19 жасында Сирияға кеткен ақтөбелік келіншек жаңа күйеуінен қыз туып алған (фото)
Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласынан екі жыл бұрын Сирияға қашып кеткен Гүлбану Асанова қыз туып алған. Анасына тығылып хабарласып жүрген келіншек жақындарын қатты сағынатынын айтқан деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Ана жақтан хабарласқан кезде көп сөйлесе алмайды. «Ақ мамам, ақ папам сендерді сағындым, келемін» деп жатады. Арғы жағынан адамдар шулап сөйлесіп жатқанын естиміз. Соңғы рет мамыр айында хабарласты. Сирияға жеткеннен кейін тұрмысқа шыққан. «Өткен жылы 9 мамырда босандым» деп кішкентай баламен түскен фотосын жіберді. Бірақ, күйеуін көрсеткен жоқ. Артық ештеңе айтпайды. Аяқ астынан хабарласқанда өзім не айтарымды білмей жылай беремін», - дейді анасы Гүлжан Имашева.
Сирияға кеткен Гүлбану Асанованың анасы
Төрт бала тәрбиелеген ана жалғыз қызынан тап бұлай көз жазып қалғанына сенбейді. Анасы қазір ерке өскен кенже қызының амандығын ғана тілеп отыр.
«Қызымның ол жақта туған қызы мамыр айында бір жасқа толған. Мұның барлығы біздің басымыздан өтіп жатқанына сенбеймін. Гүлбану 2015 жылы «Ақтөбеге барамын» деп кетті. Сол кеткеннен келген жоқ. Күйеуі екеуі менің үйімде тұрып жатқан болатын. Ол кеткенде әкесінің қолында қалған қызы бір жас 7 айда болды. Екі күн хабарсыз қалғаннан кейін күйеуіне хабарластым. Ол «келген жоқ, мен ештеңе білмеймін» деп шықты. Мен содан көремін. Ол жігіт болмаса, менің қызым өздігінен намаз оқыған адам емес. Жігіт адасқан ағым жолында жүрді. Күйеу балам қызымды сатып жіберді ме деп күдіктенемін», - дейді анасы.
16 қазан күні 22 жасқа толатын Гүлбану Асанова 17 жасында Қандыағаш қаласының жігітіне тұрмысқа шыққан. Бұрынғы күйеуінің қолында қалған қызы қазір үш жасқа толған.
«Қызым колледжде оқып жүргенінде жігітпен танысты. Мен оған намаз оқитын жігітке күйеуге шықпа деп бірнеше рет ескерттім. Себебі, бізде шолақ балақтылар мен сақалдылар көп. Мені тыңдаған жоқ. Артынан ол қыздың аяғы ауыр болғанын сездім. Үйден қашып, жігіттің үйіне барып кіріп алды. Сол жігітке тұрмысқа шықты, бірақ, той ештеңе болған жоқ. Қызым тұрмысқа шыққан кезде 17 жасқа да толмаған еді. Қысқа киіп жүрген қызымның жабық киімге қалай көшіп кеткенін мен түсінбей қалдым. Кейін білдім, жігітпен кездесіп жүрген кезінде үйде жүріп намаз оқуды бастаған. Үйден шалбар киіп шығып, дүкенге барып ұзын юбка киіп алады екен. Дүкенде басына орамал тағып сабаққа барып жүрген. Оны кейін дүкеншілерден естідім. Мен барлық жағдайды ол қыз кеткеннен кейін ғана білдім», - дейді анасы Гүжан Имашева.
Үш ұлдан кейінгі жалғыз қызын сағынған анасы жылап отыр. Қызының бірінші күйеуімен тұрғанда күнін көре алмай, аш жүргенін айтып берді.
«Жігіттің үйіне барған кезде енесімен келісе алмай, екеуі пәтерге шығып кетті. Екі жыл бойы қысқа қарай менің үйіме келіп тұрды. Пәтерде жатқанда «Мама, үйде тамақ жоқ, қарнымыз ашты» деп хабарласады. Мен оған барлық затымды алып барамын. Кейін пәтерге тамақ тасығанша үйге келіп тұрыңдар деп үйге әкелдім. Сонда қызым қолымда тұрып кетіп қалып тұр. Күйеуі артынан барам деген секілді, бізге ештеңе айтпайды», - дейді Гүлжан Имашева.