Біреуге ерте, біреуге кеш келген бақилық ғұмыр. «Бұл өмірден бәрі де өткен. Әркім маңдайына жазғанды көреді», – дейді үлкендер.
Елге қарай жол тартсам немесе қайтып қалаға келе жатсам да, шағыл бойындағы Бәтташ ағама орнатылған ақ күмбезді көргенде, көңіл күйім бұзылып, жүрегім шым ете қалатын кездер болады.
Зымырап өткен уақыт-ай, десеңізші!..
Бәтташ Сыдықұлы 1929 жылы Шыңғыстауды сағымға бөлеген ақ шиі мол, құт дарыған Саржал ауылында туған.
Азан шақырып қойған аты – Ғабдылфаттах. Араб әрпінен транскрипциялаған кезде Абдулфаттах, Әбдулфаттах, Ғабдулфаттах, Қабдулфаттах болып айтыла, жазыла береді. Абдулфаттах есімі араб тіліндегі сөз жасаудың күрделі түріне сәйкес. Қазақшалағанда, «абду» - «құл», «фаттах» – «жеңімпаз», «игілік беруші» деген екі сөзден тұрады. Тұтастай аударсақ, «игілік берушінің құлы» деген мағынада. Абдулфаттах есімі – Алланың тоқсан тоғыз эпитетінің, яғни көркем есімдерінің бірі. Сыйлы, қадірлі есім.
Әкесі Төлеубай диқан мұрап болған. Тоған қазып, егін салған. Анасы Жұмаш дастарқанды, мейірімді, ақылды жан болған екен. Он құрсақ көтерген. Амал қанша, ел ішінде ашаршылық пен індет жайлаған сонау жылдарда отбасында үш бала ғана қалған. Бүгінде туған ауылымызда тұратын Жаңылдық апайы мен Семей қаласында тұратын інісі Хамит.
Бала кезінен әкесіне еріп егін салып, соқа айдады. Тойып ас ішпей жүрсе де, бала қиялы қала ма?!
Көнекөз, құйма құлақ қариялардан небір қисса мен батырлар жырын тыңдап өскен Бәтташтың «асау тұлпарды жалынан ұстасам» деген арманы орындалады.
Көктем шыға соқаға жегуге жүген – құрық тимеген он шақты тай-дөнендерді үйретуді Бәтташқа жүктейді. Үлкендердің сынынан сүрінбей өтіп, қатарластарының алдында мерейі үстем болады. Тіпті ауыл-ауылдан «тайымды үйретіп берсең» деген ұсыныстар түсе бастайды.
Шабандоз бала 1945 жылы Тельман колхозының Сұртөбел деген бәйгесіне мініп, Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойында аламан бәйгеде алтыншы болып мәреден өтеді.
Есею жылдарында сол заманның талап-тілектерін «қатаң сақтаса да», жүрегі халқым, қазағым деп соққан. Оған дәлел – менің ұстазым қай жерде қызмет етсін, ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын.
Ерте есейген есті жас орта мектепті бітіргеннен соң, ұстаздық жолды қалады. Семейдегі мұғалімдер, онан соң педагогикалық институтты тәмамдап, жүрек қалауымен Шығыс Қазақстан облысының комсомол комитетінде шыңдалып, ақыры кіндік қаны тамған Саржал мектебіне оралды. Қашан да ауылдың ұйытқысы, барометрі – мектеп. Сондықтан да ел тарихын сөз еткенде, білім мен мәдениет ордасы мектеп тарихы, ондағы өнегелі істер, әйгілі азаматтар есімі қоса аталуы заңды. Арғы-бергі тарихты жіпке тізбей-ақ, асқан дәулет иесі, ірі меценат Қаражан Үкібаев, нарком Әмзе Нақымжанов, үлкен қоғам қайраткері Шәймерден Тоқжігітов, Алаштың арысы Ахметжан Қозыбағаров, қайталанбас өнер иелері Тәңірберген Әміренов, Бекен Жамақаев тағы басқалары – Саржал ауылының мақтаныштары. Бірі – ескіше, бірі – бастауыш мектептерде әліпті таяқ деп танып, тіл сындырған, хат үйренген жандар. Оқу ісі белгілі жүйеге, қалыпқа түспей жатып-ақ талпынған талапкерлер болашақ Саржал мектебінің қарлығаштары іспетті десек, артық айтқандық емес.
Бәтекең, Саржал мектебіне 50-жылдардың аяқ шенінде келді. «Жас келсе – іске» дегендей, жаңа үрдіс, тың серпін ала келді.
«Ұстаздық – ұлы ұғым» екендігін жүрегімен сезінді. Өзі ақын, журналист болғандықтан, қаламының желі бар жастарға ұйытқы болып, өлең, әңгіме жазатын оқушылардың басын қосып, бірінші өлеңін өзі жазып, әдеби-көркем альманах шығарды. Қаламдары желдей ескен ғалым, Мәжілістің экс-депутаты Нәубат Қалиев, ақын Мұрат Әлин, белгілі журналист, марқұм Мағрипа Тілеубекова, жазушы Дәулет Сейсенов көктен түскен жоқ-тын. Бәрі-бәрі – талапты, талантты шәкірттері Бәтташ Сыдықұлының. Онымен шектелмей, мектеп радиостансысы іске қосылды. Аты – мектеп радиоторабы. Задында ауыл, аудан жаңалықтары, ел хабарлары түгел қамтылды. Өлең, жыр оқылды, ән-күй шырқалды.
Ахат Шәкәрімұлы, Бәтташ Сыдықұлы, Шырақбек Қабылбаев
Уақыты үшін зор жаңалық – оқушылардың өндірістік бригадасын ұйымдастыру. Бәтекең бастаған Саржал орта мектебінің ұжымы бұл істе республика көлемінде бастама көтерді, кейінде бүкіл Одақ бойынша қолдау тапты. Нәтижесінде, еңбекте шыңдалған шымыр буын өмірден өз жолын еншіледі.
Соны бастама, тың идея, жаңа ізденістер ескерусіз қалған жоқ. Ел-жұрты қадірлеген ізгі тілекті азамат, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің үш дүркін депутаты, сол кездегі Абай елінің басшысы Кәрім Нұрбаев жас маманның аяқ алысына сүйіспеншілік білдіріп, көп ұзатпай аудандағы идеологиялық жұмысқа жоғарылатып әкетеді.
«Талапты ерге нұр жауар» демекші, еңбектің жанып, істің өнгені, ағалық қамқорлықтың риясыз көрінісі еді бұл. Кәрім Нұрбаев сынды басшының сенімі өзі де елгезек әрі іскер жасты адамгершілік баспалдағына жетелегендей әсерге бөледі.
Қазақтың алтын құрсақ қасиетті жері – Абай елі менің ұстазымды ерекше құрмет тұтады. Оның елі үшін, қазағы үшін жанын аямайтын ерекше мінезі осы киелі жерде танылды деп ойлаймын...
Бәкең жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Бәрі шындық. Дос-жарандары сүйсініп, інілері үлгі тұтқан, ел арасында кеңінен тараған әңгімелер...
– Мен Абай ауданына 1969 жылы қаңтар айында бірінші хатшы боп барғанда, Бәтекең екінші хатшылыққа жоғарылады. Өйткені Абай елі, ең алдымен, аудан халқымен үгіт-насихат жұмысын Абай, Мұхтар ұлағатын уағыздай жүргізу, әлеуметтік саладағы жұмыстар ұлы рухани көсемдер талабына сай болуы қажет болса, бұл міндетті Бәтекең мінсіз атқарды, – дейді Абай ауданы және Семей қаласының құрметті азаматы, ел ардақтысы Хафиз Матаев ағамыз.
1971 жылы ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойына Кеңес Одағының ең таңдаулы классик ақын-жазушылары шақырылады. Қонақтарды қазақтың маңдайалды жазушысы Ғабит аға Мүсірепов бастап келеді. Осы той жайлы ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз өзінің «Ақжелкен» атты кітабында жазды. Сіздерден, құрметті оқырман, рұқсат сұрай отырып, Ғафу ағамыздың еңбегінен ұзақтау болса да үзінді бере кетейік...
«Абыз десең – жап-жас жігіт, аты – Бәтташ. Көмекейі бүлкілдеп, жосылып тұр. Қазақтар рахаттана қопаңдап қояды. Шала да болса түсінетін Міртемір мен Қайсын қазақтардың аса шешен халық екеніне өздерінің көзі де жаңа жетіп, өзгелерге қайран қалыса түсіндіреді.
Сонау Ақшатаудың басынан еңіреген екі ғашықты екі асаудың құйрығына байлап, бері қарай құйрықтай айдағанда, осынау жазықта олардың денесін сүйіп, жыламаған жусан, сыңсымаған ши қалмаған шығар, – дейді ол. – Сонда аттардың да өкпесі ұшып тоқтаған жері, екі мұңлықтың жанының да шығып болған жері осы болса керек, осы төбенің басы. Дүниедегі ең бір ұлы махаббаттың қасиетті қаны тамған жер осы, ал сонау жартас шыңында шырқырап қалған сәбидің ащы дауысы ылғи кеште, күн тымық шақта осы араға әлі естіліп тұрғандай болып көрінеді.
– Бәрекелді, жігітім, рақмет саған, – дейді Ғабең қаршыға көзді, қара сұр жігітке шын ризашылықпен, сүйсіне қарап. Қонақтар – бәрі де ақындар, махаббат жыршылары әлі де сілтідей тынған қалпында, көкірек өзінше күмбір қаққандай күйде тұрып қалған еді.
Бұл жер – Қарауыл мен Семейдің қақ ортасы.
Түстеніп қана кетуге, екі-ақ сағат уақытқа қаншама үй тігілген, қаншама жабдық жасалған!
– Какой диапазон, какое величие щедрости, что за невероятная страсть к великолепию, что за богатырская стать? – деп, грузин ақыны Карло Каладзе Қайсын Кулиевқа қарап қолын жаяды. Анау:
– Да, все необыкновенно. Что за могучая любовь и такая же жестокость – обе рядом! – дейді сабырсыздана басын шайқап.
Иә, қонақтар көңілі даланың кешегісі мен бүгінгісін көріп, биіктеп кеткендей еді».
1974 жылдың 14 мамырында Абай еліне Димаш Ахметұлы Қонаев келді. Ел болып «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басында қарсы алады. Мәртебелі қонақтардың алдында елді таныстыру үшін Бәкең сөз бастайды.
«Абай ауылы – шежіреге кең ауыл, Абай жұрты – мол мұралы, сырлы жұрт. Бір сәтке төңірекке көз жүгіртіңізші:
Сонау Қоңыр жотаны
Қалқаманның қасы ма деп қаласыз,
Ағып жатқан бұлақты
Мамырдың көз жасы ма деп қаласыз,
Селдіреп тұрған селеуді
Еңлік қыздың шашы ма деп қаласыз,
Жазықта жатқан жалғыз тасты
ер Кебектің басы ма деп қаласыз.
Иә, сол ер Кебек пен ару Еңліктің зираты осы», – деп жөнелгенде, Димаш ағамыз ерекше риза болған екен...
Бұл әңгіме Алматыға жетеді. Алтай мен Атыраудың арасында қазақтың бірінші басшысы Абай еліне барғанда, бәленшекең былай деп таныстырыпты деген әңгіме тарайды.
...Бірде Алматыға «Қаламқас» ән-би ансамблінің шаруасына бола Бәкең біреуді жібермей, өзі барады. Ондағы басты жұмысы – аудан өнерпаздарының концерттік киімдерін тіктіру, музыкалық аспаптар алу.
Қонақүйге орналасқан соң, өзінің жақсы көретін інісі «жезде мен балдыз» болып әзілдері жарасқан атақты ғалым Рымғали Нұрғалиевке қоңырау шалады. Бәтекеңнің дауысын естігенде, қуанып кеткен Рәкең елден келген жақсы ағасын бірден үйіне шақырады.
Бәтташ ағамыз көп кешікпей Рәкеңнің үйіне барады. Кең дастарқан басында генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев, сол кездегі қаржы министрі, жерлесіміз Рымбек Бәйсейітов, академик Мұхамеджан Қаратаев, атақты ақын Әбділда Тәжібаев, профессор Бейсембай Кенжебаев ағаларымыз жұбайларымен отыр екен...
Бәрі Бәтекеңді бұрыннан бері араласып жүргендей жылы қабылдайды.
Ел әңгімесі айтылады. Бәкеңнен сөз қалған ба, төгіп-төгіп жібереді ғой...
Сонда Әбділда Тәжібаев ағамыз орнынан атып тұрып:
– Айналайын азаматым, шешенім, дүлдүлім. Бәрімізді Шыңғыстаудың биігіне салып тербеттің ғой. Разы болдық қой. Сен академияға келші. Шешендік өнер жөнінде мен саған тақырып берейін. Қорғатайын, – деді.
– Сөйтіп, сендердің ағаларың, менің құрмет тұтар жездем академик болып кете жаздаған деп, Рәкең ағасын сағына еске алып қояды елге келген кезінде...
...Абай еліне қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы келеді. Әрине, батырдың мінезі белгілі. Әзілдеп әңгіме айтпақ түгіл, маңына жолауға анау-мынау адамның жүрегі дауалай бермейді. Батыр ағамыз бірден райкомға бармай, Бәтташ ағамыздың үйіне ат басын тірейді. Үміт жеңгеміздің мол дастарқанында Батыр Баукең көңілді отырады да, әзілдегісі келді ме, әлде сынағаны ма:
– Үміт қарағым, қап-қара қылып мына жігітке неге тигенсің? – дейді гүрілдеп...
Сөзден тосылатын Бәкең бе:
– Батыр аға, өзі де шығайын деп тұрған көз еді, қысқа күнде қырық төбелесіп, айырылысуға аз-ақ қалғанда, Құдай сізге кездестіріп отыр. Айттыңыз – бітті, кестіңіз – үзілді, сізден артық сотты білмеймін, біз ажырастық, батаңызды беріңіз», – деп төпелеп айтып жібергенім бар. Мұндайдың талайын көріп жүрген Баукең іле-шала:
– Бауыржан Момышұлы келіп, райкомның секретарін әйелінен ажыратып кетіпті деген сөз маған абырой әпереді деймісің, сапылдама, онан да ана балаларыңды шақыр, мен бата берейін» – дейді ағынан жарылып.
Мұндай Бәкең жайлы әңгімелерді ақ қағаз бен қаламның сиясы таусылғанша жаза беруге болады.
Бәрі де ақиқат.
Бәтташ Сыдықұлы облыстық телерадиокомпаниясының басшысы болып келді. Қазақтың төл дәстүрін дамытатын телебағдарламаларға мұрындық болды.
Қаншама қазақтың талантты ұл-қыздарына қамқор болды.
«Қазақ тілі» қоғамын басқара жүріп, төл тіліміздің дамуына зор үлес қосты. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске алу үшін арнайы ақындар айтысын өткізіп, оған Қайраттың сонау Жамбылдан әке-шешесін шақырды.
– Ол үнемі қазақ халқының болашағын, жастардың өз ана тілінде сөйлеп, мәдениетті болуын қалайтын. Қанша қиналса да, сары уайымға салынбайтын, қайсар, адал жүректі досым болатын, – дейді республикалық дәрежедегі зейнеткер, Абай ауданы және Семей қаласының құрметті азаматы Нәсен Сембаев ағамыз.
Хакім Абайдың «Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөзі Бәтташ Сыдықов ағамыздай кеңпейіл, ұлтжанды азаматтарға арналған ба дейміз.
Біздің қазақта «Келін ененің топырағынан жаратылған» деген сөз бар. Сөз басында Бәкеңнің анасы Жұмаштың дастарқаны мол, керемет адам болғанын айттық.
Үміт жеңгеміз енесінің қасиетін жалғастырып келеді. Келіндерін қыздарындай құрметтейді.
Атақты Әбділдә Тәжібаевтың сол жолғы ұсынысымен ғылымға ден қойса, ендігі академик болар еді, – дейді менің замандастарым.
Құдайға шүкір, үлкен ұлы Ерлан – академик, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры.
– Бәкең мемлекет қызметіне жастай араласпағанда, ендігі Құлагердей тұлпарлардың асыл тұқымын жалғастырар еді, – дейді бала кезден бірге өскен достары.
Өкініші жоқ. Ортаншы ұлы Нұрлан небір жүйрік жылқыларды ұстап, бәйгеге қосып, жүлделі орындар алып жүр. «Бәтташ» деген шаруашылық құрып, жылқылардың тұқымын асылдандырумен шұғылдануда.
«Еңлік-Кебектегі» кездесу
«Тәуелсіздік қазаққа ойламаған жерден келді» деген не сөз? – деп күйінетін Бәтташ ағамыз. – Қазақ жерінде аз қан мен көз жас төгілді ме, бұл не сөз? Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек...»
Ойлап тұрсам, егемендікке бет бұрған Қазақстанның сала-сала әлеуметтік, экономикалық түбірлі өзгерістерінің бел ортасындағы орталық проблема тіл тағдырына келіп саятын. Тумысынан шешен, есті сөзді жадында сақтап, құлпыртып айтатын Бәтекең ана тілдің тағдыры тығырыққа тірелген тұста қара қылды қақ жаратын әділдігімен іске араласты.
Егеменді ел болып нық тұрам деп,
Қазақ тілінің жауларын ықтырам деп,
Қақсап жүрген қара шалдың бірімін
Қазаққа қазақ тілін ұқтырам деп, – дегенді қайталаудан танбады.
«Ана тілі азбасын, атамекен тозбасын!» Бұл – бір қазақтың емес, бар қазақтың жанайқайы. Ал тілге қызмет жасау, оны құрметтеп, қастерлеу Бәтекең сынды ұлтжанды адамның ғана қолынан келеді. Сондықтан да болар, Семей облыстық ұйымы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының күрескер бөлімшесіне айналуы және Ертіс өңірінде мемлекеттік тіліміздің кең қанат жайып, еркін тыныстауына өзінің ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында зор үлес қосқаны үшін Бәтташ Сыдықұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жоғарғы наградасы – «Ана тілдің айбары» белгісімен марапатталды. «Қазақ тілі» қоғамының қарапайым еңбек торысының маңмаңгері лайықты бағасын алды деген сөз.
Бәтекең – еңбектің зейнетін көрген жан. Оның кеудесінде ордендер мен медальдар жарқырады. Қазақстан Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен наградталған. Бірнеше дүркін облыстық кеңес депутаттығына сайланған. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Семей қаласының, Абай ауданының құрметті азаматы.
Ынтымағы жарасқан, үлгілі, өнегелі, өркенді отбасының иесі Бәтекең де, ұйытқысы, алтын діңгегі – Үміт Өмірбекқызы. Ол кісі де – қырық жылдан астам уақыт шәкірттерін ізгі тілекпен суарған, санасына гүл еккен, жүрегіне нұр сепкен ұлағатты ұстаз. Тұла бойы тұңғыштары ғылым докторы, университет ректоры Ерлан, кенші-геолог Нұрлан, бизнестегі Нұржан, сүйкімді, инабатты келіндер Шырын, Сәуле, Эльмиралармен бірге бір отбасының ұл-қыздарына айналып кеткен. Немерелер, шөберелер қаумалап, есейіп өсіп, өркен жаюда.
Иә... Өмір-ай, десеңізші!..
Қиын-қыстау кезеңде алдында панаң болған, күнделікті өмірде ұлағатты ұстаз, айбынды аға болған қазақтың қайраткер қара шалы Бәтекең 2007 жылдың 18 қаңтарында 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Көкірегіміз қарс айырылып, төбемізге қайғының қара бұлты үйірілді қас қағым сәтте.
Бәкең өмірден өзі кетсе де, рухы кеткен жоқ. Біртуар азамат бізден алыстаған сайын мәуелі бәйтеректей жайқалып тұрғандай көрінеді.
Мәуелі бәйтеректі небір дүлей дауыл теңселте алмайды.
Жайқалып, әрбір арайлап атқан әр күннің алтын шапағатына бөленіп жарқырай түседі.
Оның тамыры ұрпағымен өсіп-өне береді...