«Көне Тараздың» қазақ тарихына қосар үлесі мол
Қасиетті Тараз топырағының астында әлі де аршылмаған қаншама қазына жатыр екен? Өйткені жыл жылжыған сайын археологтердің күрегі тиген әр аймақтан қазақ тарихына қомақты үлес қосатын жәдігерлер табылуда. Табылмағаны қанша әлі. Қала ортасындағы ескі базарды көшіру мәселесі кезінде талай дауға тамызық болғаны бар. Ақыры бұл мәселе шешімін тауып, бүгінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Табылған олжа аз емес. 33 мыңнан астам құнды мұра қазылып алынды. Қазба барысында көне Тараз қаласының құрылыстары аршылды. Ғалымдар сәулет өнерінің бұл түрі Х-ХІІ ғасырларға тән деп болжам жасап отыр.
Археологиялық жәдігерлердің арасында мамандардың өзін таңғалдырған дүниелер аз емес. Кейбірі бүтін күйінде бір жері бүлінбестен сақталған болса, енді бірінің сынықтары табылған. Олардың арасында әртүрлі пішіндегі құмыралар, шырағдан, дәрі-дәрмек құтылары да бар. Тіпті сол заманның өзінде парфюмерлік иіссулар сақтауға арналған сфераконустардың болғаны ғалымдарды қызықтырып отыр. Зерттеуге тұрарлық дүние деп құлшынып отырғандар да жоқ емес. Табылған заттар шыңылтырлы бояулармен әрленген. VII ғасырдан басталатын Түркештер дәуіріне жататын қараханидтер әулетіне тән мыс және күмістен жасалған тиындардың табылуы да қазба жұмысының ең басты олжасы болып отыр. Қазылып жатқан қалашықтың жалпы аумағы он гектар жерді құрайды. Қазба барысында табылған тарихи жәдігерлердің қазақ тарихына қосар сүбелі үлесі мол. Қазба жұмыстары осы саланың білгір маманы археолог, академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқаны белгілі. Мұнда табылған ірі олжаның бірі – шығыс моншасы. Монша маңынан көне тиындар мен құмыра бұйымдар өте көп қазылып алынды. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандар күрек пен қайланың ғана көмегіне жүгінбей, соңғы технология бойынша жабдықталған арнайы құралдармен жұмыс істеуде. Соны құралдың артықшылығы көп. Бұрын археологтер бірнеше метр тереңдікке дейін қаза беретін. Ал заманауи құрал көне мұралардың қанша метр тереңдікте, қандай аумақты алып жатқанын дәлдікпен анықтай алады. Соның арқасында археологтердің жұмысы жеңілдеп отыр. Құрылғымен жүргізілген зерттеудің нәтижесінде қазба жұмыстарын тағы 1 гектарға кеңейтуге тура келді. Өйткені сол құрал арқылы жаңа қазба орындары анықталып отыр. Академик Карл Байпақов бір емес, бірнеше музейге сыйып кететін көп жәдігерлер табылғанын алға тартып, мұраларды қоятын мұражай ашу идеясын ұсынған болатын. Оның сол базар маңында болғанын да қолдайтынын айтқан еді. Білікті маманның тың ұсынысын жергілікті ғалымдар да қолдап отыр. Араға біраз уақыт салып, көне базар толық аршылып алынған соң ашық аспан астындағы мұражай ашуға мүмкіндік мол көрінеді. Осыған орай ЮНЕСКО-ның Ташкенттегі өкілдігі мен Париждегі штаб-пәтеріне ұсыныстар жіберілді. Егер бұл тарихи орын ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілсе, жәдігерлер сол аршылған қалпында сақталып, көпшілік назарына ұсынылады. Тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемге танымал болмақ. Сонда әлемнің әр түкпірінен туристер легі ағылатын болады.
Жамбылдың жампоздары мен тарландары
Қазақта асыл азаматтар көп. Солардың басым бөлігі – Жамбыл жерінен қанат қаққандар. Ұлттың рухани қуатына қуат қосып, талай жасампаз істің жаршысы болған да – жамбылдық өрендер. Оларды түгендеп отыру, ерен еңбектерін паш ету бүгінгілердің міндеті емес пе? Ендеше… Дәстүрлі ән мектебінің негізін салған Кенен Әзірбаев, қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлы салған сара жолды жалғастырған дарабоздар қаншама!
Жамбыл жерінде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ізі жатыр. Асанбай Асқаров, Екейбай Қашағанов сияқты көрнекті тұлғалар да – осы Жамбыл облысынан. Қазақтың атын шығарған тау тұлға Бауыржан Момышұлының өзі –бір төбе. Ұлтын қалай сүюді кейінгілерге үлгі етіп кеткен Баукеңе деген құрметтің ізі өшпек емес. Қазақ әдебиетіне сүбелі шығармалар қосқан Шерағаң – Шерхан Мұртазаның қасиетті Жамбыл өңірінен шыққанын жерлестері мақтаныш тұтады. Желтоқсанда қазақтың атын аспандатқан Қайрат Рысқұлбеков те киелі мекеннің тумасы болмаса, асқан ерлікке барар ма еді?! Қазақтың саусақпен санарлықтай талантты ақын қыздарының көшін бастаған Күләш Ахметова да осында, Таразда, тұрады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы да – жамбылдықтардың мақтанышы.
Тараз топырағы өнер саласында өзіндік өрнегімен танылып жүрген таланттардан да кенде емес. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев – Жамбыл облысының түлегі. Жыршы-термеші Аяз Бетбаев сынды өнер иелері кезінде көрермен көзайымына айналып еді. Тараздың топырағында аунап өскен, талантты эстрада өрендері бүгінде жетіп артылады. Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Мақсат Базарбаев, Гауһар Қаспақова, Мейрамбек Беспаев, Айгүл Иманбаеваларды кім танымайды? Қазақ театр-кино өнерінің ерекше жарық жұлдызы Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловтың да кіндік қаны Тараз топырағына тамғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақстанның даңқын асырған спортшы саңлақтарымызды айтпай кетуге болмас. Тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те – Жамбыл өңірінің тумасы. Арыда әлем және Еуропа чемпионатының алтын алқасын таққан боксшылар Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділовтердің соны соқпағын жалғастырған саңлақтар аз емес. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаевты мақтан тұтатындар көп. Алтын қолғап иелері Ермахан Ыбрайымов пен Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алғанының өзі – бір төбе. Атақты балуан Ислам Байрамуков та осы топырақтан өрбіген. Одан беріде былтырғы «Қазақстан барысы-2012»-нің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев тек жамбылдықтардың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы деуге болады. Осындай жамбылдық жампоздардың ізін басқан талай таланттар әлі өмірге келеді. Топырағы киелі Тараз өңірі еш уақытта да таланттардан кенде болған емес өйткені…
Бір отбасының 500 баласы
Тағдыры таңғажайып жандар Жамбыл облысында жетерлік. Соның бірі – жасы 100-ге жуықтаған Фаме Фу Лин әжей. Биыл неменесін, яғни алтыншы ұрпағын көріп отыр. Бұл отбасының өзгелерден ерекшелігі – бір шаңырақтың астында 120 адам тұрады. Бір ғасыр жасаған ана балаларын алысқа ұзатпай, өзінің айналасында қоңсы қондырған. Аналарының туған күнімен құттықтап келгенде бір мезетте дастарқан басына бір отбасының 500 жаны жайғасады. Кейуананың өзінен тараған балалары 12. Одан тараған 79 немере, 339 шөбере, 69 шөпшек, 1 немене сүйіп отыр бүгінде.
Тұңғыш немересі биыл 63-ке толыпты. Фу Линдер отбасы Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Сортөбе ауылында тұрады. Әрі ұзақ жасаудың сыры да осы ерінбей еңбек етуде деп біледі. Ауыл шаруашылығында бел жазбай жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда маңдай терін төгіп еңбек еткен. Бейбіт заман орнағанда сол еңбегі ескеріліп Еңбек Ері деген атақ алыпты. Үрім- бұтағын да өз кәсібіне баулыған, бүгінде бәрі де диқаншылықпен айналысады. Фаме әжей 1913 жылы дүниеге келіпті. Белгісіз себептерге байланысты туу туралы куәлігінде қате кеткен. Сауатсыз мамандардың салдарынан кеткен қатемен есептесек, кейуананың жасы биыл 93-те болуы керек екен. Ал әжей өзінің нақ жасы 100-де екенін айтады. Өмірдегі өкініші ретінде шалының ерте, 70 жасында, о дүниелік болғанын айтады. Дегенмен көрген де бар, көрмеген де бар, өзінің бүгінде немене сүйіп отырғанына қуанады. Кішкенелерінің у-шуына әбден бойы үйреніп қалған әжей олар сабаққа кеткенде үйдің тынышталып қалатынынан мазасызданады екен. Кешкісін бәрі дастарқан басына жиналғанда нағыз мереке сол деп есептейді. Немере-шөберелерінің атын жатқа соғатын әжей тек шөпшектерінің атын шатастырып алатынын айтады. Мұны, әрине, жасы келгендігінен көреді. Тек неменесі біреу болғандықтан ғана әзірге шатастыра қоймаймын деп әзілдейді. Фаме әжейдің ауылдастары Гиннесстің рекордтар кітабына сұранып-ақ тұр деп есептейді. Әрине, шаттығы шалқыған шаңырақ қандай мақтауыңызға да лайық екені сөзсіз. Біреу жеткен, біреу жетпеген 100 жасты еңсеріп тастаған ақ шашты әжейді әкімшілік назардан тыс қалдырған емес. Мерекелерде, туған күнінде құттықтап тұрады.
Өнертапқыш кәсіпкер
Қимылдағанның қыр асатын заманы емес пе? Негізінде, біз өнертапқыштарды ғалымдардың арасынан, ірі орталықтардан ғана шығады деп қателесіп жатамыз. Ауылда да ойы озық, кәсібінің нәсібін жеп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – Шырынкүл Әбітаева. Жамбыл облысының Талас ауданында тұрады. Әу баста өзінің аты аспандап, бүкіл республикаға танымал болам деп ойламаған.
Күйеуінен жастай жесір қалған ана бес баласын жетілдіру үшін мал бағудан да, тас қалаудан да қашпайтын. Сондықтан да құлағы түрік жүретін жан бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту үшін көрсетіліп жатқан көмектің көлемді екенін естіп білген. Сол себептен жергілікті әкімдіктегілерден жолын көрсетуді сұранды. Олар ананың бетін қайтармай, қалай қаржы алу керектігін, оны қалай қайтару жолдарын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп береді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына үлкен үміт артқан ана білек сыбанып құжат жинауға кірісіп кетті. Ақыры табандылық танытып, қолына 1 миллион теңгені ұстағанда қатты қуанған. Қолындағы қаржысына ертеңгі күні мол түсімі болар деп уақ мал сатып алады. Оны бала-шағасымен бағып, төлдетіп мал басын көбейтіп қойған. Жер- жаһанның жаңалығын қалт жібермейтін ауыл кәсіпкері ешкімде жоқ әрі көп шығынды талап етпейтін жел электрстансысын ойлап тауып, оны салып бітірді. Ол ойын жүзеге асырудың да оңайға түспейтінін сезді. Бірақ белін бекем буып, ойға алған ісін жүзеге асыруға білек сыбанып кірісіп кетті. Алға баса берсе, алынбайтын асу жоқ, ақыры көздеген мақсатына да қол жеткізді. Бұл істің бүге-шігесіне дейін түгендеп шыққан ол ауылдықтарға таңсық дүниені ақыры салып бітірді. Әрі үйін, әрі қорасын жарықтандырып қарық боп қалған жайы бар. Бір істі бастап, екіншісін одан да асырып түсірген Шырынкүлдің бұл ісі, расында, қандай мақтауыңызға да лайық. Алдағы уақытта үйіріп соғып тұратын желді елдің кәдесіне жаратуды да ойластырып жүр. Ауыл кәсіпкері осылайша өнертапқыштығымен де танымал болып үлгерді...
Шежірелі өлке
Жамбыл облысының орталығы – Тараз көне тарихи қалалардың бірі екені белгілі. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы діни һәм сауда орталығы болған. Мұнда ерте замандарда-ақ теңге соғатын теңге сарайы да жұмыс істеген. Қолөнері ерте дамыған: қолдан кілем, алаша тоқылған, қыш құмыралар жасалған. Дүниенің әр қиырынан сауда керуендері келетін болған.
Сол замандардан бүгінге жеткен сәулет ескерткіштері Қарахан кесенесі мен Тараз маңындағы Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері әлем халықтарын әліге дейін таңғалдырып келеді. Қасиетті Тараз топырағына аяғы тиген адам осы кесенелерге тәу етпей кетпейді. Бір кірпіші де кертілмеген, таңғажайып архитектуралық пішінмен салынған сәулет ескерткіштері, расында, ғажайып-ақ, бұл өңірде есте жоқ ерте замандардың өзінде инженерлік, архитектуралық, сәулеттік өнердің дамыған кезеңі болғанын растайтын ерекше ескерткіштер көп. Соның бірі – ескі монша. Жеке жылыту жүйесі болған, кәдімгі су жеткізіп тұратын құбырлар тартылған. Өрнектеу мәнері ерекше, көркем суреттермен безендірілген. Осының өзі-ақ Тараз халқының әлемдік өркениет көшіне ерте ілескенінің куәсі бола алады.
Айша бибі кесенесі
Айша бибі ауылы Тараз қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан, ХІ-ХІІ ғасырдағы сәулет ескерткіштерінің бірі. Бүгінгі күнге кесененің батыс бөлшегі ғана бүлінбей жеткен. Кейіннен кесене толығымен жаңартылды. Орталық Азия және Қазақстан аумағында сәулет-құрылыс тарихында бұл ескерткіш ең ғажайыбы болып саналады. Жалпы, кесене өзіндік ерекше ою-өрнегімен қызықтырады. 60 түрлі ою-өрнегі бар эпиграфикалық белдеумен жасалған. Айша бибі әйгілі Зеңгі бабаның қызы дейді бізге жеткен аңыздарда. Айша өзінің ғашығы Қараханға бара жатқан жолда сүйіктісіне жете алмай, жылан шағып қайтыс болған.
Бабаджа Хатун кесенесі
Бұл кесене Айша бибі мазарының дәл қасында орналасқан. Әйгілі кесене XI-XII ғасырдан жеткен сәулет ескерткіші болып есептеледі. Эпиграфикалық жазбаларға сүйене отырып, ол жерде жерленген әйел адамның атын оқып білген. Бізге жеткен аңыз бойынша ол әйел Айша бибінің қамқоршысы болған. Ол Айшаның Қараханға бара жатқан сапарында қасында болған көрінеді. Бұл екі кесене сәулет ескерткіші ретінде дәріптеледі.
Х-ХIV ғасырдан жеткен Тектұрмас сәулеттік кешені
Ежелгі діни орындардың бірі. VII-XІ ғасырда ислам дінінің таралуына дейін мұнда кешен құрыла бастаған болатын. Кесене исламның алғашқы қанат жая бастаған кезеңінде салынған. Кейіннен 1935 жылы қиратылды. Бүгінгі таңда оның орнында орта ғасыр типімен қалпына келтіріліп қайта салынған жаңа кесене тұр. Кесененің жанында қазақ батыры Мәмбеттің моласы бар.
ХІХ ғасырдағы Қали-Юнус шығыс моншасы
ХІХ ғасырда бұл моншаны Әулиеата қаласының тұрғыны салған. Мұнда сәулет композицияның өрнектері және орта ғасырдағы шығыс моншаларына тән жылыту жүйелері қолданылған. ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін монша қолданыста болған. Қазіргі уақытта ол қайта жаңғыртылып, сәулет ескерткішіне айналдырылған.
VIII-IХ ғасырдағы Ақыртас кешені
Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстанның қызықты және құпиялы орындарының бірі. Ақыртас тарихы 130 жыл бойы зерттелген. Әлі күнге дейін қайта зерттеу, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Ақыртас кешені 1714-1715 жылдары араб қолбасшысы Күтейбінің бұйрығымен салынған.
Не, қайда, қашан?
Жаңа ойын түрін ойлап тапқан адам Жамбыл облысында тұрады
Бүгінде Жамбыл облысының аумағында тұратын дүнген ұлтының өкілдері 50-мыңнан асады. Олар ұрпақтарын өсіріп жемісті еңбек етуде. Еліміздің мәдени өміріне белсене араласатын дүнгендер өздерінің «Вынхуа» атты дүнген мәдени орталығын құрған болатын. Осы қауымдастықты Руслан Исмазов атты іскер азамат басқарады. Олар өскелең ұрпақты өздерінің ата салтын ұмытпауға үндеп, салауатты өмір салтын ұстануын да естен шығармайды. Руслан өзі – таэквондо спортынан бапкер. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қадағалап, осы спорт түріне баулып жүр.
Бұл ойын түріне «Ордабасы» деп ат қойып та үлгерді. Өзі ойлап тапқан спорттың осы түрінен облыстық жарыс өткізу де ойында бар. Әзірге жастар бұл ойын түрінің өздеріне қатты ұнайтынын айтуда.
Руслан ИСМАЗОВ, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы қауымдастығының президенті:
– Әу баста бұл спорт түрін балаларды қызықтыру үшін ойлап тапқан едім. Кейін келе олардың ынта-ықыластары арта бастағанын түсіндім. Бұл ойын жас жеткіншектерді салауатты өмір салтына бейімдеп қана қоймай, бірлікке, түсіністікке, ынтымаққа баулиды. Бұл ойын жеткіншектердің тез есеюлеріне әсер етіп, мықты қолбасшы, алғыр орындаушы ретінде тәрбиелейтінін аңғардым. Бұқаралық спорт түрі ретінде тез дамиды деген ойдамын. Жас спортшыларды патриоттық рухта тәрбиелеуде өте тиімді екені дәлелденіп отыр. Өйткені бұл ойын түрінің ережесі бойынша әр команда қарсыластарынан өздеріне тиесілі туды қорғауы керек. Бәрі де бір мақсат жолында ұйысуды ойлайды.
Бетті дайындаған Гүлжан КӨШЕРОВА, zhan771@mail.ru, ұялы телефоны: 87017711648