Алаш АВТО
Мәскеуден машина мініп кайту тиімді ме?
Өткен нөмірлердің бірінде біз Беларусь Республикасынан көлік әкелу туралы әңгімелеп едік. Бүгін тағы бір одақтасымыз – Ресей Федерациясынан көлік әкелу туралы сөз етпекпіз. Кедендік одақ ресми іске қосылып, үш мемлекеттің арасындағы шекаралардағы кедендік бекеттер алынып, шеттен келетін көліктерді кедендік рәсімдеу үшін Ортақ кедендік тариф (ОКТ) белгіленіп, оның бағасы шарықтап кеткелі бері одақтас мемлекеттердің азаматтары көлік іздеп бір-біріне сабылды. Осы тұста қазақстандықтар «ақбоз аттарын» Ресей аумағынан да іздей бастады. Нысанаға алынғаны – Мәскеу қаласы мен облысы аумағындағы және Новосібір мен Владивосток аумағындағы көлік базарлары болды. Енді осыларға тоқталайық.
Мәскеу айналасында бірнеше көлік базары бар. Солардың ішіндегі ең ірісі – 3000 көлік сыйып кететін Люберцы («Автогарант») автобазары. Бұл Мәскеу іргесіндегі Котельники қаласында орналасқан. Тағы бір ірі базары МААЖ 91-шақырымында орналасқан Мытищин (Суперавтомаркет Формула 91) деп аталады. Кунцеводағы базар тағы бар. Бұл үш базарда да Еуропа мен АҚШ-тан келген, бұрын жүрілген автокөліктер сатылады. Беларусь базарларын алыссынып, қомсынғандар осы мәскеулік базарларды жағалайды. Себебі мәскеулік көлік тұтынушылардың талғамы біздегілердікінен аса алшақ кете бермейді. Бағасы қымбаттау болса да, бізде мінілетін көліктер жиі кездеседі.
Бұлардан өзге, арзан көлік іздегендер Новосібірдегі 22 гектар жерді алып жатқан, 7000 көлік сыятын, Ресейдегі ең үлкен көлік базарларының бірі – «Столицаға» тартып кетеді. Мұндай үлкен базардан көңілден шығатын көлік таңдау оңай шаруа болмайтындықтан, базар басшылығы келушілерге жақсы жағдай жасап қойған. Айналдыра бейнекамера орнатып, кіреберісте барлық көлік тіркеліп кіргізіледі. Қажет болғанда таңдаған көлігіңізді ЖҚҚМИ (ГИБДД) қызметкеріне тексертіп алуға мүмкіндік бар.
Тіпті мұны қомсынғандар болса, Қиыр Шығыс асып, Владивостоктағы 1993 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, 6000 көлікке дейін сатылымға қойылатын ірі әрі ежелгі көлік базары – Зеленый Уголға тартып кетуге болады. Жапон теңізінің жағалауында орналасқан бұл базарға, негізінен, жапон, корей, қытай көлік индустриясының өнімдері қойылады. Негізінен, оң жақ тізгінді көліктер сатылғанымен, сол жақ тізгінді жақсы көліктер де кездеседі. Бірақ бір ескерер жайт – соңғы аталған базарлардан алған көлігіңізді жеткізу машақаты да қиындау болады. Орталық бақылау назарынан алшақтау орналасқандықтан, қайтар жолда жергілікті бұзақылармен ілінісіп, көліксіз қайту қаупі көбірек. Бұған қоса, солтүстіктегі көршілерімізде көлік ұрлығының қызып тұрғанын, сіздің де ұрлықы көлікке тап болуыңыз мүмкін екендігін де ескеру қажет. Сондықтан мұндай алыс сапарға шықпас бұрын жақсылап ойланып алу керек.
Әлқисса, сонымен, жоғарыда біз атаған қалалардың бірінен немесе өткен жолы сөз еткен Беларусь Республикасынан өзіңіз ұнатқан автокөлігіңізді аман-есен тұрғылықты жеріңізге жеткізіп алдыңыз делік. Келесі кезекте сол көлікті рәсімдеу мәселесі тұрады. Енді сол туралы баяндалық.
1.Таңдаған автокөлігіңізді Ресейден немесе Беларусьтан сатып алған кезде мынадай құжаттары түгел болуы керек:
1.1.Көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық паспорт)
1.2.Көлік құралының есептен шығарылғандығы, оның қазақстандық азаматқа сатылғандығы туралы есеп анықтамасы (счет-справка)
1.3.Сатып алу – сату келісімшарты
1.4.Көлік құралын сату үдерісін рәсімдеген мекеме мен жеке тұлға арасында жасалған комиссия келісімшарты
1.5.Көлік құралын жүргізушіге берілген сақтандыру полисі.
2.Елге келген соң, осы құжаттарыңызды, көлігіңізді алып, көлік құралының бізде рұқсат етілген Еуро – 4 стандартына сәйкес келетіндігін анықтап, сәйкестілік сертификатын беретін мекемеге барасыз. Олар көлігіңізді арнайы лабораториядан өткізіп, барлық регламенттеріне сәйкес келіп тұрса сертификат береді.
3.Содан соң әкелген тұлпарыңыздың өзіндік құнын бағалату үшін бағалау компанияларының бірінің есігін қағасыз. Олар көлігіңізді жақсылап тексеріп, ақаулары болса ескере отырып, оның нарықтағы (бір қызығы, жергілікті) бағасын шығарып, бағалау қорытындысын береді.
4.Бағалау қорытындысының нәтижесін, өзге де жинаған қағаздарыңызды алып, содан кейін жергілікті салық комитетіне барасыз. Ол жерден әкелген көлігіңіздің өзіндік құнының (бағалау қорытындысы бойынша) 12% ҚҚН төлейсіз. Егер көлігіңіздің қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден артық болса, әр текше сантиметрге 100 теңгеден акциз салығын төлеп, есеп тапсырасыз.
5.Тапсырылған есеп нәтижелерін алып, бағалау қорытындысын қосып, салық комитетінде арнайы ашылған Кедендік одақ аясында қосымша салықтарды ұйымдастыру деген бөлімге тапсырасыз. Олар сізге 10 жұмыс күнінде Қосымша салық төленгені расталды деп мөр басып, салық төленгені туралы есепті қайтарып береді.
6.Салық төленіп болған соң, барлық құжаттарды жинап, енді көлікті тіркеуге қою үшін тұрғылықты жердегі ЖПБ-ға барасыз. Олар барлық құжаттарды тексеріп, дұрыс болса көлік құралын тіркеу туралы куәлік (техпаспорт) көшірмесін алып қалып, 10 жұмыс күнінен соң қайта кел дейді. Осы уақыт аралығында олар көліктің «төркініне» тұлпарыңыздың сізге «ұзатылғанын» растауын сұрап факс жібереді. Олар растап жауап жазғаннан соң ғана сіз көлігіңізді тіркеуге қойып, ҚР мемлекеттік нөмірін ала аласыз.
салық
Көлік салығы көбейді
ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің айтуынша, жанар-жағармай бағасын шамамен 10 пайызға қымбаттату инфляциялық үдерістерді 0,1 пайызға арттырады.
«АҚШ-та көлік салығы экологиялық жүйеге негізделіп, салық жанар-жағармай бағасына үстемеленген. Бүгінгі таңда ІЖӨ жан басына шаққанда 12 мың доллардан аспай отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, ІЖӨ жан басына шаққанда 50 мың АҚШ долларынан асатын АҚШ-тағы жүйені Қазақстанға қолдану тиімсіз. 2012 жылы көлік салығынан бюджетке шамамен 27 млрд теңге қаржы түсіп, 4 млрд литр жанар-жағармай пайдаланылғанын, бұл көрсеткіштің бұдан әрі арта беретінін ескерсек, 1 литр бензин құнын 8,35 теңгеге өсіру қажеттілігі туындайды» делінген министрліктің ҚазТАГ агенттігінің сауалына берген жауабында.
Мұндай жағдайда үстеме салық ҚР барлық азаматтарына қатысты болып, инфляциялық үдерістердің 0,1 пайызға өсуіне, тиісінше бағалардың қымбаттауына әкеледі.
Осыған орай, Экономика министрлігі «қазіргі Салық кодексінде қозғалтқыш көлемі 3001-ден 4000 шаршы см аралығындағы автокөліктердің салық көлемі 15 АЕК (25 926 теңге) болса, қозғалтқыш көлемі 4000 шаршы см-ден асатын көліктердікі 117 АЕК (202 527 теңге) болып отыр. Көріп отырғандарыңыздай, жанар-жағармайды аз тұтынатын эконом кластағы көліктерге жатпайтын автокөліктер арасындағы салық төлеуде 10 есеге дейін айырмашылық бар. Сол себепті салынатын көлік салығының бірқалыпты өсіп отыруын қозғалтқыш көлемінің үлкендігіне қарай қамтамасыз ету үшін қозғалтқыш көлемі 3001 текше сантиметрден 4000 текше сантиметрге дейінгілер арасындағы көлік құралдарына салынатын салық көлемін қайта қарастыру көзделіп отыр. Мұндағы мақсат «Неғұрлым көбірек ластасаң, соғұрлым көбірек төле!» деп түсініктеме берді.
Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада арнайы бағытта екі автобус жүргізілетін болады.
№3 автобустар күн сайын түнгі 22:00-ден бастап, таңғы 06:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Түнгі көлік төмендегідей бағыт бойынша жүреді: Алматы қаласының әуежайынан шығып – Майлин, Хмельницкий, Сүйінбай көшелерімен келіп, «Саяхат» автобекеті маңындағы «Аллюр авто» орталығы арқылы Фурманов көшесімен көтеріліп, Абай даңғылы арқылы Орталық стадионға дейін барады.
Жол ақысы – 200 теңге. Жүру жиілігі – 45 минут.
ойтүрткі
Даңғаза әуен апатқа апарады
Біле білгенге автокөліктегі магнитоланың көлік жүргізу мәнеріне әсері зор. Мәселен, британдық ғалымдар (GEM Motoring Assist) осы мәселеге қатысты үлкен зерттеулер жүргізіп, әуен ауанының жол-көлік апаты оқиғаларымен тікелей байланысты екенін анықтаған екен. Олай болса, зерттеу қорытындыларына назар аударайық.
«Ырғағы жылдам және баяу әуендер әрқилы көңіл күй ахуалын туғызуға қабілетті». Бұл – ағылшын ғалымдарының мыңдаған фактілерді зерттей отырып жасаған соңғы тоқтамы. Жалпы, мұндай түйін ешкімге де таңсық болмаса керек. Мәселенки, жылдам ырғақты әуен тыңдағанда өзіңді Шумахер сезініп, шұғыл да қауіпті маневрлар жасауға кірісетінің бар емес пе? Ал баяу әуен болса, керісінше, әрбір жағдайды оңды бағамдап, әрбір қимыл-қозғалысты қатаң бақылауда ұстауға бейімдейді.
Даудың басы –
даңғаза әуен...
Өз кезегінде психологтер қауымы көлік ішін даң-дұңға толтыруға қабілетті қуатты акустикалық жүйені орнатпауға шақырады. «Өйткені сіз тым қатты қойылған музыканың әуеніне елтіп отырып, ішкі түйсігіңізді әлсіреткеніңіз былай тұрсын, байқампаздық деп аталатын ең ұлы қасиетіңізден айырыласыз. Бір ғана жол белгісін байқамай өтудің өзі қаншама проблемаларға бастау бола алады» делінген ағылшын ғалымдарының қорытынды сөзінде. Расымен де, үлкен мөлшерде айып тосын жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Ал шытырманы мол жол бойында өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де 100 пайыз қырағы болу – өмір мен өлімнің мәселесі. Басқасы басқа, жүргізуші қатты қойылған әуеннің кесірінен өзге көліктердің сақтандыру дабылдары мен ескертулерін естімей я көрмей қалып жатады. Айтары көп ағылшын ғалымдары осылайша қайсыбір музыка жанрларының жүргізушіге зиянды екенін анықтап отыр. Дәлірек айтқанда, ол қорытынды бойынша хип-хоп, хаус, ауыр рок, бір сөзбен айтқанда, осы стильдердің ағайын-туысы болып есептелетін барша жанрлар қауіпті саналуға тиіс көрінеді.
Әрине, қарапайым қисынға салып, «әй, қойшы, осы музыка дегенің не зиян келтіре алады?!» деп шорт кесуге де болады. «Тыңдайсың да кете бересің» дегенге саяды мұндай ойдағылардың пайымы. Кейде тіпті нақты не, кім туралы музыка екендігін аңғармай, әйтеуір, даңғыр-дұңғырға мәз болып бара жататынымыз бар. Алайда бір айта кететін жайт, музыка өзге де сырлы қасиеттерімен қатар, түйсікті бағдарламалау қызметін де қоса атқарады. Ендеше, осы орайда «мен өзімнің бейсаналық болмысыма рок, хип-хоп, хаус сынды әуендерді тыңдай отырып, қандай даңғазалықтың дәнін егіп жатырмын?» деген сауалдың туындауы заңды болса керек-ті. Хаус жанрындағы музыкалар, әлбетте, ми ашытар шаңқылымен-ақ өзі үшін өзі сөйлеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы танысудың өзінде оның агрессиялық ықпалын жүрек лоблуы түрінде сезінесің.
Әуен және ішкі түйсік
Сонымен, музыка дегеніміз не? Музыка деген, әлбетте, бұл – бірінші кезекте өнердің бір тармағы. Яки адам табиғатын нұрландырып, жағымды эмоциялар тудыратын сезімдік деңгейдің өлшемі. Мұндай оң түсініктегі музыкалар толқымалылығы жағынан адам интонациясына бейім келеді. Адам тәніндегі жасуша екеш, жасушалардың музыкадан шыққан әрбір дыбыс толқынына сілкініп, діріл түрінде жауап қатарлық кездері болады. Мамандардың айтуынша, егер музыка ырғағы мен жүрек соғысы бір тізбекте табылатын болса, онда ондай әсерге ұшыраған кісінің жаны жадырап, жағасы жайлауға кетеді.
Мысалы, классикалық музыка жағымды әсер береді. Неге? Жауабы да белгілі. Өйткені классикалық музыка – жүрек соғысының ырғағымен орайластырылған жанр. Минутына 60-70 дүрсіл жасайтын жүрек музыка ырғағымен шебер үйлесім табады. Сөйтіп, адам өзін демалғандай жайлы сезіне бастайды. Классикалық музыкаға заманауи клубтық музыкаларды қарсы қоюға болады. Оларда дыбыс ырғағы жүрек соғысынан екі есе жылдамдықпен өрбиді. Ал енді өзіңіз есептеп көріңіз.
Музыка қандай жолдар арқылы адам болмысына әсер етеді? Біздің түйсіктік бес сезіміміз тәулік бойы миға ақпар жеткізумен болады. Ал тыңдау қабілеті арқылы жеткізілген ақпар солардың ішіндегі ең әсерлісіне жатады. Әуелі әлдебір тылсым күйді сезінуден басталатын бұл қалып үлкен сезім мен эмоциялар бұрқағына айналып сала береді.
Музыканың осы қырына қатысты көнеден жеткен бір хикаят бар: теңіз төрінде жүзіп бара жатқан кемеде әлдебір ер кісі скрипкада ойнай бастайды. Оның әуенін тыңдап отырған теңізші шал бір кезде зар жылап қоя береді. Скрипкашы ойынын доғарғанда, шал келіп, «дәл солай болған еді» дейді өз-өзінен күбірлеп. «Әр кәлләда бір қиял» десек те, әлгі скрипкашы оның көңіл пернесін дәл басқаны анық.
Байқасаңыз, музыка өте қысқа мерзімнің ішінде жан дүниені алай-дүлей ете алады. Кітапта миллиондаған сөздермен суреттеп бере алмайтын я жеткізе алмайтын күйді музыканың бір елеусіз ғана нотасымен немесе интонациясымен беруге болады.
Музыка және жол апаттары
Кесіп айтар болсақ, қатты һәм жылдам ойналатын музыкалар жүргізушінің нөмірі бірінші қатері болып саналады. Жылдам ырғақты музыкалар адам жүрегінің шамадан тыс соғып, дене қысымының артуына апарып соғады. Ондай жағдайда адам өз-өзінен дегбірсізденіп, оқыс жүрістер жасауға көшеді. Міне, осындай себептерді ескере отырып, жол-көлік оқиғаларына оңай жол табылатыны түсінікті болса керек-ті.
Музыкаға қатысты фактілер:
*музыка қанның бір минуттық ағымына дереу әсер ете алады және лүпіл жиілігін арттырып, қан қысымын көтереді, қандағы қант мөлшерін арттырады;
*бұлшықет сіңірлерінің тартылып созылуына себеп болады;
*алақұйын эмоциялар туғыза алады;
*вербалды және арифметикалық қабілеттерді арттырады;
есте сақтау және қабылдау сезімдерін ұштай түседі;
адамды шығармашылық ойлауға итермелейді;
Сөз аяғында айтарымыз, әлі күнге ешбір жерде, ешкім жеке тұлғалық қабылдаудың бар екенін жоққа шығармайды. Бір адамды еңіреткен музыка екіншісіне тіптен әсер бермеуі мүмкін. Сонымен қатар ішкі әлемімізде жатқан бейсаналық қабылдау түйсігін де жоққа шығарған ғылым жоқ. Сондықтан да біз тыңдаған әрбір дыбыс жан дүниемізде қайталанбас із қалдырады. Өйткені әуез бен әуен біздің өз ішімізде, жан жүрегімізге жасырылған. Құдайға сыйыну ма, сөзі жоқ құр ыңыл ма – маңызды емес, ең бастысы, жүректен шықса болғаны.
Ендеше, таңдау еркі өзіңізде...
Автокеңес
Жол азабын тартпайын десең...
1. «Инспектор істі біржақты қарағандықтан, ол толтырған хаттамамен келіспеймін» деген мазмұндағы жүргізуші түсініктемесі бар жол жүру ережесі бұзылғандығы туралы хаттамалар қандай тәртіппен қаралады? Мұндай фактілер тексеріле ме? Тексерілсе, қандай шаралар қолданылады?
Жол полициясының инспекторы жүргізушіге хаттама толтырмас бұрын, сол жерде дереу оның жол жүру ережесінің қай бөлігін бұзғандығын түсіндіреді. Әкімшілік хаттама толтырыла басталғаннан-ақ, көп жүргізуші кінәсін мойындап, кешірім сұрап, жіберуін өтініп тұрып, инспектор хаттама толтыруын тоқтатпаса, хаттамамен келіспейтінін айтып, қулыққа басатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндайда «мен хаттамамен келіспеймін, дәлелдеңіз» деп тұрып алатын жүргізушілер көп.
Мұндай жағдайда іс Әкімшілік кодекске сәйкес, ішкі істер органдарында комиссия қарауымен талқыланады. Бірақ қалай болғанда да, жүргізуші хаттамада құқық бұзушылықпен келіспеймін деп жазып, қандай да бір дәлелдер келтіре алса, мұндай материалдар қарастырылып, екіжақты шешім шығарылады.
2. Жол полициясының қызметкерлері қандай жағдайда мемлекеттік нөмірлерді шешіп ала алады?
Автокөліктің мемлекеттік нөмірлік белгілері Әкімшілік кодекске сәйкес шешіп алынады. Егер автокөлік тұраққа қою ережесін бұзып немесе жол белгісінің талабын орындамаса, оның мемлекеттік нөмірлік белгісі тәркіленіп, мемлекеттік нөмірді шешіп тәркілеу туралы акт толтырылады.
Бұдан өзге, мемлекеттік нөмір мемлекеттік техникалық байқаудан уақытында өтпеген автокөлік тротуарда, газонда тоқтап тұрғанда тәркіленеді.
3. Жол полициясының қызметкері жүргізушіні тоқтатып, тек жеке өзінің күдіктенуіне сүйене отырып, жүргізушіні медициналық тексерілуден өтуге мәжбүрлеп апара ала ма? Егер апарса, медициналық тест жүргізуші ешқандай алкогольді өнім тұтынбағанын дәлелдеп, жүргізуші тексерістен өтіп жүргенде материалдық зардап шегетіндей, пойыздан, ұшақтан, жұмыстан қалып қойса, оған инспектор жауапты бола ма?
Әрине, егер инспектор ешқандай дәлелдер мен негізсіз жүргізушіні медициналық куәландыруға әкелсе, жүргізушіге келтірілген материалдық шығын үшін жауап беруге міндетті. Бірақ бұл – аса сирек кездесетін жағдай.
Жүргізушіні медициналық куәландыруға әкелудің басты себебі – жүргізушінің мас екендігін айғақтайтын алғашқы белгілер болуы тиіс. Ол белгілер – жүргізушімен әңгімелесу барысында сезілетін арнайы иіс, оның өзін қалыпсыз ұстауы, қисалаңдау. Бұған қоса, инспектор жүргізушіні сараптамаға апармас бұрын, оның алкогольді немесе есірткілік өнім қолданғанына 100 пайыз сенімді болуы керек.
Ал егер жүргізуші жол-көлік оқиғаларына тап болған жағдайда медициналық куәландырудан өтуге міндетті.
Бетті дайындаған Нұраддин Рысбайұлы