Алаш АЙМАҚ

Алаш АЙМАҚ

«Қазақстан» газеті – бар газеттің бастауы
Биыл Батыс Қазақстанда тұңғыш жарық көрген көне басылымдардың бірі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттеріне – 95 жыл. 1911 жылдары тұңғыш рет «Қазақстан» деген атаумен шыққан бұл басылымның негізін қалаушылар: ақын, философ Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев секілді ұлт зиялылары.
                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Қазақстан» газеті – 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Алғашқы екі саны Астрахань қаласындағы «Окурь мен Апресянц» баспаханасында ба­сыл­ған. 1911 жылдың соңында газет редак­циясы Орал қаласына көшіп, 1913 жылдың ортасына дейін жалпы саны 18 нөмірі жарық көрген. Редак­ция­ның Орал қаласындағы мекен­жайы – Сақмар мен Самар көшелері­нің қиылысы, Хохлачев үйі (қазіргі Ча­паев көшесі, 39 үй, Достық даңғы­лы­мен қиылысы). Ресми редакторы – Елеусін Бұйрин. Ал газетті ұйымдас­ты­руға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұ­мар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақыт­жан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсаға­лиев т.б. көп үлес қосқан. Сондай-ақ 1911-1913 жылдары Орал қаласында түрлі оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастарының да газеттің қар­жылық жағына көмектескені туралы де­рек бар.
«Қазақстан» газетінде мақалалар қазақ, орыс, татар тілінде жариялан­ған. Газет демократиялық бағыт ұс­тан­ды. «Қазақстан» 1913 жылы жа­был­ған. Негізінен, отырықшылық, оқу-ағарту, өнер-білім, мәдениет, тұ­тынушылар кооперациясын құру мә­селелерін көтерген. Газет ұлттың оянуы­на, саяси қозғалыстарға жіті қа­рауына себепші болды.
«Қазақстан» газеті шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспасөзінің қарлыға­шы десе болады. Өйткені оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түр­кіс­тан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының га­зеті» (1888-1894) патшалық Ресей­дің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымы болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Сер­ке» газеті (1907) бір ғана саны­нан кейін жабылып қалғаны белгілі. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұ­рақ­ты шығып, таралған.
«Қазақстан» газеті – тарихта «Қа­зақ­стан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «кир­гиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде – 1991 жылдың 16 жел­тоқсанында «Қазақстан Республи­касы» аталатын Тәуелсіз мемлекет пайда болды.
Бүгінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Сал­тык­ов-Щедрин атындағы ұлттық кі­тап­ханасының сирек қорынан газеттің 14 саны, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан бұрынғы­ларға қосымша тағы екі саны – бар­лығы 16 нөмірі табылып, көшірмесі алын­ды.
Осы кезге дейін толық зерттелме­ген «Қазақстан» газетінің барлық саны тұңғыш рет 2012 жылы батысқазақ­стан­дық бір топ азаматтың күшімен жи­нақ­талып, қазіргі қол­даныстағы әліп­биімізге аударылып, кітап болып шықты. Жинаққа «Қазақстан» газетін шығарған және қаржылай көмек көр­сеткен тұлғалар туралы мәлімет, сон­дай-ақ «Қазақстан» газетін бұған де­йін зерттеу­шілердің еңбектері де ен­гі­зілді.
Газеттің ресми редакторы – Елеусін Бұйрин (1874-1933 ж.ж., 1911 жылы 37 жас­та болған). Ол қазіргі Батыс Қа­зақстан облысы Жаңақала ау­да­ны На­рын құмын­да дүниеге келген екен. Әке­сінен жастай айырылып, тағдыр тау­қыметін ерте тартса да, ауқатты бай­лардың малын бағып жүріп, ауыл молдаларынан арабша тіл үйренген. Оқуға ниет еткен Елеусін мал айдаған татарлармен бірге Қа­зан қаласына келіп, орыс-татар бай­ла­­рына жал­да­нып, тір­шілік аза­бын көп көре­ді. Де­ген­мен тумысынан зерек ба­ла орыс тілін тез мең­геріп, Қазан мұғалімдер семинария­сына оқуға қабылдана­ды. Оқуды жақсы аяқ­та­ған соң, Астрахань қа­ла­сындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Міне, осы кезде газетке редакторлық қыз­метке ұсыныс түс­кен. Бұған д­ә­лел М.Ысмағұловтың қол­жазбасында Елеусін Бұй­риннің шәкірті Би­сен­ғали Жұмашевтің мы­надай естелігі келті­ріл­ген: «Бізді орысша оқы­тып жүрген семина­рия мұғалімі Елеусін Бұй­рин бір күні: «Ал, қа­рақтарым, мен Орда­дан телеграмма алдым, мені «Қазақстан» атты газет шығару ісіне басқарушылардың бірі болуға ша­қырып жатыр. Қарақтарым, сіздер­ден 10-15 сом ақшаны күні бұрын алып, жаратып қойып едім. Енді мына шақырту бойынша Ордаға кетсем, сіздерге қайырып беретін ақшам болмай тұр. Енді қайтіп есептесеміз?» – дегенде, оқушы балалар бірауыз­дан: «Бізге ақша қайырмаңыз, жолы­ңыз болсын!», – деп жауап қатқан. Бұдан Е.Бұйриннің ақ адал, иманды адам болғандығын да аңғарасың.

Тақырыпқа тұздық
Батыс Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарынан сыр шертетін көне газеттер табылды.  Осыдан тура 83 жыл бұрын жарыққа шыққан «Қызыл ту» және «Еңбекші қазақ» басылымдарының бірнеше данасын Базартөбе ауылдық округінің әкімі Амантай Сәлімов Базар­тө­бе ауылынан 35 шақырымдай жерде жатқан көне Жаңакөл қонысын аралап жүріп тауып ала­ды. Ескі үй орнын айнала қоршаған ордың биіктеу төбесінен төңкерілген қазанның түбін байқап қалады. Қазан астынан жез легенге салынған бір бума газет, бір дорба винтовка оғы және тағы бір бума ескі қағаз ақша шыққан. Ыдыс­тың түбі жарылып, қағаздарға су тиіпті. Әрі өсімдік тамырлары араласып, әжептәуір бүлін­ген. Бірақ бұл газеттердің 1930 жылғы мамыр айын­да шыққан «Еңбекші қазақ» және «Қызыл ту», яғни қазіргі «Орал өңірі» газеттері екені анық оқылып тұр.


25-ке толғанша бес баланы дүниеге әкелген
Индира Татенованың жасы – 25-те. Жастығына қарамастан бес баланың анасы. Әрине, он баланы да көпсінбейтін қазақ үшін бұл таңғаларлық көрсеткіш емес шығар. Бірақ бүгінгідей баспанасы бар, тұрмыс қиындығы бар, әйтеуір сан алуан мәселесі көп заманда бес құрсақ көтеру де оңай емес.
– Жұбайым Тілектес өте балажан. Көп баласы болып, тамырының те­рең­ге жайылғанын қалайды. Балалар да менен гөрі әкелерін жақсы көреді. Асы­раушымыз сол болғаннан кейін ол күндіз жұмыста. Кешке бір-ақ келеді. Сонда балалар есікке қарап, әкелерін күтіп отырады. Оның кіріп келе жатқанын көр­генде, қуанғанда­рын көрсеңіз. Көздері жайнап, жү­гіріп шығады, – дейді Индира.
Тұла бойы тұңғышы Думан – 3-сыныпта. Аружан – үш­те. Алғашқы екі баласын енесі Жұмазия бағып берді. Суға түсіріп, бесікке салып, бөбекті қалай бап­тау керек екенін үйретті. Енесінің тәлімін бірден иге­ріп алған пысық келін кейінгілерін өзі өсіріп ке­леді. «Аллаға шүкір, әзірге бәрінің дені-қарны сау, аман-есен өсіп келеді. Әр таң сайын солардың сау­лы­ғына шүкіршілік етемін. Жұбайым арматура зауы­тын­да жұмыс істейді. Табысы– 35-40 мың теңге көлемінде. Балалардың аз-мұз жәрдемақысы бар. Бар тап­қа­нымызды балалардың аузына тосамыз. Қайным, келінім – бәріміз бірге тұрамыз. Үй кезе­гін­де тұрмыз. Тезірек үй берсе деп армандаймын. Алда тағы да сәби сүйсем деген тіле­гім бар. «Алла берсе, ала береміз ғой», – дейді ел демография­сы­ның өсуі­не үлес қосып жүрген жас ана.
Индира жұбайының жауапты жан екендігіне қуанады. Әу бастан-ақ «Ба­лаларға біреуіміз қатты­лау бо­луы­мыз керек, әйтпесе екеуміз жұмсақ бол­сақ, олар жүгенсіз кетеді» деп келісіпті жұбайлар. Ба­ла­ны өз бетімен жіберуге болмайды деп түсінген Ин­дира қа­тал­дау болуға тырысып жүр. Бөбектерінің тілін да­мытуға, өз ойларын еркін айта білуіне көп кө­ңіл бөледі. Үйде қолдарына қа­лам, қарандаш, дәптер беріп сурет салғызып, жаздырып, бар біл­генін үй­ретуде.
Индира Татенова – Сырым ауданы Бұлдырты ауы­лының тумасы. 18 жасында бақытын тауып, ақ босаға аттады. Жұбайы екеуі үш жыл көңіл жарастырып жүріп, бір-бірін әбден таныған соң, үй болуға бекінді. Жас­тай жұбайлық өмірге бет алған қыздарының қадамына ата-анасы да қар­сылық білдірген жоқ. Қайта «Бағың ашылсын» деп батасын беріп шы­ғарып салды.
Содан бері Индира қадамы құтты келін атанды. Ақ ниетпен аттаған ақ бо­сағаның керегесін кеңейтіп, ара­сына тоғыз ай салып, бірінен-соң бірі ұл-қыз сый­лады.
Жас ата-ананы балаларының бо­ла­ша­ғы жиі ойландырады. Қазіргідей күйіп тұрған қымбат за­ман­да оларды өсіріп, қызылды-жасылды ақпараттан сақтандырып, тура жолға салып өсіру де оңай емес. Дегенмен жұбайы екеуі әу бастан келісіп, жауапты қадамға барғаннан кейін оны аяғына дейін жеткізіп, балаларын жетілдіру – негізгі мақсат. Балапандары жақсы оқыса, жоғары білім алып, жақсы азамат атан­са деп армандайды. Сол үшін де балаларына «Үл­кен­ді тыңдаңдар, бір-біріңе қамқор, тілалғыш, ел­гезек болыңдар» деп жиі айтады.


Байбатыровтай балуанымыз бар

Ерболат Байбатыров – самбо күресі­нен төрт дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ. Ол 1986 жылы Батыс Қазақстан об­лы­сының Тайпақ ауылын­да дүниеге кел­ген. Самбо­мен бірінші сы­нып­тан бастап айналысқан. «Маған күрестің алғашқы әліппесін үйреткен ұстазым Берік Жұмағалиев болатын. Кейін ол кісі Оралға көшіп кетті де, мен Қазбек Ибрашев ағаның қол астында жаттық­тым. 2003 жылы орта мектепті бітіріп, Ба­тыс Қазақстан педагогикалық коллед­жі­не оқуға түстім. Орал қаласына келген­нен бері менің бапкерім Райымбек Мең­діғалиев», – дейді Ерболат.
Балуан жігіт алғашқы жеңісіне 2003 жылы жет­ті. Осы жылы ол жасөспірімдер арасында Қа­­зақ­стан және Азия чемпионаттарының же­ңім­пазы атан­ды. Және Ташкентте өткен әлем чем­пиона­тын­да қола жүлдеге қол жеткізді. 2004 жылы жас­өспірімдер арасында екінші рет Қазақстан чем­пио­­ны атанды. Орал қаласында өткен әлем чем­­пионатында екінші орынға ие болды. 2006 жы­лы жастар арасында Қазақстан чемпионы ата­нып, Ташкентте өткен Азия чем­пио­натында жеңіп шықты.   
– 2007 жылы ересектерге өткен бойда Қазақ­стан чемпионатын ұтып алдым. Сол жылы Ташкент­те өткен сында Азия чемпионы атағына үшінші рет қол жеткіздім. 2008 жылы Санкт-Петербург қала­сын­да өткен әлемдік додада топ жарып, тұңғыш рет әлем чемпионы атансам, 2009 жылы Грекияда сол же­тістігімді қайталадым. 2010 жылы Ташкент боз кіле­мінде үшінші ал­тын­­­ға қолым жетті. 2011 жылы Виль­нюсте өт­кен додада топ жарып, самбо күре­сінен қа­зақ­тан шыққан төрт дүркін әлем чемпионы ата­нып отыр­мын. Арманым – бесінші рет әлем биі­­гін ба­ғын­дыру», – дейді Ерболат Байбатыров.


Магнитті адам Оралда тұрады
Орал тұр­­ғыны Қар­лығаш Нығ­метова дене­сіне металл бұ­йым­дарын жапсырып, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын. Бұған дейін ол ірілі-ұсақты сегіз келі темірді денесіне жабыстырып көтерген болса, ал қазір металды мейлінше ұзақ уақыт ұстап тұрудың жолдарын қарастыруда.


Ол денесіне металл бұйымдардың жабысаты­нын бертін келе байқаған. Осыдан 20 жыл бұ­рын, яғни тұңғыш қызын дүниеге әкелгеннен кейін тұла бойында бір өзгерістің болғанын бай­қа­ған. Кейін Бәтима Жанқатова есімді сынықшы­ға көрініп, ерекше қабілетке ие екендігіне көз жет­кізеді.
Қарлығаш НЫҒМЕТОВА, магнитті адам:
– Дәрігерлер маған мойын-кеуде және бел остеохандрозы деген диагноз қойғаннан кейін емшіге бардым. Бірақ ол кісіге де сене алған жоқпын. «Не болды?» деп өзіме-өзім сұрақ қойып, іздендім. Сол бағытта магнитизмді кітап­тан оқып, Мәскеуге оқуға барып келдім. Биыл желтоқсанда «Аймақтар аламаны» жобасына шақырғаннан кейін бардым. Мен денеме төрт үтік жапсырдым, соны көрсеттім. Сонымен қатар 30 қасықпен шықтым. Көмекші қыздардың денесіне де жапсырдым. Бұған сенбейтін кісілер болды, сол кісілерге де жапсырып көрсеттім. Көрер­мен­дер өз көздерімен көріп, мені жақсы қарсы алды.

Міне, Қарлығаш Тілеуғалиқызы сол кезден бері ізденіс үстінде келеді. Қазір ол бойындағы магниттік биоэнергияны өзгелердің денесіне уақытша дарыта алатын деңгейге жеткен.
Жанар САЛАУАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Қарлығаш апай үстіме қолын тигізбей биоэнергиясын жіберді. Сол кезде өзімді басқа бір леп келгендей сезіндім. Қасықты жапсырған кезде, темірді магнитке жапсырғанда қандай тартылыс күші болады, денемде де дәл сондай күш пайда болды.

Магнитті әйел 2001 жылы Гиннестің рекорд­тар кітабына кіруге талаптанып көріпті. Алайда Лон­доннан жауап келмеген. Қазір Гиннес рекор­ды – 17 қасық жапсырған канадалықтың ен­шісін­де. Енді Қарлығаш Нығыметова тағы бір рекорд жасауға бел буып отыр. Бұл жолы үстіне ілін­ген металды қанша уақыт ұстап тұра ала­тындығын дәлелдемек. Өйткені қазірге мұндай рекордты бұған дейін әлі ешкім жасап көрмепті.


Шашы ұзын қыз
33 жасар Гүлнәр Қадырбеко­ва – Қазақстандағы ең ұзын бұрым­ның иесі. Республикалық «Қолаң шаш-2007» байқауында жеңімпаз атанған оның шашы­ның ұзындығы 220 см, яғни Гүлнәрдің бойынан да ұзын.

– Ең соң­­ғы рет ша­шым­ды төрт жа­сым­да қи­ған екен. Қи­­ма­ған­да қазір­гіден ша­ма­мен 30 сантиметр ұзын болар еді. Не­гізі, ұзын шаш маған әжемнен берілген. Ол кі­сінің де шашы ұзын болыпты. Енді менің же­тіс­тігімді сіңлім Дидар қайталаса де­ген арманым бар. Қазір оның шашы 1 метр 50 сантиметр, – дейді Гүлнәр.
Ұзын шашты жуу, тараудың машақаты көп болғанымен, Гүлнәр оны қиғысы жоқ. Осы ұзын шашы­мен Қазақстанның Гиннес рекорд­тары кітабына енген қыз қазір дәрі­гер болып еңбек етуде. Оның ендігі ар­маны – әлемдік Гиннестің ре­корд­тар кітабына ену.


Шалқар көлі – батыстың ақ маржаны
Шалқар көлі — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының аумағында орналасқан ірі айдын. Ау­даны – 205,8 шаршы шақырым, ұзындығы – 18,4 шақырым, ең енді жері – 14,7 шақырым. Шалқар көлінің суы тұзды хлоридті-натрийлі минералды су типіне жатады. Су құрамында тұз қышқылы, кальций гидрокарбонаты, магний және өмірге қажетті басқа да минералды элементтер бар. Мұның өзі оның құрамы теңіз суымен ұқсас екен­дігін көрсетеді


Көлде аққу, қаз, үйрек, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді. Мал суарылады, балық ауланады. Жергілікті тұрғындар Шалқарды «Кіші теңіз» деп те атайды. Оның қашан пайда болғаны күні бүгінге дейін талас тудырып келеді. Алайда бір «версия» мейлінше көңілге қонымды. Көл – Каспий шегінен мың жыл бұрын тартылған бұрынғы Хвалын теңізінің жұрнағы.
Шалқар көлі айналасына Х ғасырдың өзінде елді мекендер мен қалалар орналасқан. Бұған 1968-1970 жылдарда және 2002-2003 жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Қалалық типті мекендердің ірісі – Ақмешіт мекені. Ол – Шолақ Аңқаты өзені жағасында. Қаланың қалыптасқан уақытын XVIII-XIX ғасырларға жатқызуға болады. Ол – өңірдегі отырықшы қала мәдениеті ескерткіштерінің ең ірісі.
Қазақтың белгілі жазушысы, Шалқарда дүниеге кел­­ген Хамза Есенжанов өзінің «Ақжайық» трило­гиясында Шалқар көлін былай сипаттайды: «Шалқар – үлкен көл, оның ұзындығы – жиырма верст, ал ені 15 верст болады. Сағадағы әрі бетін көк толқын бұйралап, теңіздей шалқыған Шалқар көл жатыр. Көлге борлы ақ тұмсығын төндіре шөккен арғы беттегі Сынтас тауы алыстан бұлдырайды; шетіне көз жеткісіз судың алыс кенересі көкжиекпен қосылып, доға сызық тартқан. Айналасы атпен жүрсе қос күндік Шалқар көлі бейне бір ожаудай; алыстан аққан бұраң бойлы көп түбекті, Ар­қа беті қызыл жарлы Аңқаты өзені – ожау көлдің сабы сияқты».
Бүгінгі таңда көлдің экологиялық жағдайы нашарла­ған. Экологияны қалпына келтіріп, инфрақұрылым жа­са­латын болса, ол Батыс Қазақстан аймағындағы турис­тер көп келетін мекенге айналары сөзсіз.


Тарихқа тұнып тұрған Ордаға кел
Қазақ­стан­дағы тарихи орындар­дың бірі – Орда ауылы. Ол Бөкей ор­дасы ауда­нында орналас­қан. XIX ғасырда мәдениет, өнер, білім орталығы бол­ған ғажайып өңірдің тарихы тереңнен бастау алады.


1801 жылы Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан орыс патшасына бос жатқан Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы атамекеніне көшіп, қоныстануға рұқсат сұраған өтініш жолдайды. Ресей императоры Павел I Бөкей сұлтанның өтінішін қабыл алып, 1801 жылдың 11 наурызында Жарлық шығарып, Бөкейге рұқсат береді. Сол жылдың күзінде Бөкей сұлтан өзіне қарасты 5 мың түтін ауылымен Жайықтың ішкі бетіне көшіп, қоныстанады. Тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесі осылай қаланған
Орда қаласы Жәңгір хан тұсында көркейіп, өнер мен мәдениет, білім және сауда орталығына айналады. Жәңгір Ордада 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласындағы ең түңғыш қазақша-орысша білім беретін мектеп ашады. Бұл өңірден шыққан әйгілі адамдар да өте көп. Соның барлығы – Жәңгір ашқан мектептің түлектері. Ордада Мұхамед-Салық Бабажановтай эт­нограф, ағартушы ғалым дүниеге келген. Қазақтан шық­қан тұңғыш генералдар да осы Ордада туған. Ғұбай­долла Бөкеев, Шәкір Жексенбаев, Бисен Және­кеш­ов сынды әскери қайраткерлер болған. Саяси қай­рат­кер Алма Оразбаева, Кеңес Одағының Батыры, Шы­ғыс­тың жұлдызы Мәншүк Мәметова да Ордада туған.
Алайда Орда өңірінің бастан кешіп отырған қиын­дық­тары да көп. 1947 жылы мұнда Капустин Яр сынақ полигоны ашылған. Ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бұл сынақ кешені көрші Ресей жерінде болғанмен, сы­нақ жасайтын алаңы – Батыс Қазақстанның Орда және Атыраудың Құрманғазы аудандарының аумағы. Елді аздырып, жерді тоздырған полигон жүргізген атомдық сынақтар халықтың денсаулығын төмендетті. Сонымен қатар жол қатынасы өте қиын. Кеңес Одағы тараған соң, теміржолмен жүру мүмкін болмай қалды. Автокө­лік жолын салу жөнінде кешенді бағдарлама іске асса, тари­хи киелі мекенде отырған халықтың әлеуметтік жағ­дайы жақсара түсер еді.


Елге әйгілі «Екі жұлдыздың» сазын кім жазғанын білеміз бе?
Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі,
Төбемізде тұрып алды, кетпеді.
Бар аспаннан екі-ақ жұлдыз көрдік біз,
Біздер де екеу едік, сәулем, өйткені...

1980-інші жылдардың орта шенінде бұл ән халық арасына кеңінен тарады. Көпшілікке белгілісі «Екі жұлдыздың» сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған еді. Ал сазын шығарған оралдық Сейітқали Қайырғалиев туралы білетіндер көп емес. Сейітқали бұрынғы Орал облысы Тайпақ ауданының Қарауылтөбе ауылында 1946 жылы дүниеге келген.
Ақтөбе мәдени ағарту училищесін тамамдап, ауылына оралып, мәдениет үйінің меңгерушісі қызметіне орналасады. Сол кездерде жыл сайын өтетін ауылара­лық, ауданаралық өнер фестивалдарының ұйымдас­ты­ру­шысы болады. Кейін 1972 жылы анасы Әсілдің өтіні­ші­мен Алматы қаласына түпкілікті қоныс аударады. Саз­гер Алматыға келгесін жездесі, әнші Сұлтанғали Лұқ­пан­ов­тың отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Есік­тегі мәдениет үйінде, Алматы облыстық филармония­сын­да еңбек еткен. 1979 жылдан өмірінің соңына дейін Қа­зақ телевизиясында дыбыс режиссері болыпты.
«Кетсең де шалғай», «Махаббат назы», «Асыл айым», «Үмітім менің» секілді жалпы саны 50-ге тарта ән­нің авторы атанған жерлесіміздің есімін елге ерек­ше танытқан «Екі жұлдыз» екені тағы ақиқат. Әннің шығу тарихы туралы сазгердің балдызы Дариға Са­дықова былай деп еске алады:
–«Екі жұлдыз» 1984 жылы, көктемнің жайма-шуақ түндерінің бірінде жазылған. Ол уақытта Қыздар педа­го­гикалық институтында оқитынмын. Түн ортасында жез­дем оятып алып: «Мына әнімді тыңдап көрші, әуені жақ­сы ма?» деп сұрады. Ұйқылы-ояу тыңдағанымды сезіп: «Балдыз, сен дұрыстап тыңда, бұл апаң Бикамалға ар­нап жазылды», – деп әзілдеді. Сөйтті де: «Бұл әнімді Мақ­палға бергім келеді. Ауылдың қарапайым қызы, дауы­сының табиғилығы әлі бұзыла қойған жоқ. Тентек болса да, ерке назы бар» дегені есімде», – дейді Дариға апай.
Дегенмен әннің алғашқы орындаушысы Мақпал Жүнісова емес, Ақжол Мейірбеков болған екен. «Таш­кент радиосының қазақ бөлімінде қызмет ететін кезім. Әнді Сейтақаңның өзі маған алып келді. Сөйтіп, оркестр­дің сүйемелдеуімен фонограмма жазғыздық та, бірінші рет мен орындап шықтым. Сол ән Қазақ радиосының ал­тын қорында сақтаулы. Ал әнді халыққа танытып, ба­ғын ашқан – Мақпал Жүнісова»,– дейді Ақжол аға.
Мақпал Жүнісова 1982 жылы сазгердің хитқа айналған тағы бір әні «Кетсең де шалғайды» шырқаған. «Ол әннің сөзі оралдық талантты ақын Ботагөз Баймұ­қано­ванікі еді. Өмірден ерте кетті. Өнердегі жұлдызым­ның жануы осы әннен басталды. «Екі жұлдызды» алғаш рет 1984 жылы «Тамашаның» сахнасында айттым. Одан бөлек, Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған Сейтқали ағаның «Мәншүк әні» атты шығармасын орындадым. Сазгер өмірден озғаннан кейін бір-ақ рет еске алу кеші өтті. Содан кейін ескерусіз қалды. Меніңше, оның айтылмай қалған әндері әлі көп», – дейді Мақпал апай. 
Қазір Қарауылтөбе ауылында кітапханашы болып еңбек ететін сазгердің балдызы Дариға Садықова оның ұмыт қалған мұрасын қайта жаңғыртуды қолға алған. Өткен жылы ұстаздардың аудандық тамыз мәслихатында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» деген жобаны қолға алып, сазгер тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатуды ұсын­ған.
Дариға САДЫҚОВА, сазгердің балдызы:
– Бұл істі қолға алуыма түрткі болған – «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Екі жұлдыз» жобасы. Бір-екі шығарылымында аты-жөнін дұрыс айтпай Сейітқали Қайырғали, Қайырғали Сейітқали деп шатастырды. Бір кездегі танымал сазгердің есімі осылайша  ұмытыла  бастады. Менің қолымда жездем­нің кітабы, нотаға түскен әндері және басқа да деректер бар. Орындайтын әншілер тауып, тым болмаса туған ауылында бір концертін беру – басты мақсатым. Әзірге бұл ойымды құптаушылар табылғанымен, қолдаушылар болмай тұр.     
«Шығармашылық кешімді өткізсем» деген арманның жетегінде жүрген сазгер тілегіне жете алмай айықпас дертке шалдығып, 1992 жылы небәрі 46 жасында дүниеден өтті.
– Ағаларың немерелерін көре алмап еді. Аллаға шүкір соңында қалған жалғыз тұяғы Мәлік сазгерлік жолды таңдады. Енді Сейітқалидың туған ауылында ескерткіш-тақта орнатылса деген ақжайықтық аза­мат­тарға өтінішім бар, – дейді сазгердің зайыбы Бикамал апай.

Бетті дайындаған Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, тел. : 87756720806

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста