Алты жасар баланы періштесі қақты
Семейде алты жастағы бала көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап, аман қалды. Бұл жайлы қалалық жедел жәрдем стансысынан хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, оқыс оқиға таяу күні болды. Терезе алдына шыққан ұл бала сыртқа көз салып, маңайдағы көріністі тамашалап тұрады. Кенеттен ашық тұрған терезеден төмен қарай бергенде, абайсызда аяғы тайып кетіп, астыға қарай құлайды. Бақытқа орай оның періштесі қағып, бала аман қалды. Оқиға орнына келген ақ халаттылар жасөспірімді бірден ауруханаға жеткізді. «Бала бірнеше жерден жарақат алған. Омыртқасының сынуы мүмкін деген жорамал бар. Барлығы тексеру қорытындысынан соң белгілі болады» дейді жедел жәрдем стансысының мамандары. Соңғы тексеру бойынша, бірінші сынып оқушысының миы шайқалып, кеуде тұсына зақым келді деген қорытынды жасалды. Қазір жасөспірім ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты.