Ақшаның азабы
Осыдан екі ғасыр бұрын өмір кешкен орыстың ұлы ақыны Александр Грибоедовтың «Ақылдың азабы» деген шығармасы болған. Ол кездің адамдары ақылдан азап шексе, қазіргі ақша билеген нарық заманында адамдар ақшадан азап шегеді дегенге сенуге бола ма? Өкінішке орай, бұл шындық. Рас, ақша тікелей мағынсында адамдарға азап тартқызып жатпаса да, ақшаның молдығынан пенделер ақылдан айрылып, өздеріне залал келтіретін істер жасауда.
Беташарға 50 миллион теңге
Таяуда әлеуметтік желіде бір байшыгештің баласының үйлену тойында беташарға бір-бірімен жарысқан адамдар 50 миллион теңге салғаны туралы бейнеролик жарияланды. Буда-буда ақшаны жайылған орамалға тастап жатқан байлықтан бастары айналған пенделер осы әрекеттері арқылы өздеріне, өздерінің болашақтарына қаншалықты залал келтіріп жатқанын мүлдем сезбеген сияқты.
Беташарға ақша салғанда тұрған не бар? –деген сауал туындауы мүмкін. Айтайын. Ең алдымен, бұл бүгінде азын-аулақ жалақымен жан бағып, пәтер жалдап, қалт-құлт тірлік кешіп жатқан қалың қара халықтың (олар жалпы қазақстандықтардың кем дегенде 40-50 пайызын құрайды) ашу-ызасын туғызғаны анық. «Ашынған Құдайын қарғайды» дейді қазақ. Байлардың буда-буда ақшаны беташарға лақтырғанын көрген олар жәй ашуланып қана қоймай, қарғап-сілейтіні белгілі. Яғни, әлгі байшыгештер осы әрекеттерімен жұрттың ашуына тиіп, қарғысын арқалады.
Екінші тигізген залалы, қасиетті Құранда Алла ысырапшылдықты ұнатпайды деген аят бар. Егер ысырапшылдық Жаратқанға ұнамайтын шаруа болса, ол сауап емес, күнә әкелетіні анық. Сөйтіп, әлгі қалталылар осы әрекеттері арқылы Алланы да ашуландырып, ертең тозақ отына салатын күнә арқалап алғанын сезбегендей.
Ақша, байлық деген – бұл Алланың пендесіне берген сынағы. Ол сынақтан адамдардың 99 пайызы өте алмай, омақасып құлайды. Сондықтан да, Құранда «байлар жұмаққа иненің көзінен түйе өткен заманда енеді» деген аят бар. Яғни, бай адамдардың жұмаққа енуі қиын ғана емес, тіпті мүмкін болмайтын іс екен.
Неге байлық адамға игілік әкелмейді? Егер пенде байлықты Алланы разы ететін иманды істерге жұмсаса, ол игілік әкелетіні даусыз. Мәселен, әлгі тойда беташарға миллиондап ақша салған байшыгештер сол ақшаларын жинап, баспанасыз бір көп балалы отбасына пәтер сатып алып берсе, сауапқа қарық болар еді. Оған қоса, осы істері үшін әлгі отбасы мүшелерінен, сондай-ақ, бұл ақпаратты оқып, көрген мыңдаған адамдардан ақ алғыс алып, игілікке кенелер еді. Бірақ, бұндай сауап пен игіліктің орнына олар ақшаларын шашып, жұрттың ашуына, қарғысына ұшырап, ол аз десеңіз, Жаратқанды ренжітіп, тозаққа енгізер күнә арқалап алды. Бұны АҚШАНЫҢ АЗАБЫ демеуге бола ма?