Естеріңізде болса, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жемқорлыққа қарсы күрес механизмі ретінде жол полицейлерінің жалақысын көтеруді тапсырған еді. Осыған орай Үкімет 2009-2011 жылғы республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге бөлуді ұсынған. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кезекті бір селекторлық кеңесте Экономика және бюджеттік жоспарлау және Ішкі істер министрлігіне осы мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Өкінішке қарай, сенатор Серік Ақылбай бұл тапсырманың әлі күнге дейін орындалмай келе жатқанын өңірге барып байқап келген екен.
«Менің байқағаным, әлі күнге дейін жол полициясы қызметкерлерінің жалақысы көтерілмей отыр. Жол полицияларының орташа жалақысы 40 мыңнан аспайды. Ал жолда жүріп, көлік жүргізушілермен тікелей байланысатын жол инспекторларының жалақысы 30 мың теңге ғана. Әрине, осындай қиын жұмыста жүрген адамның жалақысы төмен болса, ол жемқорлыққа жақын болады», – деді сенатор Серік Ақылбай кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында. Осы мәселені қаперге алуларын сұрап, ұсыныс жасады.
БЮРОКРАТИЗМДІ ЖОЮҒА БІР ТАБАН ЖАҚЫНДАДЫҚ
Елбасы өзінің халыққа жолдаған Жолдауында «кәсіпкерлеріміздің аяғына тұсау болатын біздегі бюрократиялық жүйенің көзін құрту керек» деп тапсырған болатын. Яғни кәсібін иіремін дегендерге барлық мүмкіндік жасалу керек. Осыған байланысты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов арнайы заң жобасы әзірленіп қалғанын айтты.
ШӘМШІГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Алдағы тамыздың 15-інде ұлттық өнеріміздің дара тұлғаларының бірі, көрнекті композитор, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толады. Осыған орай Қуаныш Айтаханов композитордың мерейтойын республика көлемінде атап өту үшін арнайы Үкіметтік комиссия құруды ұсынып отыр. Сонымен бірге депутат Шәмші Қалдаяқовтың тұлға болып қалыптасуы мен көркем туындылары дүниеге келген Алматы қаласындағы саябақтардың біріне Шәмші есімін беру қажет екенін айтты. Ол сол саябақта композитордың ескерткіші орнатылса деген тілегін жеткізді.
ДӘЛІЗГЕ – ҚАРЫЗ
Сенаттың жалпы отырысында көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов «Қазақстан Республикасы және Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялауға ұсынды. Бұл келісім негізінен былтырғы жылы 3 желтоқсанда Жамбыл облысының аумағынан өтетін ұзындығы 79 шақырым болатын жол телімін және жол пайдалану қызметтерінің төрт кешенін реконструкциялауды қаржыландыру мақсатында жасалған. «Азия даму банкі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңарту жобасы бойынша барлығы үш траншпен жалпы сомасы 700 миллион доллар көлемінде қарыз ұсынып отыр», – деді Әбілғазы Құсайынов.
Бұдан басқа сенаторлар «Атқарушы іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісінің шешімімен келісіп, Заң жобасы қабылдады.