11 миллионыншы қазақ та, 17 миллионыншы қазақстандық та оңтүстік өңірде дүниеге келді
Кеше еліміздің бас санақшысы Әлихан Смайылов баспасөз мәслихатында Қазақстан халқының саны, 2013 жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес, 17 млн адамнан асқанын жария етті. Статистиктердің тіліне салып одан сайын нақтылап айтсақ, Қазақстан халқының саны осыдан бір ай бұрын 17 млн 10 564 адамға жеттi. Бір қызығы, Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың қолындағы дерегіне сенсек, өткендегі 11 миллионыншы қазақ та, оның ізін ала туған 17 миллионыншы қазақстандық та Оңтүстік Қазақстан облысында дүние есігін ашыпты.
Ұлт мерейін асырып «11 миллионыншы қазақ» атанған сәбиге оңтүстіктегі облыс әкімі ат мінгізіп, ата-анасына құттықтау хат та жолдап еді. Кейіннен, Статистика агенттігі елдiң 17 миллионыншы тұрғыны мәртебесiн анықтау мақсатында «Халықтың табиғи қозғалысы» дерекқорында, оның iшiнде жалпы республика бойынша туу туралы азаматтық хал актiлерiнiң екiншi данасының негiзiнде қалыптастырылған туу дерекқорында 2013 жылдың 15-16 мамырында АХАТ органдарында тiркелген нәрестелердiң арасынан іздестіру жұмыстарын жүргізіпті. Іздестіру барысында аналарының тұрғылықты жерiне, бiлiм деңгейi мен кәсiбіне, сонымен қатар нәрестелердiң жынысы, салмағы мен бойының ұзындығына еш назар салынбағаны айтылады. Сөйтіп, тынбастан жүргізілген іздестіру жұмысының арқасында республикамыздың 17 миллионыншы тұрғыны ретiнде 2013 жылдың 15 мамырында Астана уақытымен сағат 23:10-да туған ұл бала анықталған екен. Дүниеге келген мәртебелі сәбидiң сол кездегі салмағы – 3670 грамды, ал бойы 53 сантиметрдi құраған. «Сәбиге Алтынбек есiмi және Есқара тегi берiлiпті, 2013 жылдың 16 мамырында Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам аудандық АХАТ органында туу туралы куәлік ата-анасының қолына ұстатылыпты. Нәрестенiң ата-анасы Сайрам ауданы Таскен ауылының Тассай селолық округiнде тұрады екен», – дейдi агенттiк төрағасы Әлихан Смайылов.
Жалпы, Қазақстанның демографиялық ахуалына келсек, 2013 жылдың қаңтар-мамырында еліміздегі халық саны 100,8 мың адамға немесе 0,6%-ға өскен. Бұл былтырғы 2012 жылдың 1 маусымымен салыстырғанда 234 мың адамға немесе 1,4%-ға артық көрсеткіш. 17 млн 10,6 мың қазақстандықтың 54,9 пайызын қалалықтар құраса, ауылдықтар – 7671,4 мың адамды немесе жалпы халықтың 45,1 пайызын құраған. Сөйтіп, 2013 жылдың қаңтар-мамырында республика халқының табиғи өсімі 99,2 мың адамды құрады, ал бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңде 97 мың адам болатын. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,1 адамды құрады.
Жыл басынан бері туылғандар саны былтырғыға қарағанда 0,3 пайызға артып, қайтыс болғандар саны 2,8 пайызға кеміген. Мәселен, 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 22,6 туғандарды құрапты. Бұдан бөлек, қазақстанда 1 жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі де былтырғыға қарағанда 18 пайызға кеміпті. Бұдан бөлек, өткен бес ай ішінде Қазақстанда 56,7 мың неке тіркелген. Дегенмен некеге отырғандар арасындағы ажырасушылардың көрсеткіші әлі де абыржытады: қаңтар-мамырда 20,6 мың ажырасу тіркеліп, олардың саны 7,3%-ға өскен. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,9-ды құрап отыр. Ұлттық демографияға республикадағы көші-қонның оң айырымы да әсер еткенге ұқсайды. Мысалы, жыл басынан бері елімізге келгендер саны кеткендер санынан 1600 адамға немесе 21,8%-ға көбейген.
2018 жылы 18 миллионға жетеміз бе?
Түйіндей айтқанда, елдегі демографиялық ахуал алаңдатарлық емес, керісінше, қарқынды өсім баршылық. Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайыловтың мәліметіне жүгінсек, біздің еліміздің тұрғындарының саны жылына 200 мыңнан астам адамға артып отырады екен. Осыған салып есеп қаққан бас статистик: «Бес жылдан кейін қазақстандықтар саны 18 млн болады, ал 10 жылдан кейін біздің 20 миллиондық межеден асуға мүмкіндігіміз мол», – деп қайырды. Дегенмен, Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұндай межеге жету үшін туу, өлім, көші-қон көрсеткіштері қалыпты деңгейде сақталуы шарт.