Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевпен байланысы туралы сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Амандық Баталов өзінің мансап жолымен өсуіне Болат Назарбаевтың қатысы бар екенін жоққа шығарды.
“Мені көбі сол кісінің “кадры” деп атайды. Мен Бөкеңді (Болат Назарбаевты – ред.) 90-жылдардан бері білемін. Сол кезде танысқанбыз. Мен өмірімде бір рет ол кісіден жұмыс сұрап немесе жағдайымды жасап берші деп айтқан емеспін. Бір-бірімізді өте жақсы сыйлаймыз. Ауырған кезде де жағдайын сұрап тұрдым. Мен ол кісінің немерелерімен көрші тұрғанмын, көріп қалған кезде жағдайларын сұраймын. Бірақ үйіне жиі баратындай қатынаста емеспіз. Нұрсұлтан Назарбаев облысқа келгенде де шақырса, барамын, шақырмаса, бармаймын”, – деді Алматы облысының бұрынғы әкімі.
Айта кетейік, Амандық Баталов Алматы облысын 2014 жылдың тамызынан 2021 жылдың қарашасына дейін басқарды.