Алаш АЙМАҚ

Алаш АЙМАҚ

Ел индустриясының дінгегі
Ертістің Павлодар өңірінің ұшы-қиырсыз дарқан даласы, қайың тоғайлары, қара­ғай­лы ормандары, таулары мен көгілдір көлдері күллі қазақ мақтанар­лықтай байлыққа толы. Аймақтың аса ірі бөлігін ежел­ден халық «Сарыарқам – алтын да­лам» деп атап кеткен тегіс дала алып жа­тыр.
Кереку елі – Қазақстанның негізгі ин­дустриялық өңірлерінің бірі. Мұнда дәстүрлі күрделі өндірістер мен минерал­дық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңістігіндегі өндірістік тарихи кешен қалыптасқан. Облыс үлесіне еліміздегі өнер­кәсіптік өндірістің 7%-ы, көмір өндірі­сінің 70%-ы, ферроқорытпа өндірі­сінің төрт­тен үші, электр энергиясы мен мұнай өнім­дері өндірісінің 40%-ы тиесілі. Облыс­тың әлеуеті химия, машина жасау және металл өңдеу салалары кәсіпорын­дарының дамуына тікелей байланысты.
Облыста түрлі меншік нысанындағы 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді түрде қызмет етеді. Бұдан басқа, өңірде ауыл­шар­уа­шылық өнімдерінің шикізат қоры мен өзге де өндіріс орындары бар. Қазақ­станның энергетикалық жүрегі – аса ірі Екібастұз электр стансылары, Ақсу ГРЭС-і, сондай-ақ ірі жылу стансылары  бар бұл аймақта.
Өңірдегі қатты пайдалы қазбалар ба­ланс­тық қорының жалпы құны 460 мил­лиард долларға бағаланады. Киелі өлкеде Қазақстанның барлық көмір қорының үштен бір бөлігінен астамы шоғырлады. Ең ірі кен орыны – Екібастұз және Майкөбе, оларда сәйкесінше 10,5 миллиард және 2,2 миллиард тонна энергетикалық шикізат қоры сақталған. Ал алтын кен орнының болжамды қоры шамамен 150 тоннаға бағалануда, онда осы бағалы металдан басқа күміс, мыс, мырыш пен барит те бар. Кобальт кен орындары –14 мың, никельдікі – 251 мың, марганецтікі 70 мың тоннаға бағаланады.
Өміршең бастама – экономикаға серпіліс
Бүгінде Павлодар облысында мемле­кет­тік үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1 310,5 млрд теңге болатын 174 инвестициялық жоба жүзеге асыры­лып жатыр. Соның ішінде 13 жоба респуб­ликалық индустрияландыру картасына енген. Тағы 52 жоба өңір­лік маңызға ие. Қазіргі кезде 2012 жыл­ға жоспарланған 49 жобаның жалпы сомасы 9,8 млрд теңгені құрайтын 20 жобасы енгізілген.
Бұдан бөлек, аймақта 2014 жылға дейін тапсырылатын 90 инвестиция­лық жобаны іске асыру жалғасуда. Ола­р­дың қатарында «Қазақстан электро­лиз зауыты» жанынан салынып жатқан бастап­қы алюминий өндірісіне қажет күйдірілген анод өнімдері зауытының құрылысы бар. Аймақтағы ірі жобалардың бірі болып табылатын бұл өндіріс орнының маңызы ерекше. Қазірде электролиз зауытына анод Қытай жерінен жеткізіле­тінін ескер­сек, жаңа өндірістің құрылысы қаншалық­ты қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл жоба­ны жүзеге асыруға 36,1 млрд теңге­нің ин­вести­циясы тартылған. Кәсіп­орын­ның іске қосылуы 500-ге жуық адамды жаңа жұмыс орындары­мен қамта­масыз етуге мүм­кін­дік береді.
Алғашында анод за­уыты үстіміздегі жыл­­­дың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кейін жобаның тұса­­у­кесерін қыркүйек айында облысымызда өтетін айтулы шара – Қазақстан мен Ресей шекаралас ай­мақ­та­рының ынтымақ­тас­тық форумына орай­лас­тырып өткізу туралы шешім қабыл­данды. Осылайша, кәсіпорын мерзімінен бұрын іске қосы­лады. Өндіріс орны жылына 136,324 мың тонна күйдірілген анод шығаратын қуатқа ие. Бұдан былай алюминий өндірісіне қажетті шикізатпен өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететін бола­мыз. Бұл – бастапқы алюминий өндірісі­нің құнына өзге факторлар әсер етпейді деген сөз. Осылайша, зауытты «қанатты» металдың өндірісіне қажетті шикізатпен өзіміз қамтамасыз етпекпіз.

Дерек пен дәйек
Павлодар облысы 1938 жылы құрылған. Облыс орталығы – Павлодар қаласы қарт Ертіс жағасында орналасқан.
Аймақ Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан және солтүстікте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір облысы, шығыста – Алтай өлкесі, оңтүстікте – Қазақстан Республикасының Шығыс-Қазақстан және Қарағанды облысымен шектесіп жатыр.
Облыстың жер көлемі – 127,5 мың шаршы шақырым.

Облыстағы халықтың саны – 748 мың. Қала халқы – 516001 адам (69%), ал ауыл халқы – 232087 адам (31%) құрайды.
Аймақтың негізгі этникалық құрамын қазақ, орыс, украин, неміс, татар, белорустар, молдован, әзірбайжан мен және тағы басқа ұлттар құрайды. Этникалық топтардың 48,8 % - қазақтар,  37,9 % - орыстар құрайды.


Кереку – өнер мен білімнің Меккесі


Қазағымыздың игі жақ­сылары киелі Кереку елін әу бастан «Өнер мен әдебиеттің, білім мен ғылымның Меккесі» деп атаған. Павлодар өңірі – Қазақ елінің тағылымды тарихымен бірге жасасып,  көгінде шоқжұл­дыз­дай мәңгі жарқырап тұратын өр тұлға­лар­дың мекені.  Ал­тын арқа­ның құтты мекені атанып жүр­ген қазыналы, көгілдір тау­лы көрікті өңірлердің бірі – Баян­ауыл Тәуелсіз Қазақстан тари­­хында есімдері алтын әріп­термен жазылған тұлға­лар­­­дың талайын дүние­ге әкел­ді.
Бұл даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, композитор Жаяу Мұса Байжанов­тың, қазақтан шыққан алғашқы тарихшы, ағар­тушылардың бірі – Мәшһүр-Жүсіп Көпе­евтің және қазақ әдебиетінің класси­гі, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жә­не тағы басқа зиялылардың Отаны. Баян­ауыл­дан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың ара­сындағы геолог Қаз КСР ғылым акаде­ми­ясының тұнғыш президенті Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаевтың орны ерекше. Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосқан академиктер – Ш.Шокин мен Ә.Мар­ғұлан, ғылым докторлары – А.Бектұров, Е.Бекмаханов, С.Бейсенбаевтар,  ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, Д.Әбілев, З.Шашкин, З.Ақышев, Қ.Исабай, халық әртістері Ш.Айманов, К.Кенжетаев, алғаш­қы қазақ режиссері Ж.Шаниннің есімдері төрт­күл дүниеге кеңінен танымал.


1.Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931)
2. Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931)
3.Сұлтанмахмұт Торайғыров  (1893-1920)
4.Қаныш Сәтбаев Имантайұлы (1899-1964 )
5.Әлкей Марғұлан Хақанұлы (1904-1985)
6.Шәкен Айманов Кенжетайұлы  (1914—1970)


Тастың тілін түсінген қазақ
Көмір кеніне бай еліміздегі Қарағандының қара алтынын  1833 жылы Аппақ Байжанов ашса, екібастұздық көмірдің «атасы» – Қосым Пішенбаев. Ол Баянауыл даласындағы Александровка, Талдыкөл, Жамантұз, Қарасор, Шөптікөл, Майкөбен сияқты тас көмір кен орындарын да тапқан.
Қосым аты ертеден аталып жүргені­мен, оны сонау 60 жылдары барынша зер­де­леп, қайтадан жаңғыртқан майдан­гер жазушы Қалмұқан Исабаев еді. Ол 1979 жылы «Простор» журналының 11-санында жа­рия­ланған «Вслед за ле­ген­дой» мақа­ла­сында Қосым  жөнінде тарихи деректер кел­тіреді. Ал Павлодар­дың облыстық өлке­тану мұражайынан фотосуретші Д.Багаев Қ.Пішенбаев жө­ніндегі естелігінде оның А.Деров атты кө­пес­тің кеңсесінде қызметте тұрғанын және оның даланы аралап, көмір, темір, мыс, тағы басқа кен көздерін тап­қа­ны туралы айтады. Қ.Исабаев сонымен қатар  ХІХ ғасыр­дың екінші жартысындағы осы өңірге қатысты Ресей құжаттарын зерттей­ді. Геолог А.Мейстер «Экибастузское месторождение» атты мақаласында: «Бұл жерде көмір бассейнінің бар екені туралы алғашқы болып Қосым Пішенбаев айтқан болатын», – деп жазған.


Қара алтын мен энергияның отаны
Екібастұз – еліміздің отын-энергетика саласында өзіндік орны бар қала. Өндірістік шаһар биыл 55 жылдық мерейтойын атап өтті. Тарихы 1898 жылдан бастау алатын бұл елді мекеннің өндірісі мен өнегесі жалпақ жұртқа кеңінен танымал. Бүгінде көмірлі де, өндірісті қалада еліміздегі көмірдің – 70 пайызы, ал энергия қуатының 60 пайызы өндіріледі. 


Екібастұздық көмір алқабы – әлем­дегі ең ірі орын. «Богатырь Аксес Көмір» ЖШС – ашық тәсілмен көмір қазу бойын­ша  тау кәсіпорны.  Кесіндінің  өндірістік қуат­тылығы жылына 42 млн тоннаны құ­райды. Көмірді тұтынушылар Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерация­сы­ның энергия жүйелері болып табылады.
 Екібастұз қаласы- кеншілер мен энергетиктердің қаласы. Шаһар әлемдегі орасан зор тас көмір қоймасымен таны­лып отыр. №1, № 2 ГРЭС-тердің іске қосы­луы­ның арқасында Екібастұз жылу энергетика кешенінің ірі орталығы болып отыр. Бүгінгі таңда үш бірдей – «Бога­тырь», «Солтүстік», және «Шығыс» кеніш­терінде көмір шығарылады.
Қала өзінің 55 жылдығын толайым та­быстармен қарсы алды.  Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы аясында 647,3 млрд теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылуда. Жуырда ГРЭС-2 стансысының қайта қалпына келтіріл­ген №8 энергия блогы, «Пром­маш­комплект» ЖШС жаңа зауытының тұсауының кесілуі мен «Бозшакөл» кен байыту комбинаты іргетасының қалануы – игі істердің айқын дәлелі. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы өндіріс көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға артып, 58,2 млрд теңгені құраған.


Қазақ елі, ұлыңды қолда!
Дәулет Шабанбай – төрткіл дүние көз тіккен Лондон Олимпиадасында ел намысын қорғайтын дарабоздардың бірі. Шеберлігі толысқан еркін күрестің сайыпқыраны Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында туған.


Қазақстанның бес дүр­кін чемпионы. 2008 жылғы Азия чем­пио­натының қола жүлдегері. Бірнеше ха­лық­аралық тур­нир­дің жүлдегері. Халық­аралық дәре­жедегі спорт шебері. Бейжің олимпиа­да­сына жолдама ұтып алса да, бағы жанбай қалды. Бірақ  мойымады, нағыз ер мінезділік танытты.
Дәулет – әке жолын қуған талапты жігіт. Оның әкесі Еркін Шабанбай да – спорт шебері, өз ісінің маманы. «Дәулет – тұла бойы тұңғышымыз. Кішкентайы­нан зерек әрі шапшаң болып өсті. Туған­да оның сол жақ қолының үстінде үлкен қал болды. Біз оны жақсылықтың ны­шанына баладық. «Баламыздың аты елге мәшһүр болады» деп қуандық. Аман­жол деген ағам: «Баланы қыспаққа ала берме.  Ол – қасиетті бала», – деп ескертетін. Тұңғышымды темірдей тәр­тіп­ке баулыдым», – дейді  білекті бал­уан­ның әкесі. Ылайым солай болғай!
Еркін күресті жеті жасынан серік еткен балуан кәрі құрлықтағы әлемдік доданың боз кілемінде 11 тамызда бағын сынайды. Қазақ елі, ұлыңды қол­дап, тақымын қыс! Дарабоз Дәулет тұ­ман­ды Альбионнан тек қана жеңіспен орал­сын!


Керекудің әулиелі кереметтері

Қазақстанның қай өлкесіне бас сұқсаңыз, есімдері дүйім жұртқа мәшһүр, артына із қалдырған, халық пір тұтатын жан­дардың атын аз естімейтініміз хақ. Ұлан-ғайыр еліміздің әр тауы мен тасынан қасиет дарыған әулиелеріміз халқымызға рухани тұрғыдан демеу һәм қорған болған. Ертістің Кереку өңірі де әулиелер­ден кенде емес.
Павлодар облысында дүйім жұртшы­лық бабалар рухына тағзым ететін қасиетті жерлер баршылық. Бүгінгі таңда жамағат Мәшһүр Жүсіп әулиені жақсы білгенімен, Шарбақты ауданының Шалдай елді мекенінде жатқан  Ғабдылуахит Хазіретті тани қоймас. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Ең мықты заңдар – халықтың дәстүрлері» дегені шындыққа саяды. Қалың халық ешкімнің үгіттеуінсіз, жүрек әмірімен әулиелерді мойындап, олар жатқан орын­дарға барады. Осы аймақта бабалар рухы­на тәу етер негізгі жерлер қатарына Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі, қожалар мекені – Ақкөл-Жайыл­мадағы Иса­бек Ишан, сондай-ақ Шарбақты ауда­нындағы Ғабдылуахит Хазірет кесенелерін жатқызуға болады. Бұл – Керекудің әулие­лі кереметтері.

Мәшһүр баба басында

Тарихи тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі 2006 жылы бой көтерген. Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асан қайғы бабамыз Баянауыл тауларын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», – деген екен. Расында да, жері қасиет пен құдіретке тұнған бұл мекенге келіп, тәу етпеген қазақ жоқ шығар, сірә...
Көне түркі дәстүрі бойынша жасалған кесене жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универ­си­тетінің мамандары мұрындық болған. Сол кезде қазіргі облыс басшысы Ерлан Арын басқарған университет ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі тайпалары­ның сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзін­дік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және гурхана атты екі бөліктен тұрады. Гурханада әулие бабамыздың жатқан жері, сандықтасы, құл­пытасы қойы­­лып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бө­ліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесе­ненің биіктігі 14 метр болады. Сал­ма­ғы 9,5 тонна бо­латын құлпытасы мен сан­дықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіре­берісінде Құраннан аяттар жазылған.

Ақкөлдің ақ кесенесі

Керекуліктерге ізгіліктің шапағатын төгіп тұрған кесе­нелердің бірі – Исабек Ишан кесенесі. Мәрмәр тастарынан со­ғыл­ған ақ күмбезді кесене алыстан жар­қырап, көз тартады. Бұл – мыңдаған халық келіп, тілек-дұға айтылатын қасиетті орын.
Исабек ишан – Ислам дінін уағыздаушы қайраткер, қожалар ұрпағының өкілі. Ақкөл-Жайылма атырабын әулиелі өлке атандырған қожалар ұрпағы осы жерде ізгілік нұрын шашқан. Негізі, әулиеге ерекше құрмет көрсету көптің есінде ертеден жүрген еді. Сауапты істің сәті де түсті. Алдымен ел ағалары ақ күмбезді ке­сене салды. Исабек ишан мен оның ұрпақ­тары жерленген Қылдыкөл топырағына шырақшы үйін салып, намазхана орнатты. Үш күмбезді кесенеде Исабек ишанның өзі және оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед пен бауыры Мұхаммед Нияз жерленген. Қа­сында бір күмбезді кесене бар, ол әулиенің  ұрпағы Жан­дар­бек қожаның бейітінің ор­нына тұрғызылыпты. Ақ тастардан қалан­ған екі кесененің бірінің биік­тігі – 9, екін­шісі 7 метрге же­теді.

Келдіқыздағы «көненің көзі»

Күмбезі көк тіре­ген кесенелер­дің бірі Шарбақты ауданы Ар­биген ауылының ма­ңындағы Келдіқыз жайлауында жер­лен­ген белгілі исламтану­шы, әулие Ғаб­­дылуахит Хазірет Тіл­ен­ші­ұлы ру­хы­на орай салынған.  Бұл – біздің облыста соң­ғы жылдары бой кө­тер­ген үшінші кесене. Ғи­мараттың салынуы­на руханиятқа, ұлттық мүддеге бейжай қа­ра­майтын ел азаматтары ерекше атсалысты. Жергілікті тұрғындар да хал-қадірінше көмек қолын созып, сауапты іс жасады. Ғабдылуахит Хазірет атындағы қайырымдылық қоры да шарапаты мол шаруаның жедел аяқталуы­на жәрдемдесті. Игі жақсылар ағаштан салынған ескі кесенені бұзбай салды. Күмбезді кесененің сәулеті ерекше көз тартады. Қалың ағаш арасына орналасқан кесенеде Ғабдылуахит әулиенің әйелі Бөпежанның да бейіті бар.
Жақып Қажы, әулиенің ұрпағы, халық емшісі:
– Ғабдылуахит Хазірет – ерекше тұлға. Бұхар қаласындағы «Мір араб» медресесінде білім алған ол ислам дінін дәріптеп, шәкірт тәрбиелеген. Әубәкір, Смағұл, Сәдуақас деген шә­кірттері Троицк қаласындағы жо­ға­ры оқу орнына қабылданып, ұс­таз­дарының жолын қуып, хазірет атанған.

Бетті әзірлеген  Ақмарал ЕСІМХАНОВА.
Суреттерді түсірген – Төлеген Нұрғазы уessimkhanova.kz@mail.ru
Тел: 8-705-162-50-53

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста