Алаштың ЕМХАНАСЫ

Алаштың ЕМХАНАСЫ

Белең алған белсіздік мәселесін шешуге 3,8 миллиард теңге қажет
Бүгінгі күні отбасын құрғандардың басым көпшілігінде бала болмай, ерлі-зайыптылардың дәрігерден-дәрігерге қаралып, діңкесі құрып отырған оқиғалар ел арасында көптеп кездесуде. Осы саланың дәрігер мамандары мұның барлығын әйелдер мен еркектердің арасында бедеулік дертінің ушығып кеткендігімен байланыстырып отыр. Осы ретте біз ер-азаматтардың кіндіктен төмен ауруларының қаншалықты деңгейде екендігін білу мақсатында еліміздің уролог-андролог мамандарымен пікірлескен едік.
Ерлан Асылбекұлы, уролог-андролог:
– Бедеулік дер­тінің кө­бе­юіне ең басты себеп – экология. Қазір ғылыми-техника­лық үдеріс­тердің дамып жатқан кезі. Ал одан бөлініп жатқан химиялық заттарды ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп – тамақ сапасының төмендеуі. Күнделікті тұтынатын тағамда да химиялық заттар то­лы. Осының салдарынан адам ағзасын­дағы гендер өзгеріске ұшырайды. Үшін­шісі – қазіргі сексуалды революция. Яғни жыныс­тық қарым-қатынас төңірегіндегі білімсіздіктер  себеп болады. Ерте жыныс­тық қатынас, кездейсоқ адамдармен жы­ныс­тық қатынастар да аталмыш дерттің көбеюіне әкеліп соқтырады. Осыдан келіп, екеуінде де ұрық азаяды. Оның сапасы төмен­дейді. Сондай-ақ жастардың са­лауат­ты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра темекіге әуестенуінің салдары да – бедеу­лікке бастар бірден-бір жол. Өкініш­тісі сол: қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе жасарып бара жатқаны – жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан бұған үкіметтік деңгейде қарап, мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет болып тұр.

Уролог дәрігерлердің ай­туын­ша, қазір белсіздікпен емделетіндердің көбі  жы­ныс жолдары арқылы инфек­ция жұқтыр­ғандар екен. Тіпті белсіз­діктің 45-50 пайызы осы се­беп­тен болатын көрінеді. «Қазіргі жастар бұзылды ма, біл­мей­мін. Бірақ біз­ге бедеу­лік­пен келген­дердің көбі жыныстық қатынастар арқылы инфекция жұқ­тыр­ған. Кейбір инфекция­лар, былай­ша айт­қан­да, еркек­тің аталық ұрықтарын «жеп тастайды». Ал одан кейін қайдан бала болсын?» дейді дәрігерлер.
Ерлан Асылбекұлы, уролог-андролог:
– Бұдан емде­лудің жолдары өте қиын. Себебі «ал­тын балғада» мил­лиондаған клет­ка­лар болады. Инфе­к­ция оның қай­сысына түскенін біле алмаймыз. Себебі оны анықтай­тын аппараттар жоқ. Бұл ауру Қазақстанда толық зерттелмеген. Сон­дық­­тан біз ұрықтың сапасын, санын көте­ре алмайтын болсақ, науқастарға ЭКО-ға (экскокорпоралды ұрықтандыру) баруға кеңес береміз. Бірақ осы ЭКО-ның 99 па­йы­зы – қазір жекеменшіктің қолында. Оның бағасы тым қымбат. Бұл ауылдағы бір перзентке зар болып отырған ерлі-зайып­тыларға өте ауыр тиеді. Сондық­тан еліміз­дегі еркектік бедеулікті толыққанды тексеріп, оларды емдеу үшін Урология ғылыми орталығында экско­кор­­поралды ұрықтандыру зертханасын мүмкін­дігінше тезірек ашу қажеттігі туын­дап отыр.

Жалпы, уролог маманның сөзі­нен ұққа­нымыз: Қазақстанда еркектердің репро­дуктивті (ұрпақ өрбіте алу: оның ішіне белсіздік те кіреді) денсаулығының мәселе­лері осы заманғы медицинаның бірден-бір негізгі шешімі табылмаған саласы болып саналады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі өз деңгейінде көңіл аудармаған. Ал Урология ғылыми орталы­ғы ер-азаматтардың репродуктивті ден­сау­лығын көтеру мақсатында «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдар­ламасын әзірлеп, оны сала министр­лігіне ұсынған екен. Енді олар бұл бағ­дар­лама­ны жүзеге асыру үшін министр­ліктен тиі­сін­ше қар­жы бөлінуін күтіп отыр. Алайда ата­л­мыш бағдарламаны ұсынғандарына бірнеше жыл өтсе де, қар­жының қолбай­лау болып отырғандығынан бұл мәселе­нінің жүзеге асырылуы шабан орындалуда.

Қалай десек те, еліміздегі ерлердің мәселесі – алаңдатарлық жағдайда. Ерлер­дің мәселесін шешуге кететін шығын орталықтың есептеуінше, бар-жоғы 3,8 млрд теңге бола­ды екен. Әрине, осыған дейін қаржылық дағдарыс дедік, енді оның екінші толқыны туралы әңгімелер болуда. Дегенмен Елба­сыдан бастап демографиялық ахуалды көтереміз деп, 2015 жылы халық санын 20 миллионға жеткіземіз деп жүргенде министр­ліктің мұнысын қалай түсінуге болады? «Адам капиталы – Қазақстанда ең басты байлық» деп кеуде соққан шенеунік­теріміздің сол байлығымызға қаржы ауда­руға қауқары жетпей отыр ма, әлде құлықсыз ба?..


Бидайық шөбінің қасиеті
Бұл өсімдіктің емдік қасиеті өте көп. Қа­ра­пайым мысал, осы шөпті мысық пен иттер де жеп емделеді. Адамдарға да күз айларында осы бір сиқырлы шөпті тамыры­мен қазып алып, емдік мақсатта қолдануына болады. Бұл өсімдік қабынуға қарсы, қан құрамын тазалауға, ауырып сыздағанды басуға, ағзадағы зат алмасуды реттеуге өте пайдалы. Тамырларынан жасалған қайнақ тұнбасын қант диабетімен ауырғандарға, рахитке, буын ауруларына, остеохондрозға, невралгияға қарсы қолдануға болады. Дайындау тәсілі: екі ас қасық ұнтақталған тамырға 500 мл қайнап тұрған су құйып, содан соң шөптерін сүзіп тастап, қалған тұнбаға тағы 50 мл су қосады. Күніне тамақ алдында төрт рет жарты стаканнан ішкен дұрыс.


Алғашқы ректор
Алаш арыстарының ішінде мамандығы дәрігер болғандары көп дегеннен гөрі, дәрігер еместері аз еді деген дәлірек. Десек те, нағыз медицина саласында күні бүгінге дейін аты әйгілі тұлға, бүкіл бір институт есімі берілген Санжар Асфендияровтың жөні бөлек.

Санжар Сейітжапарұлы (20.10. 1889, Ташкент – 25.02.1938, Алматы) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым-тарихшы, профессор, педагог. Әке­сі Сейітжапар (Жағыпар, Сейітжағыпар) сұлтан Әбілқайыр ханның тұңғышы Айшуақ ханның ұрпағынан тараған. Патша әскері­нің полковнигі шенінде отставкаға шыққан Санжар өз әскери-медициналық қызметін Түркістан генерал-губернаторлығы мен Бұқара әмірлігінің шекара­сындағы Термез мекенінде жергілікті лазаретте кіші дәрігер ретінде бастады.
1914 жылы желтоқсанда жоғары әскери басшылықтың өрескел қателіктерді жіберу салдарынан 5-інші Түркістан атқыштар полкі Лодзь (қазіргі Польшаның ірі қалаларының бірі) неміс қоршауына түсіп, басына ауыр жарақат алған Санжар жау тұтқынына түседі. Неміс тұтқынында Санжар патша үкіметі тағдырдың тәлкегіне тастаған мыңдаған жауынгердің қатаң тағдырына ортақтасады, ақырында өз денсау­лығы нашар деп танылған Санжар Түркістан әскери-медициналық басқармасының резер­віне жіберіледі. 1918-19 жылдары Асфен­дияров Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комис­сияның Сырдария облысы бөлімшесін басқарып, 1919 жылы денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Сол жылы қыркүйекте Т.Рысқұловтың шақыруымен Ташкент­ке ке­ліп, Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халкомы, жер халкомы, Денсаулық сақтау хал­комы, Түркістан Компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып қайта құрылған Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры (1928 – 31), Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, Алматы медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931 – 33) қызметтерін атқарды.
Алайда Алаш арыстарының қатарында Санжар Асфендияров та 1938 жылы «халық жауы» болып ату жазасына кесілді. Жұбайы Рабиға да Қарлагта бес жыл айдауда болды. 1958 жылы 26 мамырда ақталған ұлт ұлықпаны, Алаш арысының құрметіне 1990 жылы Алматы медицина институтына Асфендияров есімі берілді.


Фармацевті қолдаған пәрмен   
Фармацевтикалық кәсіпорын ашуға жеңілдік беретін қаулы шықты. Бұл қаулыға сәйкес, фармацевтикалық кәсіпорын ашамын деген кәсіпкерлерден СЭС және төтенше жағдайлар мекемелерінің рұқсаты талап етілмейді. Биылғы Үкімет қаулысына сәйкес, департаменттің рұқсаты болса жеткілікті.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Мырзахметовтің мәліметінше, ағымдағы жылдың 7 маусымынан бастап, лицензия алатын кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік беріліпті. Үкіметтің №753 қау­лы­сына сәйкес, дәріхана қоймаларын ашу үшін санэпидемстансы мен төтенше жағ­дай­лардың рұқсаты талап етілмейді.
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша дәрілердің сапасы мен дәрігер­лердің біліктілігіне қатысты департаментке 180-нен астам арыз-шағым түскен екен. Тексеру нәтижесінде тіркеуде тұрмаған 98 препараттың түрі анықталып, сот  шешімі­мен жоюға жіберілген.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент директоры  Айзат Молдақасымованың айтуына қарағанда, «Байсат» базарынан тіркеуге алынбаған 98 дәрі-дәрмек түрі анықтал­ған. Ол дәрі-дәрмектердің Қытай елінде жасалғаны белгілі болған. Дәрі қорапта­рының сыртында құрамы, қандай ауруға пайдаланатыны және  сақтау мерзімі көрсетілмеген болып шыққан.

Дерек
Сондай-ақ департамент мамандары Алматы қаласындағы медициналық мекеме қызметкерлерінің біліктілігін тексеріпті. Тестілеуге қатысқан 5700 дәрігердің 15 пайызы сынақтан сүрінсе, 30 пайызы ауызша сұрақ-жауаптан жағылыпты. Ал сынақтан сүрінгендер арасында департамент қызметкерлеріне пара бергендер де болған деседі. Осыған орай, бұл іспен Қаржы полициясы айналысып, мәселенің ақ-қарасын анықтап жатқан көрінеді.


Кіндікті ашып жүру денсаулыққа өте зиян

Дәрігерлердің айтуынша, кіндікте адам ағзасында кездесетін 12 түрлі нүкте бар екен. Осы нүктелердің бәрінің тоғысатын жері тап осы кіндік болып саналады. Алайда кіндік сыртқы ортаның кез келген әсерінен жеткілікті қорғалмаған. Әсіресе суыққа бейім. Кейбіреулердің аяқ астынан іші бүріп ауырады. Халық мұны «жел қарысқан» деп жатады. Қысқа киімнің салдарынан ащы ішек пен бүйрек ең көп зардап шегеді. Өйткені ащы ішек кіндікке тым жақын орналасқан. Қатты суық тигенде адамның іші бүріп ауыратыны осыдан. Ал бүйрекке суық тисе, ол ұзақ уақыт білінбейді. Қыз бала тұр­мысқа шыққан соң аяғы ауырлағанда немесе қатты суықтағанда ғана сезуі мүмкін. Мұндай кезде аяғы ауыр әйелде аяқтың ісуі, қан қысымы және бас ауруы жиі байқалады. Бұл да қысқа киім кигеннен болады.


Рахиттен айығу үшін профилактикалық ем алу қажет
Еділ Дадамбаев, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
– Рахит – 1-2 жастағы балаларда жиі кездесетін, Д дәруменінің жетіспеушілігі мен күннің ультракүлгін сәулелері­нің жеткіліксіз мөлшерде болуы салдарынан пайда болатын ауру. Рахитта минералдану мен сүйектің түзілуі бұзылады. Профи­лактика кезінде ағзада­ғы тапшы дәруменнің балан­сын толтырып, теңестіру қажет.
Нәрестенің 1-2 айлық кезінде ауру­дың клиникалық белгілері білінеді. Ең алдымен, нәрестенің ұйқысы бұзылып, теріде қызыл дақтар пайда болады. Бұл кезеңде сүйектегі алғашқы өзгеріс байқалмайды. Рахит ау­руы­ның белгілері аурудың кезеңдеріне байланысты өзгеріп отыруы да ықтимал. Рахиттың ешқан­дай белгісі қалмайтын­дай етіп емделу үшін аталған кезеңнен бас­тап жақсы профилак­тикалық емдеу жұмыс­тарын жүргізу керек. Егер осы кезең­де дұ­рыс профилактикалық жұмыс жүргі­зіл­месе, онда ауру ары қарай­ғ­ы қауіпті, ортаңғы кезеңіне өтеді. Әсіресе таза ауада жиі болмайтын, көмір қышқыл газды ауамен көп тыныс алатын, Д дәру­менінің жеткілікті мөлшерін қабылдамаған және профилактикалық байқаудан өтпеген балаларда рахит ауруы ауыр өтеді. Ауру­дың қозған кезеңінде дұрыс профилакти­ка­лық жұмыстар атқару керек. Әсіресе дәрі­гер­лердің араласуымен емдеу өте ма­ңыз­ды. Дер кезінде емделмеген рахит ауруы бар балалардың кейінгі кездегі уақыттарында аурудың белгілері қалып қояды. Және балалар жиі ауырғыш келеді және аурулары созылмалы түрде болады. Аурудың басталмай жатқан кездегі профи­лактикалық шараларына ананың емшек сүтін ұзақ уақыт ему, дисбактериозды ем­деу мен дұрыс тамақтану жатады.

Нәресте емшек сүтімен қоректенетін болса, ананың дұрыс тамақтануына да назар аудару ке­рек. Ана тамағында белок, май, минерал­ды тұздың көп болуына көңіл бөлген жөн. Егер бала жасанды тағаммен қоректенетін болса, пайдаланатын сүт ана сүтіне неғұр­лым жақын болуы керек. Массаж, ашық орындарда күн сәулесінің астында жүру, физикалық жаттығулар жасау мен құра­мын­да Д дәрумені бар дәрі-дәрмектерді пайдалану ауруды тез қайтарады. Кейін аурудың ешқандай жаман әсері қалып қой­мауы да мүмкін. Сондай-ақ рахит ау­руы­мен ауырғанда баланың ағзасындағы фосфор-кальций алмасуы бұзылып, нәти­же­сінде сүйектерге кальций тұзы дұрыс тара­майды. Ал бұл өз кезегінде сүйектің жұмса­руы мен қисаюына әкеліп соғады. Тек қана  Д  дәруменінің жеткіліксіз болуы ғана айтылмайды, сонымен бірге А, В, С дә­ру­мендерінің, микроэлементтердің (ма­гний, мырыш, темір және мыс) де жетіс­пей қала­тын кездері бар. Науқасқа шалдыққан бала­ның иммунитеті әлсірейді. Әдетте ақыл тісі, бірте-бірте басқа да тістері мү­жіліп, дене бітімі жағынан артта қалуы, қан азаюы мүм­кін. Рахитті емдеуді кешенді түрде жүргізу қажет. Алдымен кальций, фтор алмасуын реттеу керек, Д дәруме­нін жеткілікті мөл­шер­де қабылдату қажет. Бала таза ауада көбірек болып, емдік дене тәрбиесі, жүзу, гигиеналық ванна қабыл­дағаны жөн. Оны емдеу мен профилакти­калық шара­лар­дан бұрын дұрыс диагноз қою маңыз­дырақ. Басқа да ауру мен рахит ауруының белгілері ұқсас болуы ғажап емес. Бірақ емдеу мен профилактикалық шаралардың оң әсерінің болуы дер кезінде және дұрыс қойылған диагнозға байланысты.


Мемлекеттік емханалардағы кезекті қалай азайтуға болады?

Талғат НҰРҒОЖИН, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Өт­кен­де невропатологке кіру үшін кезекші дәрігерден талон сұрасақ, тіркеу бөліміндегілер: «талон жоқ, бір айдан кейін келіңіз» дейді. Нақты сала маманда­ры:  окулиске, лорға, хирургке кіру үшін де талон жоқ, оны да ұзақ уақыт күту керек. Науқас адам бір-екі ай дәрігерді күтетін болса, ауруы одан сайын асқынып кетпей ме? Сондықтан мұны қалай да ретке келтіруіміз қажет. Ол үшін, ең бірінші, ме­ди­цина қызметкерле­рінің санын көбейтіп, олардың жала­қы­сын өсіруге тиіспіз. Осы екі мәселені түбегейлі шешпей, мұны ретке келтіру мүмкін емес.

Мағрифа ҚОЖАҚЫЗЫ, Алматы қаласы №8 балалар емханасының меңгерушісі:
– Ол үшін емхана дәрігерлерінің санын көбейтіп, олардың жа­­лақысын диффе­рен­­­циал­дауымыз керек. Яғни жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жала­қысын өсіріп, ал кім аз емдесе, жаңа технология­ларды меңгере алмаса, оның жалақысын төмен­дет­кеніміз жөн. Мәсе­лен, бір дәрігер пе­диатр күніне бес сәбиді қараса, ал екінші балалар дәрігері 15-20 баланы қабыл­дай­ды, сонда екеуі­нің жалақысы бірдей болса, ол әділеттілік бола ма? Сондықтан істелген жұмысқа әрі сапасына байланысты ақы төленгені дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ қазір еліміз­де 5 мыңнан астам дәрігер  же­тіс­­пей­ді. Оның үстіне, жалпы практи­калық дәрі­гер­лер (учаскелік дәрі­гер, отбасылық дәрігер) тіптен аз. Өкініш­тісі сол: біздегі жалпы практикалық дәрігер алдына келген науқасты қарап, емдік ша­ра­ларын жүргі­зудің орнына, мойын­дары­на жауап­кер­шілік алғысы келмей, аурудың дәл диагно­зын анықтамай жатып бірден нақты сала дәрігерлеріне (хирург, лор, невропатолог, окулиске) жібере сал­ғанды жөн көреді. Сондықтан бұл ретте дәрігер­лердің біліктілігін арттырып, ең бірінші ау­ру­хана емес, ем­хана дәрігер­лерінің жала­қысын көтеруі­міз қажет. Егер емханаларда жалпы практикалық дәрігер жеткілікті болып, олар­дың білік­тілігі жоға­ры болса, диаг­ноз­ды дұрыс қоятын болса, онда ауру­хана­лардың керегі шамалы бо­лып қала­ды. Ауру ерте сатысында анықталып, оны емдеудің де мүмкіндігі артар еді. 

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Мұны ретке келтіру үшін, ең бірінші, дәрі­гер­лер­­дің санын көбейтуі­міз қажет. Бы­лайша айт­қан­да, дәрі­герлер саны халықтың мұқтаждығын то­лық қанағат­тандыруы тиіс. Мысалы, әрбір емхана өздерінде нақты қандай аурулар көп, неврология ма, онколо­гия ма, жүрек-қан тамырла­рымен ауы­ратын­дар ба­сым ба – осыған қатысты нақты зерттеу жүргізуі керек. Бір емханаларда үш хирург болуы тиіс болса, онда біреу-ақ болады, ал кейбір емханаларда бір-ақ онколог керек болса, онда үш-төрт онколог дәрігер отырады. Өкінішке қарай, біздегі емханаларда осының барлығы жүйеленбеген. Сондық­тан бұған қатысты нақты мониторинг жүргізіп, емханаларды халықтың қажетін өтейтіндей дәрігерлермен қамтамасыз етуіміз қажет.

Бетті дайындаған Серік ЖҰМАБАЕВ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста