Ақша аяқ астында өсіп тұр...
Кең даланың кермек иісті керемет шөбі киікоты бүгінде азайып барады. Енді аз ғана жылдан кейін оның тұқымын да таппай қалуымыз ғажап емес. Жайылымдық жерлер азайған соң мал тұяғына тапталып, жоғалып бара жатқан дәрілік өсімдік дабыл қақтырарлықтай жағдайға жеткенімен оған жіті назар аударылып отырған жоқ. Кеңес кезеңінде елімізде киікотының 7-8 түрі кездесетін.
Ал, бүгінде оның екі-үш түрі –ақ қалған. Негізінен киікоты апиындар тұқымдасына жататын өсімдіктердің бір туысы болып келеді. Бұрын көбіне шөлейтті аймақта өсетін өсімдік аз қалды, бүгінде табиғи тозаңдану арқылы тау бөктерлеріне «қоныс аударды». Киікотының негізгі түрлері салалы киікотының құрамында наркоздық зат болғандықтан оны мал жемейді. Бірақ төрт түліктің тұяғына тапталғандықтан, тұқымы да құрып барады. Шашыратқы киікоты Алтай мен Орта Азияның сарытопырақты және тастақ беткейлерінде, шөлейт далаларында өседі, малдың барлық түрі азық етеді. Киік оты өзінің әдемі иісімен және емдік қасиетімен өте құнды болып есептеледі. Медицинада киікотын жоғарғы тыныс жолдарының қабынуына қарсы, қақырық түсіретін дәрі ретінде қолданады. Оның несеп жүргізетін, өт айдайтын, тамаққа тәбетті арттыратын қасиеттері бар. Киікотыдан жасалған тұнбаны асқазанның қышқылы кемігенде, ішектің жұмысы нашарлағанда, жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі ретінде, жалпы дененің қуаты кеміп, күші азайғанда қолданады. Бір сөзбен түйіндегенде оның емдемейтін дерті жоқ. Мамыр айынан тамыз айына дейін гүлдейді. Оның жер үстіндегі бөлігін гүлдеген кезінде жинап алады. Бұл шөппен қоректенген малдың еті өте дәмді болады. Дәрілік шөп әсіресе қымыз баптаушыларға таптырмайтын компонент болып табылады. Гүлі түсіп, нағыз пісіп, толысқан шағында теріп алып, кептіріп, онымен қымыз баптайтын күбіні ыстайды. Сонда күбіге киікотының иісі сіңіп онда дайындалған қымыз бал татиды. Сондай-ақ, күбідегі қымызға киікотыны араластырып жіберуге болады. Өкініштісі қазіргі таңда киікотымен дайындалған қымыз жоқтың қасы. Ол шөпті тапқан адам ғана бал татитын қымыз дайындай алады. Яғни, таудың ұшар басына шығатын сирек кездесетін «алтын гүл» сияқты таптырмай барады. «Қызыл кітапқа» да енгізілмеген. Өсімдік әлеміне жауапты Алматыдағы ботаника институты бұл мәселеден шет қалып отыр...
Емдік шөптердің азаюынан дәрі-дәрмек қымбаттап барады
Бүгінде дәрі дәрмектерден гөрі емдік шөптермен дертінен айығуға ден қойғандар қатары өсе түсуде. Ол үшін нешетүрлі шөп шәйлар шығарылуда. Бұл дегеніңіз келешекте дәрілік шөптерге сұраныс арта түседі деген сөз. Статистика бойынша американдықтардың 54 пайызы шөп дәрілермен емделгенді дұрыс көреді. Сондай-ақ, бұл табысы мол сала болып саналады. АҚШ-та бір жылда дәрілік шөпті сатудан түскен пайда 1 миллиард доллардан асқан. Фармацевтикалық зауыттарға жылына 10-15 тонна дәрілік шөп қажет. Алайда бұл қажеттілікті өтеу өте қиын. Өйткені арнайы шөп жинаумен айналысатындар тек 2-3 тонна ғана жинай алады. 1991 жылға дейін Кеңес Одағында дәрілік шөптерді дайындаумен "Союзлекраспром", "Роспотребсоюз", «Гослесхоз» мекемелері айналысатын. Одақ бойынша ол кезде жылына 45 тонна дәрілік шөп дайындайтын. Бүгінде Ресейдің өзінде тұрғындардың дәрілік шөпке деген сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Сол себептен сұранысты импорт өнім алмастыруда. Бұл жетіспеушіліктің сыры белгілі. Дәрілік шөптердің басым бөлігі бүгінде құрып барады. Бұрынғы жүйе құрыған. Оны өсірумен, жинаумен ешкім айналыспайды. Фармацевтикалық бизнес табысты сала. Одан 40 пайыз таза пайда табуға болады екен. Ресейде кәдімгідей шөп дайындаушылар деген кәсіп түрі бар. Ол үшін арнайы рұқсат қағазын алу керек. «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктерді мұқият зерттеп, жаттап шығады. Қоршаған ортаны қорғау комитеті жабайы дәрілік өсімдіктерді жинаушыларға лицензия береді. Сатылатын шөптердің басым бөлігі арнайы рұқсат қағазы бар жеке кәсіпкерлердің қолымен дайындалған. Дәрілік шөпке деген сұраныс ешуақытта да артпаса кемімейді. Құрып бара жатқан дәрілік шөптерді Австрияда арнайы плантацияларда өсіреді. Сөйтіп оның тұқымын көбейтеді. Кеңес одағы кезінде дәрілік шөптерді арнайы өсірумен 30 созхоз айналысқан екен. Ақша аяқ астында өсіп шығып жатыр. Бірақ оны бағамдап жатқандар жоқ. Бізде де арнайы жүйе құрылса артықтық етпесі анық. Дәрілік шөптерді қабылдап, әжетіне жарататын зауыттар да аз. Шөптердің азаюының салдарынан дәрі дәрмек бағасы да жыл сайын қымбаттап барады. Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы жүйені қалыпқа келтірсе еліміз үшін пайдасы мол болары сөзсіз. Ресейде киікотының бір келісін 1,5 долларға қабылдайды. Ұлыбритания, Франция, Индия, Германияда осы шөпке сұраныс мол. Бүгінде АҚШ ғалымдары киікотының онкологиялық ауруларға да ем болатынын жария етті. Енді олар жаңа дәрі жасап шығару жолында тер төгіп жатыр. Демек, киікотыға сұраныс артады деген сөз. Оны экспорттайтын күн туар ма екен?
Сейіт Байқожаев, Қоғалы ауылдық округінің тұрғыны:
- Ауылымыздың қасында Қамбатоғай атты жайылым бар. Тура қамба тәріздес ортасы ойық беткейдің іші тап бір дәрілік өсімдіктердің бағы сияқты-тұғын. Басы ауырып, балтыры сыздағандар осы жерден ауруына сеп боларлық шөпті жинап алатын. Киікоты дегенің тұнып тұратын. Бүгінде оның бірді екілі түбі ғана қалған. Өте аз шығады. Жекенің малы таптап тастап, тұқымын құртты. Ауылдың маңындағы беткейлерде де аз болса да өсетін еді. Бүгінде ол да жоқ. Қыраттарды аралап жүріп, екі-үш тал киікотыны табуың мүмкін. Онда да табылса. Әйтпесе емге табуың мұң.
Әмір Сейіткәрімов, «Оңтүстік-Батыс» ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері:
- Бұл дәрілік шөптің азайып бара жатқаны рас. Қожатоғай елді-мекеніндегі «Бақтөлен» атты учаскемізде киікотының бір ғана шайжалбыз деген түрі өседі. Бұл құмды жерде өсетін бір ғана түрі болып табылады. Созақ ауданындағы «Қаратау» мемлекеттік қорығында екі түрі өседі.
Киікоты-анықтама
Киікоты — көп жылдық, дәрілік шөп. Гүлдері майда, сыпырғы тəрізденіп жиылған, қызыл күлгін түсті болып келеді. Құрамында илік заттар, эфир майлары, аскорбин қышқылы, пигменттер бар. Жүкті әйелдерді емдеу үшін киікотын қолдануға болмайды, себебі бұл өсімдік ондай әйелдердің ағзасына қолайсыз әсер етеді. Киікотының спиртті тұнбасына мақтаны батырып алып тіске қойса, ауырғаны лезде басылады. Күйе түспес үшін киікотын ұнтақтап киімдерге сеуіп қоюға да болады.
Киікоты-ем
Халық арасында жоғарғы тыныс жолдары қабынғанда киікотын тер шығаратын дәрі ретінде кеңінен қолданады. Дәріні дайындау және қолдану тәсілі. 15 грамм ұнтақталған өсімдікті 1 стакан қайнап тұрған суға салып 20 минут тұндырады да, 1 қасықтан күніне 3 рет ішеді.