1941 жылғы 22-маусым: Жанталас, ерлік, өкініш

1941 жылғы 22-маусым: Жанталас, ерлік, өкініш

 

Ұлы Отан соғысының басталуы
Германияның Кеңес Одағына шабуыл жоспарын жасау 1940 жылдың жазында басталған болатын. Оған алғашында «Шығыстағы қайта құрулар», «Отто», «Фриц» деген атаулар берілді, ақырында Гитлердің өзінің ұсынысымен жоспар «Барбаросса» деп аталды. Бұл жоспарды іске толық асыруға бес ай уақыт берілді. 1940 жылдың 18-қаңтарында 21-нөмірлі бұйрықпен «Барбаросса» жоспары бекітілді. Шабуылды бастауға берілетін бұйрықта «Дортмунд» деген құпия сөз (пароль) қолданылатын болды.

Жоспар бойынша Кеңес Одағына шабуыл 1941 жылдың 1-сәуірінде басталуға тиісті еді, алайда Б.Муссолини Гитлермен ақылдаспай Грецияға шабуыл бастап, Балқанда жеңілістерге ұшырап қалғандықтан, неміс әскерлері Балқанға аттандырылды да, «Барбаросса» жоспарын іске асыру 15-мамырға қалдырылды. «Егер біз Балқанға басқыншылық жасамаған болсақ, Ресейге шабуыл ертерек басталатын еді. Осы кешігу біздің жағдайымызды қатты нашарлатты, – деп жазды Германия қарулы күштері Бас штабының бастығы В. Кейтель, – шабуылды күн жылынған бойда, ең кеш дегенде маусымның алғашқы күндерінде бастау айрықша тиімді болатын еді. Әскери мамандар да соғысу міндетті түрде қажет болса, оны неғұрлым ертерек, мамыр айынан кеш қалдырмай бастау керек деген пікірде болды. 1917 жылы мен Бас штабтың офицері ретінде Ресейдің солтүстігінде болғанмын. Мамырдың басында ол жерде әлі қар жатқан еді. Ал Қырымда, Донецк аймағында және Ресейдің бүкіл оңтүстігінде ақпан-наурызда күн жылынып кететін». Балқанда, Югославия жерінде соғысып жатқан бөлімдердің бірқатары Кеңес Одағына шабуыл жасайтын әскерлер тобының құрамында болуға тиісті еді, олар белгіленген мерзімге кеңес шекарасына жете алмайтын болғандықтан шабуылдың басталатын күні тағы да шегеріліп, 22-маусымға белгіленді.

1941 жылдың 20-маусымында неміс әскери бөлімдеріне «Дортмунд» – 22-маусым» деген қысқа ғана құпия жеделхат жіберілді. Бұл Кеңес Одағына шабуылды бастау туралы бұйрық еді. 22-маусымда таңғы сағат 4-те немiс әскерлерi Қара теңiзден Балтыққа дейiнгi бүкiл шекара бойында құрлықта және әуеде шабуыл бастады. Шекараларда қиян-кескi шайқастар жүрiп жатқанда Берлиндегi кеңес елшiсiне соғыс басталғаны туралы нота тапсырылды. Москвадағы Германия елшiсi таңғы сағат 5.30-да В.Молотовқа соғыстың басталғанын хабарлады. Сол күні радиодан В.Молотов сөз сөйлеп, халықты отанын қорғауға шақырды. Ал И. Сталин халыққа арнау сөзін радиодан 3-шілдеде сөйледі. Кеңес Одағы мен Германия арасындағы 1941 жылдың 22-маусымы мен 1945 жылдың 9-мамырына дейін болған соғыс тарихқа «Ұлы Отан соғысы» деген атпен енді.

22-маусымның кешiне қарай немiс әскерлерi кеңес шекарасынан 40 шақырымға дейiн iлгерiледi. Фашистер бүкіл кеңес-герман майданында алғашқы апталарда жалпы алғанда 1200-ден астам кеңес ұшақтарын құртып жіберді. 29-маусым күні Гитлер нөкерлерінің алдында: «Біз төрт аптадан кейін Мәскеуді аламыз да, оны жермен-жексен қылып құртамыз», – деп мақтанды. Шаттанып, асып-тасыған фюрер бұл соғыстың төрт апта емес, төрт жылға созылып, фашистердің жеңілісімен аяқталатынын сол сәтте мүлде түйсінген жоқ.

Алғашқы күндерде кеңес әскерлерiнiң жағдайы өте ауыр болды: әскери бөлiмдердiң қолбасшылары жаудың күшiнiң мөлшерi мен құрамы туралы мәлiметтер алған жоқ. Жеке бөлiмдер арасындағы байланыстар үзiлiп қалды, адам шығыны көп болды. Бірақ кеңес жауынгерлері осындай ауыр жағдайда отаны үшін жанқияр ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті.

Қазақстандықтар – Ұлы Отан соғысының алғашқы шайқастарында
Фашистік басқыншылардың 22-маусымдағы алғашқы соққысына қарсы тұрған бөлімдердің қатарында соғыстың қарсаңында әскерге шақырылған 170 мың қазақстандықтар болды. Азамат соғысы кезінде Қазақстан жерінде құрылған 219-атқыштар полкі 1941 жылдың 24-маусымында Шяуляй қаласының оңтүстігінде елімізге басып кірген жауға қарсы алғашқы шайқасын бастады. Полк жауынгерлері Ораниенбаум шебін қайсарлықпен қорғады. Соғыстың алғашқы айларында-ақ Қазақстан жерінде 20 атқыштар және атты әскер дивизиялары мен бригадалары, бірнеше артиллериялық және авиация полктері, ондаған батальондар құрылды.

Жаудың қоршауында 22-маусымнан 20-шілдеге дейін берілмей күрескен Брест қамалында үш мыңнан астам қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер болды, олардың басым бөлігі шамамен 1920-1921 жылы дүниеге келген өрімдей жастар еді. Сол үш мыңнан соғыстың соңында 60-қа жуығы ғана тірі қалды. К. Әбдірахманов, А. Байжігітов, Ф. Жищенко, Ғ. Жұматов, Қ. Иманқұлов, П. Карблин, Е. Качанов, М. Костенко, С. Лебедев, А. Мәмиев, А.Мүсірепов, М. Нигматуллин, М. Ниязов, Н. Сыздықов, И. Терехин, Қ.Тұрдыев, Н. Сидоров, М. Кобзарев, В. Шумайлов, В. Фурсов, Ш. Шолтыров сынды жерлестеріміздің  есімі  Брестің ерлік қорғанысымен тығыз байланысты.

Солардың бірі – Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар қызмет еткен ғалым-ұстаз Ғаббас Жұматов соғыс басталғанда Брестке жақын жерде тұрған 204-артиллериялық полктің радиобайланыс бөлімінде әскери міндетін өткеруде еді. Қаһарман жауынгердің Мәскеу мен Брестен басталған ерлік жолы Еуропаның төрінде аяқталған.

1941 жылы 26-маусымда ұшағын жау колоннасының үстіне құлатып, қаза тапқан капитан А. Масловтың экипажында Алматы облысы Іле ауданының азаматы Бахтыораз Бейсекбаев атқыш-радист болған. А. Масловтың экипажы 90-жылдардың басына дейін хабарсыз кеткендердің қатарында саналған, тек кейіннен олардың ерлікпен қаза тапқаны анықталып, экипаж мүшелері, соның ішінде Б. Бейсекбаев та Ресей Батыры атағын алды. Ал 1998 жылы Б. Бейсекбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Соғыс қарсаңында Қазақстан тұрғындарының саны 6,2 млн адам болған еді, олардың 1,7 миллионы майданға аттанды. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 500 қазақстандықтардың ішінде Т.Ж. Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганский Батыр атағын екі мәрте, ал Шымкенттегі Чугуев әскери училищесінің түлегі И.Н. Кожедуб үш мәрте алды.
Соғыс ардагері Ғаббас Жұматов ағамыздың «Естен кетпес шайқас» атты мақаласының эпиграфында берілген «...батылдар мен рухы күштілердің жырында әр заман үлгі болып қаларсың, бостандыққа, жарық сәулеге шақырарсың асқақтап!» деген қанкөйлек жолдастарына арналған сөздері жанын қиса да, жауға берілмеген ерлердің барлығына қойылған ескерткіш тәрізді.

Алғашқы жеңілістер және генерал  Павловтың ауыр тағдыры
Алғашқы үш айдың барысында кеңес әскерлерi Белоруссиядан, Украинадан, Молдавиядан, Прибалтика мен Ресейдің батыс аймақтарының елеулi бөлiгiнен айырылып, шегiнумен болды.

Генерал Д.Г. Павловтың басқаруындағы Батыс Ерекше әскери округы Мәскеуге, елдің орталық өнеркәсіпті аудандарына жол ашатын Варшава-Минск стратегиялық бағытын қорғап тұрды. 20-маусымда армиялар мен корпустар өздерінің тұрақты орналасқан жерлерінде, яғни шекарадан 150-400 шақырым қашықтықта тұрды. 22-маусымға қараған түнде округтың штабына Қорғаныс Халық Комиссариатынан жеделхат келді, онда немістердің арандату әрекеттерін жасау мүмкіндігі және жағдайды күрделендіріп жібермес үшін арандатушылықтарға жауап бермеу қажеттілігі ескертілді, сонымен қатар түн қараңғылығын жамылып, шекаралардағы әскерді жауынгерлік дайындыққа келтіру туралы бұйрық берілді. Түнгі сағат 2-ден 25 минут кеткенде Батыс округының штабы бұл бұйрықты армияларға хабарлауға кірісті, алайда кеңес тылына жасырын кіріп кеткен неміс бүлдіргіштері бүкіл байланыс жүйесін бұзып тастағандықтан, хабар уақытымен оларға жетпей қалды. Округ басшылары байланысты қалпына келтіруге барлық күшті жұмылдырды. Байланыстар қалпына келген соң тек таңғы сағат 4.30-да 4-інші және 10-ыншы армияларға аталған хабар келіп жетті. Ал 3-армия хабар ала алмады. Неміс әскерлері байланыс бекеттеріне, ұшу алаңдарына, оқ-дәрі қоймаларына, шекара қорғаныстарына, бекіністерге зеңбіректерден үздіксіз оқ жаудырып, байланыс жүйелерін мүлде істен шығарып тастады. Бұл әрекеттің арандату емес, соғыс екенін кеңес әскерлері бір жарым сағаттан кейін ғана түсінді. Алғашқы сағаттарда бір оғаш жағдай да болды: артиллериялық сынақ алаңдарының біріне жиналған командирлер жаудың әрекетін кеңес әскерлерінің жаттығуының басталуы деп түсініп, өз жағына оқ атып жатқан «жаттығушы бөлімдерге» атуды тоқтату туралы хабар беруге тырысты. Тек сағат 5-тен кеткен кезде ғана округ қолбасшысынан соғыс қимылдарының басталғаны, сондықтан жауға толық жауынгерлік дайындықпен жауап беру туралы бұйрық келді. Ал бұл кезде соғыс қимылдары әбден күшейген еді. Соғыстың алғашқы күнінде неміс авиациясы Батыс Ерекше әскери округінің қарауындағы әуе күштерінің 738 ұшағын жойды, оның 528-і ұшып үлгермей-ақ алаңда жойылды. Жау әуедегі шайқаста айрықша басымдылыққа ие болды. Танк бөлімдері мен атқыштар дивизиялары да орасан зор шығындарға ұшырады. Қорғаныс Халық Комиссариаты да алғашқы күні майдандағы жағдайдың шын мәнінде қандай екенін білген жоқ. Мәселен, 22-маусым күні кешке Қорғаныс Халық Комиссариатынан келген нөмірі 3-ші бұйрықта Солтүстік-Батыс және Батыс майдандарының шоғырландырылған күшімен қарсы шабуыл жасап, Сувалкидегі жау тобын қоршап алып, жою туралы айтылды. Д.Г. Павлов бұл бұйрықты әскерлерге жеткізуге тырысты, алайда қарсы шабуыл жасау мүлде мүмкін емес еді, кеңес әскерлері өзара байланыссыз әр жерде ауыр қорғаныс ұрыстарын жүргізіп жатқан-ды. 23-маусымда Сталин екі рет Павловты іздеттірді, ал генерал шайқасып жатқан бөлімдерге кеткен еді. Батыс майданның жеке армияларымен байланыс үзіліп, бұйрықтар тек қана ұшақтармен, автокөліктермен жеткізіліп отырған жағдайда Ставкадан қайта-қайта шабуыл туралы бұйрықтар келіп жатты. Ал жау байланыс ұшақтары мен автокөліктерін аңдып, әр жерде жойып кетіп отырды. Майдан штабында болған маршал Б. Шапошников 25-маусымда Ставкаға жағдайды хабарлап, аман қалған бөлімдері бұрынғы шекарадағы бекіністерге ұйымдасқан түрде шегіндіруге рұқсат сұрады. Ставка рұқсат берді, алайда бұл кезде әскерлер жаудың үздіксіз және жүйелі шабуылынан әбден әлсіреп, басқа амалы қалмай, бейберекет шегінуге көшкен еді.

30-маусымда генерал Павловты Мәскеуге шақыртты да, бес күннен кейін тұтқынға алды. Азамат соғысына, Қытай-Шығыс теміржолындағы қақтығысқа, испан соғысына қатысқан, Кеңес Одағының Батыры, үш Ленин ордені мен екі Қызыл жұлдыз орденінің иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, армия генералы Д.Г. Павлов, осы округтың штаб бастығы генерал-майор В.Е.Климовских, байланыс бөлімінің бастығы генерал-майор А.Т. Григорьев, 4-ші армияның қолбасшысы генерал-майор А.А.Коробков 1941 жылдың 22-шілдесінде Әскери Коллегияның шешімімен ату жазасына бұйырылды. Осылайша, алғашқы күндердің жеңілісі төрт генералдың өліміне әкелді. Ал жеңілістердің ақиқаты жеке қолбасшылардың әрекетінде емес еді.

Соғыстың алғашқы айларындағы жеңілістердің себептерін кеңестік кезеңде екі жағдаймен түсіндіріп келдік. Біріншісі – шабуылдың тұтқиылдан, күтпеген жерден болғандығы туралы, ал екіншісі – еліміздің батыс шекараларында орналасқан Қарулы күштеріміз бен жаудың күштерінің тең еместігі туралы тезистер. Алайда соңғы жылдарда мұрағаттардың ашылуы, жаңа деректердің табылуы ғалымдардың осы екі тезисті де жоққа шығаруына мүмкіндік берді.

1941 жылдың басында кеңес-герман шекарасына немiс әскерлерiнiң шоғырландырыла бастағаны туралы мәлiмет кеңес үкiметiне жиi-жиi хабарланды. Хабар Еуропа елдеріндегі кеңес барлаушыларынан, агенттерден түсіп жатты. Токиодағы барлаушы Рихард Зоргеден шабуылдың қай күні басталатынын хабарлаған құпия жеделхат та келген болатын. Сталин осы хабарларды біле тұрса да, шекаралардағы әскердi толық жауынгерлік қалыпқа келтіруге бұйрық берген жоқ.
Ал күштердің арасалмағына келетін болсақ, мұрағат деректері негізінде жазылған «Ресей және КСРО ХХ ғасырдың соғыстарында» деп аталған статистикалық жинақтың материалдары кеңестiк қорғаныстың соншалықты әлсiз болмағанын көрсетедi: бұл жерде Германия мен оның одақтастарының 181 дивизиясы, 18 бригадасы, 5,5 миллион адамы, 47,2 мың зеңбiректерi мен минометтерi, 4300 танкi, 5000 ұшағы шоғырландырылды; ал оған қарсы 167 кеңес дивизиясы, 9 бригадасы, 2,9 миллион адамы, 32,9 мың зеңбiректерi мен минометтерi, 14200 танкi, 9200 ұшағы тұрды. Қорыта айтқанда, екi жақтың жиынтық күштерiнiң арасалмағы 1,19 : 1 болды.

Шекара маңындағы шайқастар кеңес әскерлерiнiң бүкiл басшылық құрамының соғысқа дайын емес екенiн көрсеттi. Соғыс қарсаңындағы әскери басшыларды жаппай жазалау кеңес әскерлерiне орасан зор зиянын тигiздi. Жазалауға ұшырағандардың орнына келгендердiң көпшiлiгiнiң әскери бiлiмi төмен немесе жауынгерлiк тәжiрибесi аз болды. 1941 жылы 16-маусымда Мәскеудегі АҚШ әскери атташесінің бөлімі еліне 1938 жылғы жазалаулардан кейін қызыл әскердің жауынгерлік қабілеті қатты төмендегенін хабарлағандығы белгілі.

Кеңес жауынгерлерiнiң қантөгіс қорғаныс ұрыстарындағы ерлігі жауды шекара маңында тоқтата алмады, күзге қарай немiстер Москва мен Ленинградқа жақын келiп қалды. Алайда Германияның «қауырт соғыс» жүргiзу арқылы Кеңес Одағын жылдам талқандау жоспары (Барбаросса) iске аспай қалды. Кеңес әскерлерi Москва түбiнде немiстердi тоқтатты да, қарсы шабуылға шықты...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста