бірнеше түрі болғанмен, Арал қаязының олардан ерекшелігі аз емес. Аталмыш балық Сырдария және Әмудария қаязы деп екіге бөлінеді. Табиғаттың бұзылуы салдарынан оның биологиялық түрі сарқыла бастады. Қазір олардың саны бұрынғыдан өте аз. Кезінде ол еліміздің бірқатар өңірлеріндегі суқоймаларға жеткізілген. Атап айтқанда, Қапшағай суқоймасы мен Іле өзендеріне жерсіндірілді. Дегенмен қазір ондағы қаязды өсіру жөнінде тап басып айта алмаймыз. Әйтеуір аталмыш балықтың мүлдем құрып кетпегеніне шүкірлік еткеннен басқа амал жоқ.
Задында бізде табиғат тартуына жанашырлық жетіспейді. Өйткені елімізде қоршаған ортаны тілге тиек еткенде еріксіз күмілжіп қаламыз. Әрбір іске жауапты қарасақ, ондай олқы тірліктің алдын алар едік. Қысқасы, балық та аялы алақанды, қамқор пейілді қажет етеді.