Әділдікті сот жақтамаса, жұрт кімге барып мұңын шақпақ?..
Редакцияға Алматы облысы Жаркент қаласынан арыз келіп түсті. Арыз иесі – жеке кәсіпкер Шайгүл Шарипова. Мәселенің мәнісі түсінікті болу үшін барлығын жеке кәсіпкердің өз аузынан баян етсек...
Шайгүл ШАРИПОВА, Жаркент қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер:
– Мен 1997 жылы Жаркент қалалық әкімдігінің №139 шешімімен шағын кәсіпкерлік ашу мақсатында Жаркент қаласының орталығынан 12275,3 шаршы метр жер сатып алған болатынмын. «Жібек жолы» серіктестігін құрып, ол жерді халық тауарларын сататын базарға айналдырдық. Құжаттарымның барлығы заңды түрде жасалған. Тіпті әкімнің сол кездегі шешімі әкімдіктің тиісті журналына да тіркелген. Оның заңды иесі мен және менің туысым Нұрлан Сайтханов екеуміз болдық. Алайда кейіннен Н.Сайтханов баз біреулердің алдауына түсіп, өзіме қарсы шықты. Дәл осындай шешімді серіктесім Н.Сайтханов та өз атына базар салуға қатысты әкімдіктің жалған рұқсатын алады. Сонда жергілікті әкімдік пен аудандық жер қатынастары бөлімі бір мемлекеттік актіні екі адамға шығарып беріп отыр. Кейіннен бұл істі тексергенде Н.Сайтхановқа берілген шешім жергілікті әкімдіктің тіркеу кітабына тіркелмегені мәлім болды. Өз кезегінде жергілікті шенеуніктер (ол кездегі әкім – Мұрат Хизметов) 1993 жылы шыққан «ҚР жергілікті атқарушы және өкілдік етуші органдар туралы» Заңына сәйкес, «жергілікті билік органдары қабылдаған шешімдерді сот орындары арқылы өзгерте алады» деген тұсын өз мақсаттарына тиімді пайдаланады. Осылайша, менің тіркеу кітабына тіркелген шешімім теріске шығарылып, оның құжаты заңды етіп көрсетіледі. Алайда сот барысында сол кезде Жаркент қаласының әкімі болған Р.Айсаев жер теліміне құрылыс жүргізу турасындағы шешімді менің атыма ғана шығарғанын айтып куәлік еткенде, сот менің пайдама шешілген еді. Дегенмен серіктесім содан бері мені соттан сотқа сүйрелеп, маза берген жоқ. 1998 жылдың 26 қаңтарында Н.Сайтханов менің сыртымнан құрылтайшылардың жиынын өткізіп, мені «Жібек жолы» серіктестігінің құрылтайшылық қатарынан шығарды. Ол тіпті жалған хаттама толтырып, менің қолымды қойып, тиісті құжаттарды жергілікті билік органдарына өткізіп, заңдастырып алады. Серіктесім «МКС Ақбоз» серіктестігіне жер мен онда орналасқан мүлікті басқаруға береді. Бірақ мен 2007 жылы серіктесімнің жалған хаттама толтырып, менің құрылтайшылық құқымды шектегені жайында сотқа шағымдандым. Өз кезегінде Алматы облыстық ғылыми-өндірістік сот сараптама бөлімінің бас сарапшысы Ғалия Шынқожанова хаттамаға қойылған қолдың жалған екендігін, яғни менің қол қоймағанымды дәлелдеп берді. Сот сараптама бөлімінің қорытындысы әлі күнге дейін қолымда тұр. Жалпы, істің насырға шабуына жергілікті билік органдарының тікелей қатысы бар. Панфилов аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Анатолий Литвенов «Жібек жолы» ЖШС-нің жер телімін «МКС Ақбоз» мекемесінің иеленуіне шешім шығарғанын қалай түсінуге болады? Бұл аз болғандай, сол кезде Жаркент қаласының әкімі болған Мұрат Хизметов заңсыз шешімге қол қойып, істі ушықтырып жіберді. Айтпақшы, даулы іске себепші болған М.Хизметов пен А.Литвеновтің бұдан да басқа іс-әрекетіне шыдамаған аудан әкімі Ермек Келемсейітов олардың ісін тәртіптік кеңесте қарап, алдыңғысын қызметінен аластатқанын айта кетуім керек. Дауға себепші болған шенеунік қызметінен кеткенімен, әкімдікке сөзі өтімді менің қарсыластарым әкімдікті өз дегендеріне әлі де болса көндіріп отыр. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіңдер деген тапсырмасының Жаркентте тиісті деңгейде орындалмай отырғаны өкінішті. Әділдік іздеймін деп көрмегенім жоқ. Даулы іс Жоғары сотқа дейін барған еді. Сот орындары бірде істі менің пайдама шешсе, бірде қарсы тараптың пайдасына шешіп, мені әбден шырғалаңға түсіріп отыр. Қазіргі таңда аталмыш базарға Серік Байғонысов деген азамат иелік етіп жүр. Бүгінде базар орналасқан жер телімінің салығын әлі төлеп келемін. Ал базардағы орынды жалға алушылардың біраз бөлігінің жалдау ақысын қарсы тарап жинап келеді. Егер мен жер теліміне салық төлемесем, жергілікті билік органдары салықты уақтылы төлемедің деп, заңды жерімді қарсы тарапқа рәсімдеп беруі мүмкін. Өз басым қазір жергілікті билік органдарының менің мұң-зарыма құлақ асып, істі менің пайдама шешеді дегенге сенбеймін. Ендігі бар үмітімді, шағын және орта бизнеске қолдау білдіріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне ғана артамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жоғары сотқа жазған арызым да ескерусіз қалды. Маған тіс батырып отырған жергілікті билік органдары тасадан шығып, аудандағы шағын және орта бизнесті өрістетемін дегенше, базар жағалап күнін көріп жүрген жүздеген кәсіпкер жапа шегейін деп тұр. Сондықтан бұл іске Елбасының және Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың араласуын қалаймын. Әйтпесе дау осылайша ащы ішектей созыла беретін түрі бар.
Міне, шындықтан күдер үзіп, көз жасы суалып, шері күйікке айналған кәсіпкер ананың бізге жазған арыз-шағымы – осы. Айтпақшы, Шайгүл Шарипова Елбасының «Бизнесті қорғау» сайтына да өз арызын жазған екен. Енді оның соңы қалай болатынын уақыт көрсете жатар. Дегенмен, бір өкініштісі, біздің әділ төрешіміз болуы тиіс құрметті фемидамыз істі біресе Ш.Шарипованың пайдасына шешсе, енді бірде қарсы тараптың пайдасына шешкенін қалай түсінуге болады? Бізде заң біреу болса, неге сот та біржақты шешім шығармайды? Өкініштісі сол, Шайгүл ханымның айтуынша, «маған тиесілі заңды жер телімін осы уақытқа дейін бірнеше мәрте қалталы азаматтардың атына заңдастырып берген аудандық соттың әрекетін облыстық сот оң деп тапты», – дейді. Тіпті Жоғарғы сотқа жазған шағымын да олар қараудан бас тартыпты. Біресе ананың, біресе мынаның пайдасына шешім шығарып берген аудандық соттың ісін облыстық сот оң деп тапса, Жоғарғы сот оны қараудан бас тартса, сонда қарапайым жұрт кімге барып мұңын шақпақ? Онымен қоса, Н.Сайтхановтың жалған хаттама толтырғандығын, Шайгүл ханымның атынан қол қойғандығын Алматы облыстық сот сараптама орталығы дәлелдеп отыр. Ендеше, бұл іс бойынша неге қылмыстық іс қозғалмайды? Алматы облыстық сот сараптамасы ғылыми-өндірістік зертханасының 2007 жылдың 17 тамызындағы №679 қорытындысындағы шешімде былай делінген: «1998 жылдың 26 қаңтарында «Жібек жолы» ЖШС құрылтайшыларының басқосуындағы протоколда қойылған «Шарипова Ш.Ш.», «Тэтис» ҚҰ-ның кепілдеме хатында көрсетілген «Директор ОО «Тэтис» Шарипова. Ш.Ш.» деп жазылған датасы жоқ жолдардағы сөздер мен қойылған қол Ш.Ш.Шарипованың өзінікі емес деп танылды, бөгде біреудің қолы екендігі расталды». Шешімді шығарған – аталмыш сот сараптама бөлімінің бас сарапшысы Ғ.Х.Шынқожанова.
Айтпақшы, біз осы мәселеге қатысты қарсы тараптың да пікірін білгіміз келген болатын. Өкінішке орай, ол жақтың телефондарын таба алмадық. Ал бұған қатысты Жаркент қаласының қазіргі әкімі Бақыт Бәйкенұлы былай дейді: «Бұл мәселені мен бұрыннан білетінмін. Базардағы жерге қатысты бір емес, бірнеше рет сот болды. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Алайда кәсіпкер Шайгүл Шарипова маған бұл жөнінде ешқандай арыз әкелген жоқ. Егер маған келсе, мен бұл істі мүмкіндігінше әділ шешуге тырысамын».
Жасамұрат САҒЫМБЕКОВ, Алматы облысы Панфилов аудандық сотының төрағасы:
– Мәселен, бір жерге екі мемлекеттік акті беріліп қалады. Мемлекеттік актінің біреуінде жер пәленбай шаршы метр деп көрсетілсе, екіншісінде басқаша болуы мүмкін. Оның қайсысы дұрыс, заңды екендігін табу – соттың құзырындағы мәселе. Алғашқы судья істегі дәлелдер бойынша бірінші сотты Ш.Шарипованың пайдасына шешсе, екінші жақ облыстық сотқа шағым түсіріп, қосымша дәлелдер шығаруы мүмкін. Одан кейін облыстық сот әлгі шешімді бұзып, мынадай-мынадай дәлелдер бар деп, істі қайта қарауды басқа судьяға тапсырады. Ол сосын басқаша шешім шығаруы мүмкін. Соттың біресе былай, біресе олай шешіліп жатуы – осыдан. Бұл жерде де солай, алғашында базар дауы Шарипованың пайдасына шешілсе, кейін екінші жақ қосымша дәлелдемелер алып келіп, бәрін заңдастырған кезде іс басқа бағытқа ауып кеткен. Алайда мен облыстық сотта істеп жүрген кезде, шамамен 2004-2005 жылдары осы істі қарап, Шарипованың пайдасына шешіп бергенім бар еді. Бірақ ол да кейіннен қайта қаралуға жіберіліп, шешім өзгертілді. Бүгінде бұл іске байланысты соңғы нүкте қойылған. Енді оны қайта қарайды деп айта алмаймын.
Қалай десек те, бұған заңдық тұрғыдан баға беретін – біз емес, істің ақ-қарасын анықтау – соттың еншісінде. Сондықтан құрметті Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров мырза, Ш.Шарипова ханым шағымын сізге жібере отырып, істі өз бақылауыңызға алып, тиісті мамандардан комиссия құрып, тексеру жүргізуге ықпал етеді деп үміттенеді. Барар жер, басар тауы қалмаған, шындық іздеп шырылдаған кәсіпкер анаға Жоғарғы сот тарапынан әділ төрелік айтатын уақыт жетті ғой деп ойлаймыз.