Ақтауда медициналық ЖОО оқу ақысын қымбаттатып, студенттерді у-шу қылды
Мұндай шешімді ЖОО басшылығы 16 мамырда қабылдаған, бірақ бұл туралы студенттер жазғы демалысқа кеткендерінде бір-ақ біліп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
КТК телеарнасы студенттердің бұған дейін жылына 790 мың теңге төлеп келгенін, ал алдағы қыркүйектен бастап 1 млн теңге төлеуге мәжбүр екенін хабарлайды.
- Бізге айтылған да жоқ, бізбен ешкім келіскен де жоқ. Ол негізі 13 мамырда шешіліп қойған, - дейді. Кеңес жасап, келіскен дейді. 13 мамырда барлық студент қалада болды, сабақта. Бізде емтихан да болған жоқ. Қалада болды барлығы. Сол кезде студенттердің барлығын жинап айтуы керек еді. Оны біз аяқ астынан білдік, - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті Аружан Жақсыбаева.
Батыс Қазақстан медициналық университеті жыл сайын оқу ақысын 30-40 мыңға өсіріп отырады екен. Бұл жолы тіптен шектен шықты деп ашынады жастар.
- Аяқ астынан 200 мыңға көтеріп жіберді. Былай қарап отырсақ, көбісінің қалтасы көтермейді, көп адамның жағдайы келмейді ол ақшаға. Өзімді айтар болсам мысалы, әкем жоқ, шешем зейнетте. Өзім жұмыс істеп тапқан-таянғанымды осы жаққа жұмсап жүрмін. Осы оқуымды жабу үшін, - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті Әлішер Тұрғанбаев.
Студенттердің ата-аналары да оқу ақысын қымбаттатуға шешім қабылдағандарды айыптап отыр. Келісім-шартта көрсетілген екі жақты келісім мүлдем орындалмақ түгілі, алдын ала ескертпеулері заңсыз дейді.
- Барлық ата-ананың қалтасын көтермейді мысалға. Бірден 210 мың теңге қосып, 1 миллион 1 мың теңгеге бірден шығып кетіп тұр. Оған біз келіспейміз. Ата-анаға ешқандай хабар жоқ. Студенттер де қазір демалыста. Білмеймін, бұл қалай шешілгенін?, - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Аманжол Ерматов.
Наразы топтың алдына шыққан университет проректоры болса шығынымыз көбейді деп отыр. Жоғары оқу орны көрсететін қызметті дүкендегі нан бағасымен салыстырып ақталды.
- Себебі коммунальдық бағалар өсіп жатыр. Бар баға өсіп жатыр. Мысалы нанды 2-3 ай бұрын 100 теңгеден алдыңыздар. Қазір 150 теңге. Магазинге барып неге бұл сұрақты қоймайсыз. Жылына біздің шығындарымыз мысалы, биылғы электр жарығы - 41 миллион, сумен қамсыздандыру және кәріз жүйесі - 85 миллион 700 мың, газ - 27 миллион, - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің проректоры Надияр Мусин.
Студенттер мен ата-аналардың жаппай наразылығынан соң оқу ақасының өзгеру, өзгермеуі әзір белгісіз. Өйткені, Марат Оспанов атындағы медициналық университеттің өзі басшысыз отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі директорлар кеңесін таратып жіберген. Ал оның жаңа құрамының қашан жасақталатынын әзір ешкім нақты айта алмайды.