31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын арнайы еске алу мақсатында Алматы қаласы, Бақыткелді мешітінің ұйымдастыруымен ерекше форматта рухани-интеллектуалды кеші өтті.
Кештің ерекшелігі - Алаш арыстарының, зұлматты жылдарда қаза тапқан ата-апаларымыздың рухына арнайы Қасиетті Құранды бастан-аяқ оқып түсіру болды, сондай-ақ ас та берілді. Және "Абай жолы", "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян, қазақ" телехикаяларының продюсері Айсәуле Әбілда, алаштанушы, белгілі журналист Мәриям Әбсаттар, журналист, баспагер Марфуға Шапиян арнайы қонақ ретінде шақырылды. Спикер ханымдар өз тараптарынан қатысушыларға арнап қанмен жазылған тарихтан терең сыр шертті.
Кештің басты спикерлері - Мәриям Әбсаттар, Айсәуле Әбілда, Марфуға Шапиян
Тағы бір айта кетерлігі, Safarlike.kz қажылық компаниясы осы кешке қатысқан көпшіліктің ішінен бір адамға кіші қажылыққа жолдама сыйлады.
Умра ұтып алған бақытты әпкеміз Айкүн
Қажылық Қытайда туып-өскен қандас әпкемізге бұйырды. Қуанғаннан көз жасына ерік берген ол: "Қытай елінде біз көп тыйым, қысым көрдік қой. Небір азапты күндер бастан өтті. Аллаға шүкір, қазір туған елдеміз. Өзім қатты ниет етіп, Алладан сұрап едім. Егер осы кештен қажылық жеңіп алсам, 83-ке келген анамды бағып отырған жеңгеме сыйлаймын деген едім",- деп жүрек сырын ақтарды.
Рухани кеш қатысушылардың көңілінен әбден шықты. Осы шараға мұрындық болған ұстаздары Анар Қанатқызына мешіт жамағаты, шәкірттері алғыстарын жаудырып, арнайы шапан да жапты.
Жәдігерлер бұрышы
Осылайша, небәрі бірнеше сағаттың ішінде жиналған көзі қарақты жұрт Алаш арыстарын еске алып та, викториналық жарыстар жасап та, қонақтарға сөз беріп те, тіпті осы кеш үшін еліміздің астанасынан арнайы ат арытып Аслия Жанабілқызының жетешілігімен келген Әл-Фараби оқушылар сарайының “Керім-ай” би ансамблінің өнерін тамашалап та үлгерді.
Тіпті, Марфуға Шапиян баспасынан дәл осы күні қайта жарыққа шыққан Жүсіпбек Аймауытұлының Психология кітабының тұсауы да кесілді. Кітаптың тұсауын белгілі теолог, ғалым Мухиддин Исаұлының жанжары Жансая Ибраем ханым кесіп, ақ батасын берді. Айтпақшы, Жансая Ибраем әпкеміз де кезінде PhD докторлығын қазақтың тұңғыш баспасы "Қазақ газетінің тілі" тақырыбы аясында қорғаған екен.