Алаштың ЕМХАНАСЫ
Дәрі ішемін деп дерт жамап алмаңыз...
Мамандар елімізде дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқауынсыз, өз бетімен қолданатын науқастар санының артып бара жатқанына алаңдаулы. Дертінен сауығамын деп өз бетінше дәрі қабылдаудан соң, сал болып қалып жатқан науқастар тағдыры мамандарды еріксіз алаңдатуда. Өйткені науқастың ауруына сай дәрі құрамының көптеген маманның сұрыптауынан өтіп, құрамындағы заттардың қатаң дозамен бекітілетінін ескерсек, дәрігер кеңесінсіз ішілген бармақтай дәріден келетін зардаптың орасан зор екеніне көз жеткізуге болады.
Бүгінде қабағы да сатулы дәрігер қабылдауының айтарлықтай теңге тұратынын ескерсек, науқастар көбінесе қалтасының жұқалығынан ем-домды өзіне-өзі тағайындауға мәжбүр болады деген қорытындыға келуге болады. Немесе білікті маманның кеңесінен гөрі танысының ақыл-кеңесі немесе теледидардағы жарнаманың көрсетілімі арзанға түсетіндіктен, науқастар өз бетінше дәрі алуға әуес. Тауарын тезірек өткізуге асыққан дәріхана қызметкерлері де сатып алушыдан дәрігер рецептісін сұрамай-ақ, сұраған дәрісін ұстата салуға үйренген. Оның сыртында күнделікті жарнамасы жер жарып жатқан дәрілердің қаншалықты пайдалы екендігін теледидардан-ақ естіп қаныққан науқастардың өз бетінше ем-дом қолдануға әуестігін аңғаруға болады.
Осылайша, бүгінгі күні ешқандай дәрігер рецептісін қажет етпейтін қолдан-қолға өтіп жүрген «семізді арықтататын», «ақсақты тыңдай қылатын» қытай препараттарынан да зардап шегушілер қатары артқан. Айта кетер жайт, көптеген елде көпшіліктің қолында, бейберекет сатылатын дәрілерге шектеу қойылған. Тіпті Еуропада дәріханалар дәрігер рецептінсіз мүлдем дәрі сатпайды. Ал бізде, керісінше... Сондықтан елімізде дәріден уланып ауруханаға түсетін науқастар саны да айтарлықтай өсе түскен. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша 20 шақты адам дәріден уланып, өлімші халде ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ 2011 жылы шекара асып келген дәрі атаулының жартысынан астамы, яғни 57 пайызы тексерістен өтпеген. Ал Қазақстанда жасалған дәрілік өнімдердің 30 пайызы жарамсыз, адам өміріне қауіпті екені анықталған. Әсіресе Шымкент пен Қарағанды қалаларында жасалған аналгин, Аспирин, но-шпа дәрілерінің құрамы ешқандай стандартқа сай еместігін, сапасы сын көтермейтінін тексерушілер зерттеуі көрсетіп берген.
Әлия РҮСТЕМОВА, Алматы қалалық фармацевтикалық және медициналық өнімдерді қадағалау департаментінің директоры:
Дәріге қатысты мәселе ушығып барады. Еліміздегі көп дәрілерді дайындау барысында құрамындағы қоспаларды кем не артық қосып жібереді. Ал артық доза адамды өлімге апарады.
Онсыз да дәріге қатысты мәселе осынша ушығып тұрғанда өз бетінше дәрі пайдалану тіпті қауіпті екені айдан анық. Сондай-ақ соңғы кездері артық салмағынан арылғысы келетіндер де жалған жарнамаға алданып, өз бетінше дәрі сатып алудан соң денсаулықтарына айтарлықтай зиян келіп, аурухана төсегіне таңылған. Тіпті бүгінгі күні көптеген қыз-келіншектің жүктіліктің алдын алу мақсатында пайдаланып жүрген таблеткаларының бедеулікке алып келетіні де белгілі болып отыр. Демек, дәрігер нұсқауынсыз емделемін деп, дәрі арқылы дерт жамап алу әбден мүмкін. Өткен жылы дәрі-дәрмек сапасына қатысты фармбақылау мекемесіне 140-тан астам шағым түсіпті. Сондықтан мамандар дәріге қатысты күдік көбейіп тұрған кезде ең алдымен, әр азамат өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруы қажет дейді.
Айта кетер жайт, еліміздегі халық денсаулығына алаңдайтын құзырлы орындар қауіпті дәрілердің алдын алу үшін арнайы сайт ашып, елімізде қандай тауарға лицензия берілгені жөнінде, дәрі-дәрмектің құрамы, тіпті арнайы нұсқаулығымен де ғаламтор арқылы толық таныс алатындай мүмкіншілік жасапты. Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының сайтындағы (http://www.druginfo.kz) сұрақ-жауап бөлімі арқылы да халықтың өзіне қажетті дәрі-дәрмек туралы ақпаратты білуіне жағдай жасалған. Әйтсе де халықтың басым бөлігінің әлі де болса интернетке қолы жетпей отырғанын ескерсек, мұндай жобалардың жұртшылыққа берері аз екенін түсінуге болады.
Ақмарал ДӘУЛЕТКЕЛДІҚЫЗЫ, фармацевт:
– Шыны керек, бүгінде дәріге қатысты мәселе көп. Сырттан келетін күмәнді дәрілер де күн санап көбейіп барады. Оның жарнамасына сенген жұртшылық беталды дәрі қолдануға әуес. Сондықтан біз халықтың медициналық сауатын арттырып, дәрілерді дұрыс таңдауды үйретуіміз керек. Сондай-ақ еліміздегі кез келген жерде сатылып жатқан дәрілерді қатаң тексеруге алып, дәріханалардың дәрігер рецептінсіз дәрі сатуына тыйым салып, бақылауға алу арқылы ғана халқымыздың дәріден улануы мен беталды дәрі қолдануының алдын ала аламыз.
Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының өз сайттарында (http://www.druginfo.kz/kz/contact/) жүргізген арнайы сауалнамасына көз жүгірте отырып та, дәрі-дәрмекті өз бетімен қолданушылар санының айтарлықтай екеніне көз жеткізуге болады (Сайттағы 16 тамыз күнгі ақпарат бойынша алынды). Тіпті халықпен жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарап отырып та, дәрігер кеңесінен гөрі дәріханадан өз бетімен дәрі сатып алушылардың көп екенін бірден аңғаруға болады. Сонымен...
АЛМАТЫДАН АУРУХАНА АШҚАН АСЫЛ ЕР
1937-38жылдардағы репрессияның зіл батпан тақсыретін тартқан Алаш ардақтыларының арасында денсаулық сақтау саласының мамандары, яғни дәрігерлер көп болғанымен, олардың есімін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Солардың бірі – Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының белді басшыларының қатарында болған, ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, оқыған, зиялы азамат Асылбек Сейітов еді.
1894 жылы Омбыда туған Асылбек Сейітов – қазақ арасынан Томбы университетінің медицина факультетін тамамдаған алғашқы кәсіби дәрігер. Ал ең басты айтарлығы, бұл азамат – Алматы қаласындағы Жетісу аудандық №5 емхананың негізін қалаушы. Ал оған дейінгі дәрігерлік қызметіне үңілсек, Баянауылда Асылбек есімін білмейтін қазақ жоқ. Себебі ол кісі Баянауылда аудандық ауруханада бас дәрігер қызметін атқарған. Ол әлі азамат соғысы аяқталмаған кезең: ел тұрмысы нашар, безгек, тырысқақ сынды ауру жұрт ішін жайлап, жалмап бара жатқан тұс болатын. Сондай қиын тұста А. Сейітов халықтың денсаулығын жақсартуға, мыңдаған адамдарды ажал аузынан алып қалу үшін бар күш-жігері мен білімін аяған жоқ.Сол еңбегі ескеріліп, 1922 жылы Семейдің губздравын басқаруға шақырылып, 1937 жылға дейін бес жыл сонда қызмет етті. Сол тұста туберкулезге ұшырағандарды емдейтін «Березовка» санаторийін, «Ауыл» курортын ашады. Алаш қозғалысына араласып, Әлихан Бөкейхановтың сенімді серігіне айналғаны осы шама еді. Солайша көзі ашық дәрігер ХХ ғасыр басында қазақ даласында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» басылымдарымен қатар Семейде небары 4-ақ саны шығып, жабылып қалған «Таң» журналының төртеуіне де халықтың мұң-мұқтажын қозғайтын мақалалар жазды.
1937 жылдың жазында жол түсіп Мәскеуге барған дәрігер сол сапардан елге қайтып келе жатқан жолда жақын досын кездестіреді. Ол Асылбектің әзірге Семейге бармай, басқа бір жерде бой тасалай тұруын өтінеді. Себебі ел ішінде «ананы ұстапты, мынаны ұстайды екен» деген дүрбелең шақ туған еді. Бірақ өзінің еш кінәсі болмағандықтан Асылбек ешкімнен қашып, жасырынуды жөн санамайды. Осы сапардан оралған соң алғашында басшылық ол кісінің қызметін жоғарылатып, Алматыға алдырады. Сөйтіп, Алматының Жетісу ауданындағы №5 ірі де іргелі амбулаторияны үлкен емханаға айналдыру ісін білімді де білікті дәрігердің иығына артады. Алайда осы оқиғадан тура бір жеті өткенде Асылбек Сейітовті жедел тұтқындап, «халық жауы» деген жаламен атып тастайды.
Медицинадағы соңғы жаңалық
Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов «алдағы уақытта жүктілік кезеңінің 12 аптасына дейін медициналық есепте тұрған әйелдерге қосымша жәрдемақы берілетінін» хабарлады.
«Егер әйел 12 аптаға дейін медициналық ереже бойынша есепке тұрса және тоғыз айдың ішінде дәрігерлердің нұсқаулығын толығымен орындаса, мемлекет белгілеген жәрдемақыдан бөлек өз денсаулығына немқұрайды қарамағаны үшін үстемеақы түрінде қандай да бір проценттер беріледі. Қазір үстемеақының қанша пайыз болатынын біз қарастырып жатырмыз» – деді Байжүнісов мырза. Халқымыздың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру мақсатында жасалып жатқан мұндай оң қадамның берері мол деп күтілуде...
Таңқурай (малина) өсімдігінің емдік қасиеттері
Нәзік хош иісті таңқурай өсімдігінің құрамында адам ағзасы үшін пайдалы заттар өте көп, атап айтқанда: аскорбин қышқылы, глюкоза, органикалық қышқылдар, спирттер, кетондар, ақуыздар, пектиндер, азот қоспалары, илік заттар,С, А, В топ дәрумендері.
Таңқурайдан жасалған қайнатпаны дене қызуын түсіруге, несеп жүргізуге, бүйрек тасын шығаруға, іш ауруына, қант диабетіне, өт айдауға пайдаланады. Гемоглобин мөлшерін арттыру, қан тоқтату, суық тигенде дене қызуын басуға, іш тоқтатуға, қаназдыққа, жүйке ауруларына, бронхитке, жөтелге қарсы қолданады. Таңқурай жемісін табиғи қалпында немесе кептірілген күйінде қайнатып, сусын жасап, қыста тұмау кезінде пайдаланады. Әсіресе тибет медицинасында таңқурайдың жапырағы, жемісі және сабағы қолданылады. Жапырақтарын бұқтырып шайдың орнына ішеді. Сонымен қатар таңқурайдан тосап, сусын, шырын, джем жасайды. Кондитерлік тағамдарға қосады.
Өкпенің қабынуы – өлімге апарады
немесе балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы өкпенің қабынуынан болып отыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде жыл сайын бес жасқа дейінгі 2 миллионға жуық бала өкпе қабынуынан көз жұмады екен. Сондай-ақ әлемде балалар арасында өлім себебінің 20 пайызын осы ауру құрайды. Ал Қазақстандағы балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы осы өкпенің қабынуынан болатын көрінеді. Енді балалар арасындағы бұл қауіпті аурудың алдын алу үшін елімізде не жасалып жатыр, одан толық айығудың жолдары қандай? Осы төңіректе педиатр маманмен пікірлескен едік.
Гүлжан КАДЕНОВА, дәрігер-педиатр:
– Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында балалардың өкпе қабынуына қарсы дәрі егуге 3,5 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл өкпе қабынуымен ауыратын балалардың санын – 50 пайызға, бала шетінеуін 20 пайызға қысқартады деп күтілуде.
Өкпенің қабынуы – әсіресе жас нәресте үшін өте қауіпті. Бұл ауру күз-қыс айларында жиі кездеседі. Нәрестеге тұмау тигеннің өзінде оның тыныс алу жолдары тарылып, бала тек аузымен дем алады. Осының салдарынан суық ауа өкпе мен тамаққа салқын күйінде жетеді де, оның арты өкпенің қабынуына әкеліп соғады.
Пневмония қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхтың қабынуы, демікпе сынды бірнеше аурудың асқынуынан да пайда болады. Өкпесі қабынған сәби мазасызданып, тамаққа тәбеті болмай, ұйқысы нашарлайды. Дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады.
Әсіресе жаңа туған нәрестелер пневмониямен жиі ауырады. Өйткені олардың иммунитеті әлсіз. Ауырған нәрестенің кейде кеудесі сырылдап, сілекейі көбіктенеді. Жас балалар мен жаңа туған нәрестелерде болатын бұл ауру өте қауіпті. Көп жағдайда ауру асқынып, отитке немесе плевритке ауысады. Сондықтан сәбиде өкпе қабынуының алғашқы белгілері байқала салысымен ата-аналар өздері емдемей, бірден дәрігерге көрсеткені дұрыс. Сәби ауруынан түгел айығып болмайынша, дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс.Сонымен қатар омыраудағы балаларды алғашқы алты айда емшек сүтінен айырмаған жөн. Себебі ана сүтінде нәрестенің иммунитетін көтеретін қажетті дәрумендер бар.
Ескерту:
Балаларда өкпе қабынуының алғашқы белгілері пайда болған кезде Эвкалипт майы бар бальзаммен сәбидің кеуде қуысын уқалау керек. Жөтелді қойдырып, қақырықты түсіретін дәрілік сироптар ішкізген жөн. Одан кейін дәрігерге көрсетіп, аурудан айығудың жолдарын толық орындаған дұрыс. Бұл ретте кейде дәрігерлер баланы ауруханаға жатқызуға шешім қабылдауы мүмкін. Мұндайда бас тартпау керек, себебі, ауруханада балаға үй шарттарында іске асыруға болмайтын емдік шараларын жасайды.
Дәріханалардың дәріні жаппай рецептісіз беруіне қалай тыйым салуға болады?
Зәуреш МУШАНОВА, Дәрі-дәрмек ақпараттық-сараптамалық орталығының дәрілерді рационалды қолдану бөлімінің бастығы:
ҚР Үкіметінің 2011 жылдың 5 желтоқсанындағы №1460 қаулысы бойынша тек дәрігердің нұсқауы бойынша босатылатын дәрілердің тізімі бекітілген. Дегенмен осы уақытқа дейін міндетті түрде дәрігердің рецептісімен босатылатын дәрілердің дәріханадан дәрігер рецептінсіз босатылғаны жайлы статистика жасалмаған. Алайда еліміздегі дәріханалардың дәрігер рецептісін сұрамай-ақ дәрі бере беретіні – кездесіп тұратын жайт. Негізі, мұның зияндылығы өте жоғары. Өйткені дәрігер рецептінсіз берілген дәрі науқас өміріне қауіпті, кез келген уақытта адам организміне кері әсер етіп, аллергиялық жағдай туғызуы әбден мүмкін. Дәрігер рецептінсіз дәрі алу кезінде оны сатып алушы жауапкершілігін өзі көтереді. Ал дәріханалардың жауапкершілігін арттырып, мұндай заңсыздықтың орын алмауын құзырлы орган – медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті тексеріп, қажетті жағдайда айыппұл салуға құқылы. Сондықтан алдағы уақытта бақылаушы органдардың бақылауын күшейткен жөн секілді.
Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрайымы:
Рас, еліміздегі дәріханалардың науқастарға дәрігер рецептінсіз дәрі сатуы жиі кездеседі. Негізі, дәріханалардың мұндай заңсыз іс-әрекетін тексеріп отыратын арнайы құзырлы орган бар. Өкінішке қарай, науқас жаны қысылғанда дәріханаға жүгіруге, ал дәріхана дәріні сата салуға әбден жаман үйренген. Ал сол дәрінің науқас организміне кері әсері болған жағдайда кімді кінәларымызды білмей алас ұрамыз. Өйткені бұл жерде дәрігерден бұрын дәріханаға жүгіретін науқас та кінәлі. Науқас бір жері ауыра қалған жағдайда алдымен дәрігерге барып, содан кейін ғана дәрігер кеңесімен дәрі қолдануы керек. Осы орайда айта кетер жайт – алдағы уақытта еліміздегі тұрғындардың фармацевтикалық және медициналық сауаттылылықтарын арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуі керек. Халықты тәрбиелеу арқылы ғана дәріханалардың рецептісіз дәрі беруіне тыйым сала аламыз деп ойлаймын.
Қарлығаш ТАБЫНОВА, фармацевт:
Дәрігердің тағайындауынсыз берілген дәрі адам өміріне айтарлықтай қауіпті. Өйткені дәрі кейде адам организмінің бір мүшесін емдегенімен келесі бір мүшесіне зиянын тигізіп жатады. Себебі дәрі құрамындағы заттар адам ағзасына кері әсер ететін кездер жиі кездеседі. Айта кетер жайт – Еуропада ешқандай дәрі дәрігер нұсқауынсыз дәріханадан босатылмайды. Ал бізде тіпті кішкентай балаға дейін қолында ақшасы болса, дәрігер рецептінсіз қалаған дәрісін сатып ала береді. Тіпті осыған дейін құрамында наркотикалық заттары бар дәрілерді де жасөспірімдерге рецептісіз сатылғаны жайлы деректер елімізде кездесті. Сондықтан ақшаға құныққан дәріхана сатушыларының тәртіпке бағынуын құзырлы орындар бақылауына алуы тиіс деп ойлаймын.
Бетті дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ