Әйел ақылынан алжасты ма, әлде әлем бе?

Әйел ақылынан алжасты ма, әлде әлем бе?

Ғаламның бар мүмкіндігін игере бастағалы адамның жүйкесі жұқарып, санасын үрей билеп алды. Қазір біз жанды-жансыздың бәрінен қорқатын жағдайға жеттік. Дүкендегі тамақтың құрамынан бастап, ішетін суымыздың, киетін киіміміздің сапасынан қорқамыз. Көршімізден, туған-туысқанымыздан күдіктенеміз. Үнемі үрейленіп жүреміз. Психолог мамандар адамның санасын жаулап алған үрейдің психология тілімен айтсақ, фобияның адамды жындыханаға сүйрейтін жаңа түрлерімен «күресе» бастапты. Мәселен, жақында психологтер әйелдердің ғана санасын билеп алған тағы бір фобияны анықтап, оның салдары «бір қолымен әлемді тербеген» әйелді жан күйзелісіне ұшырататынын айтып отыр.

Әрбір үшінші әйел косметикаға тәуелді
Психологиялық дерт атанудың алдында тұрған фобия қазақ әйелі үшін де таңсық емес. Мамандардың жуырда жасаған сауалнамасының нәтижесі әрбір үшінші әйел үйінен есігінің алдына боянбай шығуға батылы бармайтын жағдайға жеткенін көрсетіпті. Яғни косметикаға деген тәуелділік фобиясы әйелдердің санасын жаулап болды деген сөз. Осы сауалнамаға қатысқан 3000 әйелдің үштен бір бөлігі көшенің қарсы бетіндегі көрші дүкенге боянбай бар­майтынын айтыпты. Ал әрбір 10 бойжеткеннің біреуі сүйіктісінің көзіне косметикасыз көрінуге мүлдем бол­майды деп санайды екен.   
Психологтер «макияж фобиясы» әлемнің барлық әйел­дері­нің санасын жаулап алуының соңы үлкен қасіретке душар ететін жағдай деген баға беріп отыр. Әйелдердің 14 пайызына жуығы бір шаңырақтың астында бірге тұ­ратын отағасынан боянып үлгеру үшін әдейі бұрын оянады екен. Бұл — қазіргінің адамын жан сұлулығынан гөрі, тән сұ­лулығы алаңдатады деген сөз. Ал қалай да жас, сұлу көрінуге, бірінен-бірі асып түсуге тырысқан бикештерді «дуалап алған» «макияж фобиясы» расында жан күйзе­лісіне душар етпесіне, жындыханаға түсірмесіне кім кепіл? Самайына кірген ақпен, бетіне түскен әжіммен «алысқан» әйелдердің «қамын ойлаған» косметика өндірушілер мен сатушылар, сұлулық салондарында саудасын дөңгеленткен кәсіпкерлер, пластикалық хирургтер өздерін сұлулық индустриясын дамытушылар ретінде көрсетуге тырысады.
Расында да, жыл сайын әлгіндей сұлулық индустрия­сына салынатын қаражат көлемінде шек жоқ. Әйелдердің әмияны да косметика десе – жомарт. Айлық жалақысының жартысына жуығын косметикаға жұмсайтын әйелдердің ешқайсысына «макияж фобиясына» ұшырағанын мойын­дату мүмкін емес. Себебі әдемілікті бетіне «бес тонна» бояу жағатын Голливуд жұлдыздары, қызыл-жасыл журналдар­дың мұқабасында ашық-шашық денесін батыл көрсететін қыздар деп түсінетін әйелдердің санасы әлдеқашан айық­пас дертке ұшырады. Осы заманның әйелі үшін сұлулық символы — пластикалық операцияның пәрменімен бір­не­ше рет тарттырған беті жансызданып қалған Мадонна. Оған «болмаса да ұқсап бағуға» жанталаса тырысып жат­қан біздің бикештерді «мәңгілік жастық» идеясы иектеп ал­ғалы отбасын құрып, сүйікті жар, ардақты ана болу екін­ші, әлде үшінші орынға ысырылды. Қазіргінің әйелі «табыс­қа жетудің жолы — бет күтімі, дене күтімі» деп сабылып са­лон аралап, тренажер залдарында жүр. Осыған қарап егер әйелдердің жаппай санасын улаған «сұлу болу үшін…» синдромын дерт деп санайтын болсақ, қазір әрбір үшінші әйел осы дертке шалдыққанын мойындауға болады.  
Осы заманның адамын экология, биоэтика, ғылыми тео­рия мен практика туралы сөйлетсең, бәрін білетін нағыз данышпан. Біз қоспасы жоқ табиғи өнімдерді қалаймыз, фасфудтар мен гендік модификацияланған өнімдерден аулақ болуға тырысып, бақшадағы құрт түскен ағашта өсіп тұрған алманың дүкендегі «мінсіз» қызыл алмадан көп артық екенін жақсы білеміз. Тек өзімізге қатысты мәңгілік ақиқатты мойындағымыз келмейді: нағыз сұлулық — табиғи сұлулық.
Десек те, әлемдік нарықта жасанды сұлулық индустрия­сына жұмсалатын қаражатта есеп жоқ. Тіпті соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысы да сұлулық индус­триясының дамуын тежей алмапты. Бұған қарап сарап­шылар «адамға нан мен су қаншалықты керек болса, әйел­ге де косметика, сұлулық салондарының, шаштараз­дардың қызметі соншалықты керек» деген баға беріпті. Дағдарысқа қарамастан, осы саладағы бәсекелестік сыр бермегенін айтқан сарапшылар «сұлулық құрбандықты талап етеді» дегенді мойындап отыр.
Енді әлемдік БАҚ жариялаған мәліметтерді саралап көрейік. АҚШ пен Еуропа елдерінде 20 мыңның үстінде, Ресейде 5500 сұлулық салоны қызмет көрсетеді екен. Әрине, біз сұлулық салондарының саны жағынан «мақтана алмаймыз». Дегенмен жыл сайын осы салаға машықтанып жатқан кәсіпкерлер қатары көбейіп, нарық сұранысқа сай өсіп отыр. Көрші Ресейде «сұлулық нарығының» көлемі 7 млрд долларды құрайды екен. Олардың салондарында шаш қию мен бояу орта есеппен 1500 рубль болса, біздегі баға да сол шамалас – 8-10 мың теңге. АҚШ-тың ортаңқол шаштаразы бір сағатта шамамен 10 доллар табатын көрінеді. Еуропа елдерінде сұлулық салондарының орташа жылдық кірісі – 250 000 доллар.
Өткен жылы Euromonitor International агенттігі қазақ­стандық нарықтың сұлулық индустриясына бағытталған са­ла­сына зерттеу жүргізген. Агенттік мамандары қазақстандық әйел­дер косметика мен жеке бас гигиенасына арналған құралдарды киім-кешектен гөрі жиі сатып алатынын анық­тады. Косметиканың қолжетімділігі елде әртүрлі компания­лардың өнімдерін сау­далауға мүмкіндік береді екен.
Әй, әйелдер-ай…
Өткен ғасырдың басында адамзаттың сұлулық туралы ұғымға деген көзқарасы күрт өзгерді – көзді шел басты. Жа­санды сұлулық жарнамалар арқылы біздің санамызға әлде­қашан кірігіп алды. Ең сорақысы – косметика пайдаланбайтын, салондарға, шаштаразға бармайтын әйелді ақылына, білі­міне, көп бала туғанына, отба­сының ұйытқысы болып отыр­ғанына қарамастан, ойланбастан «күтінбейтін әйелдер» са­натына жатқыза саламыз.
Бағзы замандарда әйелдердің сұлу көріну үшін әртүрлі айла-тәсілдер ойлап тапқанына тарих куә. Ежелгі Мысырда, Римде, Грекияда әйел әдемі көрінуі үшін шөп түрлерінен жа­салған бояуларды пайдаланғаны туралы Геродоттың жаз­баларында кездеседі. Қазіргі әйелдер де адамның ойына келмейтін ессіз қадамдарға барады. Мәселен, Сан-Фран­циско қаласында тұратын 34 жастағы әйел 8 жасар қызының бетіне әжім түспес үшін қазірден бастап ботокс еге бастағанын әлемдік БАҚ жаппай жазды. Болашақта қызының супер жұлдыз болатынына сенімді әйел үш ай сайын кішкентай қыз­дың көзінің, ауызының айнала­сына, маңдайына ботокс егіп, бұлшық етті жансыздандырып, аяғына мүлдем түк шық­пас үшін балауыз ерітіндісімен эпиляция жасайды екен. Әйел жұрттың бәрі өзін неліктен есінен адасты деп есептейтінін мүлдем түсіне алмапты.
Соңғы 10 жылдықта әйелдер теледидардан «томпақ ерін — тартымдылықтың белгісі» дегенді естіді. Айтты бітті, содан бері жер бетінде миллиондаған жұқа, нәзік ерінді әйелдер еріндерін үрлеп томпайту үшін сұлулық салондарының, пластикалық хи­рург­тердің алдын бермейтін болды. Өткен ғасырдың орта ше­нінде сән индустриясының жаңалықтарын жеткізетін газет-журналдар, теледидар хабарлары арықтық сәнге айналғанын жариялады. Содан бері жер бетінде мил­лиондаған жасөспірім қыздың санасын «семізбін» деген ой жаулап алды. Әлемде талай қыз киім ілгіштің рөлін атқаратын модельдерге ұқсауды арман­дап, сан түрлі диетадан, аштық­тан, анорексия дертінен көз жұм­ды. Әйелдер артық майын сылғызу үшін басын қатерге тігіп, плас­тикалық операцияларға жүгініп отыр. Желілік маркетинг жүйесі арқылы «сегізаяқ» бизнестің соңында сабылған косметика сатушылар «сұлу болудың жолы — осы» деп сендіріп жүр. Олар­дың жарнама­сын тыңдасаң, бірінің аузына бірі түкіріп қойған сектанттардан аумайды: «…сұлу, бай, бақытты боласың». Қазір көгілдір эк­рандағы, газет-журналдардың мұқабасындағы жа­нары жан­сыз бейнелерге ұқсауға тырысқан әйелдер «әдемі болу­ға» жанталасып жатыр. Әйел… әлде әлем ақылынан алжасты…
Мақсат – ақша жұмсау емес, күтім жасау
Біз әр салада қызмет жасайтын, сұлулық туралы, космети­каға жұмсалатын ақша туралы көзқарасы әртүрлі әйелдерді ортақ тақырыпта сөйлетіп көрдік. Бәрінің ойы бір жерден шықты: әйел өзіне күтім жасауға міндетті. Ендеше, солардың бірі бет күтімі үшін қанша ақша жұмсайтындығы жайлы былай дейді.
Лаура ПАЛМАН, журналист:
— Мен екі айда бір рет сұлулық салонына барып тұрамын. Басқа уақытта өз-өзіме күтім жасаймын. Желілік маркетинг бойынша сатылатын косметикаларды мүлдем сатып алмай­мын. Бетіме, денеме жағатын кремдерді аптекадан алғанды дұрыс көремін. Декоративтік косметиканы «Сұлу» дүкенінен аламын. Көбінесе француз косметикасын алғанды ұнатып, фирмалық маркасына мән беремін. Бұрын «Нағима» сало­нына жиі барып, ұзақ уақыт тұрақты тұтынушысы болдым. Ал жа­қын­да «Сауап» деп аталатын ме­ди­ци­налық орталыққа 10 күнге 30 мың теңге төлеп, бетіме маска жа­сат­тым. Оған қоса, 15 мың теңгеге арнайы крем сатып алдым. Сонымен, кәсіби маман 45 мың теңгеге бетімде болған дақты кетірді.

Үш жылдан бері «Вива» салонына тырнағыма маникюр жаса­та­мын. Оған 5 мың мен 8 мың теңгенің аралығында ақша жұмса­ла­ды.
Ал шаш күтіміне келсек, ешқандай салонға сене алмай­мын. Шашыма өз бетімше күтім жасаймын. Қыздардың ұзын шашты қиғанын құптамаймын.
Жалпы, әйелдің күтім жасауына ақша көп жұмсалады. Бірақ соншама көп ақша таппайтын болғандықтан, тартынып жұмсауға тура келеді. Бірақ мен «макияж» фобиясымен «ауыр­маймын». Таби­ғат аясына шаққанда, дүкенге барған­да, үйде жүргенде боян­баймын, қайта бетімді косметикадан демалтамын.
Галина ДОДОР, кәсіби шаштараз:
– Жалпы, әйел адам өзіне көңіл бөлгені дұрыс. Оны еркектер түсіне бермес. Бірақ осы заманның әйелі маникюр, педикюр жа­са­туы, SPA салондарға, массажға, тренажер залдарына, шаш­таразға баруы керек.

Ақтөбедегі салондарда шаш қию бағасы орташа есеппен алсақ, 2-3 мың теңге тұрады. Қазір әйелдер түрлі түстердің қо­сындысымен шашты боятқанды ұнатады. Оған 3-8 мың теңге кө­лемінде ақша төлейді. Егер кешкі сән үлгісімен шашты сәндеп беретін болсақ, ол 3-10 мың теңге болады.
Тұрақты ақша табатын, өзіне күтім жасайтын әйелдер, кем дегенде, шаштаразға айына екі мәрте келеді. Ондай әйелдер той-томалаққа, қонаққа шашын сәндетпей бармайды. Яғни біздің кәсібіміз – қандай дағдарыс жағдайында да өтімді қызмет.
Роза МУШАЛОВА, психолог:
— Мен жақында Әбілқайыр хан даңғылының бойында орналасқан шеберлік курсына барып көрдім. Оқушы ретінде емес, сол жерде тәжірибеден өтіп жатқан жас мамандардың қызметін пайдаланушы ретінде. Маникюр, педикюр, шаш қию, сәндеу, та­туаж, макияж жасату сияқты көп қызмет түрімен бір мезгілде бір­не­ше қыз айналысып жатыр екен. Бәрі де сұлулық салондарына жұ­мысқа орналасу үшін өз беттерімен шаштараз ашу үшін тырысып жүргендер. Қай- қайсысы да жұмыссыз қалмайтына сенімді. Тәжіри­бесіз жас мамандардың қызметін пайдалануға тілек білдірген әйел­дер қатары да көп. Кәдімгідей кезек күтіп қалдық.

Татуаж жасату үшін кәмелет жасына толмаған қыздар да келе­ді екен. Бірақ оларды ата-анасының рұқсаты болмаса, ешкім қабылдамайды. Осы көрініске қарап отырып, расында, «сұлу болуым керек» деген ой әйелдердің санасын жаулап алғанына көз жеткіздім. Кейбірінің әрекетін ессіздік деуге болады. Әрине, әйел адам өз мүмкіндігіне қарай өзіне күтім жасауы керек. Бірақ жасы 20-ға келген бойжеткен «бетімде әжім бар, бетімді тарттырамын» десе, ол – енді нағыз «макияж» фобиясы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста