Ақын өлімінің ақиқаты немесе Мағжан шынымен де репрессия жылдарында атылған ба?

Осыдан 72 жыл бұрын Кеңес өкіметі белгілі ақын, публицист, қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының, сондай-ақ «Алаш» партиясының рухани көсемдерінің бірі Мағжан Жұмабаевты ату жазасына кесті.
Мағжан ұлт өмірінде үлкен рөл атқарған, шығармашылығынан туған хал­қы­ның тынысымен қатар, тұтас кезең бейнесі көрініс тапқан көрнекті тұлға бо­ла­тын. Көзінің тірісінде-ақ Мағжанды тек қазақ оқырмандары ғана емес, Ресей әдебиетшілері де жоғары бағалап, әлемдік деңгейдегі ақын ретінде таныды. Мағ­жан­ның бұл реттегі артықшылығы, ол сонымен бірге жалынды күрескер де еді. Яғни ол күш-қайратын халқының тәуелсіздігі жолына жұмсап, оқу-ағарту арқылы ұлтын биік деңгейге көтеруді, жаңғыртуды көк­седі. Сөйтіп, Мағжан 1917 жылы А.Бай­тұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бас­таған және қазақ интеллигенциясының ең озық өкілдерінің басын қосқан «Алаш» қозғалысына қосылды. Сол уақыттарда еліміздің білім беру жүйесін негіздеуге бай­ланысты оқулықтар жазған ол алаш­ордашылар қатарында жүріп, үлкен ағар­ту­шылық жұмыстар атқарды. Мәскеудің Әде­биет институтында білім алған, тумысынан зерделі ақынға сол кездегі саяси құрылымның кемшіліктері, әрине, көрінбей қалған жоқ. Осыған байланысты пікірін ашық айтып, өз ұстанымынан танбағаны үшін де оны большевиктер аяған жоқ. Бірнеше рет түрмеге отырғызды. Ең алғашында 1918 жылы алты айға қа­мал­ды. Екінші мәрте 1929 жылы 10 жылға сотталып, оның жеті жылын Соловецк концлагерінде өткізді. Сосын Максим Горькийдің араласуымен 1936 жылы бостандыққа шықты. Бірақ арада бір жыл өтісімен, 1937 жылдың 30 жел­тоқ­са­нын­­да «жапон тыңшысы» деген жаламен қай­та тұтқындалып, артынша ең ауыр жа­за­ға кесілді. Осы орайда, Мағжан өмір­баянын зерттеуші Шериаздан Елеукеновтің әң­гі­месіне жүгінсек, өзіне тағылған айыпқа орай Мағжан «Мен өмірімде тірі жапонды көрген адам емеспін. Оның үстіне, өзім 1930 жылдан 1936 жылға дейін Сібірде, ит­жек­кенде болдым. Жапонның барлау қыз­ме­тімен қай уақытта байланыс орнатып үл­ге­ре­мін?» деп ағынан жарылады. Де­генмен тұтқындалған соң алты күннен кейін түр­медегі зорлық-зомбылық нә­ти­жесінде «Жа­понияның пайдасына тың­шы­лық жа­сау­мен 1919 жылдан 1929 жылға дейін ай­налыстым. Тыңшылық жұ­м­ы­сым­ды1936 жылдан бастап қайта жал­ғас­тыр­дым. Кеңес өкіметі алдындағы күнәмді жуу мақсатында кінәмді мойындаймын» деп басқаша сөй­леуге мәжбүр болған. Бірақ Мағжанның да, басқа алашордашылардың да тың­шы­лық­қа қатысы барын ол кезде де, одан кейін де бірде-бір архив деректері растай алған емес. Ол – әрине, басқа мәселе.
Бүгінгі әңгіме – ақын өліміне қатысты. Былайша айтқанда, Мағжан шынымен де 1938 жылы атылды ма? Рас, барлық құ­жат­тарда «Мағжан 1938 жылы 19 нау­рыз­да атылды» деп айтылады. Бірақ хал­қы­мыздың ұлы перзенттерінің бірі, даңқты қол­бас­шы Бауыржан Момышұлы Мағ­жан­ды соғыстан кейінгі жылдары өз көзімен көргенін маңайындағы жұрттарға айтып та, естеліктерінде жазып та кетіпті. Батыр баба әңгімесіне сүйене отырып, біз де Мағжанның кейінгі өміріне қатысты шындықты іздестіріп көруге тырыстық...


Бауыржан МОМЫШҰЛЫ:
Мен мағжанды көрдім
1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде:
– Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, – деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:
– Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, – деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:
– Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, – дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты.

(Қаһарман Бауыржан Момышұлы, 98-бет. Алматы, «Өнер» баспасы, 2008 ж.)

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, профессор, әдебиетші-ғалым:
Баукеңнің өтірік айтуы мүмкін емес
– Мағжанды көргенін Баукең маған ке­зінде айтқан. «Ол кісі 1938 жылы аты­лып кетіп еді ғой» деп едім, «жоқ, КГБ-ға сенуге болмайды. «Атылды» деп жай құ­жат толтыра салады, сөйтіп, пай­да­ла­на­ды, атақты болғаны үшін ұстап тұрады. Мы­салы, Т.Рысқұловты да «1938 жылы атыл­ды» дейді, бірақ ол 1943 жылы атыл­ған. Мағжанды мен көзіммен көр­дім», – деді. Баукең Мағжанды ерекше құр­мет­тейтін, өлеңдерін жатқа білетін. Өтірік айтуы мүмкін емес.
– Бауыржан ата елге келгеннен ке­йін Мағжанды көргенін айтып, пі­кір тудыруға тырыспады ма?
– Айтуын айтты, естеліктерінде жазды да. Бірақ ешкім сенбеді.
– Ал қазір неге іздестір­мес­ке? Мүм­кін, нақты құжаттар табылып қа­латын шығар?
– КГБ-ның құжаттары қолға түгел бе­ріл­­мейді ғой. Мысалы, анау желтоқ­­­­сан­ның өзіне байланысты қаншама ко­мис­сия құ­рылды. Мен сол комиссияда бол­дым. Сон­да әскери операцияларға сұ­рау сал­ға­ны­мызда актіні көрсетіп, «е­с­­кіргеннен кейін өр­теп тастағанбыз» деді. Шындығында, өр­темейді, бәрі сақ­таулы тұрады. Кезінде Мұхтар Әуе­зовтің Қайым Мұхамедхановқа жазған 60 хаты болған. Қайым Мұхамедханов ұсталған кез­де соның бәрін КГБ алып қойған. Қайым Мұхамедханов: «Ке­йін ақтал­ған­нан соң арыз жазып ба­рып сұ­ра­дым. Сөйт­сем, «Сіз кеткеннен ке­йін бізге қа­же­ті болмай, өртеп тастағанбыз» деп акті жасап қойыпты, әй, солар өртеген жоқ», – деп отыратын. Негізі, бұларда «нулевой архив» деген бо­лады. Соған са­лып қояды, оған еш­кім кіре алмайды. Мағ­­жанға қатысты да солай болуы мүмкін. Ақынның өз атын қоймастан, бас­қа атпен құжат жа­сап қояды, бірақ бә­рібір түбіртек КГБ-да тұрады...

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым :
Оның бәрі – лақап әңгіме
– 1995 жылы шыққан монографиямда мен Мағжанның қай жылы, қай күні атылғаны туралы 8-бөлімнің анықтама қағазын көрсеттім. Ал «Мағжан кейінгі жылдары да тірі болған» деген әңгімелердің бәрі өтірік. Ешкімнің ешқандай дерегі жоқ, бірінен бірі естіген, «анау айтыпты», «мынау айтыпты» деген лақап әңгіме әншейін. Бізде оның атылғаны туралы нақты құжат бар.
Бауыржанның оны қай кезде көріп жүргенін мен білмеймін. Мағжан 1938 жылы атылған. 

Қалила ОМАРОВ, режиссер-документалист:
Қолдау көрсетілсе, мен өзім-ақ баратын жерге барар едім
– Ресми түрде «Мағжан 1937 жыл­дың аяғында ұсталып, 1938 жылы атылды» деп айтылады. Бұл туралы мен «Мағжан» фильмін түсіріп жүр­ген­де Мағжанның жары Зылиха апай­дың өз аузынан 1989 жылы жазып ал­ған болатынмын. «Қазақтелефильм» сту­диясынан 1990 жылы шыққан «Мағ­жан» деректі фильмінде солай бе­рілді. Бірақ кезінде Түркістан ле­гио­нын­да болған қазақ журналисі, жа­зу­шы Хамза Абдуллин сол кезде «Кеңес өкі­меті Мағжанды 1938 жылы өлді деп өтірік айтып жүр. Ол бертінге дейін ті­рі болған» деп айтып еді. «Оған не дә­леліңіз бар?» дегенімде ештеңе айта ал­маған, бірақ «Бауыржан Момышұлы оны­мен кездескен» дегеннің шет-жа­ға­сын айтқан. Нақты дерегі бол­ма­ған­дық­тан, мен мұны ол кезде қосқан жоқ болатынмын.
Ал биыл Бауыржан Момышұлы ту­ралы деректі фильм түсіру барысында Та­раз қаласында екі адамнан сұхбат ал­дым. Бірі – профессор, бауыр­жан­та­нушы Мекемтас Мырзахметов аға­мыз да, екіншісі – Баукеңнің Аса ауы­лын­да тұратын нағашысы Тұрғынбеков де­ген ақсақал. Екеуінің де «Ба­уыр­жан­ның өзінен естідік» деген әңгімесі мы­на­ған келіп тіреледі: Соғыстан кейін Бау­кең Қиыр Шығыс жақта әскери қыз­метте болады. Сол кезде орыстың бір офи­це­рінен: «Осындағы тұтқындар лагерінде қа­зақтың бір ақыны жүр» дегенді естіп, із­деп барады. Мағжанды бірден та­ни­ды. Бірақ ол кісі әуелде «жолама маған, кү­йем жұғады» деп қашқақтап, оң қа­бақ танытпайды. Бі­рақ Баукең беті қайт­паған қазақ қой, сон­да да болмай, әл­гі жерде Мағ­жан­ның бірнеше өлеңін жат­қа айтады. Ақы­рында екеуі құ­шақ­та­сып аман­да­сады. Бауыржанның «Ме­нен не көмек ке­рек?» дегеніне орай, Мағжан: «Ша­маң келсе, мені ел­ге қайтар», – дейді. Кө­мек­тесуге қанша ты­рысқанымен, айт­қан уақытында ба­ра алмай, ке­ші­гің­­кі­­­­реп жеткен Баукең, Мағ­жанның қай­тыс болып кеткенін ес­тиді...
Негізі, ол кезде бәрі жазалаудан қор­қып-үркіп қалған ғой. Содан тірі екенін білсе де, туыстары да, басқалар да ештеңе айтпаған болуы мүмкін. Әй­теуір «солай болыпты» деген еміс-еміс әңгіме ғана. Әйтпесе Бауыржанның әс­кери қызметте болған жері де, он­дағы тұтқындар лагерінің жөн-жосығыда белгілі ғой. Арнайы іздеп барып тек­серсе, мәлімет шығуы мүмкін. Қалайда бір дерегін тауып алуға болады. Тек соны кім іздейді –архивариустар ма, тарихшылар ма, ынталы топ па? Бұл – бір.
Екіншіден, осы жағдайды пайдалана отырып, мен мына мәселені көтергім келеді: 1994 жылы «Алаш туралы сөз» деген фильмімді түсірдім. Сол кезде ҚР Орталық мұрағатының ди­рек­торы болған Марат Хасанаев Ә.Бө­кей­ха­нов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов үше­уінің түскен тарихи суретін ең алғаш рет маған берді. Тағы бірде телефон со­ғып, «тез кел» деп шақырды. Сөйтсем, Бо­рал­дай жақта тұратын біреу өз үйі­нің жер­төлесін қазып жатып, адамның сү­йек­теріне кез болған екен. Қараса, оқ бә­рінің желке тұсынан кірген де, маң­дай­дан жарып шыққан. Содан Марат аға: «Біз оларды қайтадан көмейік деп жатырмыз, сен түсіріп ал», – деді. Мен бәрін түсіріп алдым және сол кездегі «Алаш туралы сөз» фильмінде де, ке­йінгі «Алашордада» да соны пай­да­лан­дым.    
Қазір жыл сайын 31 мамырда Ал­ма­ты түбіндегі Жаңалық елді мекеніне ба­рып, репрессия құрбандарына тұр­ғы­зылған мемориалға тағзым етіп жүр­міз ғой. «Әрқайсысының бас сүйегіне са­раптама жасатқызып, жеке-жеке жерлейік, аты-жөндерін жазайық» деп мен сол кезде айтқанмын. Өйткені тегін адам атылмайды, яғни олардың қай-қайсысы да – тұлға. Дегенмен ол елді жұмыссыздық жайлап, халық қат­ты тарығып, жоқшылық көріп жүр­ген кез болатын. Сөйтіп, сол бойы бәрін бірге көмді. Бірақ енді қазір заман тү­зелді ғой. Соны қайтадан ашып, са­раптама жасап, бәрін жөн-жөнімен ару­лап жерлесек, дұрыс болар еді. Рес­ми мәліметте «Мағжан да соның ішін­де» деп берілген. Әлгіндей сараптама жа­салса, ақ-қарасы анықталып, жо­ғарыдағыдай жұмбақ жайттарға да нүк­те қойылар еді.
Меніңше, Мағжанның ізіне түсу өте қажет. Бірақ мен бір нәрсені түсінбеймін және сол үшін сондай жаным ауырады: 1929 жылғы және 1937 жылғы ре­прес­сия кезінде қазақтың зиялы қа­уы­мының қаншама қаймақтары атылып кет­ті. Солардың ішінде Сәкені болсын, бас­қасы болсын, ешқайсысының денесі табылған жоқ. Бірінші болып Міржа­қып табылды. Сөйтіп, 1992 жылы ол кі­сінің сүйегін сонау Карелиядан алып ке­ліп, Торғайдағы қазіргі Міржақып Дулатов атындағы елді мекенге арулап жер­ледік. Үш күн бойы күткенімізбен, Қазақстан бас­­шыларынан, не зиялы қауым өкіл­дерінен бірде-бір адам ба­рып, соған топырақ салмады. Жи­нал­ғандардың ішіндегі ең атақтысы Серік Тұрғынбеков деген ақын болды. Оның өзінің де сол жақта жұмыс істеп жүрген кезі екен. Осы енді дұрыс па? Алаш қай­рат­кер­ле­рінің көрнекті өкілдерінің бірінің сүйегін со­нау жерден алып келдік, оны ел-жұрт тегіс біліп отырды. Осындай жағдайда мейлі мемлекеттік деңгейде қаралы күн жарияламай-ақ қойсын, бірақ қай­та жерлеу рәсімін лайықты ізетпен, іл­ти­патпен өткізуге болатын еді ғой. Ал ту­ра сол мезетте осында Дүниежүзі қа­зақ­тарының құрылтайы өтіп жатты. Не­гізі, Мәскеу­де­гі Донское зиратында да бі­раз қай­рат­керлеріміздің сүйегі жатыр деп ес­ти­міз. Негізі, мұндай нәрсені та­­­­­­­ри­х­­шыларымыз іздеп табуы керек. Нақ­­ты дерегі берілетін болса, біз – до­ку­менталистер, тікелей сонымен жұмыс іс­теп, халыққа көрсетуге, насихаттауға да­йынбыз.
Рас, кезінде кеңестік өкімет талай арыс­тарымызды атты, тіпті атылма­ға­нын да «атылды» деп айтты. Бұл – бір жағы, «ел олардан күдерін үз­сін» деген ниеттен туған әрекет. Мы­са­лы, Мағжан елге сый­лы, ең азулы ақын­дардың бірі болды. Сон­­дықтан мен мұны халық пен Мағ­жан­ның ара­жігін ажырату үшін жа­са­лынған тір­лік деп есептеймін. Екін­шіден, өз сө­зінен қайтпаған жалғыз қа­зақ – Ба­уыржан. Сондықтан құжатқа сен­­бе­сем де мен Баукеңе сенемін. Ал ол кі­сі көзі­нің тірісінде «Мен Мағжанды көрдім» деп айтып кеткен. Сондықтан бұл жұмбақ­тың шешуін табуға бо­лады. Тек соған ниет керек және мақ­сатты түрде оған қаржы бөліп, із­дес­тіру жұмыстары жүргізілсе, шын­дықтың беті қалайда ашылады. Егер қолдау көрсетіліп, осы жұмысты тап­сыратын болса, тіпті мен өзім-ақ ба­ратын жерге барып, табатын нәр­сені табатын едім.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы-ғалым:
Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес
– Бауыржан Момышұлының Мағжанды көргені туралы естелігі бары рас. Бірақ бүкіл құжаттарда «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атыл­ды» деп айтылады, солай қа­былданған. Енді келіп «Олай емес екен, Мағжан атылмапты» де­ген әңгіме шығарудың не қажеті бар?! Бә­рібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес.
Жалпы, репрессия туралы ашыл­маған ақиқат, айтылмаған әң­гіме қалған жоқ. Бәрі жазылды, ай­тылды. Мағжан ақталды, кі­тап­тары шығып жатыр. Басқа не керек енді?!

Аян НЫСАНАЛИН, ақын:
Тарихшылар көп нәрсе істеуі керек
– «Мағжан соғыстан кейінгі жылдары да тірі болған» деген әңгімені мен 1973 жылы Баукеңнің өз аузынан естігем. Жанымда «Лениншіл жастың» сол кездегі орынбасары Мәткәрім Мәкімжанов пен Нұрғожа Жұбанов деген фототілші де болған. Солардың көзінше айтқан. Ол кезде әдебиет пен өнер бөлімін басқаратынмын. Баукең өзі шақырып, содан барғанбыз. Бая­ғыда бір орыс: «Сәкен Сейфуллинді Вор­куттада көрдім» деп жазған болатын, ол кезінде «Қазақ әде­бие­тінде» шыққан да. Осындай нәрселер көп кездеседі. Бірақ зерттейтін адам болмай жүр. Жұрт не десе, о десін, «Бауыржан өтірік айтыпты, өтірік жазыпты» дегенді өз басым естіген емеспін. Баукеңнің Қиыр Шығыста әскери қызметте болғаны рас. Мағжанды танымауы мүмкін емес, білетін адамы, өлеңдерін жатқа оқитын. Сол сияқты «кезінде Сәду Машақов та Мағжанды көріпті» деген әңгімелерді естігенбіз.
Қалай болғанда да, Сәкеннің, Мағ­жан­ның кездесуі кездейсоқ жағдай емес. Жалпы, репрессия зобалаңына қатысты ақтаңдақтарды толтыру жөнінде тарихшылар көп нәрсе істеуі керек деп ойлаймын. Бұрынғыдай емес, қазір талай нәрсе ашылды, мүмкіндік бар. Бірақ біздің тарих­шыларымыз салғырт қой, мимырт жү­ріспен жүре береді. Не өздері ашпайды, ал жұрт бірдеңе айтса, сенбейді.

Қорыта айтқанда...
 ...Жүрегіммен зарлымын, жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл – қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да...

– деп, кезінде қаламының ұшымен емес, бүкіл жан-жүрегімен зар төккен Мағжан сөзі бүгінде біздің сырымызға, тіпті мұңымызға айналып отырғаны ақиқат. Өйткені қанша жерден шындыққа ұмтылғаныңмен, кес-кестейтін кедергі көп. Балталасаң да былқ етпейтін, тек өзіңнің жүрегің шайлығатын қатыгез қоғам мен бюрократтық жүйенің сірескен мұзы ешқашан сетінеген емес, дәл бүгінгі кейпінде, мүмкін, сетіней қоюы да неғайбыл. Дей тұрғанмен де, бір нәзік сәуленің жарығына сүйеніп, шындыққа ұмсынғандағы мақсатымыз – Алаштың Мағжан сынды аяулы азаматының өміріне қатысты құнды деректерді әлі де табуға болатын шығар деген ойдан туындап отыр.
Былай қарасаңыз, 1938-1948 жылдар аралығы аттай он жылды құрайды екен. Байыптай білсек, «Ғасыр ақыны» өмірбаянының шерлі шежіресі, бәлкім, жаңа дүниелермен толығар, ұлт ұрпағы үшін маңызды талай мәліметтердің беті ашылар. Әрине, «үмітсіз – шайтан» деген ғой.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста