Алдағы 60 жылда Алматы ағашсыз қалуы мүмкін
Еліміздің экологиялық ахуалы күн санап нашарлап барады. Еліміздің эколог мамандары қанша рет дабыл қақса да, табиғатқа жанашырлық таныта алмай отырмыз. Мәселен соңғы бес жылда Алматы қаласының ағаштары 100 мыңға азайып кеткен. Ал қалай болса солай оталып жатқан ағаштарға тыйым салмасақ, алдағы уақытта жасыл желегімен әдемі болып тұрған қала бар әсемдігінен айрылып, ағашсыз қалуы әбден мүмкін.
«Экспресс К» басылымының хабарлауынша өткен жылы Алматы қаласында 15 мың түп ағаш рұқсат бойынша кесілген екен. Ал рұқсатсыз кесілген ағаштардың саны белгісіз болып тұр. Алматы қаласы әкімдігінің
мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы Алматыда 1 470 000 ағаш болса, қазір 1 360 000 ағаш қалған. Өткен жылы әкімдік тарапынан 15 мың ағашты кесуге рұқсат берілген көрінеді. Әкімдік келтіріп отырған мәліметке орай «Экспресс К» басылымы «егер осылай жалғаса беретін болса, Алматыда 60 жылдан кейін ең соңғы ағаш кесіледі» деп жазады.
Расында да соңғы кездері Алматы қаласында ағаштарды жаппай отау жиі орын алып кетті. Жергілікті басқарушы билік өкілдері «біз тек түбі шіріген, ұзақ жасаған ағаштарды ғана кесудеміз. Алматыдағы жасыл желектің 80 пайызы - 125 жыл болған ескі ағаштар, оларды бағалы тұқымды ағаштарға алмастыру қажет» дейді. Алайда сол кесілген ағаштардың орнына егіліп жатқан тал-дарақ тағы жоқ. «Ата бабамыздың бір тал кессең, он тал ек» ұстанымы ұмыт қалғандай. Әйтпесе жерге шыбық қадасаң, терекке айналатын, топырағы құнарлы, жер жаннаты саналатын Жетісу өңірінде бес жылдың ішінде ағаш саны 1 470 000 нан 1 360 000 ға кемімес еді.
Айта кетер жайт бүгінде Алматы қаласының экологиялық жағдайы өте нашар деңгейде. Әсіресе ауасының құрамы мамандарды алаңдатып отыр. Мәселен қазіргі таңда қала ауасының құрамындағы оттегінің үлесі 17 пайызға әзер жетеді екен. Эколог мамандар «мұндай экологиялық ахуалды оңалтудың жалғыз жолы – ағаш егу еді» дейді.
Өткен жылы Алматы қаласында көше бойы мен бақтарда өсіп тұрған ағаштың көп оталып жатқанын айтып дабыл қаққан эколог Мелс Елеусізов қалада шамамен 30 мыңнан астам ағаш кесіліп, экологиялық жағдайға кері әсер еткенін айтқан болатын. Тіпті «Алматыда Кеңес Одағы кезінде егілген ағаштың жартысынан азы қалды. Кесілген ағаштың орнын толтырып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім бақыламайды. Норма бойынша оталған бір ағаштың орнына он ағаш егу керек болатын. Бұл норманы үнемі бақылап отыратын болса, Алматының айналасы қазір орман болып кетер еді» деген еді.
Осы орайда айта кетер жайт, жыл сайын көктем мезгілінде Қытай елі ағаш егу мерекесін атап өтеді. Бұл мереке Қытай және Тайвань елдерінде мемлекеттік мәртебеге ие. Бүкіл халық 12 наурызда елдің бар аймақтарында ағаш отырғызады. 1981 жылы V Қытай халқының ұлттық конгрессінің төртінші отырысында «Ерікті ағаш егу шарасы» туралы шешім қабылданады. Шешім қабылдау барысында «Ағаш отырғызу күні» деп 12 наурыз бекітіледі.
Бұл шешім талқыланған кезде 11 жастан 60 жасқа дейінгі әрбір дені сау, ақыл-есі дұрыс азамат бір жылда бес ағаш егіп, олардың өсіп кетуіне ықпал ету тиіс деген талаптар қарастырылды. Егер де белгілі бір себептерге байланысты ағаш егу мүмкіндігі болмаса, ол өзге ағаштарды суару, әктеу, жан-жағындағы арам шөптерін жұлу, қопсыту сияқты жұмыстарға ат салысуға міндетті деп белгіленген. Қазіргі таңда жаппай ағаш отырғызу шарасы бірқатар елдерде әр түрлі мезгілде жүргізіледі. Ағаш отырғызу шарасы Америка, Украина, Оңтүстік Корея, Алжир, Мысыр, Жапония, Бразилия, Германия, Португалия, Бельгия, Италия елдерінде жыл сайын өткізіліп тұрады. Сондықтан біздің елімізге де ағаш егуді дәстүрге айналатын кез жеткендей.