Әлем өркениетіне қосылған үлес
Тәуелсіз елдің тәуекелімен бой көтерген кешегі жадағай қала – Астана бүгінде жас болса да, бас қала атануға әбден лайық. Аз уақыттың ішінде әлемге әйгілі ару шаһарға айналған Астананың ең басты ерекшелігі – ондағы құрылыстың ұлттық үлгіні ұстанғаны. Нақтырақ айтқанда, Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты үйлесіп жатқан әсем қала жобасының тың идеялары мен жаңа заманғы архитектурасының қазақы нақышқа негізделгені айқын сезіліп тұр десек, қателеспейміз.
Елорданың онжылдық мерейтойында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды», — деген еді. Бұл жерде Астана қаласынан бастау алатын еліміздің жаңа құрылыс кластерінің қалыптасып келе жатқандығы сөз болып отыр.
Қазақстанның астанасы деген биік мәртебеге ие болған, біреуге сыр, біреуге сын, біреуге жыр қала несімен асқақ? Тізе берсең, қаланың іргетасы қаланған жылдан бері салынып үлгерген әсем де биік архитектуралық туындылар жетерлік. «Тәуелсіздік» сарайы, «Бәйтерек», «Астана Триумфы», Ақорда мен «Пирамида» тағы да басқалары — жаңа ғасырдағы сәулет өнерінің қайталанбас үлгілері.
«Қазақ елі» монументі архитектуралық ансамблі — аты айтып тұрғандай, тарихы тереңде жатқан еліміздің тағы бір ерекшелігі. Биіктігі жүз метрге жуықтап қалатын осынау зәулім монументтің ұшар басындағы көкке ұмтылған самұрық жаны азаттыққа құштар қазақ халқының асқақ арманы мен мақсат-мүддесінің айқын айнасы іспетті. 3500 көрерменге лайықтап салынған «Қазақстан» өнер ордасының да өзіндік артықшылықтары аз емес.
Астана қаласы әлі де шырайлана түспек. Өз заманының озық үлгісі саналмақ «Шабыт» шығармашылық сарайы мен «Хан шатыры» ойын-сауық сауда орталығы (бұл құрылыс Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба болып табылады) және жаңа университет халыққа қызмет көрсетуге дайын. Ал 5000 орындық «Хазірет Сұлтан» мешіті, 1000 орындық классикалық опера және балет театры мен Тұңғыш Президент қоры және кітапханасы — Астананың рухани-мәдени өмірі үшін аса маңызды нысандар.
Айтпақшы, біреу білер, біреу білмес, танымал сәулетші Шоқан Матайбековтің іргетасы Астана қаласында орын теппек «Бұлттармен астасқан үй» атты архитектуралық жобасы ЮНЕСКО мен Халықаралық архитекторлар академиясының бастамасымен София қаласында үш жылда қайталанып отыратын жарысқа қатысып, Әлемдік Архитектура Триеналында күміс медальға ие болды.
Иә, аңыз ақиқатқа айналды. Ғасыр ғажайыбы — ару қала Астана, шынымен де, жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Әсем қаланың көз тартар сұлулығына, архитектуралық ерекшеліктеріне аты әлемге әйгілі сәулетшілердің өздері тамсануда. Астана қаласындағы ұлттық нақыштағы нысандар, бәрін айт та бірін айт, қазақ халқының салт-дәстүрінен, бай тарихынан және рухани қазынасынан хабар беріп тұрғандай. Астана келбеті арқылы ұлт келбетін көруге болады.
Көркімен де, көлемімен де өзгелерден өзгерек «Абу Даби Плаза Астана» кешенінің құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Биіктігі 88 қабатты құрамақ бұл ғимарат қонақүйлер, мейрамхана, ойын-сауық орталықтары мен дәстүрлі шығыс базарының жиынтығы болмақ. Сондай-ақ мұнда қысқы баққа да орын бұйырған екен. Яғни қыстың аязында жаздың жаймашуақ күндерін сағынғандар осында келіп бір сәтке қысты жазға алмастыра алады. Жеңіл метро-стансысы бар кешен тәулік бойы жұмыс істейді деп күтілуде. Қысқасы, «Абу Даби Плаза Астананы» тамашалағысы келген қала тұрғындары мен қонақтар үшін барлық жағдай жасалмақ.
«Астана алдағы уақытта туристік Меккеге айналады» дейді біреулер. Мұндай теңеу енді бой көтермек «Бурабай Лэйкс Резортс» демалыс кешеніне байланысты айтылса керек. Сөз жоқ, Бурабайдың табиғаты жұмақтай. Енді оны жаңа заманғы сәулет өнерімен көріктендіре түссе, тіптен ғанибет. Сәулетшілердің болжамы бойынша, егер жер жаннаты Бурабайдағы табиғат сыйы — су, орман, тауларды пайдалана отырып, толықтай жұмыс істетсе, әлемдік курорттар сияқты мұнда жыл сайын 100 миллионға тарта турист демала алатын болады.
«Еуразия жүрегінде» атты кітабында Н.Назарбаев осынау шешуші сәтті былай деп еске алады: «Конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жобалар Конгресс-холлға қойылды, сөйтіп, олармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки деп біршама басқаша аталады) жобасы қабылданды».
Астана тек сұлулықтың, әдеміліктің символы ғана емес, оның ұлттық нақыштағы келбеті қазақ халқының сан ғасырлық тарих қойнауын бір қопарып, шежіресін әлемге паш етті. Сөз жоқ, елордамыз – Астана жаңа ғасырдағы әлем кереметтерінің бірі атануға тұрарлық.