Әуеліде Алла Тағала Адам Атаны, сосын Адамның қабырғасынан Хауа анамызды жаратты. Кейде Адам Атамыз аң аулап кеш келеді екен үйге.
Сонда Хауа Анамыз:
- Қайда жүрсіз? Қайда болдыңыз? - деп сұрайды екен.
Сонда Адам Ата:
- Несіне қызғанасың? Жер бетінде екеумізден басқа ешкім жоқ қой, - дейтін көрінеді. Кешке жатарда Хауа анамыз Адам Атаның қабырғасын санайды екен "тағы біреу жаратылып қойылмады ма екен?" - деп.
ҚЫЗҒАНЫШТЫҢ ЕМІ
Ерлі-зайыптылардың бір-бірін қызғануы отбасылық проблемалардың ішіндегі ең күрделісі. Бұл әрі қымбат, әрі қиын сезім. Көптеген дау-дамай тап осы қызғаныштан туындайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Әйелін қызғанбайтын еркек менің үмбетімнен емес», деген. Расында теріс салдарсыз қызғаныш жұбайларды жақындастырады. «Мені жақсы көреді екен-ау» деген ой көңіл түкпірінде ризашылық туғызады. Ал тежеусіз соқыр қызғаныш тіршілікті тамұққа айналдырады. Қызғанышты тежеп отырмаса ол көзсіз әрекеттерге ұрындырады. Қызғаныш –санаңды билер – у, тіршілігіңді талқандар тасқын. Ол алапат селдей жолындағының бәрін жайпап өтеді. Оның орнында тек қайғы-қасірет қана қалады.
Қызғаныш көбіне күдіктен бастау алады. Сенім қалыптаспаған жерде күдік тұрады. Күдік –адамның ішкі жан дүниесін қоймай кеміретін жегі құрт. Ол қызғанышты тербейді.
Күдік негізінде ғана әйелге қол жұмсап, тілін шығаруға, ашындыруға болмайды. Әйелді қызғанышпен қол жұмсап тәрбиелеу мүмкін емес. Ол ерегіс туғызады. Күнәсіз әйелге жала жабу барып тұрған үлкен күнәлардың бірі.
Үнемі имандылық қағидаларын үйретіп отыратын, жарына үлкен құрметпен қарайтын жігіттердің әйелдері суық жүріске бармайды.
Қызғаныш болмау үшін ерлі-зайыптылар арасында өзара сенім қалыптасуы керек. Бұл үшін ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық құпия болмауға тиіс. Күдік туғызбайтындай күн кешу ләзім. Күдік тумау үшін құпия жүріс, құпия байланыстар болмауы шарт. Ашықтық, ақ пейіл, үнемі ақылдасып отыру күдікке орын қалдырмайды. Лап еткен қызғаныш сезімін сабырмен басып үйрену де маңызды.
Қызғаныштың емі – ақыл мен сабыр. Басты дауасы –имандылық.
(Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршалованың «Бақыттың кілті» кітабынан).
shyn.kz