Ақтауда бұрын-соңды болмаған сот процесі өтейін деп жатыр. Жол полициясы қызметкері жүргізушіден 500 мың теңге моральдық шығын талап етуде. Инспектор өзін түсірген бейнероликті автокөлік иесі ғаламторға салғаны үшін зардап шегіпті-мыс. Жол полициясы жүзгізушіден ғана емес, жазба жарық көрген автомобильшілердің сайтынан да миллион теңге өндіріп алуды көздеп отыр.
Осы бейнежазба ғаламтор желісіне шыққаннан кейін жол сақшысының абыройына нұқсан келіпті. Полицей бірден жан күйзелісін 500 мың теңгеге бағалап, жүргізушіден моральдық шығынды өндіріп беру туралы сотқа шағым түсірген.
Мирбек Кенжебаев, жүргізуші:
-Ғаламторға бейнероликті салған мен емес. Мен тек адамдардан осындай жағдайда қалай әрекет етуім керектігі туралы кеңес сұрадым. Ал оны нақты қайсысы ғаламторға салғанын білмеймін.
Қыркүйек айында жол полициясының қызметкері Мирбектің көлігін тоқтатып, машинаның жарығын қоспағанын айтады. Алайда ол көліктің жарығы жағулы болатын дейді. Қанша таласқанымен жүргізуші мен инспектор ортақ шешімге келе алған жоқ. Екеуара дауды жарықтың жанып тұрғанын айтқан кездейсоқ куәгерлер де тарқата алмаған. Сөйтіп тәртіп сақшысы он мың теңге көлемінде айыппұл салады. Ал бейнежазба желіге түскен соң күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қағылдым деген жол полициясының қызметкері тілшілермен тілдесуден үзілді-кесілді бас тартты. Оның мүддесін басшылығы қорғап отыр.
Білімғали Сұлтанов, Маңғыстау облыстық ӘПБ Жол-патрульдік полиция батальонының командирі:
-Қызметкерімізді, әрине, қолдаймыз. Соттан қажет деп арнайы шақырту келетін болса, барамыз. Ішкі істер департаментінде арнайы юрист бар. Осы қызметкерлерді қорғау бойынша...
Инспектор осы бейнежазба жарияланған сайттан да инспектор 1 млн теңге өнідіріп алмақшы. Өйткені бейнероликке онда «соқыр және топас жол полициясы» деген тақырып беріліпті.
Бахрамжан Новрузов, «ОСА» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
-Түсінесіз бе, жол полициясы қызметкері соқыр болып қалғандай. Ол жарықтың жанып тұрғанын, оның автокөлікті қыздырғанда автоматты түрде қосылатынын көріп тұр. Бұл аз болғандай басқа адамдардың көргенін көрмеу – мүлдем қисынға келмейді.
«ОСА» қоғамдық білестігімен соттасу үшін жол-патрульдік полициясының Қарағандыға баруына тура келеді. Себебі ұйым сонда тіркелген. Жол сақшысы жарты миллион теңге өтемақыдан өзге жүргізушінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кешірім сұрап, роликті барлық сайттан өшіруін талап етіп отыр.
ktk.kz