Алаш АЙМАҚ

Алтын адам табылған алғашқы аймақ
Алматы облысының Есік қаласы Алтын адам табылған аймақ ретінде күллі әлемге танылған. 1970 жылы қаланың солтүстігін­дегі өзі аттас өзеннің жағалауынан алтын киімді сақ жауынгерінің моласы табыл­ған­да қазақ жері ғана емес, күл­лі әлем бір елең еткен еді.
Белгілі ғалым Кемел Ақышев жетекшілік еткен археологиялық топтың бұл тарихи табысы темір дәуірінің ескерткіші саналады. Бұл ескерткіш Жетісу жерін мекендеген сақтар мемлекетінің өркениеттің биік шыңына көтерілгенін  айғақ­тап тұр. Алтын адамның киіміндегі алтын әшекейлердің саны 4 мыңға жуық. Табылған мүрдені зерттеу­ші­лер сақ ханзадасы немесе әскер­басы деп топшылайды.Алтын адам бейнесі бүгінде ел тәуелсіз­дігін танытатын басты белгілердің бірі­не айналды.  
Есік маңындағы ерте заманнан жеткен көптеген оба-қорымдар бұл аймақтың «Сақтар астанасы» деп бағалануына ықпал етті.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлт­тық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мә­дени қорық-мұражайы құрыл­ды. Бұл рухани-мәдени жаңалық­тар­дың барлығы да өңірде бо­ла­шақта тарихи-танымдық ту­ризм­ді дамытуға зор мүмкіндік береді.
Тақырыпты Алтын адам табыл­ған алғашқы аймақ деуіміздің өзін­­дік себебі бар. Өйткені мұндай алтынмен апталған адам кейіннен еліміздің басқа өңірлерінен де та­бы­ла бастады. Десек те, әлемдік та­рих­қа үлкен жаңалық әкелудің ба­сы Есіктен басталғаны – шындық. 


ұлттық өнер
Құсбегілік өнерді құрмет тұтқан
Құсбегілік өнер, саятшылық дегенде алдымен Алматы облысының Нұра ауылы ойға оралады. Жыл сайын республикалық деңгейде өтетін «Сонар» байқауының дәл осы елді мекенде ұйымдастырылуы тегін емес. Себебі осы бекзат өнердің қыр-сырына қанық, бүркіт баптап, тазы жүгіртіп, саятшылықты көненің көзіндей сақтап отырған екі ауыл болса, соның бірі – осы Нұра.

Жалпы, ата-бабаларымыз қыран бүркітті еркіндіктің, өр рух­­тың символы ретінде таны­ған. Еркін елдің аспанында қа­лықтаған қы­ран­ның рес­пуб­ликамыздың мем­лекеттік туында көрініс табуы сонының бір белгісі болса керек.
Тарихи деректер адамзат­тың бүркітті қолға үйретуінің 3 мың жылдық тарихы бар екенін алға тартады. Өзге де түркі халықтары секілді қазақ­тың да ықылым заманнан құсбегілік табиғатына жақын, болмысына бөтен емес.
Жетісудан шыққан әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораны барлық бүркітшілер өздеріне пір тұтады. Жалайыр Шора құс­тың тілін білген деседі. Қы­ран құс «Аспанға ұшсам қана­тым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора қағады» деп зарлаған екен дейді ел аузын­дағы аңыздар.
Қазір Еңбекшіқазақ  ауда­нын­дағы Нұра ауылында «Жа­лайыр Шора атындағы құс­бегілер мектебі» бар. Оның негізін қалаған белгілі эт­но­граф-ғалым Жағда Бабалық­ұлы мен бірқатар білікті бүркітшілер.Және республикалық құсбегілер мұра­жайы жұмыс істейді. Жылдар бойы құсбегіліктің алтын арқа­уын үзбей келе жатқан құт мекен­дегі бұл мұражайды Иса­беков­тер отбасы еңбектене жүріп, тірнектеп жинап тегін ұйым­дастыр­ған.Мұражай алғаш ашыл­ған кезде небары 500 жәдігер бол­са, қазір оның саны мыңдап саналады. Бұл мектеп пен мұражай талай шетелдік­тің қазақ­тың саят өнеріне тамсанып кетуіне себепкер болса, өзіміз үшін көне дәстүрді танып-білудің, үйреніп-меңгерудің бір жолы.
Исабековтердің айтуынша, олар – Жалайыр Шораның ұрпақтары.Ата жолын қуған ұлдар баптаған қырандар республикамызбен қатар шетелдерде де өз өнерлерін паш еткен.
Бұрнағы жылдарда Парижде өткен жарыста 30 мың адамның ал­дын­да үздік өнер көрсетіп, еуропа­лықтарды тәнті етіп қайтыпты.
Бір ғана Нұра ауылының өзінде 20-дан астам бүркітші бар. Олар тазы иттерді баптауда да ерекше еңбек сіңіріп жүр.
Жалпы ұлттық құндылығымыз саналатын саятшылықты дамыту мен насихаттаудың түп-негізін, яғни базасын қалыптастырып отырған Нұ­ра ауылын этнографиялық ауыл етіп құру туралы саят өнері жана­шыр­ларының бастамасы қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді.


жер жаннаты
Жетісу жауһарлары


ҮШҚОҢЫР – Іле Алатауы сілемдерінің батыс бөлігіндегі тау бөктері,  Іле Алатауы жау­­һарының бірі деуге бола­­ды. Ол шөгіп жатқан үш нардың өркешіне ұқсайды. Қыс бойы түскен қар ұзаққа дейін еріп үлгермей, қоңыр­қай тартып жатады. Тек жаз­дың ортасына қарай ғана төбелер көрінеді.
Үшқоңыр – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған жері. Ресми деректерге сүйен­­сек, мұнда Назарбай Са­пақ­овтың атақонысы бол­ған, онда Нұрсұлтан На­зар­баев алты жасқа дейін тұрған.
Атақты жайлау туралы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Үшқоңыр жайлауында» дейтін очеркі де бар.


ШАРЫН ШАТҚАЛЫ – Алматы облысы­ның Еңбекші­қазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарында орналасқан Шарын мем­лекет­тік паркінің аумағында жатқан түзілісі ерекше табиғат тамашасы.
Мұндай шатқал әлемде екі-ақ жерде кездеседі. Оның үлкені Солтүстік Американың Колорадо аймағында болса, еліміздегі Шарын шатқалы оның кіші бауыры деп те айтылады. Оның «қызғылт қамалдар» деген атауы тағы бар.
 Шарын шатқалының тарихын сонау Тас дәуірінен тарқататын ғалымдардың пікіріне сүйенсек, шатқалдардың мұндай таңғаларлық табиғат туындысы кейпіне енуіне оны қақ жара батыстан шығысқа қарай ағып жатқан Шарын өзені әсер еткен-ді. Шатқалдың өзен суының миллиондаған жылдар бойы жуып-шаюынан, желдің ықпалынан пайда болған кескін-келбеті ертегідегі қамалдарды, ұлы қорғандарды еске салады.
Табиғаттың қайталанбас ерекше сәулеттік туындысын миллиондаған жылдардың қалдырған қолтаңбасы деуге болады.


АЛАКӨЛ – Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының шектескен тұсында, Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында жатқан тұзды көл.
Балыққа бай бұл судың әсіресе емдік қасиеті ерекше. Су тұзды болғандықтан және құрамында йод, хлорлы натрий секілді пайдалы заттардың болуының емдік қасиеті зор. Ел аузында жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан да, жоңғарлармен шайқасқан Қабанбай батыр да жараланған жасақтарын осы суға түсіріп емдеген деген аңыз айтылады. Тіпті кеңес заманында ғарышқа ұшып келген ғарышкерлерді де бірден осы көлге әкеліп демалдыратын болған екен. Алакөл суының түрлі тері ауруларына дауа, дене жарақаттарынан тез айығуына сеп болатынына куә болып жүрміз.
Мұнда шипалы судан басқа күкіртті-сутекті балшықтар, минерал тұздар бар. Алакөлдің осы қасиетінің тері, буын, жүйке, құяң және басқа да көптеген сырқат түріне таптырмайтын шипа, тиімді ем болатыны дәлелденген.


Саңлақ спортшылар
Толағай қыздар толағай табыс әкелді
2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жеті алтын медальға ие болып, еліміздің абыройын аспандатқаны күні кешегідей есімізде. Сол жеті алтынның үшеуі  – Алматы облысының зілтеміршілерінің үлесінде. Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова – үш алтын қызымыздың атын қалай-қалай ардақтасақ та артық емес.

2008 жылдан ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрама командасының құрамын­да жүрген Зүлфия Олимпиада ойында­рын­да 53 кг дәрежесінде қос сайыстан 229 кг көрсеткішпен чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты.
Алматы облысының тағы бір спорт­шысы, зілтемірші Майя Манеза 63 кг сал­мақ дәрежесінде тамаша өнер көрсетіп, жұлқа көтеруде 110 кг, серпе көтеруде 135 кг салмақты бағындырды. Сөйтіп, Майя Қазақстан қоржынына үшінші алтын­ды салып берді. Қазір спортшы ше­кесі торсықтай ұлды дүниеге әкеліп, ана атанып отыр.
Светлана Подобедованың да Лондон­дағы ерлігі әлі есімізде. Жарыстың соңғы сәттеріне дейін жеңіс үшін табандылықпен тер төккен Света бірінші тұғырға көтері­ліп, еліміздің Әнұраны шырқалғанда тебі­рен­беген жан жоқ шығар. Бүгінде Свет­ла­наның жеке өмірінде де елеулі жаңа­лықтар бар. Ауыр атлетші Владимир Седов­пен шаңырақ көтерген батыр қызға жетісу­лықтар ғана емес, күллі жұртшылық ба­қыт тіледі.


Жас футболшы-жасыл алаңда
Алматы облысының Бақтыбай ауылының тумасы Рауан Сариев мемлекеттік бағдарлама­мен Бразилияда төрт жыл бойы футбол ойынының қыр-сырына қаныққан болатын. Сол елдегі атақ­ты «Атлетико Ми­нейро» командасымен келісім­шарт­қа отырып, клуб ойын­шысы атанғанда қа­зақ біткен баскиімін аспан­ға атып, қуанған.

Қуанбай қайтсін, қазақ баласы Бразилия секілді теңбіл доп ойынының жілігін шағып, майын ішкен елдің клубында өнер көрсетіп жатса... Мұнан кейін Рауанның футболдағы карьерасы «Ботафого» клубында жалғасты. Ал биылғы жылдан бастап Рауан өзіміздің «Қайрат» командасының сапында ойнайтын болды. Ел чемпионатының алдында ақпарат құралдары футболшының «Қайратпен» үш жылдық келісімшартқа отырғанын сүйіншілеп жарыса жазды.
Рауан Сариевтей жас спортшылардың жасыл алаңда жасындай жарқылдауы  футболға ұлттық кадрлардың келу кезеңінің бастамасы деп білеміз.


Өр тұлғалар


Сүйінбай Аронұлы
Жыр сүлейі Сүйінбай XIX ға­сыр­дағы Жетісу ақында­рының алтын діңгегі атанған. Өзінің ақындық мектебін қалыптастырған Сүйінбайды Жамбыл, Майкөт, Кенен, Үмбетәлі және басқа да бірқатар ақындар ұстаз тұтқан.
Оның эпикалық толғаулары арқылы тарихта болған Сұраншы, Саурық батырлардың бейнесі жасалды. 


Ілияс Жансүгіров
Жыр дүлдүлі атанған Ілияс Жансүгіров әдебиетте поэтикалық қуаты жойқын, көркемдік шыңын бағындырған ұлы суреткер ретінде өз бағасын алды. Ол – әдебиеттің барлық жанрларында қалам тартып, қолтаңбасын қалдырған дара дарын. Кең тынысты поэмалар жазып, драма, проза жанрларында тамаша туындылар қалдырып, журналистика саласында айтулы еңбек етті және сатирик, фельетоншы ретінде де танылды.  Әдебиет сыны, аударма саласындағы еңбегі де елеулі.
«Жетісу суреттері», «Жер түгі» деп аталатын небәрі 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш пен 60-қа жуық шөптің атауларын келтіреді. Ілияс – Жетісудың жан-жануар, жәндігін, өзен-суы мен тау-тасының атын атап, түсін түстеп, түгендеп берген нағыз патриот ақын.


Мұхаметжан Тынышпаев
Қазақтың тұңғыш теміржол инженері және көрнекті қоғам қайраткері ретінде Мұхаметжан Тынышпаевтың есімі жалпақ жұртқа таныс. Ол –Петербордағы қатынас жолдары институтын бітірген қазақтан шыққан алғашқы теміржол инженері. Ресейдің екінші мемлекеттік думасының депутаты болып сайланған. Түркістан-Сібір теміржолының қазақ жері арқылы салынуына және шойын жолдың қазақтың құмды өңірін басып өтуіне түрткі болып, жүзеге асырған. Түрксіб теміржолының жазы аптап, қысы аязды, құмды өлкені қиып өтуінің астарында теміржол мұндағы жергілікті халықтың күнкөрісіне демеу болса, тіршілігін түзеуге септессе деген тілеуқорлық ниет жатқан болатын. Расында, халық бүгінде оның игілігін көріп отыр. 


Не, қайда, қашан?
Қару қайда жасалды?
Аты әлемге тараған Калашников автоматының алғашқы нұсқасы Алматы облысының Матай стансысында жасалғанын екінің бірі біле бермейді.

Ұлы Отан соғысынан туған топырағы – Матайға жаралы боп оралған Михаил Калашников кейін естеліктерінде майдан даласындағы қару-жарақтың аздығы, дұшпан қаруының жанында осалдығы қатты қынжылтып, талайға дейін ойынан кетпей жүргенін айтады. Мықты бір қару ойлап тапсам деген арман маза бермеген конструктордың мақсатына қол жеткізуіне Матайдағы темiржол депосында iстейтiн дос-жарандарының сенімі көп көмектеседі. Соғыстан қирап келген паравоздарды жөндей жүріп, алғашқы мылтықты дүниеге әкеледi. Ол нұсқа автомат болмаса да,қарпайым пулемет-тапанша еді. Соның өзін жасауға екі айдай уақыт кетіпті.
Бірақ сол қарапайым тапанша бүгінде әлемнің 60-қа жуық елінде қолданылып жүрген, отқа жанбайтын, суға батпайтын кейінгі АК-47 деп аталатын автоматтың негізін қалаған қару-тын.
Кейіннен конструктор Калашников Алматыдағы Мәскеу әуе жолдары институтының жанындағы шеберханада автоматтың үлгiсiн жасап шығарған.


Бетті дайындаған Сағыныш Намазшамова, ccnccr@mail.ru, ұялы телефоны: 87014076874

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста