Аралас некеге қалай қарайсыз?
Кеңес Одағы басылымы үшін интернационал отбасы кезекші тақырыптардың бірі еді. «Әкесі қазақ, шешесі орыс, балалары екі тілге бірдей жүйрік...» деп басталатын мақалалар аралас некеге үндейтіндей әсер қалдыратын. Сонда да болса дәл осы тақырыптың оқырманы көп болатын. Қазір де оңып тұрған жоқ. Жарқ-жұрқ еткен жарнаманың басым бөлігінде қаракөз қыздарымыздың өзге нәсілдің құшағында «арман өмірге» шақырып тұрғандығының куәсі боласыз. Бұл да болса жымын білдірмей үнсіз жаулаудың бір парасы іспеттес.
Әңгімені әріден бастасақ, ұлтымыздың таза қазақы некесі кешегі кеңестік жүйенің құрамына кіргеннен бастап өзгергені ақиқат. Оған дейін көшпенді күй кешкен қазекем өзге ұлттың орамалдысын босағадан аттатқан жоқ. Кеңестік идеология әртүрлі ұлттардың некелесуіне есік ашып берді. Ұлтсыздандыру саясатының бір «жемісі» осы еді. Алаш арыстарының басым бөлігі орыстың, татардың қыздарына үйленгені белгілі. Нәтижесінде қазақ үшін жанын қиған арыстарымыздың артында ұлты үшін ұмытылмас ерлік жасаған, қазақы қанды ұрпақ қалған жоқ... Оның себебін «Алаш айнасының» тілшісі анықтап көруге тырысты.
Қазаққа тұрмысқа шыққан өзге ұлттың ақжаулықтысы ұрпағын өз қалауынша тәрбиелейді. Баланың тілі анасының тілінде шығады. Отбасын асырау қамымен сыртта жүретін отағасы бала тәрбиесіне мұршасы болмайтыны анық. Мұндайда баланы таза қазақы қанды деп айта алмаспыз. Ұлттық тілінен ажыраған бала ертең қазақтың тілін де, ділін де білмей өсері ақиқат. Сосынғысын әу баста «күйдім, сүйдім» деп үйленгенімен кейіннен осындай некені қалағандардың арасында ажырасушылар көп болады екен. Өйткені бала тәрбиесінде «олай болуы керек емес, былай болуы керек» деген сияқты кикілжіңдер көбейеді. Сосын ер баланы сүндетке отырғызу жөнінде де талай отбасында даудың ушығатыны ақиқат. Әсіресе проваславиялық христиан дініндегі әйел адамдар сүндетті қалай бермейтіні белгілі. Ушыққан дау ақыры ажырасумен тынады. Ал, аралас некенің екінші жағына үңіліп көрсек, бүгінде шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қаракөз қыздарымыз жетерлік. Мұның астарында қандай сыр жатыр? Қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын асыл қасиетін жақсы білетін шетелдіктер қазақ қыздарына құмар. Ұрпақ амандығын, генетикалық жағынан жаңғыруын әріден ойлайтын олардың қазақ қыздарына деген құмарлығының сыры осында жатыр. Шетел асып кеткен қыздарымыздан қайран жоқ. Өйткені арғы шетте оның баласы бәрібір сол елдің тілінде сөйлеп, сіңісіп кетеді. Қауіп ер-азаматтарымызда болып тұр ғой. Өзге ұлттың қызын табалдырықтан аттатқанда өз ұлтының тамырына балта шауып жатқаны емес пе? Мәселен, алыстағы ауылға орыстың қызы келін болып түссе, біздің қазекем оны қазақыландырудың орнына керісінше бәрі орысша шүлдірлеп тіл сындыруға тырысады. Сөйтіп қазақша үйренуге талпынған келіннің тілін өздері тұсайды. Оған себеп: қазақы орта өзгені өз мүддесіне сай тәрбиелей алмайды. Еліктегіш. Өзгенің өрісімен өріп, жусауға бар. Ұлттық мүдденің барлығы да осы еліктегіш, ермеліктің тасасында қалып қояды. Аралас некеден қорқудың басты себебі де осы. Мұндай некеге құмар жігіттеріміз босаға аттамаған кәрі қыздарымыздың бағын жандырса, қанекей. Онсыз да орыстанудың орманынан шыға алмай жүрген қазақ үшін аралас некенің тым етек жайып кетуіне тиым салған да дұрыс болар. Ұлттық мүдде, ұлттық тіл, ұлттық діл үшін...
Берік БЕЙСЕҒАЛИЕВ, дәрігер:
- Бүгінде өзге ұлттың аруына үйленіп жатқандар баршылық. Жаппай үрдіске айналды деп айта алмаспыз. Дегенмен ішінара біраз кездеседі. Ағылшын ғалымдары аралас некеден туылған бала өте ақылды, зерек, денсаулығы мықты болады деген қорытындыға келіпті. Оның үстіне метистер, яғни әкесі мен шешесі екі ұлттың өкілі болған балалар өте сұлу болады. Мұны құптау, біздің табиғатымызға дөп келеді десек қателесерміз... Бір жағынан алып қарағанда ұрпақ саулығы үшін өзге ұлттан қан араластырған да дұрыс сияқты. Өйткені генеткалық жағынан толысу болады. Екі қан араласқаннан кейін иммунитет күшейіп, денсаулығы нығая түседі. Ал, екінші жағынан алып қарағанда ұлттық болмыс үшін дұрыс емес те сияқты.