15 қаңтар күні «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансОйл» ұлттық компанияларынан Дариға мен Әлия Назарбаевалардың күйеулері Шәріпбаев пен Досанов басшы лауазымынан босатылды деп хабарлайды orda.kz.
Димаш Досанов – «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры және басқарма төрағасы болған. Ол бірінші президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға үйленгеннен кейін көп ұзамай 2016 жылы 6 тамызда жоғары лауазымға тағайындалды.
KazTransOil АҚ сайтында бұрынғы бас директор Димаш Досановтың қоштасу хаты жарияланды.
– «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры қызметінен кетуіме байланысты ұжымға, әріптестеріме бірге жұмыс істеген жылдар үшін алғыс айтқым келеді. Әрбір қызметкердің жоғары деңгейдегі кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында компания басты мақсаты – мұнайдың апатсыз және үзіліссіз тасымалдануын абыроймен атқарып келеді, – деді Досанов.