Тұрғындардың жан басына шаққанда ішілетін ішімдік сегіз литрден асып кетсе онда ұлттың тоқырауға ұшырағаны. Біздегі ресми мәлімет алты литр болса, бейресми дерек бойынша жан басына шаққанда 14 литрден келеді екен. Халықтың денсаулығы мемлекеттің ең маңызды құндылығы болғандықтан, ащы суды тұтынуды азайту кезек күттірмейтін міндет екені айқын.
Сондықтан «Ішімдік өнімдері және этил спиртінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылған. Оның ішінде сауда нүктелерінде арнайы ішімдік бөлімін құру туралы бап бар. Шағын және орта кәсіп саласында жүргендерге ұнамай тұрғаны – осы бап. Олар қазір «жұрттың денсаулығын жақсартуға заңды қатайтумен қол жеткізуге бола ма?» деген сауал тастап отыр. Уәж төмендегідей: өзгеріске сәйкес, облыс орталықтары мен ірі қалалардағы аумағы 40 шаршы метрден кем емес дүкендерде (шағын қалада – 20 шаршы метр, ауылда – 10 шаршы метр) құрамында алкоголі бар ішімдіктер үшін арнайы бөлім ашу талабы енгізілмек. Соның салдарынан елде 15 000 дүкен жабылып, 60 000 адам нәпақадан айырылады. Одан басқа, сүт және кондитер өнімдерін, су мен шырын, жеміс-көкөніс және консерві өндірушілер тауарын өткізетін сауда нүктелері азаяды. Өз кезегінде бұл отандық өндірушілердің табысын азайтып, өндіріс көлемін кемітеді. Сол сияқты ішімдік өнімдерін шығарушылар да осындай жағдайға тап болады. Әрі ішімдік нарығында «көлеңкеге» ойысу артады. Контрафакт тауар көбейеді.
Сонда халықты сауықтыру мен шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету арасындағы тепе-теңдікті қалайша ұстап тұруға болады? «40 шаршы метр туралы заңның» нақты экономикалық нәтижесін қалай есептеуге болады?
Сарапшы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, шағын дүкендерде ішімдікке арналған бөлім құру талабы олардың жаппай жабылуына әкеп соғады.
«Үй жанындағы дүкендердің» көлемі әдетте 31-47 шаршы метрге дейін болатындықтан, мұнда ішімдікке арналған бөлім құру мүмкін емес. Ал арнайы бөлім болмаса, ішімдік сатуына да қақысы жоқ. Демек, дүкендер 30 пайызға дейін табысын жоғалтады» дейді ол.
Бексұлтан Мейірбеков, Қазақстан сыра қайнатушылар одағының атқарушы директоры:
– Жалпы, бұл мәселе ішімдік өнімдері нарығында тәртіп орнату қолға алына бастаған 2006 жылы басталған. Оның бір себебі – бүгінгі күні ішімдік өндірісінің 70 пайызы көлеңкеде. Саланы реттеудің механизмдері тиімсіз, сондықтан заңды қатайту туралы шешім қабылданды. Егер дүкен санын азайтса, ішімдік саласын бақылау да оңайға түседі, яғни ішімдік атаулының шыққан жерін қадағалауға болады. Мұндай шараның тағы бір себебі – ұлт денсаулығын күйттеу. Алайда сауда нүктелері азайса, керісінше, спирт өнімдерінің жасырын саудасы өршитіні анық. Тиісінше, ащы судан улану жайттары көбейеді деген сөз.
«Заңға мұндай өзгерістерді енгізгісі келетіндер нені көздейді? Кім кімнің мүддесін көздейді? Бәлкім, ірі дүкендердің саудасын жүргізу үшін қажет шығар» деген күмән да жоқ емес.
Өйткені қазір елімізде бөлшек саудада «А» және «С» тобындағы дүкендер жұмыс істейді. Таратып айтсақ, аумағы 100 шаршы метрден көп дүкен «А» тобына, ал 50 шаршы метрге дейінгі дүкендер «С» тобына жатқызылады. 2009 жылғы мәлімет бойынша, елдегі заманауи үлгідегі ірі дүкендердің үлесі – 16 пайыз. Еуропамен салыстырғанда (мұнда 40 пайыздан астам) бұл аз. Шыны керек, бізде «А» тобындағы дүкендер нарықты түгелімен жаулай алмады. Оның себебі көп. Рас, 2000 жылдан бертінге дейін Алматының өзінде түрлі форматтағы супермаркеттер бой көтерді. Сол кезде «үй жанындағы шағын дүкендер» бәсекеге төтеп бере алмаған. Қазір жағдай күрт өзгерді. Біздің нарыққа келген әртүрлі форматтағы ірі дүкен желілері нарықта тұрақтай алмағандықтан, кішігірім дүкендердің дәурені қайта жүре бастады. Оның үстіне бізде ірі ритейлер мен отандық өндіруші арасындағы байланыс та жолға қойылған жоқ. Біріншіден, үлкен супермаркеттер отандық өндірушінің өнімін сөреге қою үшін қомақты қаржы талап етеді. Екіншіден, көбіне импорт тауарға бүйрегі бұрып тұрады.
Марина БОНДАРЕНКО, шағын дүкен иесі:
– Бізде кешкі сағат 10-нан кейін ішімдік сатуға тыйым салынған. Сондықтан мен тура осы кезде дүкенімді жабуға мәжбүрмін. Себебі оған дейін елдің бәрі нанын да, сүтін де сатып алады. Одан кейін дүкенге темекі мен ішімдік іздегендер ғана ағылатыны белгілі. Ал таяу маңдағы дүкен жабылған соң олар не істейді десеңізші... Көрші әжейден сатып алады. Әжей болса, арзан арақты менің дүкенімнен кешке дейін үйіне тасиды. Ол мемлекетке мен секілді салық төлемейді, есесіне түнімен ішімдік сатып, қалтасын қампайтады. Ал мына өзгеріс заңға енгізілсе, біздер, шағын дүкен иелері, арақты жасырын сатуға мәжбүр боламыз. Себебі басқа амалымыз қалмайды. Бір күнде, бір айда және бір жылда түсетін біздің табыстың 30 пайызын ішімдік құрайды».
Сарапшылар өзгеріс салдары бірден білінбейтінін айтады. Бірақ атаулы заңға өзгерістер мақұлданса, шағын дүкен шығынға ұшырап, ащы судың бүркеме саудасы белең алатыны сөзсіз. Осы орайда мектеп маңында 100 метрге дейінгі аумақта ішімдік сатпау туралы талап еске түседі. Еліміздегі шарап маманы Рудик Мнацаканның айтуынша, ішкісі келген оқушы арақ-шарапты 101-ші метрге жетіп-ақ сатып алмасына кім кепіл? Сол секілді арақты аңсап тұратындарға ешқандай тосқауыл жоқ. Ұтылатын тек кәсіпкер болмақ.
«40 шаршы метр туралы заң» көрші әжейдің табысын еселейді
Последние статьи автора