Әлемде құрғақшылықтан жыл сайын 12 млн гектар жер жарамсыз болып қалады. Дүниежүзілік метерологиялық ұйымның мәліметтері осындай. Жаһан елдері бұл мәселемен қалай күресіп жатыр?
БҰҰ дерегіне сүйенсек әлемде қуаңшылықтан жыл сайын 55 млн адам зардап шегеді. 2050 жылға таман жағдай тіпті ушығып, ол жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігін қамтуы мүмкін. Салдарынан адамдар көп шоғырланған аудандарда ауызсу тапшылығы артпақ. Мәселен, Моңғолияда қазірдің өзінде құрғақшылықтан ел аумағының 75%-і шөл далаға айналған. Францияда биыл жыл басынан жауын-шашын мөлшері күрт азайды. Салдарынан өзен-көлдер тартылды. Елде таза су қоры азайды. Төтенше жағдай қызметі болса биыл аптап ыстықтан орман өрттері жиілейді деп есеп берді. Қыстың әдеттегіден жылынуынан өткен ақпан айында елдің оңтүстігіндегі алқаптар өртке оранды. Мамандар жалын шарпыған ормандарды қалпына келтіру үшін климаттық өзгеріске төзімді талдарды егуді ұсынып отыр. Кенияда да климаттың өзгеруінен айдындар құрғап, ауызсу тапшылығы қатты сезілді. 2017 жылы үкімет қуаңшылықты ұлттық апат деп жариялап онымен күреске 20 млн доллар бөлді. Бірақ былтыр елде 40 жыл болғамаған құрғақшылық тіркеліп, пілдер мен ала құландар жаппай қырылды. Біріккен Араб Әмірліктері су тапшылығын инновациялық жолмен шешуге күш салды. Жергілікті компанияның бірі жаңбыр суын ара ұяшықтары сияқты жер асты қоймаларында сақтау тәсілін ойлап тапты. Бұдан бөлек, құмдағы ылғалды ұзақ уақыт ұстап тұрудың жолын ашқан. Ғалымдар бұл технология арқылы шөлейтті жерлерді егіс алқаптарына айналдыруға болады деп отыр.