Әліби ЖҰМАҒҰЛОВ: "Айнұр күйеуі мен баласы барын маған айтқан жоқ"
Құрметті оқырман, сәуірдің соңына қарай астаналық бизнесмен Қайрат ЖАМАЛИЕВ пен осы қала тұрғыны Әліби ЖҰМАҒҰЛОВтың арасында болған дау-дамайға байланысты тағы да кезекті ақпараттар ағыны пайда болды. Тура бүгін. Өткенде ғана Ұлт.кз интернет-басылымы аталмыш бизнесменнің жұбайы АЛЕНА ханыммен болған сұхбат барысын жариялаған болса, АЛЕНА ханымның күйеуінен ауыр дене жарақатын алған Әліби ЖҰМАҒҰЛОВ мырза да ақпарат өкілдеріне сұхбат бере бастады. Біз бүгін Әліби мырзаның Радиоточка.кз порталына берген жедел сұхбатын өз оқырмандарымыздың назарына ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.
Сонымен, ӘЛІБИ не дейді, назар аударайық:
- Әліби, сіздің қазіргі көңіл-күйіңіз қалай?
— Рахмет, менің қазіргі жағдайымды жақсы деп айтуға болады.
- Онда айтыңызшы, сол күні кешкісін сіз Айнұр Исина ханымның үйіне неге бардыңыз, әлде сіздердің араларыңызда қандай да бір қарым-қатынас бар ма? Сонымен бірге сізге телефон шалған кім? Әлде Қайрат Жамалиевке телефон шалған сіздің өзіңіз бе едіңіз?
— Мен Қайратқа бірінші болып телефон соққан жоқпын, мұның анық-қанығын тексере салу ешқандай қиындық тудырмайды. Ал сол күні маған Қайрат Жамалиевтің өзі телефон соқты. Телефон соқты да, менің келіп кетуімді өтінді. Біз бұған дейін де бірнеше мәрте кездескен болатынбыз, сондықтан мен оның белгілеген жеріне кешікпей – келіскен уақытта бардым. Мен әлбетте оның тарапынан қандай да бір қауіп-қатер бола қояды-ау деп ойлаған жоқпын, өйткені мен бала кезімнен үлкен адамдарды сыйлау керектігін бойыма әбден сіңіріп өскен жанмын: егер өзіңнен үлкен адам кездесуге шақырып тұрса, онда әрине бару керек, оның үстіне оның жасы менің әкемнің жасымен шамалас. Барған кезде ол маған ешқандай қоқан-лоққы жасаған жоқ, керісінше өте мәдениетті түрде ішке кіруімді өтінді.
- Осыдан бірер апта бұрын ақпарат құралдарына берген сұхбатында Айнұр Исина өзінің сізді онша жақсы білмейтінін, екеулеріңіздің араларыңызда ешқандай да қарым-қатынастардың болмағанын мәлімдеді. Ол сізді «қыр соңымнан қалмайды» дегендей әңгіме айтты. Осы шындық па?
— Айнұр екеуміз кафеде танысқанбыз. Бірнеше айдай жап-жақсы қарым-қатынаста да болдық. Шынымды айтсам, мен оның азаматтық некедегі күйеуінің, тіпті баласының да барын білген жоқпын. Ал сәл кейінірек Айнұр маған өзінің күйеуі бар екенін айтқан соң мен әлбетте, онымен қарым-қатынасымды бірден үздім. Бірақ ол маған әрдайым телефон соғып… тіпті кейде мені өзі іздеп келетін. Содан кейін біз, яғни Айнұр, Жамалиев және мен – үшеуміз кездестік. Кедесу барысында Айнұр Қайратпен сөзге келіп қалды да, мен бірден кетіп қалдым. Кетіп қалдым да – осымен бәрі де бітті деп ойладым.
- Сіз соққыға жығылған күні Айнұр пәтерде болды ма?
— Жоқ.
- Сіз Айнұрды сүйдіңіз бе?
— Мен әрине Айнұрды өте жақсы көрдім. Сүйдім, былайша айтқанда. Ол да мені сүйді. Бірақ өзінің азаматтық некеде күйеуі, баласы бар болғанын менен жасырғанын мен кешіре алмадым. Ол маған тіпті жасырын түрде кездесіп тұрайық деп те қолқа салды. Мен, сондай-ақ, оған ешқашанда «жетіммін» деп те айтқан емеспін, мен оның осындай мәлімдемесін естіген кезде қатты таң қалдым. Оның айтуынша, «Қайрат миллиондардың үстімен» жүреді екен, ал мен болсам «Айнұрдың өзін емес, оның ақшасын ғана жақсы көреді» екенмін… тағысын тағылар. Мен абдырап қалдым. Мұндайды естігенде мен қатты абдырадым, шынымды айтайын.
- Сіздің әкеңіз жария еткен бейнематериалда сіз «адам өлтіргеніңізді» мойындапсыз. Неге?
— Мені жәй ғана ұрып-соққан жоқ, мені қатты қинады. Ойладым – бітті, өлген жерім осы шығар дедім. Ал енді мені бейнекамераға жазып, қайдағы бір адамдардың өлімі туралы айта бастағанда мен есіме өзімнің таныстарымның аты-жөндерін түсірдім. Ол таныстарымның көпшілігі Алматыда бірге оқыған курстастарым болатын. Олардың ешқайсысы да өлген жоқ әлбетте, барлығы да аман-есен. Бірақ олар мені неге бейнекамераға жазды – мен осыны түсінбедім, әйтсе де бір нәрсені анық түсіндім – олар өздері жазған бейнематериалды бір жаққа жібермекші болды.
- Қайраттың заңды жұбайы Алена Жамалиеваның айтуына қарағанда, жақында оған белгісіз бір бойжеткен телефон соғып, сізді қызқұмар, ақшасы-байлығы көп әйел адамдардың соңынан жүгіреді, соларды «обслуживать» етеді деген мағынада әңгімелер айтыпты. Бұған сіз не деген болар едіңіз?
— Алена Жамалиеваны мен мүлде білмеймін, ол да мені білмейтін болса керек деп ойлаймын. Ал Алматыда мен рас, 2013-ші жылы жеке шаруаларыммен екі айдай болғанмын. Сол кезде әлбетте бір отбасының пәтерінен бөлме жалдағанмын, алайда бір де бір ауқатты әйелмен қарым-қатынаста болған емеспін. Бос сөздің керегі не, егер ол дәл осылай деп ойлайтын болса, тапсын сол өзіне телефон соққан бойжеткенді, айтып берсін сол бойжеткеннің айтқандарын жолма-жол қайталап.
- Сіздердің оқиғаларыңыздан кейін интернетті пайдаланушылар екіге бөлініп кетті: олардың бірі сізді жақтайды да, екіншілері Жамалиевті жақтайды. Сіз бұған қалай қарайсыз?
— Мен кейінгі кездері интернетке өте сирек кіретін болғанмын, сондықтан бұл турасында ештеңе айта алмаймын.
- Сіз Қайратты кешіре алар ма едіңіз?
— Жоқ. Сөз жоқ, мен оны кешіре алмаймын.
- Осы оқиғаның барлық ыстық-суығы, ырың-жырыңы біткен соң сіз өзіңіздің алдағы өміріңізді көз алдыңызға қалай елестетесіз?
— Қалай болушы еді, жұмысымды істеп, өмір сүруімді әрмен қарай жалғастыра беретін боламын да.
Міне, Жұмағұлов-Жамалиев-Исина хикаясының әзірге ұзын-ырғасы осындай болып тұр. Жұмағұлов жазылып келе жатыр. Жамалиев қамауда жатыр. Исин ханым әзірге тып-тыныш. Әлбетте, осы жерде оқырмандарымыздың көкейін кернейтін тағы бір мәселе бар, ол – Әлібидің әкесі Нұрлан мырзаның «ұлымның емделуіне қажет болып қалуы мүмкін-ау» деген оймен көпшіліктен көмек сұрап, өзінің банктегі есеп-шотын көрсеткені жөніндегі мәселе.
Бұл мәселеде әзірге біздің білетініміз – Әлібидің әкесі Нұрлан Жұмағұлов қазақстандықтардан түскен қаржының бір тиынына да тиіспеген. Банктегі есеп-шотынан «АРУЖАН» қоғамдық қорына 54 500 теңгені аударып жіберіген. Ал енді Giwi-кошелек дегенмен әзірге жағдай қиындау болып тұрғанға ұқсайды, Нұрлан Жұмағұловтың айтуына қарағанда. Бірақ қалай болған күнде де құжаттарға байланысты туындайтын бірқатар формальділіктер жолға қойылғаннан кейін келесі аптаның бас кезінде есеп-шотына түскен 2049931 теңгені де НҰРЛАН мырза аталмыш қоғамдық қордың есебіне аудармақ.
Әлібидің әкесінің «өткен өмір жолына» байланысты ақпарат құралдарында жарияланған кейбір нақты емес мәліметтерге келетін болсақ, Нұрлан Жұмағұлов мырза бұл мәселенің ешқандай құпия емес екенін мәлімдеді. «Иә, менің өмірімде құпия ештеңе же жоқ, үстімнен бірнеше мәрте қылмыстық істердің қозғалғаны рас, алайда олардың барлығы да заңға сәйкес тоқтатылған. Мен ешқашан сотталған емеспін. Ал жұмысым жағына келетін болсақ, мен Астана бойынша құрылыс департаментінде қызмет істеймін…» деді ол.
Есімізге түсіре кететін болсақ, Астана қаласының тұрғыны Әліби Жұмағұловты ұрып-соғып, оған ауыр дене жарақатын салды деген күдікпен Жамалиев және Прибытков деген азаматтар қамауға алынған болса, үшінші күдікті Арман Әбілтаевқа тиісті органдар тарапынан іздеу жарияланған.