Алтын сақа

Алтын сақа

Елбасымыздың ұсынған «Мәңгі ел» идеясындағы ұрпақтарымыздың жүректерінде Отанымызға махаббат, өткенімізге мақтан, болашағымызға сенім сезімдерін ұялататын ең басты да, маңызды мәселенің бірі еліміздің өте көне тарихы, арғыдәуірлік мәдениеті және ежелгі мемлекеттілігі екені сөзсіз. Осыған қарамастан, шетел ғалымдары қанша бұра тартып, олардың тегі үндіевропалықтар деп санап тұрған күннің өзінде, түбі қазіргі қазақ жерінен шыққанын амалсыз мойындап отырған Арий, Сақ, Ғұн, Викинг, Шумер және Қият елдерінің тарихтарына қазақ елінің тікелей қатысын зерттеп, әлем ғылыми ортасы деңгейінде дәлелдеу мәселесінің осы күнге дейін мешеу қалып жатқаны өкінішті-ақ шаруа.
Осыған байланысты, еліміздің 10-15 мың жылдық ұлы тарихының соңғы 3 мың жылдығында тарихи жадымызда мақтан тұтарлық асыл бейнесі мәңгі сақталып, өшпес із қалдырған, осы күнге дейін әлем құрметіне бөленген Ұлы Сақа елінің тарихына қатысты мәселелердің де алатын орны ерекше.
Ал, Сақа дегенде, негізі, есімізге тарихи жадымызда әбден сақталған, тұрмыс-салтымыздан үлкен орын алған және ауыз-екі әңгімеде көп кездесетін бес нәрсе түседі.
Біріншіден, сақа - тәжірибелі, ысылған, көргені көп, қырағы, дайындығы мол, тісқаққан, сергек, жай адамнан озық, ақылды, өнері мол, сенімді, сайлы деген жағымды мағынаны білдіреді. Мысалы, «ол қашан да болса сақадай сай ғой», «сақадай сай тұрыңдар», «ол тәжірибелі сақа жауынгер еді», «олар тісқаққан сақа жігіттер ғой», немесе, «бұл үйірін талай қасқырдан айырып алған сақа айғыр еді», деген сияқты теңеулердің ел арасында жиі қолданылатыны да осыдан шығар. Ал, ертеден келе жатқан «Талапты туған асылды, ақылы асса аға қой, Құнан қойдың асығын, қолыңа жақса сақа қой», немесе « қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз ақылы асса аға тұт» - деген нақыл сөздердің де осыдан алынғанын, сонымен бірге, бұл жерде сақа сөзінің елдің алды, ағасы, жақсысы деген ұғымды білдіретінін де көрсетіп тұр. Сол сияқты, сақ бол, сақтан, саққұлақ, сақта, сақы (мырза), сақтиян (тері), сақ, сақ-сақ күлу және т.б. осыған ұқсас сөздер тілімізде көп кездеседі және бәрі де жағымды, оң, әрі жақсы деген түсінік туғызатын ұғымдар болып келеді.
Екіншіден, Сақ – сонау көне замандарда қазіргі қазақ даласының оңтүстігін, Жетісу бойын, Арал теңізінің Иран бетін, Каспий теңізінің оңтүстік, оңтүстік-батысын мекендеген, әлемге озық мәдениет үлгілерін қалдырған тайпа екенін және олар туралы антикалық авторлардың жазба деректері мен археологиялық қазба байлықтарының өте көп екенін білеміз. Есіктен табылған және басқа да «Алтын адамдар», дүние жүзін таңқалдыратын жануарлар бейнесі стиліндегі алтын әшекейлер сақ патшалары қорғандарынан шыққан теңдесі жоқ тарихи мұралар ретінде әлемге әйгілі. Олардың атын сақ емес, сака деп жазған тарихшылар да кездеседі. Тек өкініштісі, әлі күнге дейін сақтардың кім екені толық дәлелденбей келеді.
Үшіншіден, кәдімгі асықтың сақасы ойға келеді. Алма кезек, асқан ептілікпен бүгін бүкке, шігін шікке шертіп тигізіп ұпай жинайтын, ұтқаны асықты қос қолмен уыстап алып шашып жібергенде сақасы алшы түссе, бәрі мәз болып «ханталапай» деп шуылдасып бас салып, қолдары жеткенше талап алатын «Хан» ойынын балалар ғана емес, үлкен-кішісі, ұлы-қызы тегіс жақсы көретін. Бұл ойында сақа -- хан, қалған асық бұқара халық деп есептеліп, асықтарды шерткенде ханға ең соңына дейін тигізуге болмайтын, тек ханды алған адам (шахматтағы ең соңында корольді ұстағаны сияқты) жеңіп, барлық асықты алып, ойынды қайтадан бастауға ерікті болатын.
Жастар ойын-сауықта бәстескен жағдайда, немесе ойынды кім бастайтынын анықтау үшін сақаны күлдіріп (қаржысып деп те айтады), ұпай салыстыратын. Алшы қос ұпай, тәйке бір ұпайға саналса, бүк пен шік ұпайға саналмаушы еді. Ең жоғарғысы және сирек кездесетіні сақаның оңқа түскені, яғни тік тұра қалғаны болатын. Ал, «Алтыатар» мен «Үштабанды» ойнамайтын қазақ баласы болмайтын.
Төртіншіден, Саха (Якут) елі есімізге түседі.
Бір қызығы, бүкіл Россия ғалымдары мен қоғам қайраткерлері якуттерді барлық Сібір халықтарының ішіндегі ең ақылды, қабілетті, дәстүрі бай, Сібірдің басқа түркі халықтарына ешбір ұқсастығы жоқ, жаратылысы бөлек ел деп таң қалады.
Ресей этнологтары: «Олардың ассимилизациялау қабілеті соншалықты күшті, орыстар саха еліне көшіп барса біршама уақыттан кейін якутша сөйлеп кетеді, мысалы, тунгустарға якут күйеу бала барып бір-екі ай тұрса, тунгустар өз тілдерін қойып якутша сөйлей бастайды және бұғыларынан гөрі жылқы мен сиыр ұстауға көше бастайды, ал бүкіл республика өндірістерін орыстарсыз, өздері жасады» - деп жазады.
Соңғы жиырма жылда еңсесін көтерген якут халқы мен ғалымдары да үлкен ояну үстінде. Олар КСРО тарасымен бірден мәселе қойып, Саха атын қайтарып алды. Саха тарихын жазғаны үшін сотталып, айдалып, атылып кеткен ғалымдарының тиым салынған ғылыми еңбектерін қайта бастырып шығарып, өздері де үлкен ізденістерге кірісіп кетті.
Бесіншіден, сақа дегенде ауызға ілігетін әңгіме, әрине, қазақтың ғажайып ертегісі Алтын сақа. Жәй сақа емес, алтын сақа.
Енді осы Алтын сақа ертегісінің қысқаша мазмұнына тоқталсақ, мұнда жалмауыз кемпір «балаңды берсең ғана босатам» деп қылқындырып өлтіретін болғандықтан, әкесі амалсыздан «кешегі қонған жерде қалды деп іздеп келгенде ұстап аларсың» деп баласының алтын сақасын тастап кетеді. Бала атының арқасында алтын сақаны алып қашып, ұсталар болғанда төбеттері келіп жалмауызды талап өлтіреді. Сөйтіп алтын сақасын да қолына түсіріп, жалмауызды өлтіріп, елін де жаудан құтқарады.
Бұл жерде, әрине, жауыздық, жау образы болып тұрған жалмауыз кемпір сонау алғашқы қауымдық қоғам кезеңіндегі матриархат дәуірінің мықтысы еді.
Содан да жауыздық образын, елге келген жау, пәле бейнесін кейін патриархат кезеңінде ақсақалдар ертегі айтқанда жалмауыз кемпір түрінде көрсететін еді. Сол себепті де, ертегідегі жалмауыз кемпір елге шапқан жау бейнесі, ал ақсақал ел, ел ағалары, халық ұғымын көрсетеді.
Осыған байланысты, елді жау шауып, ел ағаларын мәжбүрлеп, алтын сақаны, алтын сауытты Сақаны, сақа тайпасын елден айырып алып кеткен жоқ па екен деген бір ой келеді. Осы ертегі сол оқиғаны беріп тұрған жоқ па? Неге баланың алтын кездігін, не алтын зерлі тақиясын, немесе алтын сапты қамшысын тастап кетпейді? Неге тек алтын сақасын тастап кетеді? Оның себебі, тек сақа ғана көптің (көп асықтың) ішіндегі басшысы, жақсысы, тектісі, ірісі, мықтысы, озығы. Жәй емес, алтын сақа болғандықтан, тіпті қимас жақсысы. Ал, мұндағы қамшы, кездік, тақия қимас бағалы нәрселер болса да, басқадан озық, жетекші, көсем ретінде өзге сондай нәрселермен салыстырылмайды және сақадай сай, тәжірибелі, дайындығы мол, ірі, мықты деген ұғымды не образды да білдірмейді.
Ал, мұндағы бала өсіп келе жатқан жеткіншек, болашақ жауынгер, батыр, елін қорғар жігіт, ер қанаты – тұлпарына мініп, жауын жеңіп, елін жаудан, бодандықтағы туысқан сақаны тұтқыннан құтқарып елге қосар ма екен деген арман, алдағы заманға деген бір үміт емес пе екен, ал ертегі болса сол сақаны жоқтаудан қалған бір ескі сөз бе деп те ойлаймын.
Сақ тайпасының тілін неге үндіевропалық деп шатасады?
Ал, осындай мыңғыртып мал айдаған, металл мен Хұннулар (Хуянь, Сюйбу, Лань рулары, Н.Я.Бичурин.) жіберген қытай жібегін тиеген керуендерді Иранға, ол арқылы Византия мен Римге жөнелтіп отырған, яғни осындай халықаралық байланыстарды жүргізіп, іске асырып отырған кім десек, дәл осы әйгілі Сақ тайпасы болып шығады. Сақтар туралы деректердің қытай жазбаларында аз кездесіп, ара-кідік Сэ деген тайпа бар екені ғана сөз болатыны сақтардың Иран бетін жайлағанынан екенін көреміз. Ал, сақтар туралы деректердің парсы және грек елдерінде көп тарағанынан, сақтардың парсы және грек тілдерін біліп, олармен араласқанының, Анахарсис, Кіші Анахарсис, Скила сияқты ғұламалардың грек ойшылдарымен білім салыстырғанының шындығын көреміз.
Сондықтан да көп ғалымдардың сақтардың тілін үндіевропалық деп шатасатындықтарын осы себептен деп түсінуге болады, өйткені сақтар да, ақғұн – эфталит-хиониттер де грекше де, парсыша да сөйлеп, әрі жаза білген-ді. М.Қашғари да Арғу елі екі тілде сөйлейді деп жазды. Ал, Геродот болса, аргиппейлермен 7 тілде сәйлесіп, түсінісуге болады деп жазған еді. Сол сияқты парсы, парфиян (түркімен), Сақастан (сақ елінің бір бөлігі), Мидия (арийлер) елдерін басып алған Иран империясының халқы да XVI ғасырға дейін түркі, парсы және грек тілдерінде әрі жазып, әрі сөйлеп келді. Сол сияқты, жалғыз қазақ қана емес, Бүкіл ТМД елдерінің халықтарының да тегіс қос тілді екенін көреміз. Тек, мұндай елдер болады-ау дегенді бір-ақ тілді европалықтардың көбісі ойлай бермейді және түсінгісі келмейді.
Оның үстіне, тіл үйренуге деген кешегі сақтар мен ғұндар, бүгінгі қазақтардың ерекше генетикалық бейімі барлығына осы уақытқа дейін дұрыс назар аударылмай келеді. Бұл, әрине, арнайы лингвист мамандардың зерттейтін мәселесі.
Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқыған жастар арасында жүргізілген сұрау бойынша және шетел университеттері ұстаздарының пікірінше, ТМД елдері ғана емес, жалпы талай елдердің жастарына қарағанда қазақтардың шет тілдерін меңгеруі өте жоғары деңгейде және акцент дегеніңіз жоқ деп айтуға болатындай екен. Тіпті біздің мектептердегі ағылшын тілінде орыс акценті бар екені туралы, ал тікелей ағылшыннан үйренсе тіпті таза сөйлер еді деген пікірді де естідік.
Бұл менің ойымша, біріншіден, қазақтың ойда сақтау қабілетінің ерекшелігінен, яғни Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай, жаратылыспен берілетін зейінділік қасиетінен. Оны біз бірнеше күн бойы жыраулардың батырлар жырларын жатқа айтатынынан, ұлы Шоқан айтқандай қазақтың мыңжылдық тарихты ұмытпай, күні кеше болғандай қылып әңгімелеп отыратындығынан, ауызша есепке керемет жүйріктігінен, тоғызқұмалақтың қазіргідей екі жолды, жұп, не тақ екені анық көрініп жататын ұяларындай емес, ертедегі ойық түріндегі, тоғыз-тоғыздан онсегіз ұядағы және екі қазандағы үйіліп жатқан құмалақтардың жүрген сайын өзгеріп тұратын сандарын және оның жұп па, тақ па екенін есте сақтап отыратын ғажабынан білеміз.
Екіншіден, агглюнитативті тілдерге жататын түркі халықтары тілдерінің, оның ішінде әсіресе қазақ тілінің сөздік қорының керемет байлығы мен тілдегі дыбыстарының басқа халықтардыкінен әлдеқайда көптігі, әрі оңай және жеңіл айтылуынан. Мысалы, көптеген ұлттардың дыбыстарды айтқанда, қиналып, тілін бұрап тұратындығын, тіпті кейбір дыбыстарды мүлдем айта алмайтынын, кейбір әріптер, немесе дыбыстардың бүтіндей бір елдің тілінде болмайтынын да білеміз. Бұл дегеніңіздің оларға басқа елдің тілін үйренуде қатты қиындық туғызатыны анық екенін де көріп отырмыз. Ол да бір, адамдардың ауыз қуысынан ауаны шығаруына, жақ сүйек бұлшық еттерінің, тілінің, ернінің сезімталдықпен шебер қозғалып, өзара жеңіл сәйкестікке келетініне ме, әйтеуір анығын мамандар білетін бір ерекшелікке байланысты деп ойлаймын.
Мысалы, Түркия мемлекеті латын әліппесіне көшкенде, қысқартып, 26 әріпті ғана қалдырғаннан, ол елдің көптеген көне сөздерден айрылғаны белгілі. Қазіргі қазақтағы сияқты, ерте уақыттағы түрік елдерінің тілдерінде 38 төл дыбыс болды. Түрік елдеріне тән ө, ә, ұ, ү, і, қ, ғ, ң, һ сияқты дыбыстарды қазіргі заманның өзінде көптеген басқа ұлт өкілдері тілі келмегендіктен, дұрыс айта алмайды. Қазақтарға болса, өз тілінде болмаған ц, ъ, ф, в, э, ь сияқты дыбыстар еш қиындық келтірмейді, тіпті бұрыннан өзінде бар тәрізді, оңай қолдана береді. Сондықтан да, арғулықтар мен сақтарға 26-28 ғана әрпі бар парсы, грек тілдері оңайырақ келді. Ал, қазіргі европашыл ғалымдардың өздеріне мүмкін болып көрмеген қасиет – бір елдің жаппай екі тілді болуы деген миына кірмегендіктен, оларды үндіевропа тілді деп санағаны, әрине, күлкілі нәрсе. Тәрізі, олар өздерінің моңғол үстемдігі заманында бірнеше ғасырлар бойы түркі тілін халықаралық тіл есебінде қолданғандарын ұмытып қалса керек.
Осындай жаратқанның берген сыйлары, зейін мен үсті де асты да байлыққа толы асыл жерінің арқасында бабаларымыз металл өңдеуді елден бұрын меңгерді, төрт түлік малды ең бірінші болып қолға үйретті. Патшалары алтынға малынды, әскері болат қару асынып қазанат мінді, батырлары таралғысы терім алтын, үзеңгісі сом алтын күміс ер салып сәйгүлік мінді, әлемді жаулады. Батыр бабаларымыз шауып Европа, Үнді, Парсы барды, құжынап ұлы Қытай қорғанынан да өтті, грекпен білім таластырды, Римді жаулады, ұлы Ұрымға, қызы Қырымға барды, барған жері Балқантау да болды. Сондықтан да, жаратқанның осыншама берген дәуренінің арқасында, патшаларымыз басынан аяғына дейін алтын сауыттар кисе, байлар өздеріне алық-берікке, сыйлыққа тайтұяқ алтын жамбылар, ал балаларына алтыннан асық, яғни алтын сақалар құйдырып, батырлар ат әбзелдерін алтын-күміспен айшықтады.
Қазақ жерінен табылып жүрген «Алтын Адамдардың» басындағы дулығасынан аяғының басына дейін алтындатқан киімдері Сақ патшаларының жерлегенде кигізілетін «кебіні» емес, тірісінде киетін, киіп айбынын асырып бағынышты еліне көрінетін, шетел елшілерін қабылдайтын патшалық салтанатты сауыттары еді. Ал, біздің әйел затының алтын-күміс әшекейге құмарлығы, қолы-басына қос-қостан алтын салуға тырысуы, тойларда құдаларына сыйға алтындарды «төгіп» жіберуге әуестігі де сол дәуірден санамызда қалған үрдістің бірі ме деймін. Осының бәрін археолог-тарихшыларымыз зерттеп, сақ алтындары сияқты қаншама асыл археологиялық жәдігерлермен дәлелдеп, әлемді таңқалдырып отыр.
Ал, Сақадан ел мың жыл емес, мыңжарым жыл бұрын айрылса да оны ұмытпай, есте сақтап, іздеп, жоқтап келеді. Өйткені ол жай бір тайпа емес еді, ол елдің сақасы, артығы, озығы, жақсысы, патшасы, қимасы еді. Мемлекетін мемлекет қылып тұрған ел еді. Ол қазіргілер Алтын Адам деп атап жүрген тақ мұрагері сақ ханзадасының елі, дұрысы жарқыраған Алтын сауытты патшаның елі, Алтын Сақа еді. Оны, әрине, елі ұмыта ала ма?
Сақа (Якут) елі туралы ғылыми зерттеулер.
Жалпы, саха халқының тарихы мәселелерін бірнеше ғасырлар бойы шетел және орыс ғалымдары талмай зерттеп, көптеген тарихи, әдеби және лингвистикалық еңбектер жазды. Ең бірінші якуттің тілі мен тегіне назар аударған 1695 жылы Сібір арқылы Қытайға сапар шеккен Голланд елшісі Эверт Исбрант Идес болды. Ол әуелі қазақ даласындағы орыс бекінісі Тобыл қаласында болып, жолбастаушы етіп татарлар мен жергілікті қазақтарды алды. Жол сапарын зерттеп, тәптіштеп жазып отыратын әрі ғалым, әрі аңғарымды адам Қытайға шейінгі бүкіл Сібір даласы түркі тілінде сөйлейтінін білген еді. Якут округы арқылы жүрген сапарында ол жергілікті халықтың тілінің, тұрмыс-салтының қазақтармен ұқсастығына таң қалып, «мыналардың тілі Тобылдың және Бұхардың магометан татарларымен бірдей ғой» деп жазған екен. Бұхар, Түркістан маңындағы елдерден толық хабары бар ол якут еліне келгенде, тігілген киіз үйлерді, тартылған желіде байланған құлындарды, бәлен мың жылқылы байлардың тоқалдары қымыз сапырып отырғанда, жылқышысын «бие сауымы арасында» барып кел деп жұмсап жатқанын көріп, Сібірде емес, қазақ ауылында отырғандай болып сезінген екен.
Сонымен бірге, Идес Исбранд бұлардың бәрі бір ауыздан, біздің бабаларымыз қалмақ елінің бір бөлігін жайлаған, бізді бұл жерге орыстар ығыстырып әкелген, мынадай жылдың төрттен үшін қақаған суық елде, жеркепеде үсіп-жаурап өткізгенше, туған жерімізде, жылы жерде өмір сүргеніміз жақсы еді деп айтады, яғни, бұл олардың ыстық жақтан, оңтүстіктен шыққанын көрсетеді деп жазды.
Одан кейін якут жерінде айдауда болған швед тұтқыны Ф.И.Страленберг якуттың тілін, тарихын зерттеп, халықтың аты якут емес, сақа екенін біліп, руналық жазуларды кездестіріп, әрі оны кейбір қоныс басыларының сол XVIII ғасырларға дейін басқа жазуды білмегендіктен әлі пайдаланып жүрген көрген. Ф.И.Страленберг: «Языческий народ, называемый так, (якутами) русскими, сам себя на своем наречии называет Цин Цаха или Цин Соготох. Они называют себя по имени одного князя, которого они имели очень древнее время Цинн Цах, Синн Саха» - деп атап көрсетті. Содан барып бұлардың анық кәдімгі тарихтағы атышулы орта Азиялық сақтар екенін жазып, тек, мұнда, Сібірдің қиян шетінде қайдан жүргеніне таңданған. Цин Цаха, немесе Синн Саханың қазақша мағынасы Шын Сақа, Нағыз Сақа, Согот – жігіт, ер, Цин Соготох – нағыз, ер жігіттер дегенді білдіреді.
Жалпы, сақа тілінде «с» әрпі баса айтылып, «ж», «ш» дыбыстарының орны көбіне «с» дыбысымен алмастырып сөйленеді. Мысалы, жүрек деген сөзді «сюерек», жылқы сөзін «сылгы» деп айтады. «Шайқа» дегенді «сайқа», жылқының «жалын» «сал», «жала» дегенді «тсала», құлын байлайтын «желіні» «селе», «шайқасты» «сайқас» дейді. Ал, қазақта тіл кемістігі бар, тілді астыңғы тістерге тіреп айтылуға тиісті «с» дауыссыз дыбысын елден басқашалау, ысылдаңқырап айтатын балаларды басқалардың қалжыңдап, «сақау» деп қажайтыны бар еді. Сол сөз мына «сақа-ау», «сақа ғой», «сақа сияқты» ғой дегеннен шыққан болуы да мүмкін. Ол да сақалардың кезінде көне қазақ рулары арасындағы тайпа болғанын көрсетсе керек.
Осы тақырыптарға жазған И.Миллер, Г.Фишер, В.В.Радловтар да якуттардың тілдерінде тек жылы жақтарда ғана кездесетін арыстан, түйе сияқты жан-жануарлар мен өсімдіктердің аттарының кездесетіндігінен және басқа да аңыздарынан, сахалардың оңтүстіктен шыққанын, өте көне Сақ тайпасының өкілдері екенін таныды, бірақ олар Европада қалыптасқан пікір бойынша Сақтарды индоирандық арий тайпасы деп санады. (түркі тілін кейін алған дей салады).
Тек қана Н.Аристов «Этногенез и этническая история казахского народа» (2 том, 327-бет) кітабының «Жалпы қорытындыларында» қазіргі түркі халықтарын құраған басты түркі тайпаларының тізімін келтіргенде сахалардың кәдімгі сақтар екені туралы анық тұжырым айтты.
Ол, ... «9) племя саха или якутское, составляющее в числе около 230 тыс. душ главное население северо-востока Сибири, является остатком древнего тюркского племени, главная масса которого некогда занимала Западный Тяньшань под именем сака или са, сэ и закончила свое существование в Индии, оставив по себе следы в западном Тяньшане в виде каракиргизского поколения саяк и на Енисее в виде рода сагай» - деп жазған еді. Өкінішке орай, кейінгі ғалымдар осыны көре тұра кереғар пікірлерден аянбай-ақ келеді.
Мысалы, қазіргі кезде беделді шығарма деп саналатын Россиялық ғалым В.Л.Серошевскийдің үлкен этнографиялық еңбегі «Якуты» деп аталады. Онда ол «Якуттардың оңтүстіктен шыққандықтары туралы» деген тарауында тамаша зерттеулер нәтижесін жаза келіп, соңында «якуттарды көне сақтармен ұқсастыратын тек Сақ және Саха деген тайпалық аттарының ұқсастығы ғана» деп тұжырым жасаған Герман Вишбериге сілтеме жасап, түркі деген бағыттан елді бұрып жібереді. В.Л.Серошевский сонымен бірге, якуттар Оңтүстік Сібірдің далалық жерлерінде өмір сүрді, Байкал маңында болған емес, Ленаға Енисеймен төмен жүзіп келіп тап болды деген тұжырым айтты.
Осы аталған ғалымдардың еңбектеріне талдау жасай келе, якуттар тарихы жөнінде үш түрлі бағыт бар екенін байқадық. Оның біріншісі көне якуттардың негізгі түбі түркі халқынан екендігі. Екіншісі, Сақ тайпасынан шыққанын мойындай отырып, түбі индоирандық арийлер деген бағыт. Үшіншісі, ауыз-екі әңгімеде және ертегілерде, әндер мен дұғаларда кейде көне якуттардың атына ұраңқай сөзінің қосарласа айтылуынан олардың түбі Оңтүстік Сібірдің моңғол, ұраңқай тайпаларынан шыққан болар деген ұғым.
Ондай атүсті саяхаттар жасап, тұжырымдар айту, туземдік тайпалар туралы еңбек жазып Европаны таңқалдыру деген кеме жолдары жаңа ашылып, материктер табылып, Европа дүниені енді танып жатқан XVII-XIX ғасырларда ғана басқа баламасы жоқ жаңалықтар болды. Өйткені, олардың қатесін көрсететін басқа еңбек те, жол да болған жоқ-ты. Ал, қазіргідей, ғылым да, барлық елдер де дамыған жағдайларда, зерттеген елінің дүниетанымын түсінуге шамасы да тілі де жетпегендердің үстірт еңбектерінің шалағайлықтары өздеріне көрінбегенімен де, зерттеген елінің көзі ашық адамдарына, тіпті біз сияқты жәй оқырмандардың өзіне бадырайып көрініп тұратындықтарын ашып айтқымыз келеді.
Осы себепті, совет заманында қудаланбаған тюркологтардың еңбектеріне сүйенбек түгіл, сақтана қараған абзал еді. Өйткені, тарихқа орыс, әрі совет көзімен қарағаннан гөрі, әлемдік көзқарастармен салыстыра отырып, өзіміздің тәуелсіз көзқарасымызды, өз төл танымымызды қалыптастырғанымыз қажет емес пе?
Айта берсе мұндай мысалдар әрине толып жатыр.
Тек бұдан түйетініміз, не жазса да сол ұлттың өкілі, немесе сол ұлттың тілін еркін меңгерген, әрі арасында ұзақ өмір сүріп, олардың дүниетанымын толық түсінген ғалымның ғана тұжырымдары дәйекті болар деген пікір.
Сол сияқты, әуелі, адамзат өмірінде неолит төңкерісін жасап, әлемге мәдениет әкелген арийлердің кімдер екенін біліп алмай тұрып, олардың тілі мен қанының құрамын «біліп қойғандардың» істері де түсініксіз, зерттеулері де жоғарыда айтылған ғылыми әдістемелердің қорытындыларына сәйкес келе бермейтіні шындық.
Бүкіл әлем тарихында осы күнге дейін кім екені дәлелденбеген, яғни дүниежүзі ғалымдары болып бір пікірге, бір тоқтамға келмеген бірнеше мәселелер бар, олар Арий, Сақ, Ғұн, Викинг, Шумер (дұрысы Сақ-Гиг), Қият тарихтары. Евроцентрист ғалымдар осылардың кімдердің бабалары екенін таппай-ақ, олардың қанының 60-70%-ті R1a1, тілдері үндіевропалық болуы керек деп арнайы шарт жасап алып, осыған сәйкес кім болуы мүмкін деп аласұрып ізденуде. Бұл қарапайым математика тілімен айтқанда екі белгісізді теңдеудің екі белгісізін де қате қойып алып, өмірі табылмайтын шешімін іздегенге ұқсайды. Біріншіден, белгілі бір халық «көгілдір қанды», елден бөлек деген қияли тұжырым, сосын неге R1a1, неге ол 60-70% болуы керек, кім оны дәлелдеген, және арийлердің кім екенін білмесек, онда кімнің қанының құрамын алып, арийдікі осылай болуы керек деп тұрмыз? Неге осы жоғарыда аталған ұлы мәдениет өкілдері болған тайпалардың бәрінің де тілдері үндіевропалық болуы керек? Әрине, ДНК, тірі адам қаны құрамдарын салыстыра отырып, баланың тегін, әкенің тұқымын анықтау деген тамаша жетістік екені белгілі. Дегенмен де, көне мүрделерді тірі адамдармен салыстырып, ғылыми қорытынды жасау одан мүлдем бөлек, әрі әлі де шешілмеген қыры көп мәселе.
Міне, осы аталған факторлардың бәрін толық зерттеген ғалымдар ғана этностардың арасындағы ұлттық ұқсастық, туыстық туралы не бар, не жоқ деп қандай пікір айтса нанымды болар еді. Ал, сақаларды түркі емес, олар иран, не моңғол тектес деп жүрген ғалымдар ол пікірді жазбас бұрын түркі халықтарын, мысалы қазақтарды жоғарыда айтылғандай ғылыми әдістемелермен әбден салыстыра зерттеп барып, «сақалар сендерге ұқсамайды, ағайын» десе ешкім дауласпас еді. Бірақ, олардың біздің қазақ елін сақалармен салыстырып тұрған толыққанды ғылыми зерттеулерін көрген емеспіз.
Ал, сақалар жөнінде шын мәнінде толыққанды зертеулер жүргізген, бұрмаламай фактілерді дұрыс қалпында берген, еңбектерінде шындықты жазған ғалымдардың ішіндегі ең елеулілері Э.Пекарский мен Г.В.Ксенофонтов болды.
Мысалы, ұлты поляк, лингвист, этнограф, фольклоршы, СССР ҒА-ның құрметті мүшесі, әйгілі 3 томдық «Якут тілі сөздігінің» авторы Э.К. Пекарский (1858-1934 ж.) патшалы Россия уақытында 1881 жылы Якут еліне айдауға жіберіліп, Боотур ұлысында 20 жыл тұрды. Ол 1887 жылға жеткізбей 7 мың якут сөзін жинаса, 11 жылда – 20 мың, ал 1930 жылдарға қарай 25 мың сөз жинап, теңдессіз якут тілі сөздігін жасап шықты, ол үлкен жаңалық еді. Ол сөздікке якут елінің ертеректегі, әлі өзгерістерге көп түсе қоймаған және якуттардың бәрі дерлік өз тілдерін еркін білетін уақытындағы бай сөздік қоры кірді. Ол соны орыстардың әлі қаптап көшіп келе қоймаған, яғни орыс сөздері қолданысқа қазіргідей көлемде кіре қоймаған уақытта, үлгеріп жазып алып қалды.
Әрі, ең қызығы ол сөздіктегі сөздерден, ұғымдардан Сахалардың ең бастапқы ұлттық бейнесін көруге болады, тіпті онда олардың қай түркі тайпасынан шыққаны, руының атына шейін келтірілді. Ол заман тарих ғылымын саяси құралға айналдырып, пантюркизмнен қорқып, түрік тектес халықтардың барлығының тарихын бұрып жаздырған совет заманы емес, патшалық Россия уақыты еді. Сонымен бірге, түрік елдерінің тарихтарын зерттеу Американы ашқандай жаңалық болып саналды. Ол тың дүниелер болғандықтан, немен салыстырып өзгертеді? Сондықтан да не материал бар сол шындық жазылды. Ал, бұрмалау осы дайын материалдарды оқып, оның астарын, ауқымы мен маңызын түсінген соң барып, совет заманында басталды.
Бірақ, өкініштісі, біздің кейбір ғалым қазақтарымыздың ішінде де «кейінгі кезде ғалымдардың кейбіреулері сақалардың тілі түркі тіліне жатады деп дәлелдегілері келеді» - деп келемеждеп жазғандарын да кездестірдік.
Якуттың атақты ғалымы Гавриил Васильевич Ксенофонтов (1888-1938 ж.) «Ураангхай-сахалар» 1, 2 том; «Эллэйада», ж. т. б.) өзіне дейін жазылған еңбектер мен якут аңыздарын, «Олоңхосын» (эпос), әдет-ғұрпын, дәстүрін, дүние танымын әбден зерттеп, Сахалардың түркі халқынан шыққанын және якуттар мен көне Хуннулардың тікелей байланысы барын дәлелдеп шықты.
Г.В.Ксенофонтов туа біткен дүниетанымы якут болғандықтан, якут халқына бірнеше ғасырлар бойы кейіннен қосылып, якуттеніп кеткен ұраңқай, тұңғыс, бурят, казак, орыс этностарынан якут фольклорына сіңген аңыз-ертегілерді айыра білді. Олардың негізгі аңыздарды өз қалыптарына келтіріп бұрыңқырап айтатынын аңғара отырып, жалпы әр ұлттағы «кірме» атаулының тарих айтқыш, белсенділеу болатынын, ал, Сибиряков экспедициясындағы ғалымдардың оның ара-жігін айыра алмағандықтарын өкінішпен атап өтті. Тегі: Ксенофонтов Г.В. Ураангхай-сахалар: Очерки по древней истории якутов. Т.1. Иркутск, 1937, стр. 106.
Шынында да, Э.Пекарский сөздігінде де, Г.Ксенофонтовтың «Эллейадасында» да кейбір сөз, ұғым немесе аңыз тура тап-таза қазақша сияқты болса, келесі біреудің айтуында Эллейдің (Окладниковта Элдей батыр) аты сақталады да аңыздың заты басқа халықтың ұғымына сәйкес өзгеріп шығады, әрі одан ол якуттың түбі не тұңғыс, не ұраңқай екені көрініп тұрады, сонымен бірге, мазмұны тайызданып, сапасы төмендеп кетеді. Тек қана бұл орыс адамына көріне қоймайды, өйткені оның қанша айтқанмен де оған мүлдем басқа ел -- түркі халқының дүниетанымын сол халықтың өкіліндей тани алмайтыны белгілі.
Осының бәрін бақайшағына шейін шаға келіп, ол қазіргі якут жерін сақалардан бұрын хори, тұңғыс сияқты моңғол тектес тайпа өкілдерінің қоныстанғандарын, олардың сақалардан мәдени деңгейінің әлдеқайда төмен болғанын, балық аулау мен аңшылықтан басқаны білмегенін, ірі қара малды, металды, жоғары сатыдағы дінді сақалар әкелгенін атап көрсетті. Олардың нанымдарының тым қарапайымдылығы мен ұғымдарының дөрекілігі олардан келген аңыздардан анық көрініп тұратынын мысалдармен көрсетті. Қай аңыз-әңгіменің болсын сол кездегі якуттердің 20 пайыздайын құраған басқа ұлттардың қайсысына жататынын ол айырып тұрды.
Бұның тағы бір қызығы, ғалымның хунну мен сюннудың, қыпшақ пен половецтің айырмасын түсінгендігі. Мысалы, ол біз хунну емес, сюннуға жатамыз дейді және қыпшақ туралы мүлдем айтпай, сақалардың половецтерге ұқсастығына қатты назар аударады. Тіпті половец балбалдарындағы мүсіндердің қолдарына ұстағаны қымыз құйылатын чороон, қазақша шара, бұл қонақжайлылық мейрамы «Ысыахтың», яғни бізше «қымыз мұрындықтың» белгісі, молшылық, береке ұғымы екенін айтты. Бұны ол сонау 1937 жылы жазып еді. Ал, біздің кейбір ғалымдар әлі күнге дейін қыпшақ пен половецті, құманды, мадьярды бәрі бір ел, қыпшақ деп жүр. Ғалымдарымыз хунну мен сюннуды екеуі бір сөз, иероглифі әртүрлі оқыла береді деп айта салады, ал, олардың бір елдің екі руының аты екенін түсінбейді.
Сондықтан, саханың ұлы ғалымы Г.Ксенофонтов осының бәрін зерттеп, таза якуттардың басқа Сібір халықтарымен араласу процесін талдай келе, ешнәрсеге қарамай-ақ якуттардың негізі түрік, оның ішінде ғұн, атап айтқанда ерте дүниедегі «сюнну» тайпасынан шыққаны туралы болжам айтты.
Г.Ксенофонтов былай деп жазды: «Сююне – великий, громадный; Сюнг-Хан – Великий Хан. Особенно знаменательно последнее мифологическое имя, которое приписывается древнейшему царю, почитаемому как божество – покровитель всех властвующих феодально-княжеских родов. Его полное имя «Сюнг-Хан – Сюнгкэн Эрлик Хомпорруун Хотой Айыы» – Великий Хан, величайший Эрлик горбонос – орел-божество. Этот дух почитался якутами в лице темносерого орла. В былинах этот хан признается властителем многих улусов, занимающих безграничные степи. Это есть тот мифологический образ, которое одновременно почитается всеми монгольскими племенами как злое божество «Эрлик хан» (или Эрлэн хан), царь подземного мира. «Сюнг-Хан» под именем «Сюнюч-Хан» почитается и туркменами, как их древнейший предок. В именах «Сюнг», «Сюнюч», превратившимся у якутов в синоним понятий «Великий», нетрудно узнать древнее китайское название «Сюнну». С этим выводом вполне согласуется и превращение якутского Сюнг Хана в грозного бога Эрлика всех монголов.» ( Г.Ксенофонтов. «Ураангхай сахалар». Том I, книга 2, стр. 187)
Тек өкініштісі, 1937 жылы осы кітаптың қолжазбасын жазып бітісімен «Якут ісі» бойынша «Пантюркизммен» айыпталған ол алты айдан кейін Совет өкіметінің «халық жауы» ретінде атылып кетті. Қолжазбасы, ақталғаннан кейін 60 жылдары КГБ архивінен алынып, бастырылып шығарылды, бірақ әлі толық зерттеліп бағасы берілмеген екен. Саха жұртынан түркі дүниесін толық танушы ғалым жоқтығы, олардың қазіргі өкілдерінің түркі дүниетанымынан алыстап кеткендігі және осы сәтте Россия ғалымдарының осының бәрін біле тұра саха тарихын көрінеу басқа жаққа бағыттап тұрулары бұл салада көп еңбек ету қажеттілігін туғызып тұр.
Кейінгі зерттеулер.
Якутскінің «Эхо столицы» қалалық газетінің 27.07.2012 ж. № 58 санында жарияланған мақалада якут тарихы мәселелеріне арналған зерттеулерге қысқа да нақты қорытындылар берілді. Мысалы:
1935 жылы профессор А.Н.Бернштам якуттардың тегінің хуннулардан шыққанын айтты, әрі соны дәлелдеп шықты. Ол: «Якуттар ерте уақыттарда хунндардың бір бөлігі болды деп жазды. Якуттардың тойон мен сюн деген сөздерін хунндардыкі деп санады. Оның үстіне, Сюн (қаһарлы, ұлық) деген терминді ол тікелей сюнну тайпасының атымен байланыстырды. Негізі, бұл тақырыппен А.Н.Бернштамның «Изображение быка на бляхах из Ноинулинских курганов» деген еңбегі арқылы толығырақ танысуға болады. «Проблемы истории докапиталистического общества» журналы, № 5-6, 1935)
1954 жылы атақты ғалым У.-К.Йохансен, ал академик С.И.Руденко 1962 жылы якут мәдениетінің түп-тамыры Хуннулардан шығып тұрғаны туралы пікірлер айтса, 1975 жылы ленинградтық белгілі Сібір халықтарының оюларын зерттеуші С.В.Иванов оны нақты дәлелдеп шықты. (Johansen U. Die Ornamentik der Jakuten. (Wedweiser zur Volkerkunde, Heft 3.) Hamburg: Hamburgishe Muzeum fur Volkerkunde und Vorgeschichte, 1954.); Руденко С.И. Культура хуннов и Ноинулинские курганы. М.-Л. : 1962, табл. XXXIX, XLI; Иванов С.В. К вопросу о хуннском компоненте в орнаменте якутов. Сборник: Якутия и ее соседи в древности (Труды Приленской археологической экспедиции). Якутск, 1975, стр. 174-183.
1970 жылы сюннулар мен якуттардың этногенетикалық жақындықтары туралы сот сараптамалық медицинасының профессоры А.Д. Григорьева таңқаларлық шешімдерін жариялады. Ол Ноин-ула қорғандарынан табылған ғұн көсемдерінің шашы мен қазіргі замандағы якуттардың шаштарының бірдей екенін дәлелдеді. ( И.Никифоров. Волосы гуннов преподносят сюрпризы. «Химия и Жизнь» журналы. № 11, 1970, 53, 54 беттер ).
1983 жылы белгілі ресейлік ғалым Р.И.Бравина Хуннулар мен якуттардың мола құрылыстарын салу әдістерінің жақындығын негіздеп, басқа да көптеген мақалаларында үнемі осыған байланысты дәлелдер келтіріп отырды. (Бравина Р.И. Погребальный обряд у якутов как историко-этнографический источник XVII – XIX в.в. Автореф. диссерт. канд. истор. наук. Л., 1983, стр. 18.)
1985 жылы белгілі Россия ғалымы Е.С.Сидоров хуннулар мен якут сөздеріне лингвистикалық талдау жасап, олардың өзара өте жақын екенін дәлелдеді. (Сидоров Е. С. Этюды по сравнительно-исторической лексике якутского языка. Журнал «Советская тюркология». 1985, № 3, стр. 53-63.)
1993 жылы академик А.И.Гоголев өзінің «Якуты» деген өте құнды еңбегінде хуннулардың якуттардың арғы тегі екені туралы концепциялардың дұрыстығын көрсететін көптеген дәлелдер келтірді.
Сол сияқты, жоғарыда айтылған мақалада осы тақырыпты генетикалық тұрғыдан негіздеу мәселесі туралы былай деп жазылды:
«Несомненно, окончательную точку в концепции о хуннских предках якутов положили генетические исследования. В этом большая заслуга становящейся всемирно известной в своей отрасли якутского генетика С.А.Федоровой. Ее многочисленные (уже свыше сотни, причем почти половина – на английском языке) статьи и монографии убедительно доказывают наличие древнего хуннского компонента в составе якутов.
С 2002 года начались углубленные исследования структуры генофонда якутов, накоплен большой массив данных, позволяющий сделать обоснованные историко-генетические реконструкции.
Источники: Федорова С.А. Генетические портреты народов Республики Саха (Якутия): анализ линий митохондриальной ДНК и Y-хромосомы. Якутск, 2008. Этническая геномика якутов (народа саха): Генетические особенности и популяционная история. Коллективная монография. М., 2009.
3.2. В 2010 году был сделан четкий вывод, что якутский гаплотип «С3* 15-12-15-Х-13-29-24-10-11-13 совпадает с гаплотипами из захоронений древних хунну (сюнну) в секторе С некрополя Эгийн-Гол (ок. 2 тыс. лет назад). Дополнительным аргументом в пользу наличия генетической связи якутов с древними хуннами является гаплотип из захоронения 84.1 (сектор В некрополя Эгийн-Гол) с характерным для якутов N1c1 значением числа повторов в локусе DYS392 = 16». Источник: Адамов Д.С. Заметки о гаплогруппах Y-хромосомы якутов. Журнал «The Russian Journal of Genetic Genealogy» (Русскаяверсия), Том 2, № 1, 2010.
Выводы
Мы привели всего несколько работ из сотен трудов на тему о хуннских истоках якутской нации.
Думается, и этого достаточно, тем более генетические исследования неопровержимо свидетельствуют о том, что в составе современных якутов есть несомненный древний хуннский компонент.

Образно говоря, по кровеносным сосудам якутов течет капелька крови хуннских шаньюев (правителей), похороненных в раскопанных археологами знаменитых курганах, что доказывается химическим составом их волос и их гаплотипами, а значит, возможно, и капля крови самого Модэ (Модуна).»
Гунны и якуты exo-ykt.ru
Бұдан шығатын қорытынды: Біріншіден, аталған ғалымдар бұлтартпайтын ғылыми дәлелдермен якуттардың Хуннулардың (сюннулардың) ұрпақтары екендіктеріне әлем жұртшылығын мойындатып тұр.
Екіншіден, бұдан біз Хуннулардың да Арғындар екенін көреміз, өйткені якуттардың Арғынның Мейрам сопысынан тарайтынын Э.Пекарский бір ғасыр бұрын жазды. (Словарь якутского языка. 1-том. Стр. 146., том 2. стр. 1543.).
Олай болса, Хуннулардың Н.Бичурин жазған басты да билеуші тайпалары Хуянь, Сюйбу, Лань рулары және Арғын тайпасының рулық құрамы бірдей, не өте жақын болуға тиіс, яғни олардың аналогтарын арғын тайпасы құрамынан іздеу қажеттілігі шығады. Бұл жерде профессор Ж.Артықбаевтың Хуянь руын Қуан(дық), Сюйбу руын Сүйін(дік) деп жазғанын еске алсақ, онда Лань руы Ала (Алаша) руымен сәйкес келіп тұрғанын көреміз. Кейін келе Сүйін(дік) тайпасының бел алған кезеңінде олар Хунну емес, Сюнну деп те аталды. Бұдан олардың неге Арғын емес, хунну немесе сюнну деп аталғанын оңай түсінуге болады.
Оның себебі, бұл жерде барлық арғын тайпасы туралы емес, сөз оның Қуандық (Сүйіндік) бас болғандықтан соның атымен аталған бөлігі туралы болып тұр. Нақтылай айтқанда, Арғу мемлекетінің қытай бетін мемлекетқұрушы арғын тайпасының Қуандық, Сүйіндік, Ала рулары бастаған бөлігі, ал Иран, грек бетін Бегендік, Шегендік, Дай рулары бастаған бөлігі жайлады.
Ал, қалған төртінші бөлік, Қуан, Сүйін рулары (Хуйянь, Сюйбу) Арқадағы елге беттеп көшіп, өзінің Мейрамының елде қалған Бегені (Сақа) мен Шегеніне келіп қосылып, Сарыарқадағы кеніштерді, Бетпақтағы Хан жолы арқылы Арғу-Таласқа, одан әрі Үнді, Иран, Ауған, грек, қытай жерлеріне тартатын керуен жолдарына бақылау жасау билігін сақтап қалды, әрі сақтардың парсыдан көрген теперішін жойып, қайтадан оларға үстемдік орнатты.
Ал, осы Шу өзені аңғарынан шығып, Алашаханның жайлауы болған Арқаның Ортау, Қызылтауына, аталықтар елі Ақтау, Атасу өлкесіндегі алып мыс кеніштеріне дейінгі аралықтағы Бетпақтың небір шөлін кесіп өтетін Хан жолы деген атауды сақалардың осы күнге дейін естерінде сақтап қалғаны, әрі оны Арғулықтар мен сақалардан басқа елдердің білмейтіні де елеулі нәрсе.
Бұл сөз Э.Пекарскийдің «Якут тілі сөздігінің» 3-томының 3295-бетінде «Хан эртык (суол) – царь-проход, царь-дорога», 3296-бетінде «суол-хан», ал, 1-томының 152-бетінде «аартык, немесе эртык, эттык - 3) путь, дорога, проходъ, переправа» - деп берілген. Ал, Г.Ксенофонтов «Хан жолы» деген сөзді «Хан аартык (суол) – цар-проход, царь-дорога» - деп жазды.
Осы ұлы жол Алаша хан заманынан бері неолит төңкерісін жасауға сеп болған-ды, ол әуелі Бетпақ даланы кесіп өтетін жабайы малдың миграция жолы, кейін «Алаша хан жолы», Абылай хан кезінде қысқаша «Хан жолы» атанған еді.
Сақа шежіресі.
Біз якуттардың Э.Пекарский сөздігінде жазылғандай, өздерін саха, шыққан тегіміз Арғын, Мейрамсопы, Төртуыл (Сүйіндік), Оразгелді деп санайтынын өздері де, қазақ ғалымдары да (Т.А.Инсебаев, Е.З.Қажибеков, «Тюркская ономастика», изд. «Наука», Алма-Ата, 1984 г.) жазғанын білеміз. Э.Пекарский, А.Готовцев еңбектеріндегі якут шежіресі бойынша олардың түп-тегі (генеологиясы) былайша: Өксүху–Мэйэрэм сұппұ—Хорохой—Айал—Өрөс куөл дъулдъыгын—Туөртугул—Хайаран—Омогой. Олардың түп-тегінің басқа да нұсқасы бар. Ол бойынша: Өксүһу—Мэйэрэм сұппұ—Хорохой—Арғын—Айал—Өрөс күөл Жулжығын—Туөртұғұл—Хайаран—Омоғой, Эллей.
Жалпы, Арғын Бесмейрам және Жеті Момын болып екіге бөлінеді, ал Бесмейрам деп Мейрамсопыдан тарайтын Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік және Қаракесек руларын айтады. Мөшһүр Жүсіп шежіресі бойынша, көне замандарда Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаржас төртеуі бірге жайлап Төртуыл атанған. Бертінде, 19 ғасырдың басына қарай Сүйіндіктен тарайтын Орманшы, Құлболды, Жанболды және Қаржас төртеуі Сыр бойына бірге көшіп, Төртуыл атанған да жайы бар. Сақа тілінде ұл дегенді уол деп сөйлейді, айта келе, уолдың айтуға оңай болғандықтан уылға айналғаны көрініп тұр.
Мысалы, Төртуол (Төртұл) – Төртуыл, Қарауол (Қараұл) – Қарауыл. Сақа елінде Қарауол деген бұланды қолтығына қысып жүре беретін алып туралы бірнеше аңыз есте қалған. Ол осы күнгі қазақтың Қарауыл руының атына сәйкес келеді. Қарауол алып аңызда сақадан бөлек, бірақ туыс ел өкілі сияқты бейнеледі, мүдде қайшылықтары кездескенмен де тұңғыстар сияқты сақалармен қатты жауласпайды. Тәрізі, сақалардың оңтүстік Сібір даласынан қазіргі тұрған қақаған солтүстікке көшпей тұрған кезеңінде, Көкшетау, Бұланды маңдарын жайлаған Қарауыл руымен көршілес тұрған сияқты. А.Окладниковтың саха аңыздары солтүстік Сібірдегі Якутия жерінде емес, бұрынғы тұрған, туған жері оңтүстікте шығарылған деп дәлелдегеніне де келеді екен.
Ал, бұл сақа шежіресіндегі Өксүху сөзінің мағынасы Э.Пекарскийдің «Словарь якутского языка» кітабында мифологиялық Жеті немесе Үш басты алып құс, алып бүркіт, құс патшасы деп, ал Арғын – бүкіл якуттердің түпкі бабалары болып саналатын Омоғой мен Эллей батырдың (А.Окладниковта Элдей батыр) арғы атасы деп берілген. Мұндағы Мэйэрэм сұппұ дегені Мейрам сопы екені түсінікті және сопы сөзінің ислам суфизмінен басқа, әріден келе жатқан ұғым екенін көрсетеді. Ал, Хорохой есімі меніңше Қарақожаға сәйкес келсе, Өрөс куөл дъулдъыгын Оразкелді, ал Туөртугулдың Төртуыл екені айтпаса да түсінікті. Тек, сақалар Төртуылдың ішінде жоғарыда айтылған ғалымдардың жазғанындай Сүйіндік емес, Бегендік тайпасына жататынын айтуымыз керек.
Оның себебі, біріншіден, кезіндегі алып Арғу елі ғұн дәуірінде қытай мен өз қандастарынан, ал Түркі қағанаты заманында өз бауырларынан, қызылдар кезінде қолдан жасалған аштықтан қанша қырғын тапса да, әлі де Қазақстанның барлық облыстарын жайлайтын қалың ел екенін, ал арғынның ең ірі тайпалары болып саналатын Қуандық пен Қаракесектің негізінен Ақмола, Қарағанды облыстарын, ал Сүйіндіктің Павлодар облысын тегіс алып жатқанын білеміз. Ал, сол Сүйіндік елінің аузында жарты елім жоғалды, немесе Оразкелдім қайда деп жоқтайтын аңыздар қалмаған, шежіресі түгел, іргесі сөгілмеген қалпында тұтас бір облысты алып отыр. Сонымен бірге, осыларға парапар, ішіне кешегі әлемге әйгілі Сақа тайпасы кірген Бегендіктен (Бикин, Бегули), осы уақытқа шейін ешкімге түсініксіз боп келген бір мәселе, бүгінде бір ауданды ғана жайлайтын жалғыз Қозған, ал, Шегендіктен тек бір ғана Қақсал руы қалған. Әрі, Қозған мен Қақсал руларының адамдарының көкейлерінен үнемі біздің ел қайда кетті деген ізденіс, неге бұлай деген сұрақ кетпейді және ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр.
Бір қызығы, олар, әрқайсысы Қуандық пен Қаракесек руларының төрт-бес пайызындай ғана болса да іргелі тайпа атын, яғни Бегендік пен Шегендік атын олармен тең ұстап отыр. Егер, Бегендік пен Шегендік белгісіз ат болса, баяғыда ұмытылып, шежіреде Мейрамсопыдан Қуандық, Сүйіндік, Қозған, Қақсал, Қаракесек деп аталып кете берер еді. Қазақ тарихында ондай, аты белгісіз аталардың ұмытылып, рулардың әрі қарай мықты аты шыққан ұрпақтарының есімімен аталып кеткен жағдайлар көптеп кездеседі. Ал, бұл Бегендік пен Шегендік атының шежіреде де, халық аузында да ұмытылмай келуі, олардың көне замандарда өте мықты, әрі іргелі тайпалар болғанын және басқа елдердің де тарихи жадында қалғанын көрсетіп тұр.
Екіншіден, М.Жүсіп атамыз қазақ шежіресінде Оразкелді негізі Бегендіктің баласы, Бегендік ерте өліп, Оразкелдіні Сүйіндік асырап алған, бірақ Оразкелдіден тұқым қалмаған деп келтіреді. Бұл да Оразкелді тұқымының Бегендік елі бытырап кеткенде бір кездерде Сүйіндікке қосылып, кейін қазақта қалмай, басқа жаққа кеткенін, «жоғалып» кеткенін көрсетеді, әрі Бегендікті ерте өлді деуі Бегендік тайпасының ерте дәуірде белгісіз күштің әсерінен жойылып, немесе, түрік тектес қауым ауқымынан біржола шығып кетуге мәжбүр болғанын білдіреді.
Н.Я.Бичуриннің жазғанындай, Сюннудің (Сюнг) қытай жазбаларында Хуннулар сапында кейде Сюйбу деп, яғни СүйінБеген түрінде келтірілуі де осыны білдіретін сияқты. Қуан(дық), Сүйін(дік), Беген(дік), Шеген(дік) атауларындағы дық, дік жалғауларының кейін, қытайлардың сяньби және усындармен бірлесіп Хуннуларды төртке бөліп жібергеннен кейін, Арғынның Мейрам сопы бөлігінің Жиделібайсынға келіп Эфталит (Ақғұн) империясын құрғанда, әр тайпаның қалдықтарының қайдан шыққанын білдіру үшін жалғанғандықтары анық. Өйткені, қытай деректерінде аттары жаңағы жалғауларсыз беріліп, Жиделібайсынға келіп қайтадан ел болып, етек-жеңін жиғанда жаңадан қосылады.
Асан қайғы бабамыздың жердің жұмағына теңеген Жиделібайсын жері болса, қазіргі кезде Өзбекстан (Сухандария облысы, Байсынтау, Денау), Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттерінің территорияларында үшке бөлініп жатыр. Сол жерлерді жайлаған, қызылдар уақытында «басмач» атанып, қуғын көргеннен дені Ауғанстанға өтіп кеткен, эфталит-ақғұндардың қалдығы Лақай халқының құрамында әлі күнге дейін Байрам, Төртуыл, Қуандық, Сүйіндік, Бұрындық, Күйіндік, Қуырдақ (осыдан елу жылдар бұрын 4500-дей адам екен) рулары бар. 1950-60 жылдары осыны жақсы зерттеген Б.Кармышева мен қазіргі лақайлық профессор Н.Назаров Байрамды Мейрамға, Бұрындықты Бегендікке теңейді. Ал, Қуырдақ руының өкілдері Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданын жайлайтын Арғын, Қуандық Алтайдың аталықтар елі Сайдалы руының құрамында жүр, басқа елде кездеспейді. Бұл да ақғұн-эфталиттердің, яғни қазіргі Лақайлардың Арғын екенінің және 500 жылдық тарихы мұрағат құжаттарымен дәлелденген қазақ хандарының аталықтарының түп аталарының Жиделібайсынмен, яғни Эфталит (Ақғұн) империясымен қатысы барлығының тағы бір дәлелі болмақ.
Үшіншіден, бұл мәселенің Н.Аристовта да (211, 213беттер) кездесетін жері бар. Ол Рашид ад-динге сілтеме жасай отырып, «VII-VIII ғасырларда қазіргі моңғол жерінде найман мен керей хандықтарынан әлдеқайда күшті де үлкен мемлекет «бикин», немесе «бегули» тайпасы болды деп атап көрсетті. Ал, ол тайпаның патшалары Ван-хан, Таян-хан және басқа да найман, керейт патшаларының әке-бабаларынан әлдеқайда күштірек және үстем, әрі құрметті еді, бірақ оның маңызы Шыңғысханнан көп бұрын жойылып кетті, кейін керісінше жаңағы патшалар күшейді. Ал, бикиннің қалдықтарын Шыңғысхан оңғыттарға қосып, оларға ортақ көші-қон берді» - деп жазады. Бұл, тәрізі, Павлодар облысында және Ақмола облысының Ерейментау маңында тұратын Қозғандар болуға тиіс. Ал, Сары Қозғандар Ақмола облысының Атбасар ауданын мекендейді, әрі бұл ата қонысы, дұрысы ерте замандардағы жайлауы болуы мүмкін, өйткені Н.Ксенофонтов жазғандай, сақа тілінде Атбаса деген рудың аты кездеседі.
Сахалардың викингтермен туыспыз деп жүргені не?
Ал, Н.Аристов сияқты алтайшыл маман түркітанушылар Бикин тайпасын Алтай өңіріндегі ешбір ұлтқа қоспайды. Оның VII-VIII ғасырдарда аяқ астынан пайда болған бикиндердің Шыңғысханнан көп бұрын маңызы жойылып кетті дейтіні, Бикиннің VIII ғасырда тарап кеткенін көрсетеді. Ал, «олардың патшалары Ван-хан, Таян-хан және басқа да найман, керейт патшаларының әке-бабаларынан әлдеқайда күштірек және үстем, әрі құрметті еді» деп жазуы, олардың тегі осыдан 1100-1200 бұрын ғана белгілі ел болған Найман, Керейттерге қарағанда өте көне ел, 5-6 мың жылдардан бері іргелі мемлекет болып келген, кезіндегі ең мықты, әлемге әйгілі алып Алтын Арғу-Талас елінің өкілдері екеніне меңзейді. Бикиндерді Найман, Керейт хандықтарының 1-2 ғасыр ғана алдында болған, әрқайсысы 40-50 жыл, әрі кетсе 100 жыл ғана дәуірлеп, адамзат тарихының қас қағымдай сәтін ғана алған әртүрлі Түркі қағанаттарымен (Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ) де салыстырмайтыны, Бикиннің олардың билеуші таптарынан шықпағанын көрсетеді.
Оның үстіне, олар үшін бәрі жабылып екі ғасырдай ғана өмір сүрген Түрік қағанаттарының тарихына қарағанда мыңдаған жылдық тарихы бар, түп тамыры көне заманда жатқан Арғу елінің маңызы әлдеқайда артық, үстем, әрі құрметті еді, оның үстіне барлық тайпалар кезінде ондаған ғасырлар бойы солардың қол астында болған еді. Тіпті, басындағы Түрік қағанатын құрған Момындарға да қоспайды, ол да Бикиннің Арғынның Момын бөлігігінен емес, Мейрам бірлестігінен шыққанын анықтап көрсетеді.
Ақыры, VII-VIII ғасырларда Монголия жерін жайлаған елдердің ішіндегі ең күштісі болған Бикин, немесе Бегули тайпасының (Бегендік) Шыңғысхан заманынан көп бұрын тарих сахнасынан жоғалуы, оның бір бөлігінің, яғни саха руының (қазір 450 мыңдай) Сібірге кеткенін көрсетеді, ал сонымен бірге қазақта тек Қозған руының ғана қалуы, екінші негізгі жартысы қайда кетті деген сұрақты туғызады және сол VIII ғасырларда ғайыптан пайда болып, үш ғасыр бойы жойқын шабуылдарымен Европаны тітіреткен викингтерді еске түсіреді. Әрі оларды сақалардың да іздеп жүргені қызық, өйткені олардың жадында Бикин, Бегули, Беген аты қалып қойған. Оларда Беге-Айыы деген ерекше бір құдайларының аты болса, Бекене деген елді мекеннің де аты бар, ал, Биге, оңтүстік сахаларда Бёгё деген сөз мықты, күшті дегенді білдіреді.
Сол сияқты, Семейдің солтүстігіне қарай, Алтай өлкесінің шекарасына тақау жерде Бесқарағай ауданына қарасты Беген деген ауыл, Беген орман шаруашылығы бар. Бұл Бегендік руының Алтай өлкесіне ауып бара жатқан жолын көрсетеді. Яғни, Беген тайпасының жартысы Европаға, жартысы Сібірге ауар алдында осы араны мекендеп, осы жерден бытырап кеткенін көрсетеді. Сонда қазақ жерінде Қозған руы деп аталған қалдығының бір бөлігі Ақмола облысының Атбасар ауданында, бір бөлігі Ерейментау ауданында, кейбір аталары Павлодар облысының Семей жақ бетіндегі Беген ауылы маңында шашырап қалған.
Ал, сақаларға келетін болсақ, В.Чемезов деген якут ғалымының сақалар мен викингтердің туысқан екенін дәлелдеп жазып, кино түсіріп жүрген де жайы бар. Ол Скандинав елдерін аралап, сақалардың тұрмыс тірлігінің викингтермен ұқсастығына таң қалып, біздің бабаларымыз викингтерден бөлініп, Европаның Солтүстік мұзды мұхит жағындағы жағалауын жиектей жүзіп, осы Сібір жерінен шыққанбыз дәлелдеп жүр. Ол викингтердің Сагаларын, тілін, діни нанымдарын, тұрмыc-салттарын, аңыз-әңгімелерін 5 жыл бойы зерттеп, сақаның Эллей, немесе Элдейінің оларда Эдлей екенін көріп, «Эллей родом из викингов» деген кітап жазып, документальды фильм де түсірді. Норвегияға барғанында ол жақтың тұрғындарының материалдық мәдениетін зерттеп, норвегтердің үйлерінің және ондағы пештен шығарылған мойынына шейін якут балагандарына қатты ұқсайтындарын, әрі ыдыс-аяқтары мен теріден жасалған заттарының да сәйкес жерлері барын жазды. Оның үстіне, руна жазуы екі елде де күні кешеге дейін қолданылды. Томсен ол руналардың түбі бір болмаса түрік қағанаты руналарын қалай оңай оқыды?
Сонымен бірге, якут олоңхошылары мен скандинав сага айтушыларының бірнеше тәулік бойы батырларын жырлайтындарын көрді. Әрі, әуесқой тарихшы өзінің мақалаларында кельт тілі мен түрік тілдерінің шыққан тегі бір деп жазып жүрген казақ Бекет Қарашиннің пікіріне сүйеніп, якут тілі кельт тілімен ұқсас деген де батыл ұсыныс айтты. В. Чемезов : «Якуты, в отличие от других тюркских народов, светлокожие. Многие саха вообще с темно-русыми волосами. А женщины у якутов очень белокожие, как и представители финской нации. К слову, родство финнов с якутами – не такой уж бред, как это может сперва показаться. Генетики проводили исследования генов разных народов и обнаружили у 95 процентов саха и 60 процентов финнов генотип галлогруппы N1c1»- деген де пікір білдірді.
Ал, сақалар, Э.Пекарский сөздігінде якуттердің бір атасы Арғын деп көрсетілгенімен, өздерін арғын дегенге сене алмай қарайды. Орысшыл ғалымдар мен өзіміздің кейбір қазақтар оларды моңғолға, тілді кейін үйренген деп, иранға жатқызып, шатастырып отыр. Сонда да, олар өздерін құл деп ойламайды, керісінше, бәрібір, Арийміз, Шумерлер бізден шыққан, немесе, біз викингтерден шыққанбыз, әлемге мәдениет әкелгендердің біріміз деп санайды. Бұл да тегін емес. Бұл олардың тарихи жадында, қанында кезінде әлемге өркениет әкелгендігі және қуатты мемлекет құрғандығы туралы еміс-еміс бір әңгімелердің сарыны қалғандығын көрсетеді.
Шынында да жетімдер үйінде өскен баланың ата-анасы бар уақытынан ептеген бірдеңелердің есіне анда-санда түсетіні бар емес пе? Немесе, басынан соққы алып, жадын жоғалтқан адамның миына үзік-үзік, бір хабарлар келіп, оны бұл түсінбей, содан бұрынғы өмірін еске түсіре алмай қиналатыны сияқты. Бірақ, бір қызығы, ол хабарлар бұрын сен құл болдың демейді. Сен тектісің, сенің атақты сақтарға, шумерлерге, ғұндарға қатысың бар, солардың ұрпағысың дейді. Бұл жағдай арғындарда да бар. Ал, сақалар, бабалары жаздырып кеткенмен, өздерінің арғын екенін қазақтың арғындарындай сезінбейді, көбі орыстанып, ұмытып қалған. Сонда да, жаңағыдай қазақтың арғындарының сезімдері мен тарихи жады бәрібір бұларда да бар. Тура басқа тайпаларда бұл жоқ. Бұл шынында да сақ, шумер, ғұндардың арғын тайпасының арғы тектерімен тікелей қатысы барын көрсететін жағдайлардың бірі болса керек.
Сақалардың Сібірге қалай барғаны туралы.
Жоғарыда жазғанымыздай, әрі Л.Гумилев тұжырымдарына сәйкес, б.д. басында ғұндар төртке бөлініп кеткенде, бір бөлігінің, яғни 100 мыңдай үйдің Сяньбилерге қарап қалғанын білеміз.
Ал, осы сяньбилерге қарап қалған Хуннулардың 100 мың үйлі Момын бөлігі ақыры төрт ғасырдың ішінде бастары бірікпей, қытайға жем болып жүрген Сяньбилердің басын қосып, Түрік қағанатын құрады. Олардың әуелі өздеріне туысқан Теле тайпасын бағындырды дейтіні, Момындар Хунну мемлекетін билеуші Арғын тайпасынан, ал, Теле дегеніміз сол хуннулардың орда қызметшілері Төлеңгіттер болатын, әйтпесе ол жауынгер телелер ешкімге бағынбас еді. Сондықтан олар өздерінің билеушілерінің тұқымы Момындарға қарсылықсыз бағынып, әдеттерімен ортақ билік үшін күреске шықты. Бұл жердегі ең басты нәрсе, Сяньби, Дунху, Усун, Арғын болсын бәрінің түбі түрік болатын, сондықтан да Момындар дұрыс саясат қолданып, бұл алтайлықтар түріктер өмір бойы Хуннулардың билігіне қарсы күресіп келгендіктен, олардың сүймейтін Арғын атын емес, бәріне ортақ Түрік есімін ту қылып алып шықты. Бұл алғашқыда өзін өзі ақтаған өте дұрыс қадам болды.
Бірақ, бұл, басында Арғынның Момын қағаны құрған империя, Мейрам тайпасы басқарып отырған туысқан Эфталиттің (Ақғұн) алып империясын оларға бағынышты жағдайдағы Иранмен бірігіп талқандап жіберді. Сол VI ғасырдың ортасындағы он жылға созылған соғыс барысында Түріктер Ақғұн мемлекетін мүлдем жойып, орда астанасындағы Толостарды, бүкіл мәдениетті беріп отырған Бегендік (Сақалар) пен Шегендікті көшіріп әкетті. Жетісу, Арал теңізі мен Каспий теңізі маңын жайлаған Сақалар осылай VI ғасырдың орта кезінен аса әуелі Алтай өлкесіне, одан пана таппай Ленаны бойлап, Солтүстік Сібірден бірақ шықты. Ал, оларды зорлап көшірген Түрік қағанаты екі ғасыр ғана өмір сүріп, ақырында тарап кеткенмен, сақалардың елге қайтпағанына сол VII-VIII ғасырларда қазіргі қазақ жеріне ислам дінінің кіріп, Қуан, Сары Арғын (половцы) елдерінің сүндеттелуден қорқып, Оңтүстік Сібір, Европа жеріне қашып көшіп жатқандары да себеп болуы мүмкін.
Міне, сол кезде бұрынғы Арғу жазуына ұқсастығы бар Түрік руна жазуы пайда болды. Осы мәселеге байланысты, лингвист Дж. Клосон қағанатқа руна жазуын Эфталиттер апарды деген пікір айтты. Бұл дегеніміз Сақалар апарды деген сөз болып шығады. Өйткені олар күні кешеге шейін руна жазуын қолданып жүрді. Сонымен бірге, бұрынғы ру таңбаларына ұқсас Арғу жазуындағы әріптердің біразын басқа ел оқи алмауы үшін, төңкерілген грек және парсы әріптерімен алмастырылғаны, мұны парсы және грек тілдері мен жазуын білген адамдар ғана жасай алғанын көрсетеді. Ондай адамдар тек эфталиттер, яғни сақалар болатын, олар Иран, Византия елдерімен қаншама ғасырлар араласып, бірге өмір сүрген еді, әрі мемлекет басқару ісінде де тәжірибелері теңдессіз болатын. Ол жас Түрік қағанаты үшін өте маңызды еді.
Сақалардың этникалық бейнесінен кейбір деректер
Қай халықтың да болса ғасырлар бойы қалыптасқан психологиялық, этникалық жан-сезім белгілері, ұлттық бейнесі мен дүниетанымы сол халықтың дәстүрлерінен, әдет-ғұрып, жол-жора, салт-санасынан, діни нанымдарынан көрінеді.
Жалпы, сақалардың тарихи жадында өзінің оңтүстіктен, нақты айтқанда қазіргі қазақ елінің Арғын тайпасынан шыққанын білдіретін нақты мысалдар, аңыз-әңгімелер, ертегі кейіпкерлерінің есімдері мен әңгіме мазмұндары көптеп сақталған. Ол туралы А.Окладников, Н.Ксенофонтов сияқты атақты ғалымдар да көптеген дәлелдер келтірді. Олар сақалардың діни нанымдары мен дүниетанымын жақсы зерттеді.
Діни наным. Ең бірінші, сақалардың діни нанымдарынан бастасақ, қазір олардың бәрі дерлік христиан дінінің православтық бағытын ұстағанмен, бұрыннан қалған діни нанымдарын да қоса қолдана береді. Мысалы, Иссусты Таңара, немесе Айыы Тойон деп атай береді. Баласы шоқындырылса, мал сойып, құрбандық шалады, оны садақа деп атайды. Олардың қолданысында Таңара (Тәңірі), Бақсы, Шаман Ойуун аттары, сонымен бірге, табиғаттың әртүрлі тылсым күштерінің және жануарлардың иелері (божество) кездеседі. Таңара сөзін Иссустың орнына қолданғанмен де, оның негізгі ұғымы ескірген. Сонымен қатар, сақалар Тәңірінің кім екенін де біледі. Ол туралы түсініктеме Э.Пекарский сөздігінде (З-том, 2551-бет) жақсы келтірілген: « Таңара – 1) видимое небо; небо как божество. Таңара сарыақа – небо прояснится (қазақша: таң сарғаяды), былыттах таңара –облачное небо, облачный день, пасмурная погода; күннах таңара – солнечное небо, солнечный день. 2)общее название добрых существ (=аjыы), добрый дух, бог, богиня ,божество языческое; главное божество, живущее на седьмом небе. (Қазақтағы «7 қабат жер астында, 7 қабат көк үстінде» деген сөздер сияқты ). Хан таңара – великое небо (3- том, 3294- бет )
Ал, бақсы ұғымы да сөздікте және біздегі сияқты бірлі-жарым аңыздарда ғана кездеседі. Сірә, өте ертеден келе жатқан аңыздар болуы керек. Бұдан олардың өте ертеде қазақтар сияқты әруақтарға табынғанын және ол уақыттағы діни көсемдері бақсылар болғанын көреміз. Ал, II-III ғасырларға дейін Арғу мемлекетіндегі Арғын тайпасының, ал III-VI ғасырларда Эфталит (Ақғұн) империясындағы Арғынның Бесмейрам тобында болған кезінде, неолит дәуірінде алғашқы мемлекет пайда болғаннан бастап сенген Тәңірге табынған. Сақалар Тәңірге табынған кездерінде де, шамандық ұғымдарды, тотемдік пірлер, әруаққа сиыну түсініктерін қоса қолдана берген екен. Біздің қазақта да осындай ұғымдардың діни сипатынан айрылса да дәстүр, не ғұрып сияқты елдің әдетінен қалмай келе жатқандары кездеседі.
Шамандықты сақалар оңтүстік Сібірде ұраңқайлардан көріп, бұрынғыларын естеріне түсірген, ал бақсы сөзі Сібір халықтарында болмаған ба, әйтеуір олардың бақсыны Ойуун деп атайтыны қазақтағы бақсының ойыны, жынойнақ деген сөздерді де еске түсіреді. Сақалар солтүстік Сібірге келгеннен кейін, бөтен, бұрын көрмеген жердегі ит тұмсығы батпас ну орман, он ай қыс, қақаған аяз, ат жүре алмайтын қалың қар сияқты табиғаттың дүлей күштерінің қорқынышынан жергілікті тұңғыстардың нанымдарын қабылдап алған. Тек, жандарын отқа жағатын ағашы мен қаптаған аңы алып қалған, қалың Орман иесіне, Қаһарлы Қыс иесіне, сол сияқты аң, мал иелеріне өздерінің осы жерге алып келген киелі ұғымдарының атын беруге тырысқан. Дегенмен де, бөтен жердегі тылсым күштердің алдындағы белгісіздіктің қорқынышы жеңіп, жергіліктілердің негізгі ең үлкен құдайын мойындауға мәжбүр болған.
Мысалы, ең бірінші орында якуттенген жергілікті тұңғыстардың құдайы Юрюнг Айыы Тойон – барлық дүниенің ең жоғарғы құдайы, ол өзіне теңесер ешбір күштінің болуына төзбеген. Осының мысалы ретінде Н.А.Алексеевтің жазып алған якуттің ең бірінші шаман Аан Аргыл Ойуун туралы аңызын келтіруге болады. Бұл аңыздық бірінші шаман керемет қуатты болған екен. Ол ауруларды жазып, соқырлардың көзін қалпына келтіріп қана қоймай, үш жыл бұрын өлгендерді тірілте алады екен. Бұл Юрюнг Айыы Тойонға жетеді. Ол үш рет өзінің шабарманын жіберіп, одан «Ол бұған сене ме екен және жаңағы кереметтерді кім үшін жасайды екен?» деп сұратыпты. Оның «Юрюнг Айыы Тойонға сенбеймін, ал кереметтерді өз күшіммен жасаймын» деген жауабын естіген соң, Юрюнг Айыы Тойон бас имеген шаманды түк қалдырмай жағып жіберіңдер бұйрық берген екен. Жендеттер өлтіруге келгенде Аңыз-шаманның денесі әртүрлі кесіртке, жылан, бақа-шаяндарға айналып кетеді. Олардың ішінен Құдайдың отынан тек бір бақа құтылып кетіп, аса биік бір таудың басына шығып кетеді. Одан Хара Баргыйа Тойон (Қара Бұрқылдақ тақсыр) мен Кюн Кянгис Ойуун (Күнге Тоймас Ойуун) туады, кейін олардан атақты шамандар шыққан екен. Э.Пекарский сөздігінің 1-томының 145-бетінде: «аргыл [ср.Аргын] – большой: Ан Аргыл Оjун - первый (черный) шаман; Аргын [ср. аргыл и кирг.Аргын] – имя одного изъ предковъ якутовъ, сын Хорохоj-а, Гот.» - деп берілген. Бұдан якуттердің өздерінің арғы атасы Қарақожа Арғынды сақалардың ең бірінші шаманы деп атауға тырысқанын көрсетеді.
Бұдан, сақалардың Солтүстік Сібірдің қаһарлы табиғатының соқыр күшінен қорыққаннан жергілікті ғажап иесі Юрюнг Айыы Тойонға бас иіп, өздерінің киесі Аан Аргылдың (Арғын) жеңілгенін мойындағанын, бірақ оны мүлдем жоғалтпай, одан сақа тілінде екені көрініп тұрған Хара Баргыйа Тойон мен Кюн Кянгис Ойуунды шығарып алғанын көреміз. Юрюнг Айыы Тойон Э.К.Пекарский сөздігінде жеке адамның жұмысына кіріспейтін, оның жеке өтініштерін тыңдамайтын, Ғаламды жаратушы және басқарушы, барлық айыы құдайлардың үстінен қарайтын ең жоғарғы күш. В.Л.Серошевскийдің «Якуты» деген этнографиялық зерттеулерінде, Юрюнг Айыы Тойонды қайырымдылық, зұлымдық, немесе, жан иесі ретінде санауға болмайды, дұрысы, ол, жоғарыдан өзінен өзі басып тұрған қайтпас жоғарғы күшті көрсетіп тұрған болмыстың өзі деп жазғаны белгілі Якуттар күні кешеге дейін оны қатты құрметтеп келді, тек, оларды жаппай шоқындырғаннан кейін шіркеу оны христиан сатанасы деп шығарды.
Екінші орындағы ұлы күш ретінде сақалар «Бигер Биге», немесе «Бёгё айыы» деген ерекше құдайын санап, үшінші орында Сюге Тойонды атайды. Сюге Тойон – Күннің Күркірі мен Жасын құдайы. Оны Жаратушы Ұлы Күштің үштігіндегі -- үшінші құдай деп те санайды. Күннің күркірі оның атының тұяғының тарсылы, ал, жасын (найзағай) оның қараниетті күштерді қиратып жүрген айбалтасының жарқылы деп саналады. Сонымен бірге, ол малға қамқорлық жасайды, құлын мен бұзау жібереді, адамға бала береді. Оның қосымша аттары: Аан Дьасын, Дьа Буурай, Орой Бурай, Буурай Дохсун, Уордаах Дьасыбыл, Сюнг Джасын, Сюрдээх Кэлтээх Сюге Буурай Тойон. Бір құдайдың жеті аты бар. Бірақ, оның ішіндегі ең басты құдайы – Сюге Тойон. Кейбіреулер оны Жасынның Жеті құдайы деп те атайды. .
Сақалар діни нанымдарында Арғыл (Арғын) ұғымын бірінші орынға шығара алмағанмен де, Бегендікті екінші, Сүйіндікті үшінші дәрежеге қояды, яғни олар Арғыннан кейін Бегендік екенін біліп, құрметтеп тұр, әрі өздерінің түп атасы екенін, яғни осыларға жататынын да білгендігінің елесі тұр, әрі, кезінде Бикиннің тараған уақытында Сүйіндік құрамында болғанын көрсетеді. Сонымен қатар, сақа аңыздарында Сююн, Сюнг-Хан аталатын мифологиялық бейне бұрынғы Хунну, Сюнну кезеңінен қалған мықты елдің есімі ретінде нақты тұлға түрінде беріледі. Аңыздар Сюннудың шексіз даланы жайлаған қаптаған ұлыстардың әміршісі болғанын, сонымен қатар, оны Қорқыныш құдайы, жер асты патшасы Эрлік хан деп моңғол тайпаларының да қорқа құрметтегенін суреттейді және Сүйіндіктердің, қалаларындағы бір-бірімен төбесі жабық жыра жолдармен қосылатын үйлері жартылай жерге қазылып салынған, Қимақ қағанатын (қазіргі Павлодар облысындағы) құрушы екендіктерін де байқатады. Сібірлік түркілердің Сүйін Ханды жерасты патшасы Эрлик хан дейтіні де осыдан. Якуттер батырлар жырында Сюнг-Джасын боотурды жартылай бөрі, жартылай аю түріне де ене алатын, аң бейнелі де болғанын, соңында кепесін жұлып тастап, адамның жақсысына айналғанын суреттейді. (Ястремский С.В., Образцы народной лит-ры якутов, Л., 1929; 88-99]39. )
Әдет-ғұрыптарынан мысалдар. Сақалар ырымдарға қатты назар аударады, балаларын бесікке салады, оны бісік деп атайды. Бала тұрмаған жағдайда, қоныс аударады. Үйдің ішіне арша түтетіп, аластайды, ол ғұрыпты «арчы, арчыла» деп атайды, яғни аршаның аты содан қойылған болды. Кісі өлгенде, қатындар, немесе «шашты кісілер» бетін жыртып, дауыс қойып, «ыйбын-ай, ыйбын-ай» (ойбай-ай, ойбай-ай, үйбай-ай) деп жылайды. Сірә, тура жылап жатқан кездерінде естіп, жазған кезде о мен ы, н, й дыбыстарын шатастырған болуы да мүмкін.
Ал, баласыз адамдардың әулиелерден бала сұрауы тура қазақтағы сияқты. Бір аңызда баласыз сақаның үйіне кешкілікте екі бақсы жолаушылап келе қалған екен. Ойуун емес, бақсы, яғни өте көне, оңтүстіктен апарған аңыз екені көрініп тұр. Үй иесі жағдайын айтып, жылап, бала көруіне көмектесулерін сұрайды. Қонақтарын жаны қалмай күтеді. Содан, екі бақсы бата берген екен, әйелі жүкті болып, екі ұлды бірінен соң бірін тапқан екен. Жалпы мазмұны осындай аңыз қазақта да бар.
Мәшһүр Жүсіп «Орта жүз шежіресінде» «Арғынның бабасы Жанарысқа алты қожа бата берді» -дейді: Содан, алты ұл, Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Смағұлқожа, Қосымқожа туған екен.
Бұл ислам діні кіргеннен кейін басты кейіпкері қожаға өзгертілген көне заманының ертегісі екенін сақаларда екі бақсы бата берді дегенінен көреміз. Оның үстіне, сақалар да шежіренің Қарақожа Арғынның әкесі деген түрін таратып, әрі сонау Жанарыстың әңгімесінің мазмұнын есте сақтап тұр.
Ал, жору, бал ашу ғұрыптары да қазақпен тіпті бірдей, не құмалақ салады, не жауырын ашады. Оларды Н.Г.Ксенофонтов «Шаманизм» кітабында жақсы талдайды. Мысалы, құмалақ салуды сақалар «Биилке» немесе «Сыанған биилкеге» деп түсінікті қылып-ақ атап, домалақтап жасалған налим балығының сүйектерімен адамның тағдыры мен ісінің нәтижесін жору үшін қолданылатын ерекше тәсіл деп бағалайды: Бұл үшін 41 сүйекті санап алады. Жорушы бал ашуды бастамас бұрын, сүйектің біреуін алып, өзінің өтініші мен тілегін сыбырлап айтып, басынан үш рет айналдырады. Сосын барлық сүйектерді столдың үстіне ортаға үйіп қояды да, сүйектерді көз мөлшермен үшке бөледі. Тура қазақтардыкіндей әуелі оң жақтағы бөлікті төрт сүйектен бөліп алғанда қалған қалдықты оң жаққа қойып, оң иығы дейді, қазақта оң қабағы деп атайды. Ортаңғы бөлікті де солай әрқайсысын төрт сүйектен бөлгенде қалған қалдықты бірінші қатардың ортасына қойып, басы деп атаса, қазақта маңдайы дейді. Бірінші қатардың сол жағын сол иығы дейді. Қалған сүйектерді қайтадан ортаға жинап, жаңағыдай бөліп, екінші қатарды құрайды. Оның ортасын қазақтарша жүрегі, екі бүйірін оң және сол қолы деп атайды. Астыңғы үшінші қатардың ортасын бауыр, екі аяғы дейді. Бізде ортасын құйысқаны, екі жағын қанжығасы деп атайды.
Ал, жалпы жоруы толығымен бірдей. Негізі, құмалақ салуды қазақта екінің бірі білген. Жалпы, түсуін танып, сөйлетуін білсе, құмалақтың дәл айтатын ғажабы елге белгілі болған. Тек, құмалақ салғанда, немесе, тоғызқұмалақ ойнағанда қойдың құмалағын қолданған, бұл қойшылар ойыны деп жазғандардың қателігін айта кетуіміз керек. Қазақ тазалықты сүйетін, қолын жумай тамақ жемейтін халық. Олар малдың нәжісімен бал ашты деген ақылға симайтын шаруа екені белгілі. Шиенің домалақ сүйегі, ол жоқ болса, ағаштан, не сүйектен кертіп домалақтап жасаған соң құмалаққа ұқсатып атағаны белгілі емес пе? Мысалы, өте кішкентай нәрсені биттей, немесе құйттай (құрттай) дегендеріне қарап, құрт пен бит басып кеткен екен деп ойламаймыз, оның жай сөз баламасы, мысал екенін түсінеміз.
Жауырын ашу (Жауырынмен Жору) – Долуур, Доруу.
Жалпы, түркі тектес елдерде жауырыншылардың орны ерекше болған. Жауырынды екінің бірі салмаған. Бұл тегін адамға қонбайтын ерекше қасиет екенін ел білген. Қазақта атақты жауырыншылар бертінге дейін болған. Сақа елі де бұған өте үлкен мән береді және жауырынмен жору әдістері қазақтан айырмасы жоқ. Тек, қазақта қойдың жауырынын пайдаланады. Ал, Сақалар Байкал өңірінен қазіргі жағына көшерде өте қалың қарда жүре алмайды деп қойларын тастап кеткен екен. Сондықтан олар жоруда жабайы бұғының жауырынын қолданады. Жаңа сойылған бұғының жауырынын етінен тазартып, үстіне жанған шоқтың көмірін салып үрлейді. Жауырын сүйектің әр жеріне ыстық шоқтан жарықшақтар түседі. Жауырын да құмалақтағы (Биилке) сияқты, шартты түрде адам тағдырына, ісіне қатысты белгілі бір атауларға бөлініп, әр атаудың өз мәні болады. Жауырыншы шоқтан күйгенде түскен жарықшақтардың бағыттарының табиғатына қарап, ойға алған мәселенің жоруын айтады. Ең ғажабы, ол көбіне дәл келіп отырған.
Ал, Сақалардың шежіресіне тағы да оралар болсақ, олардың тегі Арғын, Мейрам сопы, Төртуыл, Бегендік, тілі көне Арғу тілі, қазіргі уақытша алтай тілінің қыпшақ тобы, тек мың жарым жыл бойында ассимиляцияға ұшырағаннан тұңғыс, хори, ұраңқай елдерінің тілдерінен біраз сөздер кірген. Көпшілігі сонымен бірге орыстанып кеткен. Есімдері сақаша қойылғандары сирек кездеседі, немесе екі аты болады. Бір қызығы, Э.Пекарский сөздігі бойынша сақа тілінде Ұлуу тумул (Ұлытау), Хан суол деген жер аттары, Сары, Арқа, Атбаса деген ру аттары кездеседі. Ал, сақа тілінде оңтүстікте ғана кездесетін арыстан, піл, киік сияқты аң аттары барын көп ғалымдар жазды. Аңыз, ертегілерінің ой желісінде үнемі мәңгі жаз, мәңгі қара жер туралы аңсау көп кездеседі. Өздерін жергілікті Сібір түркілерінен басым, үстем сезінеді. Аңыздардағы Эллейдің аузымен де, жайшылықта да, өздерінің текті тұқымнан шыққанын айтады, әрі қазақтар сияқы, ата-тегін Шумерлерден, Сақтардан және Арийлерден іздейді.
Шаруашылығы, тірлігі, өмір сүру тәсілдері қазақпен өте ұқсас, негізінен Сібірде сақалар ғана ерте заманнан темір өңдеуді жақсы меңгерген және мал бағумен айналысады, киіз үйде тұрады, жылқы, сиыр ұстайды, қымыз ішеді, саумалды самаал деп атайды. Қымызды құюға екі піспекті тері сабаны және қайыңнан жасалған Сарыағас деген ыдысты пайдаланады, ал шараны чорон деп атайды. Ертеде совет заманына дейінгі қазақтар сияқты ондаған мың жылқы біткен байлар болған екен, кейін де ата кәсіпті қолға алғандар саны көбейген. Жасы үлкенге туөр орун, басқа қонаққа орта орун береді. Маса, бүгелік мазаламасын деп, түтін салады, барлық елді шақырып, алғашқы қымыздан ауыз тигізеді. Қымызмұрындықты «Ысыах» (Ысты Ақ, немесе, Ыстық, ыссы) деп атап, маусым айында жаз тойы сияқты тойлайды. Қыс кеш кетіп, биелерін маусымда байлағанымен де, Сарыарқада қалыптасқан әдетімен, мамыр айын әлі күнге дейін «құлынтұтар ай» деп атайды. Маса, бүгелік мазаламасын деп, түтін салады, барлық елді шақырып, алғашқы қымыздан ауыз тигізеді. Солтүстіктегі якуттенген тұңғыстар ғана тек бұғы ұстайды, балық аулайды.
Ауыз әдебиеті және ауызша тарих мәселелеріндегі сақа мен қазақ арасындағы ұқсастықтар.
Эллэйада. Сақа халқы ауыз әдебиетінің асыл мұралары Г.Ксенофонтов қалыптастырғандай Эллэйада деп аталады. Мұндағы басты тұлға Эллэй боотурды А.Окладников Элдэй боотур деп жазып алған екен. Осы Эллэй батыр тұлғасының Арғынның Алтай батыр туралы аңызына қатты ұқсайтыны туралы профессор, тарихшы-этнограф Ж.Артықбаев жазып еді. Шынында да, Эллэй де, Алтай да жалғыз басты батырлар. Пішпекбайда да, Омоғой байда да ұл жоқ. Арғын Алтай батыр қанжығалы Пішпекбайдың қызын алса, Арғын Эллэй (Элдэй) Омоғой байдың қызын алады. Э.Пекарский сөздігінде «Аргын один из предков Эллэй боотура и Тыгына, предводителя якутов» деп көрсетілген.
Пішпекбай Алтайдың түр-тұлғасын ұнатып, тегін адам емес-ау деп көңлі толады. Ал, Омоғойдың денесі Эллэй кіріп келгенде дір ете қалады екен. Оны әйелі сезіп, өзі байқамай қалады екен. Екеуі де байдың жылқысын бағады. . Екеуіне де Пішпекбай мен Омоғой байлар қыздарын өздері береді. Екеуі де ер көңілді, батыр жігіттер. Шаруаны, жылқының жайын білулері ғажап.
Омоғойдың бар жылқысы түтін салып, масаны жолатпай, әйеліне бие саудырған Эллэйдің маңына үйріледі. Ол ағаштан ыдыс жасап, елге қымыз дайындауды үйретеді. Сабаларды ыстап, елді шақырып, «Ысыах» мерекесін жасап, алғашқы қымыздан ауыз тигізеді.
Алтай алда керемет жұт болатынын болжап, Пішпекбайға кеңес береді. Байға, «босқа қырылады, одан да қойларды тегіс сойып, қарға көміп таста, сосын ел ашыққанда таратып беріп батасын аласың» - деп ақыл айтады. Қалған малды не істейтінін айтып, жалғыз өзі жылқыны жылы жаққа айдап алып кетеді. Қыс қатты болып, ел малдан түгел айрылып қалғанда, ол жұттан жылқының біреуін де шығын қылмай аман алып шығып, малсыз қалған байға айдап әкеп береді. Түксіз қалып, не істерін білмей, жылқыдан хабар күтіп жүргенде, қалың жылқыны айдап, тұңғыш қызы Аққоянның қаражорғасын жетегіне алып, ерге бір қырындап қисая отырып келе жатқан жігітті көріп, «атқа отырысы Алтай ағама ұқсайды» - деп сүйінші сұраған қызына қуанған Пішпекбай: «Сүйіншісіне сені бердім»- деген екен. Сол Аққоян анамыздан Алтайдың тұңғышы Алсай туған екен.
Эллей бір аңызда «Ысыахқа» (қымыз мұрындыққа) шақырылған жұрттың алдында жаңа дін, салт-дәстүр және өзі туралы жырлайды. Ол, «мен текті адамның баласымын, патшазадамын. Алты ағайынды едік, мен кішісі едім. Ағаларымнан қағажу көргендіктен, ығысып осында келдім» - деп сыр шертеді.
Ал, Алтайға келсек, ол да алты ағайынды. Ол да қағажу көрген. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың тәптіштеп жазғаны бар. Арғынның Мейрам сопысынан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек бесеуі тараса, Қуандықтан алтау, Аманқарт, Есенқарт, Өмір, Темір, Алтай, Қарпық тарайды. Ал, ел аузында алғашқы төртеуі айтыла бермейді, олардан туатын балаларының атымен де тарата береді. Ол бойынша, Ағыс, Қалқаман, Бөрші, Темеш, Алтай, Қарпық атанады. Мәшекең жазған аңыз бойынша, Алтай мен Қарпық қартайғанда алған тоқалынан туғандықтан, ағалары Аманқарт пен Есенқарттан туатын Ағыс пен Қалқаман, жол жағынан келсе әкелерімен тең болса да, тоқалдан туған деп қорлық көрсетіп, жас балалар Алтай мен Қарпыққа бүркіттерін жаяу көтертіп қояды екен. Соны көрген Қуандық налып, қарғағаннан Ағыс пен Қалқаманның басы өспеді дейді. Қуандық өлгеннен кейін Алтай мен Қарпық еншісіз бөлек кетуге мәжбүр болады. Содан барып, кейін ер жете Алтай Қанжығалы Пішпекбайға кездесіп, соның жылқысын бағуға жалданса керек.
Екі елдің де аңыздарының негізгі мәні Эллэй мен Алтайдың тектілігін, әрі екі байдың да дәулетінің оларға, яғни күйеу балаларына ауғанын көрсетеді. Бұл жерде тағы бір қызық нәрсе, Эллей боотур Омоғой бай оның еңбегіне разы болғаннан, баласындай көргісі келіп, оған үлкен қызын бергісі келеді. Ал, Эллей одан бас тартып, әкесі ақымақ санайтын кіші қызын қалайды. Оның себебі, екі қыз түзге отырғанда, кіші қыз отыра қап күрілдеткенде, даусынан мал үркіп, с...гі жерді ойып кетіп, түске шейін көпіріп жатады екен. Сол себепті, мынадан асыл бала туар деп санағаннан барып, кіші қызға үйленем деп шешкен екен. Сондықтан да Омоғой оған разы болмай, кіші қызын әйелінің қыстағанынан барып әрең береді.
Алтайға да Пішпекбай үлкен қызы Аққоян үш жылдан соң өлгеннен кейін екінші қызын бергісі келмей, күңі қалмақ қызы Кәусенге үйлендіріп, одан Нұрбай батыр туады. Одан кейін барып, Алтай бәрібір екінші қызы Тоққоянға үйленеді. Одан Әлке, Байдалы, Сайдалы туады.
Ал, күрілдету мәселесі Алтай туралы аңызда болмағанмен де, Алтайдың бабасы Мейрам сопының тоқалы Қарқабат анамыздың әңгімесінен алынғаны көрініп тұр, яғни бәрібір ол сөздің де шыққан жері бір жер екен. Ол аңызды Мәшһүр Жүсіп атамыз «қазақ шежіресінде», профессор Ж.Артықбаев та «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» атты кітабында толықтай жазып еді.
Осы аңыздың қазақта бір-екі түрі ғана болса, сақаларда жүздеген түрге айналған. Арасында әйтеуір Эллэй аты сақталған, бірақ мазмұн дәрежесі төмендері көп. Ол сақа арасына сіңген якуттенген кірме ұлттар мен казактардың аңыздағы басты тұлғалардың атын сақтап, мазмұнына өз тұрмыс-салттарына сәйкес әңгімелер қосқан «белсенді» әңгімешілдерін орыстың «белсенді» ғалымдарының «шаршамай» іздеп жазып алғандарын көрсетеді. Олардың негізгі сақа ұлтының аңыздарынан көрі, жанынан қосып айтқандарды көбірек жазып алғандықтарын кезінде Н.Г.Ксенофонтов та қынжыла жазған еді.
Ал, осының бәрі, Н. Ксенофонтов, А. Окладников сияқты ғалымдар жазғандай, біріншіден, осы аңыздардың оңтүстіктен апарылғанын анық көрсетеді. Якуттен біздің алмағанымыз белгілі, өйткені, екі аңыз өте ұқсас болғанмен де, Алтай туралы аңыз өзгермей нақты тұр да, Эллэй туралы аңыз мәнді де, мәнсіз де өзгертіле берген. Оған тұңғыстың да, ұраңқайдың да аты қосылып, өзенге, салға байланыстырылып та кеткен.
Екіншіден, Эллэйдің оқиғаларының мазмұнын Алтай аңызынан ғана емес, одан әрідегі, яғни Алтайдың әкесі Қуандық болса, сол Қуандықтың әкесі Мейрам сопының әйелі Қарқабат туралы аңыздан алып тұр. Ал, Қарқабат жөнінде, оның күрілдеткені туралы деректер сақаларда жоқ.
Үшіншіден, сақалар Қарқабат әңгімесін өз бабасы Мейрам сопыға байланысты болған соң біліп тұрғанмен де, Алтай батыр әңгімесін үлгіге алуы өте қызық. Өйткені, Сақа Бегендік болса, Алтай онымен аталас басқа ру Қуандыққа жатады, яғни Сақаға өз руы Бегендіктен, немесе онымен ағайындас Сүйіндік, Шегендік, Қаракесек ішінен басқа үлгі қылатын ерекше әңгіме болмағаны көрініп тұр. Оның үстіне, сақаларда Арғу елінің патша әулеті хайа (қия, қият, қайы) руының аты да сақталған. Бұл Қасым ханнан бастап, XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандарының көпшілігінің аталықтары шыққан Қуандық Алтай руының сақалар бөлініп кететін VI ғасырдан да бұрын өте белгілі, басшы деңгейінде болғанын білдіреді. Бәлкім, ол уақыттарда да олардан аталықтар шығып, олар сол кезде де билік басында болды ма?
Серікбай Исатайұлы Жаркешов

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста