Алаштың той индустриясы

Тойға барсаң, тойып бар...
Соңғы кезде той индустриясы қарқын алды. Әрі бұл – тек біздің елді ғана емес, бүкіл әлемді жайлаған құбылыс. Голливуд жұлдыздары мен «Форбс» басылымының бетін бермейтін олигархтардан бастап, қарапайым халыққа дейін тойжарыстың қызығына түсіп кеткелі қай заман.
Бүгінде той – өндіріс. Осы өн­дірісте сан қилы кәсіп ие­ле­рі нәпақа тауып, жан бағып жүр. Неке рәсімдеу – ақша. Қа­лың­дық пен күйеу жігіттің көйлек-көн­шегі, аяқкиімі, ша­шына та­ғатын, қолына ұстайтын гү­ліне дейін – сауда.  Қала ішін­де сер­уендеу – бизнес. «Тамада ба­зары» қызып тұр. Той өт­­кі­зу­ден мейрамхана арасында жа­рыс.   
Психологтердің айтуынша, ас­та-төк той көбіне мақтан  үшін өткізіледі. Әсіресе сән-сал­танатқа қалыңдық құмар. Өйт­кені өзіне дейін құр­бы­сының  тойы керемет өтсе, одан қайтсе де асып түсуі ке­рек.  «Ал мұндай бәсекелестік адам­дар­дың бір-бірін тү­сінуіне кедергі келтіреді. Ал­дағы жұ­байлық өмір қандай бо­лады, онда шаруасы жоқ. Әй­теуір, той ең қымбат мей­рам­ханада өтсе, ең сәнді көй­лек киіп, ең ұзын мәшинеге мін­се – сол да жетіп жатыр» деп қын­жылады ма­мандар.  Өзге жұрт­тан қай жеріміз кем де­ген жалған на­мыс та жоқ емес. Осы­ның бәрі той индустрия­сы­ның өріс­те­уіне се­бепші бола түсуде. 
Той шығынына келсек, оның нақты есебін шығару қиын. Се­бебі әр аймақтың өз ба­ғасы бар және әркім өзінің әлеу­мет­тік дәрежесіне қарай кө­сіледі. Көбі тойды несиеге жа­сай­ды. Осыған қатысты қо­ғам­дағы пікір де екіге жа­ры­лады. Бі­рін­шілері банктен несие алып, кейін оны той­ға жи­налған ақша есебінен жа­бу­ды ойлайды. Екіншілері үй­лен­бей жа­тып қарыз алуды жа­ман ырым дейді. «Той жа­сауға ақшаң жоқ па, некеңді тір­­кет те, тыныш отыр. Ал ша­қырылмай қалған қонақтар рен­жісе, өздері білсін. Туған-туыс­ты ішкізіп-жегізу үшін не­сие алу –  барып тұрған со­ра­қылық» дейді олар. «Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жы­рады» деп атам қазақ бекер ай­тып па?
Әрине, кім қандай шешім қа­былдайды – өз еркі. Де­ген­мен той қамына кіріспес бұрын ойланған дұрыс. Той­дан не күтесіз? Сіздің қуа­ны­шыңызды бөлісетін жақын адам­дармен көңіл көтеруді қа­лайсыз ба, әлде жұртты «жо­марттығыңызбен» таң­ғал­дырғыңыз келе ме? Біріншісі бол­са, шектен тыс шашылудың қа­жеті шамалы. Ал екіншісі бол­са, онда «жыртыл, қазақ, жыр­тыл!» Қанша дегенмен «той өндірісін» қазақтан артық кім біледі?

Тойдың экономикалық сөздігі
Құдалық  –  сауда-саттық келісімшарты
Сырға салу  –  фирмалық марка
Киіт кигізу – тауар айналымы
Қалыңмал  –  қосымша құн салығы
Ұзату тойы   –  презентация
Беташар  – жылу жинау
Келін түсіру тойы  – алыс-жақын инвестиция


Той есебi

Қалыңдық көркі – шүберек (1000 $ + 700 $)
Диана ханшайымның той көйлегіне 40 метр жібек, 10 000 тал маржан жұмсалған деседі. Тігуіне жарты жыл кеткен. Монако ханшайымы Грейс Келлидің көйлегіне 125 жыл бұрын тоқылған шілтер пайдаланылыпты. Бәріне мұндай шама қайда? Дегенмен ханшайым болмаса да, кез келген қалыңдық көйлегінің ерекше сәнді болғанын қалайды. Әлбетте, көбі жалға алғаннан гөрі жаңасын кигісі келеді. Кейін әже болғанда санды­ғы­нан сарғайған шүберекті шығарып, «міне, мынау – менің аталарыңа шық­қанда киген көйлегім» десе, ол да бір аңыз ғой! Сондықтан ба­зардан ба, бутиктен бе – қайдан болса да бір көй­лекті сатып алған дұрыс.
Әйдік көйлектің орташа бағасы 600 доллардан басталады. Оған туфли, фата, шұлық  т.б. ұсақ-түйек әшекейді қосқанда, қалыңдықты киіндіруге кететін орташа сома 1000 долларға жетіп жығылады.  
Күйеу жігіт те сәндену жағынан қалыспайды.  Әй­гілі кутюрьенің қолынан шыққанды кие ме, қытай ше­бері тіккен «хуго босс» костюмін кие ме – таңдау көп. Ор­таша есеппен костюм 400 доллар, жейде 50 доллар, оған галстук, туфлиді қосқанда,  250 доллардай жұм­салса, күйеу жігітті бастан-аяқ киіндіруге 700 доллар жұм­салсын делік (мектеп бітіргенде киген костюмі кі­шірейіп қалмаса, ол да жарап қалар). 
Ескерту: Арзан не қымбат болсын үйлену тойына арналған киім ыңғайлы болғаны дұрыс. Себебі бұл киіммен таңертеңнен кешке дейін жүруге тура келеді. Мәселен, төплиі қысып тұрса, «дүниенің кеңдігінен не пайда?»

Той кортежі  (100 $)
Некесі қиылған соң жастар мен олардың соңына ерген нөкерлері қала ішін аралауға бағыт алады. Үнемдегісі келетіндер таныс-тамырдың мәшинесіне отыра салуына да болар еді. Бірақ оған қалыңдық көнсе жақсы. Сондықтан көлік ұсынатын фирмаларға жүгінуге тура келеді. Бұл салада ең шекті тапсырыс – 4 сағат, яғни бұдан аз уақытқа жалдай алмайсыз. 20 адам сыятын лимузин сағатына – 100 доллар.

Асаба  (600 $)
Той қызықты өту үшін асаба нағыз ас болсын.  Әлбетте, интернет пен баспасөздегі жарнамадан көз сүрінеді. Шетінен шешен, сегіз қырлы, бір сырлы (оны тойда ғана сынай аласыз).  Орташа құны – 600 доллар. Бірақ тұрақты баға жоқ. Бәрі де өзара келісуге байланысты. Неғұрлым атақты болса, құны да жоғары.

Безендіру
Қазір той өтетін жерді шармен, жүрек секілді сан қилы әшекеймен безендіру сәнге айналған. Безендірілген залдың мерекелік көңіл күй сыйлайтыны белгілі. Мұндай әсемдіктің құны  15 000-20 000 теңге көлемінде.

Ұсақ-түйек
Негізі, көзге көрінбейтін уақ нәрсеге ақша көп кетеді. Мәшинеге сақина, серуенге шыққанда ішіп-жейтін азық-түлік, сусын, бірреткі ыдыс сияқты асай-мүсейге 500 доллардай жұмсалады.


(Ескерту: қазақта не көп, той көп. Сондықтан олардың бәрін тізбей, ең көп таралған үйлену тойына тоқталдық. Басқа тойдың шығыны – соның ар жақ, бер жағында)

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК
Сәукеле – ұзындығы он қарысқа дейін биіктей беретін қалыңдықтың әшекейлі бас киімі. Мұның әр қарысы қымбат тастармен әшекейленеді. Бірінші қарысы – күмістен, екіншісі – алтыннан, үшіншісі гауһардан деген сияқты. Сәукеленің биіктей бергеніне қарай қыздың құндылығы да, қыз жақ әулетінің бақ-дәулетінің салмағы да арта беретін болған.  Қазақ байлары арасында қызының сәукелесін 100 жылқыға жасатқандар болған. Ал қоңыртөбел дәулетті, кедей-кепшіктің қызы сәукелесін қымбат матамен әшекейлеген.

Неке жүзігі (100 $)
Неке жүзігі – жұбайлардың махаббаты, сенімі мен бірлігінің белгісі. Жүзік алмасу дәстүрі барлық халыққа ортақ.  Жүзікті таңдағанда оны өмір бойы тағатыныңызды ұмытпаған жөн. Тасы жоқ неке жүзігін 100 доллардан сатып алуға болады.

Гүлдестесіз қандай қалыңдық? 
(50 $ )
Дүкендегі гүлдің көптігі сонша – бас айналады. Сондықтан гүл таңдауда кәсіби маманның кеңесіне жүгінген жөн. Гүлдестенің орташа бағасы – 50 доллар. Дайын гүлді тойдың алдында өзіңіз аласыз ба, әлде үйге әкеп бере ме – ол да алдын ала келісіледі.

Суретке, бейнежазбаға түсіру (500 $)
Мұнсыз болмайды. Әйтпесе кейін ата-әже болғанда немерелердің алдында қалай мақтанбақ? Сондықтан сапа жағына айрықша мән берілуі керек. 
Фото, бейне түсірілімнің орташа  құны – 500 доллар.

Тойхана (2500-15 000 теңге)
Той бюджетіндегі қаржының басым бөлігі осы тойханаға жұм­салады. Мұндағы шығын ас мәзірі, залды жалға алу, жұмыс күшін қамтиды.  Тойхана бағасы дәрежесіне қарай жан басына шаққанда 2500-15 000 теңгеге дейін. Ас мәзіріне ішімдік қосылса, онда бұдан қымбатқа түседі.

Ішімдік пен сусын (600 $)
Тойханалардың көбі той иесіне ішім­дікті өзі әкелуіне рұқ­сат бе­реді.  Бұл да – бюджетке үнем. Әдетте, дастарқанға арақ, ақ және қызыл шарап, шам­­пан қояды. Ер адамға – 1 л, әйел адамға 0,5 литрден есеп­­теледі. Сонда 100 ер адам, 100 әйел адам келсе – 150 литр ішімдік алынады деген сөз. Қа­зақ­тың той­ла­рында ішім­дікке қоса, қы­мыз бен шұ­бат та қо­йылады (әсі­ресе қасиетті Ра­мазан айын­да өт­кі­зілсе). Ол да арзанға түс­пейді. 
Ішімдіктің де, сусынның да қанша іші­­летінін бағамдау қиын. Сол үшін ар­ты­ғымен алады. Арақ-шарапқа ор­та есеп­пен 600 дол­лар ша­­ма­сында жұм­салады.

Әншілер (кем дегенде 1000 $)
Тойға әнші шақыру – бұлжымайтын дәстүр. Естуімізше, атақты әншілер 5000 доллардан кем алмайды. Жай әншінің өзіне кемінде 1000 доллар төлеу керек.


Ең қымбат той – Алматыда
Оңтүстік астанада тойды барынша үнемдеп өткізгеннің өзінде 15 мың доллардай жұмсалады.
Мейрамхана –  жан басына 5000-нан 30 000 теңгеге дейін
Дастарқанды безендіру – 3000 теңгеден басталады.
Жарық пен дыбыс – 220 000 – 250 000 теңге
Залды безендіру – 1500 доллар
Бишілер тобына  – әр биге 25 000-30 000 теңгеден (үш биден кем болмауы қажет, яғни би шоуына 90 000 теңге).
Музыкалық топ – 4000 доллар
Қостілді асаба – 300-330 мың теңге
Лимузин – сағатына 100 доллар (төрт сағатқа жалдаса), одан аз уақытқа сағатына 150 доллар.

Ең арзан той – ауылда
Мейрамхана  –  аула
Дастарқан – азық-түлікке ғана шығындалады
Жұмыс күші – көрші-қолаң
Музыка – магнитофон
Ойын-сауық – ауылдағы өнерпаздар
Есесіне қаладағы тойдан екі есе қызықты өтеді


Байлардың сән-салтанаты

«Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді» демекші, олардың заманға сай өз дәстүрі шыққан. Қазір бай қазақтар құдалықты ел ішінде емес, шетелде өткізуді «сәнге» айналдырған. Әсіресе Дубай мен Ыстамбулда. Ең қымбат қонақүйлерді жалдап, сол жерде барлық рәсімді өткізеді.
Құдалықты жат жұртта өткізген соң, тойдың да сол жақта болатыны белгілі.  Мәселен, былтыр Ыстамбулда той жасаған қазақтардың алтыннан шашу шашқаны талайдың таңдайын қақтырғаны мәлім. Мұндай тойға қанша қаржы жұмсалатынын той иелері өздері білсін.

Осылайша, отау құрғысы келетін жігітке тек қана той өткізу үшін орта есеппен 1 миллион, ең дұрысы 1,5 млн теңге (10 000  $) қажет.  Бұл құдалық, тоғыз, киіт сияқты рәсімдерді қоспағанда.


Шетелде үйленгің келсе...

«Аквариум той»


Тамыз айында Анталияда үйлену тойын өткізуге арналған ғажап бір орын ашылмақшы. Бұл – әлемдегі ең үлкен су туннелі бар аквариум. Кешеннің жалпы  аумағы – 12 мың шаршы метр.  5 млн литр суға толы басты туннельдің ұзындығы 131 м, ені 3 м. Одан басқа, 40 шағын туннель суасты патшалығынан толық мағлұмат береді. Аквариумдағы мейрамханалардың бірінде үйлену тойын өткізуге болады. Жас жұбайларға ұсынылатын қызмет түрі сан қилы.
Екі адамға – 4950 $
Осы екі адамнан кейінгі қонақтарға жан басына – 150 $
Неке рәсімін жүргізушіні шақыруға бөлек  төленеді – 500 $


«Бақтағы той»


«Серуен тойын» ұната­тын­дарға ең тиімдісі – Нью-Йорктегі Сentral Park.
Бұл – әлемдегі ең үлкен бақтың бірі. Аумағы жағынан Монако мем­лекетінен екі есе үлкен. Бақта 26 мың ағаш, 36 көпір, 7 субұрқақ, 9 мың сәкі, бірнеше жасанды көл, екі мұз айдыны және зообақ бар. Баққа жыл сайын 250 млн адам бас сұғады.
Мұнда неке рәсімін өткізуге 2950 $ төленеді.
Фотосессия – 690 $


«Жағажайдағы той»


Таитидің Hotel Intercontinental Tahiti Resort 5*  отелінде бес тәулік.
Бұған дәстүрлі неке рәсімі, қалыңдықтың гүлдестесі, коктейльдер, символикалық неке сертификаты т.б. кіреді. Екі адамға – 3236 $
Бора-Бора
Four Seasons Resort Bora Bora 5* отелінде бес тәулік. Неке рәсімі отельдің жағажайында өтеді. Полинезиялық әуен,  тұрғылықты халықтың орындауындағы ән мен би.
Екі адамға – 7368 $
Муреа
Sofitel Moorea Ia Ora Beach Resort 4,5*
отелінде бес тәулік. Мұнда неке рәсімі Муреаның ең керемет жағажайында өтеді.
Екі адамға – 3160 евро

Бетті дайындаған Гүлнар Ахметова, gulnar-ahmetova@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста