…Ерлі-зайыптының дәм-тұзы жараспай, сотқа жүгінер болса, біздің заң бар пайданы әйелдер жаққа шешеді де береді. Дүние-мүлікті былай қойыңыз, ортадағы балалардың бәрін шешесімен қалдырады. Еркектің мойнына алимент деген 18 жылдық зілдей жүкті артып, сүмірейтеді де жібереді. Бұрын алимент ең төменгі жалақы көлемінде есептелетін. 2014 жыл басынан бері орташа айлыққа сәйкес төлене бастады. Сонда өз байынан ажырасқан келіншектер басқа біреуге күйеуге тисе тұрмыс жағдайы түзелмесе, төмендемейді. Ал, жігіт байғұстар тағы шаңырақ көтергісі келсе, тапқан табысы алиментке кетіп сорлайды. Содан келіп олар амалсыз алимент төлеуден жалтарады. Еш жерде тіркелмей табыс табамын деп, азып-тозып жүргені. Егер «ОЮЛ» атты үкіметтік емес ұйымның мәліметіне сенсек бізде 5 миллион балаға тиісті алименті төленбейді екен. Ресми дерекке жүгінсек, 2015 жыл басында алимент бойынша тіркелген 208 466 құжаттың 14 406-сында алименттен жалтарғаны айтылған. Оның ішінде 21 474 еркек 3 айдан бері алиментке қарыз екен.
Ал, алимент төлемейтін әкені біздің заң тағы аямайды. Жұмыссыз жүргенін сылтауратып, алимент төлемейтіндерге жұмыс істеуді талап етеді. Жұмысы барларға алимент төлеуді мәжбүрлейді. Алимент төлемеген еркектің шетелге шығу құқы жоқ. Уақытында төлемесе айыппұл салынады. Оған көнбей, ноқта үзер болса 3 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазалайды.
Бұл аз болғандай, ажырасудан алдына ел салмай тұрған Қазақстанда енді еркектерге алимент төлеттіру халықаралық деңгейге көтерілмек түрі бар. ҚР Әділет вице-министрі Э.Азимованың айтуынша «Қазақстанда балалар құқығын қорғауға баса назар аударылады. «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы» Заң жобасына сәйкес, Қазақстан 32 мемлекетпен және еуропалық Одақпен балалар алиментін өндіріп алу бойынша ынтымақтастық орнатады. Аталған ковенцияны ратификациялау елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа сәйкес келеді» екен.
Тағы бір мәлімет, жесірлер мен жетімдердің құқығын қорғаушы белсенділер алдағы уақытта «Мемлекеттік алимент қорын» құру керек деген ұсыныс жасауда. Егер осындай мемлекеттік қор құрыла қалса, әр балаға 30 мың теңгеден алимент төленбекші екен. Салыстыру үшін айтсақ, мемлекет жетімдер үйіндегі әр балаға ай сайын 168 мың теңге жұмсап келеді. Қор ашуға құлшынғандардың айтуынша «Осының арқасында мыңдаған
балалардың жетімдер үйіне өткізілуі тоқталады, әрі мемлекеттің қаржысы үнемделеді. Себебі, жесір әйелдерің көбі асырай алмаған соң баласын жетімдер үйіне тастайды» дейді.
Әрине, елімізде жетім мен жесірдің болмағаны жақсы-ақ. Дегенмен, тағдырларына Алланың жазуымен тірі жетім, тірі жесір қалғандар саны азаймай тұр. Себебі, ажырасау өте көп. Бір отбасы ажырасса болды, біздің елдің заңы еркек біткенді ай-шайға қаратпай әйелдің аяғына жығып бере салады. Қазақстан баяғы КСРО қалыптастырып берген «әйел теңдігін» тіпті жетілдіріп жатыр. Алда бұл мәселе халықаралық деңгейде шешілмек. Бұрын мерзімді басылымдарда «көкек ана» деп жазылушы еді, енді «көкек әкеден» көз сүрінетін болды. Оқи қалсаңыз, кім жаман, алименттен жалтаратын қазақтың жігіті жаман. Өз баласына жаны ашымайтын еркек еркек емес. Кінәнің бәрі әкеде. Содан келіп баланың өз әкесіне деген жеккөрініші қалыптасады. Ал, бар абырой байынан ажырасқан әйелдерде. Күйеуі қойнында болмаса да, оның тапқан бар табысы ай сайын қалтасында. Байдың қабағына жалтақтап, кішірейіп қайтеді? Қала берді, жалғызбасты анаға мемлекет қамқорлық жасайды. Оны қазір ойнастан бала табуға қорықпайтын қаршадай қыздар да жақсы біліп алған. Балалы бола қалса, далада қалмайды, үкімет даярлап қойған баратын жері бар.
Сонда дейміз, Қазақ елінде отбасынан ажырасқан әкелердің құқығы неден аяқасты болды? Біздің елде еркек кіндіктінің құны неге сонша төмендеп барады? Тәуелсіз елдің ер-азаматтарын «әйелімен тіл табыспағаны үшін» енді халықаралық деңгейде «тәрбиелеуден» ұтарымыз қайсы?…
namys.kz
Әкенің құқығы қайда?
Последние статьи автора