Он күндік емнің құны қанша?
Еліміздің Конституциясының 29-бабында: «Қазақстанның әрбір азаматы денсаулығын сақтауға, кепілді тегін медициналық көмек алуға құқылы. Үкімет өз тұрғындарының денсаулығын сақтауға міндетті» делінген. Алайда портал арқылы медициналық мекемелерде тегін емделу өте қиын. Тегін емге құқық беретін квотаны кейде екі-үш ай күтуге тура келеді. Мемлекеттік емханаларда да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Тек дәрігердің қабылдауына кіру үшін ғана бір ай алдын ала кезекке жазылып, талон алуыңыз керек. Сонан соң анализдердің әлегі басталады. Ал «дәрігерге кезек көп екен» деп, ауру тосып тұрмайды. Сондықтан науқас амалсыздан ақылы медицинаның көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Ал бізде ақылы емнің құны қанша? Осыларды білу мақсатында біз Ішкі ағзалар аурулары клиникасына барып, баға жайын білген едік.
Клиника мамандарының айтуынша, жаңа ашылғандықтан, бұл ауруханада басқа медициналық мекемелерге қарағанда баға екі есе арзан екен. Сонда басқа ауруханалардағы баға жайын өзіңіз бағамдай беріңіз. Яғни 10 күн ем алуға 150-200 мың теңге қажет. Егер ондай ақшаңыз болмаса, Алладан амандық тілеп отырғаннан басқа амал жоқ.
Эльмира ӘСЕНОВА, клиника маманы:
–Біздің клиника басқаларға қарағанда екі есе арзан. Басшылар мемлекеттік стандарттан екі есе төмен қылып отыр. Өйткені қарт адамдардың, зейнеткерлердің көп ақша төлеп емделуге мүмкіншілігі жоқ. Мысалы, басқа ауруханаларда эндикринологияның бір төсек орны күндігіне 12 мың болса, ал бізде – 6 мың теңге. Алдағы уақытта біздің дәрігерлер де портал арқылы емдейтін болады.
Қалай десек те, бізде ақылы медицинаның бағасы аспандап тұр. Тегін медициналық емге қол жеткізу де оңай емес. Сондықтан не емделетін ақша табу керек, не ауырмайтын жол іздеу керек. Іздеуін іздерсіз-ау, бірақ табу оңай бола қоймас.
Ауру азайсын десек...
– халықтың әл-ауқатын көтеріп, олардың жүйке жүйесіне түсетін салмақты азайту қажет.
– әрбір азаматты жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуіне міндеттейтін заң керек.
– әрдайым дәрігерлік шараларды жүргізе отырып, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешкеніміз жөн.
– барлық деңгейдегі штат құрылымдарын толық кардиолог мамандармен қамтамасыз етуге тиіспіз.
– реабилитациялық орталықтар ашу қажет.
– дәрі-дәрмектің бағасын қалыпқа келтіріп, медициналық сақтандыруды дамытуымыз керек.
– халықты салауатты өмір салтына бейімдеп, олардың дұрыс тамақтану мәдениетін, медициналық сауатын жоғарылатуымыз тиіс.
– халықтың басым көбі психологқа зәру. Сондықтан медициналық психологтарды дайындауымыз қажет, дейді ҚР Кардиологтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор Спандияр БЕКЖІГІТОВ.
Итмұрынның игілігі
Итмұрынның құрамында Менделеев кестесінің жартысы бар деуге болады. Итмұрынның тамыры, жапырағы, жемісі адам ағзасына өте шипалы. Құрамындағы аскорбин қышқылы қарақатқа қарағанда 10 есе, лимонға қарағанда 50 есе артық мөлшерде болады. Сонымен қатар итмұрынның құрамында В, К, Р дәрумендері, тұқымында Е дәрумені, каротин, қант, сондай-ақ илік, пектинді, бояулық заттар, органикалық қышқылдар, минералды заттар, макро-микроэлементтер бар. Медицинада итмұрынды поливитамин ретінде, ағзада дәрумендер жетіспегенде, атеросклерозға қарсы, қан қысымы көбейгенде, қаназдыққа, иммунитетті көтеруге, сынған сүйекті тез бітіретін және бауыр ауруларын емдейтін дәрілік өсімдік ретінде пайдаланады. Итмұрыннан тосап жасайды. Жемісін кептіріп, қыста тұмауға қарсы қайнатып ішеді. Гүлдерін шайға қосып, бұқтырып ішеді. Итмұрынның ерекшелігі – бағалы витаминдерге бай, жемісі және одан дайындалған дәрі-дәрмектер медицинада негізінен асқазан және бауыр ауруларын емдеуге қолданылады.
Алтынсарин тапқан «алтын»
Қазақта тұңғыш дәрігер кім? Бұл сұрақтың жауабын іздегенде мынадай дерекпен ұшырастық. 1887 жылы Ырғызда тұрғындарға арналған 10 төсектік аурухана ашылды. Оның штатында дәрігер- фельдшер және акушерка болды. Қазақтың тұңғыш дәрігері осында қызмет еткен еді. Ол – Мұхамбетжан ҚАРАБАЕВ.
М.Қарабаев 1858 жылы Қостанай даласына қарасты Николай уезінің №4 Кен-Арал болысында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Күндердің бір күні ауылға қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин келеді. Қозы-лақ соңында жүрсе-дағы қағылез, зерек бала қырағы ұстаздың көзіне бірден түскен-ді. Ыбекең ата-анасының алдына жығылып, балаларын қалайда Троицкідегі ерлер гимназиясының қырғыз пансионына беруге көндіреді. Қаншама қиындық көрсе де, Мұхамеджан Қарабаев 1881 жылы 14 маусымда Троицк гимназиясының аттестатын алады. Сол сәтте «үлкен қалалардағыдай адамдарды емдейтін емші боламын» деген қазақ баласының сөзі көптің күлкісін әрі таңғалысын тудырды. Себебі ондай сөзді Патша үкіметі ешбір «киргиз-кайсактың» аузынан шығады деп күтпеген еді. Алайда табанды жеткіншек өз сөзін ісімен дәлелдеп, сол жылы-ақ Ресей-Қазан университетінің студенті қатарына ілігеді. Солайша, бір кездегі қойшы бала туған даласына ақ халатпен оралады.
Басында айтқандай, 1887 жылы Ырғызда ашылған 10 төсектік ауруханада дәрігерлік қызметін бастайды. Ол кез қазақ даласын тырысқақ, шешек, сүзек секілді өте жұқпалы да қауіпті аурулар жайлаған тұс еді. Көп ұзамай-ақ жас емшінің атағы сахараға жайылып, дертіне ем іздеген ел оған бір қаралу үшін күндік жерлерден ағылады. Уезд территориясы сол тұста 127300 шаршы шақырым болса, тұрғындарының саны 78 мыңды құрайтын. Ал жазда қазақтар жайлауға шыққанда оған тағы шамамен 30 мыңдай тұрғын қосылса керек. Сол 100 мың тұрғынға Қостанай уезі бойынша бар-жоғы 4-ақ төсекті емханасы қызмет көрсетті. М.Қарабаевтың бірде-бір көмекші дәрігері болмаған. Алайда оның ешбіріне мойымай еңбек ете берген дәрігердің Алаш арасында атақ-абыройы да арта береді, қызметі де кеңейе түседі. Қандай қойнауда болса да ота жасауға бара беретін, қаншама құрсақтардан сәбилердің жарық дүниеге шығуына көмектесіп, алапат індеттерді ауыздықтауға мұрындық болады. Дәрігердің өз қолымен жазған түрлі рапорт, құжаттары еліміздің мұрағаттарында әлі күнге сақтаулы.
Елге еңбегі сіңген, Алашының алғысын алған Мұхамбетжан Қарабаев ақсақал 1928 жылы 70 жасында дүниеден өтеді. Аяулы дәрігер жайлы біршама деректер Қостанай өлкетану мұражайында сақтаулы.
Әсері бірдей, бағасы жер мен көктей
Әдетте қымбат нәрсенің сапасы жақсы, «арзанның сорпасы татымайды» деген түсінік қалыптасқан. Әйтсе де медицинада бағасы жер мен көктей болса да, адам организміне әсері бірдей дәрілер баршылық. Сондай дәрілердің бірі туралы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының директоры, биология ғылымының докторы, профессор Салтанат Берденқызы былай дейді:
Рас, медицинада ондай дәрілер бар. Мәселен, ол дәрінің біздің елімізде қымбат түрі ғана сатылады. Ал осы мақсатта пайдаланылатын дәрінің арзан түрі Израиль мен Сауд Арабиясында әлі де қолданылу үстінде. Қайбір жылдары біздегі арзан дәріні қолданыстан алып тастап, қымбат түрін ғана қалдырды. Шын мәнінде, олардың адам организміне әсері бірдей, бағасында ғана айырмашылық бар. Атын атап айтпай-ақ қояйын, ол дәрі әйелдерден аналық ұрықты көп бөлгізуге арналған. Денеден тыс ұрықтандыру әдісінде нәтижеге тезірек жету үшін осы гормондық дәрі қолданылады. Осы дәрінің арқасында әйелден айына 5-6, кейде одан да көп ұрық алуға мүмкіндік бар. Бізде осы гормондық дәрінің тек қымбат түрлері ғана бар. Бір ампуласы 5500-7500 теңге аралығында. Тура осындай әсер ететін дәрі Израильде 2000-2500 теңге. Бізбен салыстырғанда бағаларында екі-үш есе айырмашылық бар. Біздің елімізде ДТҰ әдісімен ұрықтандыру үшін жылына 100 шақты әйелге ғана көмек көрсету қарастырылған. Ал Израильде табиғи түрде бала сүйе алмаған жағдайда екі балаға дейін тегін емдеу және ДТҰ әдісін тегін жүргізу қарастырылған. Өйткені оларда ДТҰ әдісіне дайындайтын дәрі бағасы арзан. Бізде толықтай тегін болмаса да ДТҰ әдісін арзанырақ жасауға мүмкіндік бар еді. Яғни мұндай арзан дәріні қолданысқа енгізер болсақ бүгінгі күні бөлініп жатқан қаржыға 100 ананың орнына арзан дәрі арқылы 200-ге жуық ананы емдеуге мүмкіндік бар. Израильде бір ананы емдеу үшін мемлекет тарапынан 2000 -3000 доллар бөлінетін болса, бізде 4500-5000 доллар бөлінеді. Сол арзан дәріні кезінде біз де қолдандық. Кейін бірақ ол дәрі елімізде жоқ болып кетті. Өйткені еліміздегі дәрі сатумен айналысатын орындарға арзан дәрі сату тиімсіз болғандықтан оны жоқ қылып жіберді. Фармкомпаниялардың жетегінде кетпей, халықтың қалтасына сай арзан дәрілерді елге жеткізуді мақсат етуді мәселе ретінде көтеріп, жақында Денсаулық сақтау министрінің қабылдауына кіргім келіп отыр».
Осы саланың қазанында қайнап жүрген маман осылай дейді. Айта кетер жайт, бүгінде дәрігер алдына келген науқастарға қымбат дәрілерді тықпалауға әуес. Әйтсе де мамандар қымбат дәріні қабылдаған соң, арзан дәріге аурудың «көнбей» қоятынын да айтуда. Ендеше, қымбат дәріге деген құлшыныс қайдан туып отыр?! Негізі, әсері бірдей болғанымен, бағасы екі түрлі дәрілердің тағдыры фармацевтика саласында жүрген ағайынның қолында көрінеді. Адамның ауруынан пайда іздеп, «ауадан ақша жасауды» мақсат еткен фармацевтика саласынан арзан дәрілердің сұрауын сұрайтын кез де жеткен секілді.
«Ортез» тізеге тіреу
Елімізде 50-60 жастан асқан адамдардың 70 пайызы буын ауруымен ауырады. Мұндай жағдайда тізеге тірек болатын – «Ортез» аппараты. Бұл аппаратты америкалықтар ойлап тапқан. Аталмыш аппарат сүйектің биомеханикалық коррекциясын түзейді. Яғни қисайған тізе буындарын орнына келтіруде бұл қондырғының теңдесі жоқ.
«Ортез» аппараты Америкада 400 доллар тұрса, мұның бағасы Қазақстанда 80 мың теңгенің айналасында. Ал жастарға арналған «Ортез» 100 мың теңге тұрады екен.
Халықтың аурудан айығуына септігін тигізетін мұндай аппараттардың көп болғаны жақсы-ақ. Дегенмен медициналық технология қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей қолжетімді болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Дастан ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ, Буын аурулары институтының ортездер маманы:
– «Остеоартроз» ауруынан егде адамдардың толық жазылып кетуі қиын. Бірақ аппарат олардың жүріп-тұруына көп көмек береді. Қондырғы тізеге салмақ түсірмейді. Ал жастар аппаратты пайдаланып, қосымша ем қабылдаса, аз уақыт ішінде құлантаза айығып кетеді. Мен осы бойынша Прагада арнайы оқып, «Ортезбен» қалай жұмыс істеудің тәсілдерін үйреніп келдім.
Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ, ҚР Буын аурулары институтының бас директоры, медицина ғылымының докторы:
– «Ортездің» бір құндылығы ол ешбір операциясыз, буынды 20 градусқа дейін бұрып, өз орнына түсіреді. Осы «Ортездің» арқасында соңғы жылдары АҚШ пен Еуропа елдерінде тізені алып тастап, орнына жасанды тізе қою мақсатында жасалатын операция саны 50-80 пайызға дейін азайған. Бұл – өте үлкен жетістік. Біз де бүгінгі күні осындай қондырғыларды халық игілігіне жаратып отырмыз.
Қызылшаның қыр-сыры
Қызылша – балалар арасында көп кездесетін жұқпалы ауру. Ғасырлар бойы балалар өлімінің себебі болып келген бұл ауруды – «балалар обасы» деп те атаған. Қазіргі кезде де балалар арасында қызылша ауруының өліммен аяқталу жағдайлары кездесіп тұрады. Жыл сайын әлемде қызылша ауруынан 900 мыңға жуық балалар көз жұмады екен.
– Қызылша ауруының вирусы адам ағзасының жоғарғы тыныс жолдары арқылы еніп, тыныс жолдарының кілегейлі қабатында көбейеді. Вирус содан кейін қан арқылы бүкіл ағзаға тарап, бауыр, көмекей без, өкпе және сүйек кемігін зақымдайды.
Аурудың алғашқы белгілері жөтел, дене қызуының көтерілуі, көзден жас ағу, жарыққа сезімталдық және бөртпенің пайда болуы, бөртпе бірінші бетте, құлақ артында, содан соң бүкіл денеге тарайды. Аурудың ауыр жағдайында ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдек, бронхтардың асқынуы және де мидың қабынуы болады. Ағзалардың қабынуынан науқастың өлуі мүмкін.
Қызылшамен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болған сезімтал адамдардың 90 пайызы ауырады. Вирус адам ағзасында ғана ауру туғызады.
Сырқат адам бөртпе шыққаннан бастап екінші, төртінші күндері жұқпаның көзі болып табылады. Инкубациялық кезең 10-12 күн (орташа есеппен 7-18 күн), науқас адамда өмірлік иммунитет қалыптасады.
Қазақстанда 1995 жылы қызылша ауруына қарсы егілмеген жасөспірімдер мен ересектер арасында аурудың көбеюі орын алды (16 мыңға жуық). Аурудың таралуын жаппай иммундау нәтижесінде бұл ауру көрсеткіші айтарлықтай төмендеді.
Соңғы уақытта Ресей және Батыс Еуропада қызылша жұқпасының аурушаңдығы көтерілуде. Республикамызда осы уақытқа шейін лабораториялық жолмен дәлелденген тоғыз қызылша ауруы тіркелді (Алматы облысы, ОҚО және Алматы қаласында).
Қазақстан Республикасында 2005 жылы 15-25 жас аралығындағы мектеп оқушыларына, жоғары және орта оқу орындарының студенттеріне, әскери және медицина қызметкерлеріне қызылша және қызамық ауруына қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілгендігінің арқасында қызылша ауруы тіркеліп жатқан жоқ. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылша ауруына 1 және 6 жас аралығында екі реттік вакцинация жүргізіледі. Қазіргі таңдағы қызылша ауруымен күрес және оның алдын алу, ол вакцинация екенін ұмытпау керек.
Мемлекеттік емханалардың заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталмай отыруының сыры неде?
Талғат НҰРҒОЖИН, медицина ғылымының докторы, профессор:
Жаппай халықтың бәрін бірдей тегін медициналық тексеруден өткізе беруді мемлекеттің қалтасы көтермейді. Сондықтан кейбір анализ түрлерін анықтайтын заманауи қондырғыларды мемлекеттік емханалардан табу мүмкін емес. Есесіне, нарыққа ертерек бейімделген, өзара бәсекелестік туғыза алған жекеменшік емханалар алдыңғы қатарлы жаңа қондырғыларды бірімен-бірі жарысып сатып алып, өзіне науқастарды тартуға ұмтылуда. Меніңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Шет мемлекеттерде заманауи қондырғылардың барлығы жекеменшік клиникалардың қолында, халық та соларға тексерілгісі келеді. Тіпті заманауи қондырғының тексеруінен өту үшін бірнеше ай кезек күтеді. Дегенмен жағдайы төмен отбасыларға, аяғы ауыр аналарға арнап мемлекеттік емханаларды кейбір заманауи жабдықтармен дер кезінде жабдықтап қою артықтық етпейді.
Нәзігүл ҚОҢЫРТАЕВА, Қазақстандағы медицина сүлігімен емдеу орталығының бастығы және гирудотерапия саласының бас маманы:
Рас, кейбір мемлекеттік емханалардан қарапайым УЗИ қондырғысын табу мүмкін емес. Тіпті аяғы ауыр аналар құрсақтағы баланың жай-күйін анықтау үшін жекеменшік емханаларды жағалауға мәжбүр. «Ана мен бала мемлекет қамқорлығында» деп жар сала айтып жүрсек те, мемлекеттік емхананың заманауи жабдығы болмағандықтан аналарымыз жекеменшік клиниканың табалдырығынан аттауға мәжбүр. Айта кетер жайт, кейбір мемлекеттік емханаларда алдыңғы қатарлы заманауи жабдықтар бар болғанымен, оны игеріп, іске қосатын маманның жоқтығынан қаңтарылып бос тұр. Ал жекеменшік клиникалар бәсекелестік үшін жанталасып өз мамандарын өздері даярлап, заман үрдісінен қалмауға тырысуда. Сондықтан заманауи қондырғыларға ұмтылмастан бұрын онымен дер кезінде жұмыс істей алатын маман даярлауға да көңіл бөлген жөн секілді.
Құрал ҚҰРАҚБАЕВ, Тіс дәрігерлері ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор:
Ең басты мәселе, мемлекет тарапынан мемлекеттік емханаларға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі. Олар мемлекет тарапынан айтарлықтай қаржы бөлінбеген соң, алдыңғы қатарлы, заманауи жабдықтармен жарақтана алмай отыр. Медицина саласына қаншалықты көңіл бөлініп, бөлінетін қаржы көлемі артып келе жатыр дегенмен, ол мемлекеттік емханаларды заманға сай жабдықтауға жетпеуде. Сондықтан халыққа көрсетілер медициналық қызмет сапасын арттыру үшін әлі де болса бөлінетін қаржы көлемін көбейтіп, олардың тиісті мақсатқа сай жұмсалуына бақылауды күшейткен жөн. Сонда ғана біз жекеменшік емханалардағы озық қондырғыларды мемлекеттік емханалардан да көре алатын боламыз.
Бетті дайындаған Серік ЖҰМАБАЕВ