Ажырасқан жұптардың күйеу дұшпан, қатын жау көретін жаман әдеті бар. Олар бір-бірін иттің етінен бетер жек көріп кетеді деп ойлау қалыптасып кеткен. Бұл аз десеңіз, екінші жар алған адамдар біріншісін тіптен іске алғысыз көруі де көзге таңсық емес.
Бүгінгі қаһарман кейіпкеріміз осы стереотиптің бәрін бұзып-жарды. Ол күйеуінің кіші жарына ашық хат жазып қалдырыпты. Ал, оқып көрелік:
«Менің өмірім осылай болады деп еш ойлаған емеспін. Мен отбасы туралы армандаған кезде ол қиялымда мен, күйеуім, балаларым ғана болды. Ешқандай бөгде әйелдің сұлбасы да жоқ еді. Сенің жоспарыңда да мен болмаған шығармын деп ойлаймын. Өзгенің баласына қамқорлық танытып, тәрбиелеу сенің арманың болмағаны анық. Бірақ менің кішкентай ғана отбасымның шаңырағы ортасына түскен соң ерте ме, кеш пе сен келерсің деп күттім.
Сені қорқынышты құбыжық етіп елестетуші едім. Менің қызым ешқашан саған анасына қарағандай қарамайды деп сендім. Түрің ұсқынсыз болып, қызым саған жуымай қоятын шығар деп үміттендім. Сені мүлде сыйламаса екен деп армандадым. Сонда оның әкесі өзінің тағдырын екінші сортты әйелмен байланыстырғанын білер деп қиялдадым. Миымда шиыршық атқан дұшпан-ойларға емін еркін жол бердім. Өйткені, қызыма басқа әйел келіп аналық махаббатын сыйлар деп еш күтпедім.
Сосын біз таныстық.
Түрің келіспеген біреу болуы керек еді. Бірақ сен өте сұлу болып шықтың. Менің ойымда сен ерте қартайған көріксіз болған ең. Бірақ олай болмай шықты. Сен өте биязы, әдепті, жап-жас әрі сымбатты болып шықтың.
Менің бар жоспарымның күлі көкке ұшты.
Сенің түр-әлпетіңе, қобалжып, толқығаныңа қарап, саған да менімен танысу оңайға түспегенін байқадым. Неге екенін соны сезінген соң жаным тынышталып қалды.
Сен менің қызымды бір көргеннен жақсы көрдің. Өзіңнің туған қызыңдай жақсы көрдің. Мен үшін де, ол үшін де бұл күтпеген сый болды.
Әкесі мен қызының қарым-қатынасын өзіңнің меніңнен жоғары қойдың. Мұндай ерлік тек үлкен парасат иесінің ғана қолынан келетінін мойындадым. Менің қызыма – екінші анасы өте керек. Мен жанында бола алмаған кезде оған қолдау білдіріп, құшағын аша алатын әйелдің болуы мені қуантты. Қызым екеуің қабылдаған барлық шешімді маған айтып, ортақтастырып отыратындарыңа ризамын. Мұндай қарым-қатынас өте сирек екенін түсінемін. Бәйбіше мен кіші жар арасындағы ілтипаттың болуы бүгінде жиі ұшыраса бермейді. Сен біз үшін нағыз тосынсый болдың.
Бірақ сен анасы болуға тиісті жерді толтыратын адам емессің. Сен менің қызым үшін толыққанды екінші анасы бола білдің. Қызым екеуміз уақыт өткізгенде ол әрдайым саған қоңырау шалып, болған қызықтарын айтып отырады. Бұл жағдай менің көңілімді марқайтады. Ол нағыз отбасының, нағыз достықтың не екенін біліп өсіп келеді.
Менің таныстарымның арасында кейбір әйелдердің өз баласының өмірінде екінші анасының болуына қарсы келген жағдайларды білем. Сен екеуміз осының барлығынан жоғары болып, қызымыздың бақыты үшін тіл табыса алғанымызға қуанамын. Біздің ортақ үйімізге қосқан еңбегің үшін саған көп рахмет!
Сен өмірде сирек кездесетін, көз қарықтыратын жақұтсың. Алла өзі жар болсын саған! Мен сені жақсы көремін!»
Бәйбіше мен кіші жардың баланың бақыты үшін бір-бірін сыйластығы осы хатты оқыған әрбір оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Олардың өз тәкәппарлығы мен менмендігін жеңуде талай қиындықты бастан кешіргені өтірік емес. Ата-ананың ажырасуы баланың санасына салмақ салатыны рас. Сондықтан өмірдегі қиындықтың бәрін осындай төзімділікпен шеше білген әйел затына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көңіліңізге жақса, бөлісе отырыңыз.
Аударған Шынар Әбілдә
Текст: Караван.kz