Жамбыл облысында Ан-2 апатынан жалғыз тірі қалған «Қазақмыс» компаниясының бас геологы Әсем Шаяхметова есін жиып сұмдық оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Тілге келген ол сұмдық апатты әке-шешесіне толық баяндапты. Айтуынша, ұшақ құлағанда қардың астына көміліп қалған екен. Соған қарамастан күлдің арасынан ұшқыштың ұялы телефонын тауып құтқарушыларға хабар беріп үлгерген. Айдалада үскірік аязда қатты тоңғандықтан әріптестерінің өлі денесін құшақтап жылынып отырыпты. Айтқандай, олардың қаза тапқанын Әсемге әлі естіртпеген. Ал зардап шегуші бүгін Шудан Астанаға жеткізілді.Боранға байланысты Шу қаласына асқан қиындықпен жеткен дәрігерлер тобы Әсем Шаяхметованы санитарлық авиацияға отыруға әзер көндіріпті. Себебі қатты қорқып қалған. Әйтеуір, келісімін алып таңда тікұшақпен Астанадағы ауруханаға жеткізді. Елорданың ең таңдаулы ақ халаттылары миы шайқалып, ауыр жарақаттар алып, сан сүйектері сынған Әсемге алғашқы операция жасап үлгерді.
– Ашық сынық болған сол жақ сан сүйегі мен оң жақ сирақ сүйегіне хирургиялық өңдеу операциясы жасалды. Сынған сүйектерін жинап, металлоконструкциямен бекіту операциясы да жасалады. Гипссіз. Гипс салынбайды. Жаңа технология бойынша жасалатын операциялар, - дейдi Астана қалалық №1 аурухананың травматологы Нұржан Естемесов.
Дәрігерлер Әсемнің қос аяғын кеспей сақтап қалуға болады деп отыр. Ал Ан-2 ұшағы құлағанда 29 жастағы «Қазақмыс» компаниясына қарасты "Жезқазған түсті меттің" бас геологы нағыз ерлік танытқан. Шашылып жатқан мүрделер арасынан ұшқыштың ұялы телефонын тауып алып құтқарушыларға хабар береді. 1 метр тереңдік болатын қарға көміліп, өлім мен өмірдің арасында жатқан қызды құтқарушылар әзер тауып 1,5 сағаттан соң көмекке келіпті. Жантүршігерлік жайттарды Әсем Семейден шығып, одан Шуға жетіп бүгін Астанаға дереу келген ата-анасына айтып берген.
–1 метр болатын қарға көмілген Әсем аяғы сынық болса да, оны өзі қазып шыққан. Құтқарушылардың дабылын естіп жатыпты. Ал құтқарушыларға хабарласса, «даусыңыз естілмейді» «алыстамаңыз» деп айтқан. Әйтеуір құтқарушылар Әсемді ұялы телефон арқылы тапқан. Әйтпесе, қараңғыда далада қалар еді. Әбден тоңған. Жанындағы әріптестерінің өлгенін білмеген. Бірінің жылы денесін тірі деп ойлап құшақтап отырған.Тапқан соң ұшақтың қанатына отырғызған. Алып кетпек болғанымен жол болмай құтқарушылар біраз қиналған, – дейдi Әсем Шаяхметованың әкесі Әмірхан Какоков.
Көңілі алаң ата-ана көрер жарығы бар бауыр еті баласының кішкентайынан өте өжет болып өскенін айтады. Жұмысқа жауапкершілікпен қарағандықтан Қатонқарағай ауданында тұрса да, басқа қалаға барып жұмыс істеуден қашпайтын еді дейді. Енді екі баланың кішісі тұрмыс құрып үлгермеген жалғыз қыздары Әсемге ем қонып, аяғына тік тұрып кетуін тілеп қана отыр.
- Мама я в рубашке родилась деді. Құдай сақтап аман қалды. Көрер жарығы бар екен. Қалған марқұмдардың отбасына көңіл айтамын. Әсем жазылғанша, Астанада қасында боламыз, - дедi Әсем Шаяхметованың анасы Ақгүл Какокова.
Ал АН-2 апатынан қаза тапқан 3 ұшқыш пен «Қазақмыс» корпорациясының техникалық департаменті директоры Ғабит Төлеубаевтың денелері Қарағандыға әкелінді. Ал Ербол Ыбыраев пен Ұлбазар Есмағамбетованың мәйіттері Қызылорда мен Жезқазған қалаларына жөнелтілген.
Ал апаттан жалғыз тірі қалған Әсем Шаяхметованы Астанада әлі бірнеше операция күтіп тұр. Зардап шегуші ата-анасына сондай-ақ, ұшақтың тұманнан адасып барып құлағанын айтыпты. Ал 6 адамның өмірін қиған Ан-2-ні "Қазақмыс" корпорациясына жалға берген Қарағандыдағы "Олимп Эйр" компаниясын қазір прокурорлар тергеп жатыр. Әзірше, қылмыстық іс дерек бойынша қозғалған.