Алаш АЙМАҚ

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қалың қазақтың Сыр бойына бүйрегі бұрып тұратыны бар
Оның жөні бар. Ежелгі кезеңнен қазақ халқын айтпағанның өзінде түбі бір түркінің атамекеніне айналған қастерлі мекенде сол бір тарихтың іздері сайрап жатыр. Алаш жұртының шат-шадыман күйге бөленген кезінде қуанышын бөліскен сары дала ел басына түскен ауыртпалық жылдарда да талай адамға пана бола білді. Содан бергі уақытта қаншама игілікті істер жүзеге асып, елдің мерейін өсірді.
Өзге өңірдегі ағайын дария бойындағы дүйім елдің негізгі тіршілік көзі  күріш өсіру деп ұғады. Расында, көп жылдар бойы бұл өлке жайқалта егін өсіріп, төрт түліктің де бабын таба білді. Дегенмен соңғы жылдарда өңірдің келбеті өзгеше кейіпке еніп, өндірісі өркен жайған аймақтар қатарына қосыла бастады. Дария бойында іргелі өндіріс ошақтары тұсауын кесіп жатыр. Жылдан-жылға өндіріс саласы өркен жайып, облыстың табыс көзін молайтып келеді. Расын айтқанда, бұрынғы жылдарда облыста өндіріс саласын өркендету кешеуілдеп қалған еді. Алайда соңғы жылдардағы серпіліс көптеген жұмыстарға жол ашып, елдің, халықтың көңілінен шыққан көркем істерге бастап келеді. Сондықтан келешек кемелінде Сыр өлкесінің өрісі кеңейген өндірісті өңір болатынына ешқандай күмән жоқ.
Задында, бір ілгері басса, барлығы да өз қалпымен жалғаса беретіні белгілі ғой.  Ендеше, облыстың экономикалық-әлеу­меттік өміріндегі өрелі өзгерістер соның айқын дәлелі деп айтуға толық негіз бар. Мәдениет саласында қаншама жарқын істер жасалса, спортта да толағай табыс­тарға жол ашылған. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы жарқын істер жыл сайын жалғасып, елдің еңсесі тіктеліп, қазіргі күні жергілікті жұрттың мақтаны­шына айналған сан алуан игілікті істер көзайым етіп жатыр деп айта аламыз. Енде­ше, біз солар жайында тоқтала кет­кені­міздің артықтығы болмас.


Киелі қоныс
Сыр бойындағы Yш Астана
Олар қандай қалалар дегенге жауап бере кетелік. Атап айтқанда, Суяб – Батыс түркі қағанатының, Баласағұн – Қарахан мемлекетінің, Қойлық – Қарлұқ қағанатының, Жанкент – Оғыз мемлекетінің, Сыға­нақ – Қыпшақ хандығының, Ақорданың, Әбілқайыр мем­лекеті мен Қазақ хандығының, Орынбор мен Қы­зыл­орда (Ақмешіт) – Қаз АССР-нің, Алматы – Қаз ССР-інің, Астана Тәуелсіз Қазақстанның елор­даларына айналды. Байқасаңыз, олардың арасында Сыр бойында жатқан үш киелі қоныстар бар екен.

Жалпы, әрбір мемлекетте астана тегіннен-тегін таңдала бермейді. Оған лайықты қала әбден таразыға тартылады. Содан кейін ғана халықтың шешімімен бағаналы басты орда таңдалады. Ендеше, төл топырақтағы үш бірдей басты қаланың Сыр жерінде жатқаны ерекше оқиға болса керек-ті. Сонымен 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қазақ халқының тарихи дұрыс атының қалпына келтірілуі еді. Яғни кеңестердің бүкіл қазақтың V съезі «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ»  деп аталсын» деп қаулы қабылдады. Сонымен бірге съезд «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызыл­орда деп атауға қаулы алды. 
Елбасымыз Қызылордаға келген бір сапарында «Сыр – Алаштың анасы» деп ағынан жарылған еді. Бұл тәмсіл тектен-текке айтыла қойған жоқ. Оның астарында үлкен мән бар. Ежелгі түркі тілінде «Алаш» сөзі бауыр, қандас, туыс дегенді білдіреді екен. Сол бір кезеңде түбі бір түркілер іргесін бөле қоймаған шақ еді. Қазақ жұрты өз алдына хандық құрғанға дейін түркі халықтары «алты Алаш» атанды.
«Алаш» сөзінің Сыр бойына қатысы қандай дегенге тоқтала кетелік. Тарихта Алаша ханның аты жиі айтылады. «Алаш» атауының шығуына сол ханның есімі түрткі болған» деседі көнекөздер. Алаша хан аттың құлағында ойнаған жауынгер, көшпелі түркінің басын қосып, тұңғыш Алаш мемлекетін құрған ұлы қайраткер деп бейне­ленеді. Ендеше, алғаш рет «Алаш» ұғымы дария бойында дүниеге келген деуге толық негіз бар.


Ғарыш айлағы
Көк аспан мен қара жерді байланыстырған Байқоңыр
Қазіргі күні аспан әлеміне сапар шегу ешкімді таңғалдыра қоймайды. Алайда бір кездері ол адамзат баласының тари­хындағы айрықша оқиғаның бірі болғаны жасырын емес. Қаншама ғасырдан бері жұмыр басты жан көкке қарап, сол бір тұңғиық ғаламның тылсым сырларын ақтарғысы келгені анық. Төрткіл дүниенің әр қиырындағы есті азаматты елеңдеткен сол елеулі оқиға қазақ даласында жүзеге асқанын айрықша атап өтпесек болмас.

Осы күндері әлемнің көптеген елдерінде ғарыш айлақтары бар. Олардың қата­рында Қытайдағы  Цзюцюань, Тайюань, Сичан, Вэнь­чан, АҚШ-тың Уоллопс, Канаверал, Кеннеди, Кваджалейн, Кадьяк, Ван­денберг, Жапонияның Танегаси­ма, Утиноура, Фран­цияның Хам­магир, Австралия мен Ұлыбри­танияның Вумера, Бразилияның Алкантара, Из­раиль­дің Пальмахим, Үндіс­тан­ның Шрихарикота, Ирак­тың Аль-Анбар, Иранның Семнан, Италияның Сан-Марко секілді ғарыш айлықтары бар. Алайда олардың ішінде адамзат баласы аспан әлеміне тұңғыш рет жол тартқан, космонавтика ғылымына түрен салған Байқоңырдың жөні бөлек.
Бізді Байқоңыр неге ғарыш айлағы ретінде таңдалған деген сауал мазалайды. Жыл сайын тойланатын ғарыш күні жақында­ған­да жер кіндігі деген тіркес тіл ұшына орала береді. Біреулер ғарыш айлағы жер кіндігіне орын тепкен дейді. Осындайда әйгілі Қор­қыт бабамыз жайлы айтылатын әпсаналар еске түсетіні айдан анық. Абыз бабамыз жайында айтылатын аңыздарда ол жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Осы екеуінің арасында байланыс бар ма? Рас, ескі кезеңнен жеткен есті әңгіме бізді ойландырады. Ол кезде ғарыш туралы әлі де қозғала қоймаған еді. Сонда жер кіндігі жайлы бұрынғылар қалай білген? Бүгінгідей 18 мың ғаламның тамыр бүлкілін тап басып айта қоятын технология ол уақытта жоқ. Біздің ата-бабаларымыз оны қандай деректерге сүйеніп айтты екен?
Орыс ғалымы  Г.Потанин аңыз жайында айта келе: «Бұл хикаяттың негізінде түрлі сырлар жатуы мүмкін. Мүмкін, ол астрономиялық болуы да ғажап емес. Онымен жердің немесе мұхит ортасының байланысы болуы ықтимал. Яғни жер кіндігі жайында», – дейді. Осы сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Біздің қазақ халқы ертеден-ақ аспан әлемінің қыр-сырына қанық болған секілді. Мәселен, түнде жол жүрген адам Темірқазыққа қарап, жолдың бағытын білген. Өйткені аталған жұлдыз өз орнын өзгерте қоймайды екен. Сондай-ақ Жетіқарақшы, Құс жолы деген ұғымдар бізде қаншама уақыттан бері бар. Сондықтан Қорқыт ата жайлы аңызда біздің халқымыз жер кіндігіне байланысты осындай ұғымдарды негіз етіп алған болуы әбден мүмкін.


Жампоз
Талантты спортшыларды түлеткен өлке
Сыр өңірінде сан алуан сайыста сыр бермейтін саңлақтар баршылық. Алдымен, 90-жылдарға дейін әлем чемпионы атанып, Қызылорданың атағын әлемдегі жалпақ жұртқа жайған белгілі велоша­бан­доз Марат Сатыбалдиев жайында жылы лебіз арнасақ, 2008, 2012 жылдарда Олимпиада төрінде атой салған ауыр атлет Илья Ильин бүгінгі күні бүкіл қазақстандық жұртшылықтың мақтаны­шына айналған. Олардың ізін жалғайтын дарынды ұландар қатары күннен- күнге көбейіп келеді. Солардың бірі дзюдошы Бауыржан Жауынтаев.

Ол АҚШ-тың Майами қаласында өткен дзюдодан 1996-1998 жылдары өмірге келген жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде 55 келі салмақта сынға түсіп, алтыннан алқа тақты. Сыр саңлағы татами төріндегі тайталаста бес балуанмен белдесіп, қарсыластарының барлығын қапы қалдырып кетті. Олардың қатарында Перу, Украина, АҚШ, Грузия және Италия елдерінің спортшылары бар. Б.Жауынтаев 1997 жылы 14 маусымда Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылында дүниеге келген. Дзюдо күресі­мен 10 жасынан бастап айналысады. Ол бұдан бұрын былтыр Якутияда өткен «Азия балалары» ойындарында қола жүлдегер болса, Чехияның Теплице қаласында Еуропа кубогының чемпионы атанды. Сондай-ақ Қытайда өткен Азия чемпионатында үздік болды. Таяуда Бауыржан Жауынтаев облыс әкімінің  қолынан 450 мың теңгелік сертификат алды.
Алғашқы жартыжылдықта облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, олар 72 алтын, 59 күміс, 99 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде әлем және Азия чемпионаттарында 8 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль қоржынға түсті.


Біле жүріңіз
• Қазақ жұртына төрт жыл бойы басты орда саналған Қызылордада тұңғыш музыка театры ашылды. Онда Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова және тағы басқа өнер тарландары көрермен қауымға көптеген туындыларды ұсынды.
• Облыс орталығы – Қызылорданың іргесі қаланғанына биыл тура 195 жыл толып отыр. Ол 1818 жылы Қамысқала деген атау­мен пайда болған.
• 2013 жылдың 1 сәуіріне дейінгі мәлімет бойынша 730 мың халық тұрады. Адам саны жөнінен елімізде 12-орында тұр. Облыста тұратын халықтың 95,5 пайызын қазақтар құрайды.


Пайдалы қазба
Ванадий – байлық көзі
Сырттағы жұртқа Сырдың жері табиғаты жұтаң тартқан шөлейтті аймақ көрінгенмен, сол жердің асты қаншама қазба байлыққа толы екендігін біреу біліп, біреу білмейді. Десе де қазіргі күні сол саланы зерттеген ғалымдар көпшілік алдында мол мәліметтерді көлденең тарта бастады. Мамандар Сыр жерінде минералдық шикізаттың мол екендігін тілге тиек етеді. Басқасын айтпай-ақ қоялық, әлемде өте сирек кездесетін ванадий элементі осы топырақта бар. Ол өте жоғары бағаланатын дүние саналады. Сол байлықтың 60 пайыз­дан астамы осы өңірдің еншісіне тиеді.

Қаратаудың қойнауында жатқан ванадийді игеру ісі әлі күнге дейін өз деңгейіне жете қойған жоқ. Аталмыш кен орны алғаш рет 1942 жылы ашылған. Алайда кеңестік кезеңде оны өндіру ісі түрлі себептермен қолға алынған жоқ. Ол уақытта ванадийді өндіру мен өңдеуге арналған талапқа сай технологияның жоқтығынан бұл жұмыс 70 жылға жуық тоқтап тұрды. Отандық өндіріс орны – «Балауса» ЖШС ванадий кен орнында 2008 жылдан бастап өз тірлігін жүргізіп келеді. Мамандардың айтуынша, бұл аумақтағы ванадий пятиокисінің қоры 765 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда серіктестік ванадийден автоклавты тәсіл бойынша өнім өндіру жобасын қолға алып отыр. Былтырдан бастап «Баласауысқандық» кен орнында жүзеге асып жатқан жобаның құны 35 млрд теңгені шамалайды. Жобаны іске асыру үш кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде (2011-2012 жылдар) жылына  – 15, екінші кезеңде (2013-2014 жылдар) 500 мың тонна кен өндіру көзделген. Ал соңғы кезеңде (2017-2018 жылдар) кәсіпорын 4 млн тоннаға дейін кен өндіру мүмкіндігіне қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Кеншілер алғашқы кезеңнің жұмысын бітіріп, оған 1 млрд теңге шамасында инвестиция құйылды. Қазір серіктестікте тәжірибелік негіздегі өндіріс орны жұмысын бастап кетті. «Балауса» ЖШС директоры Андрей Кузнецовтың айтуынша, келешекте олар шығаратын сары түсті ұнтақ – аммонийдің метаванадат өнімі Ресей, Қытай, Англия елдеріндегі тұтынушыларға жіберіледі. Ол жақтарда аталмыш дүниелер арнайы пештерге салынып, одан феррованадийға айналып, одан сапалы болат дайындауға болады. Әрине, «Балауса» ЖШС үшін өнімнің соңғы сатысына дейін дайындау тиімді екені анық.
Айтпақшы, қазір Оңтүстік Торғай иінінде өндіріліп жатқан мұнай қоры сарқылып келе жатқанмен, Сырдария мен Арал атырабында оның жаңа көздері табылып отыр. Қызылорда облысы түсті металдар жөнінен Қазақстанда үшінші орын алады. Отандық ас тұзының 60 пайызы, мұнай мен газ конденсатының – 21,4, мырыштың – 15, уранның 14 пайызы осы облыста өндіріледі.


Не, қайда, қашан?
Вьетнам президенті қабылдаған қазақ
Қармақшылық Иса Бисенов кезінде Вьет­нам­да болған қиян-кескі шайқасты басы­нан өткізді. Бүгінде 70 жасқа иек арт­қан ағамыз сол бір жылдарда замана желі­мен сары құрлықтың оңтүстік-шығыс бү­йірін­де жатқан сол мемлекет­тің дәм-тұзын татып қайтты. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шеніне таман АҚШ бас­­қын­шыларына қарсы жергілікті халықтың ұлт-азаттық қозғалысы күшейіп тұрған кезі еді. Кеңес Одағының Америка Құрама Штат­тарына қарсы саясат жүргізіп жатқан тұсы. Сондықтан Одақ әскері сол мемлекеттің топыра­ғына қадам басты.

Биыл сәуір айының басында Қызылордаға Вьетнамның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа арнайы ат шалдырды. Сол сапарында елші ағынан жарылып, сонау бір кезеңде өз халқына демеу бергені үшін Иса ағамызға жылы лебізін білдірді.
– Жақында Вьетнамға жол түсті. Әйелім Әлияш екеумізге сол елдің дәм-тұзын тату бұйырған екен, – дейді ардагер бізге ағынан жарылып. – Ол жақта бәрі де жылы жүзбен қарсы алды. Ел Президенті Чыонг Тан Шанг қабылдап, достық рәуіште әңгіме өрбітті. Сол жылдардағы біздің көрсеткен қамқорлығымыз үшін өз халқының атынан алғысын арнады. «Бүгінгі қол жеткен жетістігімізде сіздердің де үлестеріңіз бар. Сіз секілді жаужүрек ұлдар вьетнамдықтарға қаншама жақсылық жасады. Осы үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз» деді Президент бізбен жүздесу барысында.
Бір қызығы, кезінде Вьетнамға барған солдаттар қатарында Иса ағадан өзге бірде-бір қазақ немесе қазақстандық жауынгер жоқ екен. Ол кісінің айтуынша, сол бір жылдарда өзі Ленинградта әскери борышын өтеп жүрген көрінеді.
– Вьетнам халқы еңбек еткенді қалайды. Әйелдер де кішкентай балаларын арқаларына байлап алып, егіс алқаптарында еңбек етіп жатады. Осындай тәрбие көрген бала да күні ертең бейнетқор болып өспей ме? Бұл елде шаруалар күріш өсірумен қатар, тропиктік жеміс-жидектер өсірумен де шұғылданады, – дейді ағамыз бізбен ой бөлісіп. 


Бетті дайындаған Әділжан Үмбет, adilzhan.umbet.76@mail.ru, ұялы телефоны: 87011124276

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста