Жер жаннаты – Жетісу
Жетісу атауының өзі айтып тұрғандай, бұл өлке – өзендермен өрнектелген, су көздеріне бай аймақ. Сулы да нулы өңірдің Жетісу атауын иеленуіне себеп болған жеті өзеннің қай-қайсысы екеніне қатысты түрлі пікірлер бар.
7 өзенге бір нұсқада Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері жатқызылса, енді бір мәліметтерде Қызылағаш өзенінің орны Сарқанмен алмастырылады. Зерттеушілердің бір тобы Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін енгізеді. Кейбір деректерде Лепсі, Ақсу, Көксу, Сарқан, Қаратал, Іле, Шу өзендерінің аты аталады.
Республикадағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 13 пайызын Алматы облысы өндіреді.
Қалай десек те, Жетісу атауына тек жеті ғана өзенді енгізу шарт емес. Бұл атау өзен-көлі көп аймақ, сулы өлке деген мағынаны білдіретін жалпылама атау деп қабылдаймыз.
Осы көл-көсір су көздерін өңір бүгінде тиімді пайдаланып келеді.
Алматы облысында шағын су электр стансыларын салуға қолайлы деген 60-тан астам аумақ белгіленген. Ол жерлерге жалпы қуаты 2800 МВт-тан асатын стансылар салуға болады. Облыста су мен жел энергетикасын дамыту бағдарламасына сәйкес соңғы төрт-бес жылда жалпы қуаты 19,3 МВт болатын 5 шағын ГЭС салынса, бүгінгі күні тағы 23 шағын ГЭС құрылысының жобасы жасалуда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша облыста биылғы жылы 14 жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың жетеуі бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілді. Бұлар: «Универсал» ЖШС-нің полипропиленді қаптар шығаратын, Көксу ауданындағы «Далабай» кенішіндегі құрамында алтыны бар кенді қайта өңдейтін және Іле ауданындағы автокөліктерге арналған фильтрлер шығаратын зауыттар, Іле ауданындағы «Элеас» зауыты мен Талғар ауданындағы сұйық дәрі-дәрмек түрлері өндірісі бойынша екі бірдей фармацевтикалық зауыт, «Байсерке-Агро» ЖШС-нің Панфилов ауданындағы 4 гектарлық және Қапшағай қаласындағы 5 гектарлық жылыжайлар.
Облыста 37 ірі және 90 орта кәсіпорын жұмыс істейді. 2011 жылы өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 423 миллиард теңгеге жуықтады. Үстіміздегі жылы 9 пайыздан астамға артады деген болжам бар.
Өңір электр қуатына деген қажеттілігін қанағаттандыруда шағын ГЭС-термен шектелмей, ірі стансыларға үлкен үміт артуда. Соның бірі әрі бірегейі – Мойнақ СЭС-і. Ол Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынған үшінші су электр стансысы.
Қуаты 300 МВТ болатын Мойнақ ГЭС-і – көлемі және қуаттылығы жағынан Қазақстандағы бесінші гидростансы және еліміз тәуелсіздік алған жылдарда іске қосылған алғашқы энергетикалық нысан. Жобаның жалпы құны – 54,1 млрд теңге.
Бұл облыс үшін ғана емес, республикамыз үшін де маңызды сәт болып тарихта қалды.
Мойнақ ГЭС-ін іске қосу арқылы Қазақстанның оңтүстік өңірінде электр қуатының сыртқа тәуелділігін болдырмау мәселесі шешімін табатын болады. Электр энергиясының жылдық орташа шығарылымы 1 млрд кВтсағ. Нәтижесінде, Алматы облысының өнеркәсіптік көрсеткішіне жыл сайын 6,7 млрд теңгеге дейін тауарлық өнім қосылады, бюджетке түсім 1 млрд 790 млн теңгені құрайтын болады.
Апорт - алманың төресі
Алма – Жетісудың бренді болуға лайық өнім. Дүниежүзі ғалымдары өлкемізді алманың түп-тамыры шыққан топырақ деп танып жатқанда, мұндай пікірді батыл түрде айтуға болады. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендей, әлемде алманың 6 мыңнан астам сорты болса, соның ішінде апорттың орны бөлек.
Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда алма бақтарының көлемі осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда 45 пайызға, жалпы өнім көрсеткіші – 54, орташа өнімділік 9 пайызға дейін қысқарған.
Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өңір бойынша жалпы жеміс-жидек пен жүзім бағының көлемі 21,7 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 17,2 мың гектар жеміс бақтары, 4,5 мың гектар жүзімдік алқаптары. Жалпы жеміс-жидек өсірумен 800-ден астам шаруашылық айналысады, олар жеміс-жидек пен жүзім өсіруге табиғи-климаттық жағдайы жақсы бейімделген Ескелді, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Сарқан, Көксу, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Текелі қаласында орналасқан.
Алматы облысының аумағы 224 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Облыстағы 774 елді мекенде 2 миллионға жуық халық тұрады. Өңірде 103 ұлт пен ұлыс өкілдері бар.
Елімізде соңғы төрт жылдың көлемінде Үкімет тарапынан алма бақтың көлемін ұлғайтуға 1 млрд 319 млн теңге бөлініпті. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда шаруа қожалықтары 3,6 мың гектарға жеміс ағаштарын отырғызған.
Мұндай қуантарлық қадамдар облыста да жасалып жатыр. Өңірде шаруа қожалықтарын көп жылдық жеміс ағаштарының көшетімен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мәртебесі бар 11 шаруашылық жұмыс істеуде. Осы шаруашылықтарда үстіміздегі жылы 48300 дана Апорт сортының көшеті өндіріліп, дайындалды. Соның ішінде «Орман көшеттігі» АҚ 26 мың дана, «Тенрикут» шаруа қожалығы 15 мың дана және «Айдарбаев» «Федор» т.б. шаруа қожалықтары да едәуір көлемде көшет өсірді.
Қытайдың сырты жылтыр, іші не екені белгісіз алмасының орнын басар жергілікті апортымыздың бағы жанатын күн алыс емес деп үміттенеміз. Егер ғалымдар мен бақ шаруашылықтары өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, Үкімет тарапынан бағбандарға көрсетілетін қолдаулар қарқын ала түссе, Елбасы айтқандай, басқа өнімдермен қатар, Жетісудың апорты да экспорттық тауар бола алады.
Сейіткәрім ҚАЛТАЕВ, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
– Қазіргі кезде облыс бойынша 1039 гектар көлемде апорт өсірілуде. Апорт сортын өсіруге ден қойған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Ескелді, Ұйғыр аудандарына субсидия берілді.
Апорт сортының көлемін көбейтудің негізгі жолдарының бірі – интенсивті технологияны қолдану. Біріншіден, бұл сорт өте ылғал сүйгіш, өсу алаңы теңіз биіктігінен 950-1250 метрге орналасатын болғандықтан кез келген жерге өсе бермейді. Сондықтан топырақ құрамы мен климаттық жағдайының қолайлылығына байланысты негізінен Іле Алатауының таулы аймақтарында орналастырылады.
Апорт сортын қалпына келтіру бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өндірісінің және ғалымдардың алдындағы үлкен міндет болып тұр.
Биылғы жылы облыста 740 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы жобасы аясында кезекте тұрғандар мен жас отбасылар үшін жалдық тұрғын үй құрылысына қосымша 1,6 млрд теңге бөлінді. 2013 жылы 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Жетісу өңірі қант қызылшасы, темекі, көкөніс, ет, жұмыртқа мен жүн өндірісі бойынша елімізде көштің басында тұрса, жүзім мен сүт өндірісінде –екінші орында.
Зүлфияның теңдессіз жеңісі!
Алматы облысында спорт түрлерінің ішінде, әсіресе ауыр атлетшілердің бағы жануда. Олимпиада ойындарына спорттың осы түрінен Қазақстан алған сегіз жолдаманың үшеуін жетісулық қыздар ұтып алды. 16 жасынан топ жарып, болашағынан зор үміт күттіретін Зүлфия 53 келі салмақ дәрежесінде 29 шілде күні Лондон төрінде үздік нәтижеге қол жеткізіп, қос сайыста 226 ұпаймен алтыннан алқа таққанымен қоса, әлемдік рекордты жаңартты. Зүлфияның талассыз жеңісін қазақстандықтардың тамсана тамашалағаны шындық.
Майя Манеза Гуанджоу қаласында өткен XVI жазғы Азия ойындарынан да, Франциядағы әлем біріншілігінен де алтын медаль иеленген. Лондонда бүгін 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Майяның алтын алуға мүмкіндігі мол.
Светлана Подобедованың да жетістіктері жетерлік. Соған қарай артылар сенім мен жауапкершілік жүгі де салмақты. Света 70 келі салмақ дәрежесінде 3 тамыз күндері өнер көрсетеді.
Облыста олардан басқа тағы жеті жолдама иеленген спортшы Лондонға жол тартты. Олар боз кілемде Нұрмахан Тіналиев, Дәурен Жұмағазиев, Асхат Ділмұхамедов белдесетін болса, жеңіл атлетикадан Артем Косинов, Айман, Шолпан Қожахметовалар және садақтан атудан Денис Ганькин бақ сынамақ. Спортшыларымыздың қай-қайсысы да Қазақстанның жүлде қоржынын қомақты етуге үлес қосатынына сенім мол! Сәттілік тілейміз!
Маңызы ерекше музей
Алматы облысында М.Тынышпаев атындағы Облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істейтін 18 музейдің қай-қайсысы да тарихи жәдігерлер мен құндылықтарға толы. Соның ішінде Қаскелең қаласында орналасқан Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің орны ерекше.
Алматы облысы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған өлкесі. Сондықтан Елбасының өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер Қаскелең қаласында орналасқан осы Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі жеке залда жинақталған. Онда Президенттің отбасы альбомынан алынған суреттер, жеке заттары мен Елбасына сыйға тартылған сувенирлер т.б. жәдігерлер халық назарына ұсынылған.
Бұл музей 1999 жылы 24 қыркүйекте ашылған. Жалпы көлемі – 440,4 шаршы метр.
Музейлік маңызы бар материалдар саны – 1782, оның ішінде 680-і негізгі қорды құрайды. Сегіз бөлімнен тұратын экспозициялар келушілерді аудан тарихымен, соғыс және еңбек ардагерлерімен, өнер және мәдениет қайраткерлерімен де таныстырады.
Тылсым табиғат
Айғай құм. Кіші және Үлкен-Қалқан таулары арасында орналасқан құм таулар өзінің тылсымдылығымен туристерді қызықтырып келеді. Сол себепті де Айғайқұмның шыңына шығып, «әнін» тыңдауға тек қазақстандықтар ғана емес, шетел саяхатшылары да құмар. Тастақ далалы жерде құмды таулардың болуы, расында, таңғаларлық құбылыс.
Ауа райы ашық күндері биіктігі 150 метрлік құм таудың басына шыққанда реактивті ұшақтың гүріліне ұқсайтын дыбыс естіліп тұрады. Құмның «Айғайқұм» немесе «Әнші құм» аталуы да содан.
Бұл ретте адамдар айтатын аңыз жетерлік. Аңыздар арасында «Құм астында қалған қара ниетті адамның жаны қысылғанда шығатын дыбыс екен» немесе «дуаланған сұлудың дауысы» деген де нұсқалар бар.
Құм таудың төбесіне жете алмаған адам күнәһар, ал шыңына жеткен адамның арманы орындалады деп те ырымдайды.
Тамшыбұлақ – қойнауы тарихқа тұнған Қапал ауылына жақын жерлерде Жоңғар Алатау жотасының сілемдеріндегі бұлақ бастауы.
Қабат-қабат тау жыныстарындағы биік жарқабақтың өне бойын тұтаса өскен жап-жасыл мүк арасынан көз жасындай мөлтілдеп төменге құлап ағып жатқан бұлақ суын жергілікті халық емдік су дейді. Қысы-жазы бірқалыпты күйде ағып жататын Тамшыбұлаққа қатысты ел аузында аңыз қалған. Ертеде Қапал өңірінде Қоңтәжі деген хан мен оның Баян атты сұлу қызы болыпты. Баян мен хан батырларының бірі Сайынбөлек бір-біріне ынтызар болыпты. Осыны сезген хан қызын өзімен теңдес басқа бір ханның баласына бермек болып, Сайынбөлектен қашып, тауды паналайды. Тауда жүріп ғашығын сағынған Баян жүрек кейіпті тауға, ал оның көз жасы осы Тамшыбұлаққа айналған деседі.
Шарын шатқалы – Жетісу жауһарларының бірі. Табиғат-Ана сыйға тартқан мұндай шатқал бізде және АҚШ-тың Колорадо штатында ғана бар. Оның әсем, сан алуан түрі ертедегі сарайлардың таңғажайып мұнараларына ұқсайды. Шатқалды «Қорғандар алқабы» деп те атайды.
Ерекше экологиялық, тарихи және эстетикалық құндылығы бар табиғи ландшафттарды сақтап қалу мақсатында Шарын шатқалы паркі құрылып, ол Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағын алып жатыр. Мемлекеттік ұлттық «Шарын» табиғи паркінің аумағында Шарын шатқалы, Шарын шаған орманы, Ағаш көлі, Назғұм үңгірі, Дардамты ыстық су көздері бар.
Шартас – Райымбек ауданының Сарыбастау ауылының солтүстік жағында. Адамның қолымен қашалып жасалғандай көркем тастар бүркіт кейіпті, адам сияқты тағы басқа мүсіндерді көз алдыңа алып келеді. Мұндағы үлкенді-кішілі үңгірлерде ойылып салынған түрлі суреттер бар.
Жексен Алпартегiнің жазуынша, Байғозы есімді ақсақал Шартас туралы мынадай аңыз айтқан: «Көршілес қырғыз елінің Манас деген батыры-манабы болыпты. Ол кез қырғыз бен қазақ деп бөлінбейді екен. Қазақтан шыққан Ер Көкше деген батыр екеуі қол бастап, ел қорғап, осы Алатау маңында қалмақтармен соғысыпты. Сол Манастың Ер Көкшемен тізе қоса жаумен алысқандағы бір бекінісі осы жер дейді ел. Дөңгелек алаңда Манастың құла аты жібек арқанмен арқандаулы тұрады. Сондағы жібек арқанның бір ұшы мына тесік тасқа байланады екен. Ал мына сыртқы екі сәкі тастағы ойықтың біріне атқа арпа, біріне тұз, астауында су тұрады», – деседі.
Қазақстандағы ең, ең, ең...
Ең ұзын көше. Алматы облысындағы Текелі қаласының қақпасынан басталып, тау бауырлай созылып жатқан көше – Қазақстандағы ең ұзын көше саналса, әлем бойынша ұзындығы жағынан екінші көше. Ал жер бетіндегі ең ұзын көше Санк-Петерборда орналасқан. Ұзындығы 32 шақырымнан асатын көшеге 2005 жылы қазақтың біртуар перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілген.
Ең үлкен сарқырама. Бұрханбұлақ – Қазақстандағы ең үлкен сарқырама және Орта Азия көлемінде де аса ірілерінің санатында. Ол Текелі қаласының маңында, Қора өзенінің сайында, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Оның үш сатысының биіктігі – 112 метрге, ең биік тұсы 120 метрге жетеді.
Ең биік шың. Қазақстанның ең биік жері Хан Тәңірі шыңы. «Хан-Тәңірі» шыңы – еліміздің Қырғызстанмен және Қытаймен шекарадағы ең жоғарғы нүктесі. Ол – теңіз деңгейінен 6995 метр биіктікте. Мамандардың айтуынша, шыңның ең биік төбесіне жету үшін кем дегенде 14 күн қажет.
Ең үлкен табиғи саябақ. «Алтынемел» табиғи саябағы көлемі жағынан Қазақстандағы ең үлкен саналады. Алматы облысының Кербұлақ ауданының аумағында орналасқан саябақ территориясы 520,2 мың га жерді алып жатыр. «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында өсімдіктің 1800-ге жуық түрі бар. Олардың – 21 түрі, ал жануардың 56 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.